• Тарих
  • 04 Тамыз, 2022

ШЫҢҒЫЗ ХАН ТУРАЛЫ ТОСЫН ПІКІР

Шыңғыз хан туралы сөз де, әңгіме де көп. Оған еш таңғалуға болмайды. Әлемдік тұлға Шыңғыз хан адамзат тарихының басты кейіпкері. Ол шындық. Сонымен қоса Шыңғыз хан түркі, қазақ тарихының да басты кейіпкері. 

Біз төл тарихымызды Шыңғыз хан және оның ұрпақтарынсыз баяндай алмаймыз. Шыңғыз ханның үлкен ұлы Жошы хан тұқымы – қазақтың әйгілі хандары.

Шыңғыз хан қазақ па, қазақ емес пе деген әншейін сөз. Шыңғыз хан – түркілердің мұғул деген тармағынан шыққан, оның он алтыншы атасы біздің заманымыздың VII ғасырында Ергене қон деп аталған жерден қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай, Оңтүстік Алтай және Қалдун деген таулардан бастау алатын Бұқтарма, Қара Ертіс  және Күршім  өзендерінің алқабына  қоныс аударған. Шыңғыз хан мен Әмір Темір аталас туыс. Бұл деректер Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты 5 томдық кітабы мен Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар нама» атты еңбегі қазақшаға аударылып, 2018-2019 жылдары жарық көргеннен кейін мәлім болды. Ергене қон деген жер атауының 1786 жылы Нюрнбергте шыққан Ф.Л.Гюссфельдтің картасында қазіргі Iле өзенінің сол жағалауында екені анық көрсетілген.  Ендігі жерде тарихшылардың қолдарына нақтылы тарихи дерек тиді, мәселе осы деректі мұқият түсініп алуда.

 

***

«Жамиғ ат-тауарихты» Ираннан алып келіп, парсы тілінен қазақшаға аударма жасауда басшылық жасаған – Ержан Исақұлов, аудармашы – Зәріпбай Оразбай. Олардың айтуынша, «Жамиғ ат-тауарих» ортағасырлық ерекше тәсілмен жазылған және 5 томнан тұратын өте көлемді  еңбек, оларды оқып, ондағы келтірілген деректерді бірден түсіне қою мүмкін емес. Өйткені ол кітап бұдан 700 жыл бұрын жазылған, содан бергі уақытта ондағы тайпалар мен жер-су атаулары сан рет өзгерген. Соған байланысты  көптеген қиыншылықтар мен сұрақ туындаған. Атап айтқанда: түркілер мен Шыңғыз ханның тарихы туралы кітап неліктен Иран мемлекетінде және парсы тілінде жазылған? Оны жазған кім, ол кітапта келтірілген деректерді қайдан алған? Қазіргі Шығыс Қазақстан жерінде туып-өскен түркілердің мұғул тармағына жататын Шыңғыз хан мен оның ата-бабалары неліктен Моңғолия жеріне  апарылып, олар қалайша «моңғолға» айналып кеткен? Егер олар моңғол болмаса, онда кім болады? Мұғул деген атау нені білдіреді? Ол атаудың қазаққа қандай қатысы бар? Қазіргі кезде олардың тікелей ұрпақтары қай мемлекеттерде тұрады? Шыңғыз хан құрған алып империяның мұрагер мемлекеттері қалай аталды, олардың тарихы мен тағдыры қандай болды? 

Осы және басқа да көптеген сұраққа Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай жауап іздеп, зерттеулерді жалғастырып, жоғарыда аталған Рашид-ад-Дин Фазуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарихы» («Тарихтар жинағы») мен  Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар намасы» («Әлемді жеңіп алушының тарихы») және Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» («Рашидтің тарихы») атты еңбектерінде келтірілген деректердің негізінде, 2020 жылы қазақ тілінде «Шыңғыз хан» атты кітап шығарды, оны оқырман жылы қабылдап, ондағы келтірілген деректерге аса қызығушылық танытқан болатын.

Енді, міне, 2022 жылдың ­наурызында осы кітаптың орысшаға аударылған нұсқасы шықты. Оны орысшаға аударған да  және тың ­деректермен толықтырған да, қаржы тауып баспадан шығарған да Ержан Исақұловтың өзі.

Аталған кітаптағы деректердің нәтижесінде белгілі болғаны: «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбекті жазуға тапсырыс берген Шыңғыз ханның кенже ұлы Төленің Иран мемлекетінде патшалық құрған тікелей ұрпағы Ғазан хан. Оны жазған  Иран мемлекетінің уәзірі, әйгіл ғұлама Рашид ад-Дин Фазуллах Хамадани басқарған ғылыми топ.Бұл еңбекте келтірілген деректердің негізі XIII-XIV ғасырларда Иран мемлекетінің қазыналарында аса құпия  сақталған Шыңғыз ханның, оның ата-бабалары мен ұрпақтарының ресми тарихы жазылған мұғул тіліндегі «Алтын дәптер» (Шынғыз ханның жылнамасы ол 41 жасқа келген кезден бастап жазыла бастаған. Ол қайтыс болған соң ол жылнама Төленің, одан соң оның Иран мемлекетінде патшалық құрған ұрпақтарының қазыналарында сақталған) мен басқа да дереккөздерден алынған. Ол деректерді тексеруге және сараптауға сол кездегі әлемнің ең білімді ғалымдары мен тарихшылары жұмылдырылған. Олардың жұмысын Иран мемлекетінде патшалық құрған Ғазан хан (1295-1304 ж.) мен ол қайтыс болған соң, оның туған інісі Олжайту сұлтан (1304-1318 ж.) тікелей қадағалап отырған. «Жамиғ ат-тауарихтағы» түркілер мен Шыңғыз ханның тарихы жазылған бірінші том екі кітаптан тұрады. Оны дайындаған мұғулдың дүрбен тайпасынан шыққан Болат чинсан атты ғұлама. Ол түркілер мен Шыңғыз ханның тарихын терең білген  және Шыңғыз ханның немересі Құбылай қағанның ұлы әмірі болған.Оны Құбылай қаған Ғазан ханмен келісіп арнайы Иранға елші етіп жіберген. Болат чинсан сол жерде Ғазан ханның қазынасында сақталған «Алтын дәптердегі» деректерді пайдаланып, «Жамиғ ат-тауарихтың» құрамына кірген Шыңғыз ханның жылнамасы мен түркілердің тарихы жазылған бірінші әрі негізгі томын мұғул тілінде жазып шыққан. Тек сонан соң ғана,  Рашид ад-Дин бастаған ғылыми топ оны парсы тіліне аударып, әлем тарихы жазылған «Жамиғ ат-тауарихтың» негізгі томына  кіргізген.  Сондықтан ол кітап дүниежүзілік деңгейде «ортағасырлық энциклопедия» деп бағаланады және тарихи тұрғыдан теңдесі жоқ құнды еңбек. Онда жоғарыда көрсетілген Ата Малик Жувейни мен басқа да XIV ғасырға дейін жазылған кітаптардағы елеп аларлық  деректер түгелдей  дерлік қамтылған.

Шыңғыз хан мен оның ұрпақтарының бүкіл әлемді жаулап алу үшін жасаған жорықтары барша жұртшылыққа белгілі. Сондықтан «Шыңғыз хан» атты кітапта түркілердің ата тегі, мекендеген жерлері, тайпалар мен руларға айналуы, патшалық әулеттері, олардың мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз хан мен оның жақын аталас туысы Әмір Темірдің шежіресі, ата-бабаларына қатысты  деректер «Жамиғ ат-тауарих» пен Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар нама» атты парсы тіліндегі еңбегінің түпнұсқасынан, Шыңғыз хан құрған алып империяның заңды мұрагерлері – Моғолстан мен Темір мемлекеті және Қазақ хандығы туралы деректер Мұхаммед ­Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінен іріктеліп алынып, оқырманға түсінікті  және қысқа түрде баяндалған. Кейінгі замандарда сан-алуан өзгерістерді басынан кешірген, әртүрлі тармақтарға бөлініп, ұмыт болған тайпалар мен жер-су  атауларын ескі шетелдік карталар мен кітаптардан іздеп тауып, қажет болған жағдайда оларға сілтемелер арқылы түсініктер беріп отырған. Ең бастысы мұғул деген атаудың «моңғолға» қалай айналғанының, Шыңғыз хан мен оның ата-бабасының Моңғолия жеріне қалай қолдан жасалған  себептермен «барып» қалғаны мен оның идеологиялық астары туралы нақты деректер келтірілген. Осы қыруар жұмыстардың нәтижесінде, түркі тайпаларының, оның ішінде мұғул мен қазіргі қазақ халқының құрамына кіретін рулардың шығу тегі, дамуы, тіршілігі, салт-дәстүрі, мекенжайлары мен атақоныстары, оларға қатысты елеулі оқиғалар өте шеберлікпен, шынайы және ең бастысы дәлелді түрде баяндалған, солардың негізінде осы уақытқа дейін ешкім айтпаған тұжырымдар жасалған: әлемдегі барлық түркілер қазіргі кезден шамамен 7 мың жылдан бұрын болған топан судан кейін Уртақ (Алатау) мен Қуртақ (Қаратау) тауларының бауырайындағы Қарақұрым деген жерде көшпенді болып өмір сүрген Жапастың (Нұх пайғамбардың баласы) Түрк атты ұлынан тарайды. Түрктің Алынжа деген шөбересінің Татар және Мұғул деген  егіз ұл болады, олардың аттары кейіннен Татар мен Мұғул тайпаларының атауына айналады. Шамамен қазіргі уақыттан 2 мың 700 жыл бұрын  мұғул аталған тайпа мен басқа түркі тайпаларының арасында болған шайқаста, мұғулдар жеңіліске ұшырап, Қиян және Нүкуз атты екі еркек пен екі әйел ғана тірі қалады. Олар дұшпаннан жан сауғалап Ергене қоңға (қазіргі Iле өзенінің бойындағы Шарын шатқалы – Ғ.Е.) барып тығылады. Сол жерде олар 400 жылдай шамасында көбейіп, 18 тайпаға бөлінеді, содан соң жазыққа шығады.

Шыңғыз ханның Бөрте шина атты он алтыншы бабасы б.з. VII ғасырында Ергене қоңнан  шыққан бірнеше тайпаларды  бастап, қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Бұрхан (қазіргі  Тарбағатай мен Оңтүстік Алтай тауы) мен Қалдұн (қазіргі Холзунь) тауларынан бас­талатын Ұнан (қазіргі Бұқтарма), Қилуран (қазіргі Қара Ертіс) пен Тұғла (қазіргі Күршім) өзендерінің бойына қоныс аударған. Олардың ең жақын көршілері жалайырлар, керейлер және наймандар болған. 1155 жылы Ұнан (қазіргі Бұқтарма) өзенінің Ертіске құятын сағасында Шыңғыз хан дүниеге келеді, оның аты алғашында Теміршың болады. Оның әкесі Жесугей мен бабалары мұғул тайпаларының  патшалары болады. Теміршың он үш жасқа келгенде әкесі дүниеден өтеді.Сондықтан ол жас кезінде өте көп қиыншылық көреді, 41 жасқа толғанда он үш күреннен (бір күрен бір мың адамнан құралады – Ғ.Е.) тұратын әскер жасақтап, алғашында көрші тұрған керейлердің патшасы Он ханды,одан соң наймандардың патшасы Таян ханды жеңеді, оған «Шыңғыз хан» («Ұлы және күшті») деген лақап ат беріледі.Содан соң Шыңғыз хан бүкіл мұғулдар мен түркі тайпаларының басын қосып Қытай, Таңғұт, Түркістан, Хорезм мемлекеттерін, араб, Иран және бірқатар Үнді елдерін бағындырады, сөйтіп, алып империя құрады. Көзінің тірісінде-ақ ол бүкіл жаулап алған елдер мен жерлерді өзінің Жошы, Шағатай, Үгетай және Төле атты ұлдары мен жақын туыстарына бөліп береді. Шыңғыз ханның ордасы Ертіс өзенінің оң жағалауындағы Қарақұрым жазығында болады (ол жазық қазіргі Ертіс өзенінің оң жағалауында болған, Нарын тауынан басталып, батысқа қарай 50 шақырымға созылып жатқан, 1960 жылдан бері Бұқтарма су қоймасының астында қалған. Аталған су қоймасын құру туралы шешімді Совет үкіметі 1952 жылы дәл «Жамиғ ат-тауарих» орысшаға аударылып біткен кезде қабылданған).                       

Шыңғыз хан Ертіс өзені мен Алтай тауларының айналасындағы барша  уәлаяттар мен ұлыстарды, ол аймақтардағы жайлаулар мен қыстауларды Жошының билігіне береді. Оның (негізгі) жұрты Ертістің айналасында болады және оның мемлекетінің астанасы да сол жерде орналасады. Жошы 1227 жылы әкесінен бұрын қайтыс болады. Жошының ұлы Бату хан Ертістің бойында дүниеге келген (ол туралы «Шыңғыз хан» атты кітапта бұлтартпас дәлелдер келтірілген). Бату хан мен оның немере інілері Шыңғыз хан империясының аумағын кеңейтіп, Еуропа мен әлемнің басқа елдерін де бағындырады. Бату хан 650 хижри жылы (1252 жылы) Еділ өзенінің  бойындағы Сарай жерінде дүние салады.

Шыңғыз ханның екінші ұлы Шағатайдың үлесіне Алтай мен Әмударияға дейінгі жерлер беріледі.Оның ордасы Iле өзенінің оң жағалауындағы  Алмалық пен Шығыс Түркістандағы Бесбалықта болады. Ол 1242 жылы қайтыс болады.

Шыңғыз ханның үшінші ұлы Үгетайдың үлесіне  ойраттардың жерлері тиеді. Оның ордасы – қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Бері Манырак тауы мен Еміл және Кобық өзендерінің маңайында орналасады. Шыңғыз хан өлгеннен соң (1227 жылы) екі жылдан кейін Үгетай өсиетке сай әкесінің Қарақұрымдағы тағына отырады. Ол жерде Үгетай Қарақұрым атты үлкен қала салады, он үш жыл бойы қаған болады.

Үгетайдан кейін таққа оның ұлы Күйік қаған отырады.Ол бір жылдан кейін (1243 жылы) қайтыс болады, оның денесі Еміл өзенінің жоғарғы жағында орналасқан орданың маңайында жерленеді. 

Шыңғыз ханның кенже ұлы Төле  өмір бойы әкесінің Қарақұрымдағы ордасында болады. Оның үлесіне Қытай мен Қарақұрымда орналасқан тоғыз орда тиеді. Төле 1232 жылы қайтыс болады.

«Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерге қарағанда, Шыңғыз хан мен  оның кенже ұлы Төле  және Төледен  тараған ұрпақтар қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Бұрхан Қалдұн тауларындағы Ұлы қорыққа жерленген.

Жошының қорығы  қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында екені ХХ ғасырда мәлім болды.

Шағатайдың денесі, тексеруді қажет ететін дерек бойынша, ­Алматы облысындағы Шілік өзенінің бойындағы қорыққа жерленген.

Ал Үгетайдың қорығы  Шығыс Қазақстан облысындағы биік тауда.

1269 жылы Үгетай қағанның немересі Қайду ханның шақыруымен қазіргі Жамбыл облысына қарасты Талас пен Кенжек аумағындағы жайлауда Талас Құрылтайы өтеді.Ол Құрылтайдың шешімімен Құбылай қағаннан тәуелсіз үш мемлекет – Жошы ұлысы, Қайду ұлысы мен Шағатай ұлысы пайда болады. XIV ғасырдың басында Шағатай ұлысының шығыс бөлігінде  дулаттар құрған Моғолстан атты мемлекет, ал оның батысында 1370 жылы Әмір Темірдің мемлекеті өмірге келеді.

1465 жылы Моғолстан мемлекетіне қарайтын дулаттардың Шу мен Қозыбас атты жерінде Жошының тікелей ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Қазақ хандығы бой көтереді.

Шараф ад-дин Йаздидің 1425 жылғы жазылған «Зафар намасындағы» деректер бойынша,Шыңғыз хан қайтыс болғаннан кейінгі уақытта  Ұлы қағанның жұртында оның 15 ұрпағы қағандық құрады.

Жошының 32 ұрпағы 210 жыл бойы Дешті Қыпшақтың хандары болады.Ал Шағатайдың 32 ұрпағы 109 жыл бойы Шағатай ұлысының хандары болады. Одан соң ол ұлыстың хандығы  Үгетай ханның Данышпанша атты ұрпағына тиеді. Біраз уақыт өткен соң хандыққа қайтадан Шағатайдың ұрпақтары иелік етеді, 1500-1510 жылдар аралығында Дешті Қыпшақтың билік құрған Жошының тікелей ұрпағы Әбілхайыр ханның немересі Шайбан (Шаһибек) хан Әмір Темір әулетін тақтан тайдырып, Темір құрған мемлекетті түгелдей жаулап алады. XVI ғасырдың екінші жартысында Шайбан хан құрған мемекеттің аумағында Бұхара хандығы құрылады, мемлекеттің астанасы Самарқаннан Бұхараға көшіріледі. XVII ғасырдың басында Бұхарадан Хорезм (Хива) хандығы бөлініп шығады. XVIII ғасырда ол мемлекеттің аумағында Қоқан хандығы құрылады. 1876 жылы Қоқан хандығы жойылады, оның аумағындағы жерлер мен халықтар Түркістан губернаторына бағындырылады. Бұхара Хива (Хорезм) ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейін Ресей патшалығына тәуелді болып қалады. 1918 жылы ол губернаторлық пен хандықтардың аумағында РСФСР құрамындағы Түркістан Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы, Бұхара Советтік Халық Республикасы, ­Хорезм Советтік Халық Республикалары мен 1920 жылы Қазақ Атономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылады. 1924 жылы аталған Орта Азия Республикаларының шекаралары межеленіп, олардың аумағында Өзбек Советтік Социалистік Республикасы, Түркімен Советтік Социалистік Республикасы мен Өзбек ССР-інің құрамындағы Тәжік автономиялық Советтік Социалистік Республикасы (1929 жылдан бастап Тәжік Советтік Социалистік Республикасы) пайда болды. Тек 1936 жылы ғана Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болып өзгертілді. Аталған Республикалар Советтік Социалистік Республикалар Одағының (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының) құрамында болды. Ол Одақ 1991 жылдың соңында құрдымға кетті. КСРО-ның құрамында болған 15 мемлекет өздерінің тәуелсіздігін жариялады.

«Шынгыз хан» атты орысша кітаптың авторы Ержан  Исақұловтың айтуынша, Мұхаммед Хайдар  Дұлатидің 1525 жылғы жазылған «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде, Фазуллах ибн Рузбихан Исфаханидің 1553 жылғы жазылған «Мехман нама-и Бұхара» атты кітабында және  Ақтан сопы Құтбтың 1730 жылы жарық көрген «Біздің тарихымыз» атты  қолжазбасында  жоғарыдағы санаққа кірмеген Алтын Орданың, Дешті Қыпшақтың,Шағатай ұлысы мен Қазақ хандығының хандарының тізімі келтірілген. Ал XVII-XIX ғасырлардағы казақ, Қоқан және Хорезм  хандары мен Бұхар әмірлерінің аттары қазіргі жұртшылыққа жақсы белгілі, қажет болған жағыдайда олардың тізімін кез келген кітапханадан  табуға болады.

«Шыңғыз хан» мен «Шынгыз хан» атты кітаптардағы келтірілген өте құнды деректердің барлығын бір мақаланың аясында айтып жеткізу мүмкін емес, қысқасы, аталған кітапта халқымыздың  ұмыт болған, бұрмаланған мыңдаған жылдық тарихы шынайы қалпына келтірілген. Кітап осысымен құнды. Бұл аса бағалы деректердің тарихшылар үшін, ата-баба тарихын зерттеулер үшін, келешек ұрпақ үшін рухани азық болатыны сөзсіз.

***

«Тарихқа әркімнің бар таласы» дегендей, металлург, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ­Ержан Исақұловтың кейінгі жылдары төл тарихымыз туралы, әсіресе Шыңғыз ханға қатысты мәселерде мол еңбек атқаруда. Оның  «Жамиғ ат-тауарих», «Зафар нама» және «Мехман нама-и Бұхара» атты парсы тіліндегі кітаптарды қазақ тіліне тәржімалауды ұйымдастырып, Зәріпбай Оразбаймен бірге «Шыңғыз хан» деген кітапты жазып, оны орыс тіліне аударып,оған аса құнды тың деректерді қосып, «Шынгыз хан» деген орысша кітап жазып шығуы таңғаларлық іс. 

Жоғарыда аталған кітаптарды парсы тілінен тікелей қазақшаға аударған Зәріпбай Оразбай – араб, парсы және шағатай тілдерін өзінің ана тіліндей меңгерген өте білікті маман.

Осы аталған ғалымдардың ­айтуынша, түркілердің мұғул ­деген тайпасынан шыққан Шыңғыз ханның моңғолға айналып кетуінің ең ­басты себебі, «Жамиғ ат-тауарих» пен ­«Зафар наманың» түпнұсқасындағы мұғул деген атаудың орыс және басқа тілдерге   моңғол деп қате аударуылына байланысты. Оны парсы мен араб альфавиттеріндегі  әріптік айырмашылықтармен және оқу кезінде қолданылатын қарекеттерді дұрыс қолданбағандығынан деп түсіндіруге тырысатындар бар. Бірақ аталған кітаптарды парсы тілінен аударған ғалымдар ол ерекшеліктерді жақсы білгеніне еш күмән келтіруге болмайтыны сөзсіз.

«Жамиғ ат-тауарихтың»  толық нұсқасын  орыс тіліне КСРО Ғылым Академиясының шығыстану институтының ғалымдары ­1936-1960 жылдары алғаш рет аударғаны белгілі. Сол кітаптың 53, 56 және 74 беттерінде «мугул», Мугулистан және Могулистан деген атаулар анық жазылған: «Глава вторая – о тюркских племенах, которых в данное время называют монголами [ мугул], но в древности у каждого  [из них] было особое имя и прозвание, имели они также и господствующее положение, и подневольное состояние... Глава четвертая – о тех тюркских племенах,которые в древности назывались монгол [мугул];она делится на две части [из коих] первая посвящена монголам [вообще], а во второй части говорится о монголах [ответвление]нирун... Его область и юрт находились на севере-востоке в отдаленной части Монголии [Мугулис­тан], так что по ту сторону их не было больше ни одного монгольского племени... Бұл сөйлемдерден мұғул және Мұғулстан деген атаулар орысшаға қалайша бұрмаланып аударылғаны анық көрініп тұр. «Жамиғ ат-тауарих» пен «Зафар наманың» парсы тіліндегі түпнұсқаларында моңғол деген бірде-бір сөз  кездеспейді. Керісінше, ол кітаптардың өне бойында тек мұғул деген атау ғана көрсетілген. Мысалы, «Зафар намада» Нұх пайғамбардың немересі Түрік Жапасұлының Татар және Мұғул деген ұрпақтарының  болғаны, олардың есімдері келе-келе татар және мұғул деген тайпалардың атауына айналғаны туралы айтылады.

Әмір Темірдің немересі Ұлықбек хакім өзінің «Төрт ұлыстың тарихы» атты 1425 жылғы жазып біткен еңбегінде Түріктің Алынжахан деген шөбересінің Татар және Мұғул атты  егіз ұлдары болғанын, олардан татар және мұғул деген екі тайпа бастау алатынын, Мұғул ханның ұрпағы ­Боданжар ханның – Шыңғыз ханның тоғызыншы бабасы, Әмір Темірдің он төртінші бабасы болатынын ашық жазған. Біз Ұлықбекке қарсы қандай уәж айтпақпыз. Ол сол замандағы оқиғалардың, хикаяттардың, әңгімелердің ішінде өмір сүрген және өзі мұғулдан тараған тұлға.

Жоғарыда аталған деректер «Шыңғыз хан» және  «Шынгыз хан» атты кітаптарда келтірілген көптеген  дәлелдердің бір аз ғана бөлігі екенін айтып өткен жөн. Өйткені ол кітаптарда тек дәлелді фактілер ғана көрсетілген және жазылған.

***

 Сөзімізді түйіндей айтқанда, жоғарыда аталған кітаптар тарихшылардың назарында болу ­керек деген пікірдемін. Әрине, күдік болады, тарихшылар аталған кітаптарды оқып шықса, көптеген құнды деректер табады. Оларда Шыңғыз хан мен оның арғы аталарын және әйелдерінен таралған ұрпақтарын тәптіштеп тұрып айтып береді. Бұл, әрине, шындық, себебі ол кітаптардың жазылған кезі Шыңғыз хан мен оның ұлдарының ­замандарына жақын кез.

Құрметті Ержан мырза, Сіз жақсы іс бастапсыз. Енді оны аяқсыз қалдырмаңыз. Айтыс-тартыстар бола береді. Ғылым болғаннан кейін әртекті көзқарас болуы түсінікті. Бірақ айдан анық тұрған деректерді мойындамасқа болмайды. Менің айтарым осы.

         

Ғарифолла ЕСІМ,

ҚР ҰҒА академигі, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері

4395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы