• Тұлға
  • 04 Тамыз, 2022

ӨТКЕЛІ МЕН ӨТПЕЛІСІ КӨП ӨМІР...

«Аға» деген сөздің салмағы мен абыройы жаспен, туыстықпен емес, өмір жолымызда танысып, игі істерімен сүйсінткен ағаларымызға деген құрмет, сыйластықпен өлшенеді. Қазақтың «аға тұту», «аға көру» деген ұғымдарының өзі жай ғана жасы үлкен адамды аға деп атаудан биік мәртебені білдіретінін мен қазақтың нар азаматтарының бірі әрі өзі еңбек еткен саласының білгір маманы болған, техника ғылымының кандидаты, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық инженерлік академия мен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Халықаралық сәулет өнері академиясының академигі (Мәскеу бөлімшесі) Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұлдың басшылығымен жұмыс істеген жылдары түсіндім. 

Мен ол кісіні жұмысқа тұруға келгеннен-ақ аға деп атадым. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана оны бұлай атауыма қарсы әлде қарсы емес екенін сұрауыма тура келді. Оған себеп болған бір қызметкердің маған «Ол кісі аға емес, ол Әбдісағит Шаймұханбетович» деген «сөгісі» еді. Кеңес заманының тәрбиесін көп көрген адам, оның үстіне басшылық қызметтегі үлкен ­лауазымы бар кісі, мүмкін өзіне де менің ағалағаным ұнамайтын шығар деп көп ойланып жатпай, Әбдісағит ағадан сұрадым. Сұрағыма жымиып күлді де: «Ең дұрысы осы емес пе?!» деді.

Сол қазақы жөнмен мен оны аға деп, ол кісі көбіне қарындас, кейде қызым деп, он үш жылдай бірге қызмет еттік. Менің қызметім редакторлықпен байланысты болғандықтан, ол кісінің мақалалары, кітаптарын көп оқыдым. Оның әрбір мақаласы, сөзі мен ісі маған көп тәрбие берді.

Бір адамның бойына біткен қасиетті топ-топқа бөліп жіктеуге келмейді, өйткені болмыс, тәжірибе, білім қосылып қалыптастырған қасиеттер адамның түр-тұлғасын тұтастырып, мынау іскерлік қабілет, мынау адамдық қасиет деп анық бір аражік қоймайды. Әбдісағит ағадан үлгі қылып алған ол кісінің өнегелі қасиеттерінен әр адам өзіне тәрбие алар деген оймен қалам алдым.

Әбдісағит Тәтіғұловтың мені таңғалдырған әрі мен үшін үлгі болған мінезі – көп оқитын. Әдетте басшылық қызметтегі адамдарда күнделікті жұмысты жүргізу, басқару, алдағы күнді жоспарлау сияқты қауырт істер бірінші кезекте тұратыны сөзсіз әрі сол жұмыстардың басқа көңіл сүйсінтетін әдеттерге мойын бұрғызуға шамасын келтірмейтіні де бесенеден белгілі жәйт. «Гүлфайрузға» деп өзі қолмен айдар қойып жіберген газеттің бір бетінің көшірмесін алған сайын «Осы кісі қай кезде газет оқып үлгереді?» деп ойлайтынмын. Газетті оқығанда да сыдыртып өте шықпайды: мәтіннің ішіндегі түйін сөздерді маркермен сызып, мақаланың мазмұнына қарай материалды тиісті мамандарға жіберіп отыратын әдетінен бір танған емес. Қай сала болса да айтары бар, орынды пікір білдіре білетін оның жан-жақты білімі мені өте қатты таңғалдыруымен қатар, осы мінезі өз-өзімді дамытуға қосымша меже болып келеді.

Кітап қоры да өте мол еді. Оның үстіне замандастары, әріптестері өздері шығарған кітаптарын сыйлайтын. Ол кітаптар да шаң басып жатпайды, өйткені Әбдісағит Тәтіғұлов оларды қолына тие сала бір оқып шыққаннан кейін де ара-арасында қарап, оқып отыратын еді. Сол кітаптардың біразына алғысөз, пікір (рецензия) жазды.

Көп оқығанының әсері ме, өзі де көп жазатын. Түрлі тақырыптағы мақалалары мен монографияларының, кітаптарының ұзын саны 300-ден асады. Оған тағы өзі жетекшілік еткен техникалық құжаттардың әзірлемесін қосқанда, төрт жүзден асып жығылады.

Сөздің қадірін өте жақсы білетін. Техника саласында білім алып, ғылыми жұмысын да сол саламен байланыстырған әрі жас кезінен ­бастап басшылық жұмыстарда болған адамның сөзге, сөз өнеріне деген талғампаздығы сүйсінтетін. Не жазса да, соның әрбір сөзіне үлкен ықыласпен, ұқыптылықпен қарап, көп түзейтін. Мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді көп қолданатын.

Соңғы 2-3 жыл балалары мен немерелеріне арналған өсиет сөздерін кітап етіп жазып қалдырсам деген мақсаты болды. Ол мақсаты орындалды. Екі томдық кітабының бірінші томы өсиеттері мен естеліктерінен тұрады. Кітабын қолына алғанда, қатты риза болып, өзі туыстарына таратып берді. Ол кітапты мұқият оқыған адам қай мақаласы болса да, оның әрбір жолының астарында тәрбие, ұлағат жатқанын аңғарары сөзсіз. 

Өнегелі әдеттерінің бірі – үлкен-кішіге бірдей сіз деп сөйлейтін кішіпейілдігі еді. Сыпайылықтан құрмет туады, Әбдісағит Тәтіғұловтың әр адамның жеке басына деген құрметі өзі танитын дос-жаран, әріптес, сала мамандарының туған күн, ­мерейтой, отбасы қуаныштары немесе қазасы тәрізді оқиғаларды ұмыт қалдырмайтынынан да байқалатын. Үнемі әлдекімге құттықтау, алғыс жазып жүретін. Қазанамаларға да үлкен мән беріп, газеттерге жіберетін еді. 

Әйелдер мерекесіндегі құттықтау мәнері де ерекше болатын. Өзінің жұмыс бөлмесіне шақырып, қолына гүлін ұстап қарсы алатын. Есікті ашқаныңда алдыңда сені тұрып қарсы алып тұрған жасы да, лауазымы да үлкен адамды көргенде, өзіңе деген құрметті сезінеді екенсің. Мұның да қызметкерді еңбегіне қарай марапаттаудың бір тәсілі екенін осылайша көрсетіп кетті.

Оны қызметкерлері де ерекше бағалайтын. Көп жыл хатшысы болған Гүлмира Нұрбековаға әкесіндей қамқор болды. Өзім де оны тани келе, барлық қызметкерлердің құрметі мен сыйластығын тудырған Тәтіғұловтың әділдігі, білімі, қамқорлығы сияқты ізгі қасиеттері екенін түсіндім.

Қызметкерлерді тасымалдайтын автобус бөлу, осы компанияда жұмыс істеп зейнетке шыққан ардагерлерді жыл сайын құттықтап, оларға ақшалай қаржы бөлу, жыл сайын қазақ тіліндегі газет-журналдарды бірнеше данада жаздырып алып, оны қызметкерлерге тарату, еңбектеріне қарай марапаттарға ұсыну, дүниеден өтіп кеткен сәулетшілерді еске алу мақсатында кештер ұйымдастырып, кітаптар шығару, мақала жазу сияқты игіліктері ол кісінің көзі тірісінде-ақ ризашылықпен айтылып жүретін.

Мұндай мінездің тәрбиеден бастау алары сөзсіз. Ата-ана барлық баласына бірдей тәрбие бергенмен, балаға ол сана-сезіміне, түйсігіне қарай қонады. Ол кісінің «Әуелі ата-анасын жақсы көрмеген, ағайын-туыстарына болыса білмеген адамның елге жақсылық ­жасауы да күмәнді» деген сөзінің астарында да осы ой жатқан сияқты. Өзі ата-анасын ерекше құрметпен еске алып отыратын, сол құрметі оның өз бауырларына, олардың балаларына қамқор болуға басшы болды.

Әбдісағит Тәтіғұловтың мен үшін ерекше бір ісі –  алыс-жақын марқұм ағайындарының басына құлпытас орнатқандығы. Әрине, өз ағайындарына құлпытас орнату қазақ баласын таң қалдырмас. Бірақ оның жақын адамдарына, тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатуы үлкен жүректі адамның қолынан келетін шаруа деп ойлаймын. Өзінің сөзімен айтсақ «Менің өз жақындарыма қамқорлығымның бір көрінісі – марқұм болған ағайындардың біразының басына құлпытас қоюға атсалыстым. Бұл мақтаныш емес, бұл – үлкендердің біздің бала кезімізден беріп кеткен тапсырмасы, міндеттемесі». Ұқыпты адам барлық шаруаға бірдей ұқыпты болатыны белгілі ғой. Қашанда кіршіксіз, таза киініп, әрбір ісіне де, сөзіне мұқият Ә.Тәтіғұлов өзіне алдыңғы бабалардың міндеттемесі ретінде қабылдаған құлпытас қою жұмысына да аса ыждағаттылықпен қарағанын әңгімелерінен білемін. «Құлпытас мәңгілік мекеннің есігін күзететін сақшысы ғой. Есігіне қарап үйдің қандай екенін білеміз, сол құлпытастағы жазуды да иесінің болмысын көрсететін мәні деген түсініктемін» дейтін. Тастың сырт келбетіне ғана емес, оған жазылатын сөзге де ерекше ықылас қояды екен. Өзі де құлпытасына жазылатын сөзді алдын ала айтып, балаларына аманат етіп кетті.

Оған қоса Жәуке батыр, Иман батыр, Қошқар батыр сияқты баһадүрлерге ескерткіш орнату жұмыстарын басшылыққа алды. Өзінің балалары мен інілерін де осы жұмысқа жұмылдырып, абыроймен Қостанай облысы Амангелді ауданы әкімдігінің алаңына осы үш батырдың ескерткішін орнатты.

Елдің ық жағының қаласы, жел жағының панасы болған ерлердің ортасында Ә.Тәтіғұловтың орны ерек. Жалпы исі қазаққа деген қамқорлығы, туған жеріне деген жанашырлығы бұл кісінің азаматтық келбетін аша түседі. Өзі көп жылдар басқарған мекемесі жобалау ісімен айналысқандықтан, әрі өзі сол саланың қыр-сырын игерген үлкен маман болғандықтан, үй құрылысы мәселесіне көп көңіл бөлді.

Өзектілігі үкімет үйінде де, өз үйімізде де төрде тұрған ­баспана мәселесі оны көп толғантатын. ­Баспанасы жоқтығы әсіресе жастарды келеңсіз істерге итермелейтіні ол кісінің көңіліне кірбің түсіретін. Өзінің сөзімен айтсақ: «Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді» деп бекер атты дейсің бе аталарымыз?! Халықты жұмыспен қамтып, келешегіне үміттендіру ­керек. «Қыз алмаған жігіттің қырық қызда дәмесі бар» демекші, қолында жұмысы, басында үйі жоқ жастарды әр нәрсеге еліктіру қиын емес. Қазіргі күні радикалдық діни ағым жолына түсіп кеткен жастарымыз көбейе түсуде, соларды тоқтатудың бір жолы баспанамен қамту, өздерінің қалауымен үй салу мүмкіндігін қарастыру. Адамның алдында болашағына деген бір сенім пайда болса, ол соған жету жолында тау қопарады!». Өмірлік тәжірибесі мол, көзі қарақты, көңілі ояу азаматтың байыпты ойының түйіні еліміздің болашағын жақсарту, жастардың өмір сапасын арттыру үшін жеке баспана құрылысын дамыту еді.

Баспана мәселесін шешудің негізгі жолдарын көрсетіп, солардың ішінде ерекше мән бергені – аз қабатты үйлер салу. Бұл орайда ол Германия мен Американың тәжірибесін атап көрсеткен болатын. Маман ретінде сыртқы инженерлік тораптар мен жолдарды толығымен жүргізіп алмай, үй құрылысын бастамау керек деген қатаң талаптың болуына да назар аударған еді. Сонымен қатар жеке адамдар жобаның сыртқы түрі бойынша стандарт талаптарды сақтай отырып өз күштерімен үй салуына жағдай туғызу керек екенін де айтатын. Бұл қарапайым халықтың отбасылық бюджетіне түсетін кредит салмағын азайтады, тиісінше мемлекеттің де бұдан ұтары бар: халық, әсіресе жастар жұмыспен қамтылады деген пікірі дәл қазір өзекті.

Осы орайда қазақстандық телеарналардан жеке үй салуға арналған жетісіне бір сағаттық хабар ашу ­бастамасын көтерген еді. Ондай ­хабарлар «аз қабатты үйлерге арналған инновациялық материалдармен және құрылыс технологияларымен таныстырып, кірпіш пен ағаштан жасалатын материалдардың түр-түрлерінен басқа да арболит/көбікбетон/газбетон сияқты жеңіл блоктар мен жеңілдетілген ажыратылатын және ажыратылмайтын қалыптар жөнінде, финдік және шведтік технологиялардың мәнісі туралы мәліметтер беріп отырса, көпшіліктің ақпараттық мұқтаждығын қанағаттандырар еді» деп, өзекті мәселенің шешімін де берген болатын.

Сондай-ақ жер мәселесін созбалаңға салуға болмайтынын айта келіп, жеке баспана – байлық емес, адамның негізгі құқықтарының бірі екенін қадап айтқан еді. Баспана мәселесі және оларды шешу жолдары туралы осы және басқа мақалаларының толық нұсқасын Тәтіғұл Әбдісағит «Уақыттар керуенінде» атты кітаптан (Алматы, 2020) оқуға болады.

Әбдісағит Тәтіғұловты толғандырған тағы бір тақырып Торғай өңірі болатын. Кіндік қаны тамған жері Торғайы туралы бірнеше мақала жазып, оның қазіргі жағдайы мен болашағына алаңдап отыратын. Сонымен қатар Торғай өңіріндегі қыстаулар туралы, оларды тарихи нысан ретінде қалпына келтіру туралы көп жазды.

Әбдісағит Тәтіғұлов Торғай облысы деген тарихи атау қайтарылса, облыс мәртебесінде ол өңірдің қарқындап ­дамитынына сенім білдіретін. Өзінің «Төр тарихы терең Торғай» атты мақаласында: ««Тегіне қарай жан өседі, жеріне қарай дән өседі» – деген қағиданы еске ала отырып, тағы да бір тарихи аты шаң басып, архивтерде қалып бара жатқан, өткен ғасырда Торғай атымен қатарлас айтылып жүретін «Жетісу», «Сыр елі» облыс­тарын өздеріне қайтару да дау-даң туғызбауы тиіс» деген ойы бүгінде айдан анық келіп, Жетісу облысы құрылды. Енді Торғай туралы үміті мен болжамы да орындалсын деген тілектеміз.

Ол 70 жасқа келгенде «Аға, мен енді сіздің 80 жылдығыңызға дайындаламын» деген едім. 80 жасына дайындық жасап жүргенде, соны есіне салып едім, «сен соған өзің сенесің бе?» деді. Түріне жалт қарадым: даусы қандай сынық болса, түрі де сондай жабырқаңқы екен. Көзі менің анамның көзіне ұқсап кетті – шаршаңқы, солғын тартыпты. Сол көздің жұмылғанына екі жылдан асты. Ә.Тәтіғұлов туралы ойымды жазуды жоспарлағалы бір кедергі бар сияқты жаза алмайтынмын. Енді ойласам, ол кедергі – ұстаздай болған тұлғаға деген қимастық сезімнен ол туралы өткен шақта жазу қиын болған екен. Өмірдің адам ырқына көнбейтін өз ағысы бар, болғанға болаттай болып, алға жылжисың.

Ол кісінің көзі тірісінде маған «екі дүниеде де ризамын» деген сөзін өзімнің азды-көпті еңбегімнің бағасы, берген батасы ретінде қабыл алып, есіме түскен сайын ерекше бір қуатқа ие боламын.

Әбдісағит аға құлыптасына ­ойылатын жазуды алдын ала жазып кетті. Ол өміріндегі мақсаттары мен міндеттерінің түйіні болатындай қысқа ғана сөйлем болатын. Басына құран оқуға барған сайын «Бұл өткелі мен өтпелісі көп ғажайып өмірден абыройлы болып өткеннен артық бақыт жоқ» деген сөздерін оқып, ағамның бұл өмірде абыройлы азамат, ардақты аға болғанына шәк келтірмеймін және өмірлік ұстанымы осындай адаммен қатар жұмыс істеп, одан тәрбие алғанымды өмір жолымда кездескен үлкен сәттіліктердің бірі деп ойлаймын.

 Гүлфайруз ИСА,

«KAZGOR» жобалау академиясының бас аудармашы-редакторы

1106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы