• Руханият
  • 04 Тамыз, 2022

СҮМБІЛЕ. СУ СУЫДЫ. ӨМІР СҰМДЫҚ

Қазақ даласын көп аралаймыз. Тауы мен тасын, орманы мен көлін тамашалап жүріп осынау сар далада бізден бұрын да талай адам өмір керуенде сырнайлатып, кернейлетіп өткенін, олардың да арзу-арманы, асқақ мақсаты болғанын түсінеміз. Сол бабалардан бізге мұра болып кең байтақ дала қалды, сөз қалды. Сөз ауыздан-ауызға тарап, халық ауыз әдебиеті үлгісінде жетті, тастарға қашалып жазылды, қабірлерден табылды, кесенелерде әлі де құпиясын бүгіп тұр. Осындайда еске түседі. Ертеректе Мырзатай Жолдасбековпен сұхбаттасқан едік. 
«Жалпы, Орхон жазбаларын зерттегенде оны қазақ жырларымен, эпостарымен шендестірдім. Эпостарымызда бастан-аяқ  өлең төгіле бермейді. Күй тартқанда да, әуелі қара сөзбен аңызын айтып алады. Орхон жазбаларын бүгінгі ақын қалай жырлар екен деп ойлай бастадым. Орхон жазбаларын үш түрлі нұсқада жасағым келді. Бірінші түпнұсқа тұрса, екінші тура сол қатарда жолма-жол жаңа нұсқасы жазылса, үшінші, «сол заманның сөзін бүгінгі ақындық тәсілмен қалай жырлауға болады, сен қалай жырлар едің», –  деп Қадыр Мырзалиевке қолқа салдым. «Түгел тексті бер», – деді.  Түгел бердім. Бір күні Жазушылар одағында Қадырды көріп қалдым. «Мырзатай, дайынмын, ертең жолығайық», – деді. Келесі күні жолықтық. Әуелі мен оқыдым:
Биікте көк тәңірі
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Истеми отырған.
Отырып, түрік халқының
Ел жұртын қалыптастырған, иелік еткен.
Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген…
Қадыр былай оқи бастады:
Сонау бастан, о бастан
Жаралғалы қара жер,
Жаралғалы көк аспан.
Естеми мен Бумынның
Адамзаттан бағы асқан.
Төрт бұрышы дүниенің
Соларменен санасқан.
Бүкіл түркі үмітпен,
Екеуіне қарасқан.
Қол астына жиылып,
Қол астынан тарасқан.
Олар салған дүбірден,
Қаптап жатқан қалың жау
Шыбын жаннан түңілген.
Дардай болып келгенмен,
Бордай болып үгілген.
Басы барлар иіліп,
тізесі барлар бүгілген…
Есім шығып кетті. Ғажап, төгіліп тұрған дүние ғой. Бірақ Қадыр кейін Орхон жазуын ақын тілімен түгел сөйлетуге уақыты жетпеді ме, ол тақырыпқа бармай жүрді. Кейін Қадырдың Орхон жазбасын поэзия тіліне айналдырған кітабы шықты. Ол да оқырмандарына үлкен олжа әкелген жыр кітабы болды ғой деп ойлаймын», – деген еді. 
Шынымен, қазақ даласының әр бұрышынан табылып жатқан балбал, кесене, құлпытастардағы жазуларға әр түрлі маман есебінде үңіліп көруге болады. Ол жазуларды археолог, тарихшы, тілші, ақын, философ әрқайсысы өз ұстанымы негізінде оқитын болар. Сол сөз, бабалардан жеткен сол ғажайып сөз бүгінде қалай зерттеліп, қалай зерделеніп жүргенін мамандардан сұрап білген едік.    

Айтжан Нұрманова, 
тарих ғылымының кандидаты, 
шығыстанушы:

ҚҰЛПЫТАСТАРДА ДЕРЕК МОЛ

– Қазақ даласындағы кесене, құлпытастардағы жазулар сыры толық зерттеліп бітті ме?

– Жоқ, толық зерттеліп біткен жоқ. Бұл – зерттеулердің басы ғана. Шығыстану институты Әшірбек Муминовтың басшылығымен 2004 жылдан бері құлпытастардағы, кесенелердегі, жер асты мешіттеріндегі араб графикалы жазуды оқумен, зерттеумен айналысып жүрміз. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Шақпақ ата, Сейсем ата қорымдары зерттеліп, олардың эпиграфикалық жазбалары аударылып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде екі кітап болып жарық көрді. Негізінен батыс өңірінде көп жұмыс атқарылды. Себебі оларда осындай нысандар көбірек сақталған. Батыс Қазақстан облысы Орал маңайында да жұмыс істедік. Жәңгір хан қорымы кешенінің, Батыс Қазақстан облысының біраз аудандарының құлпытастары зерттелді. Оның өзі толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз. Қазіргі күнге дейін жергілікті мамандар, яғни сол құлпытастар жазуын оқитын кісілер ары қарай  зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Біздің зерттеулер қаржыға байланысты, Ғылым Комитеті тарапынан бұл жобалар байқаудан өтпей қалғандықтан, кейінге ысырылып тұр. Зерттеулерде Қазақстаның бүкіл аймағы толық қамтылған жоқ. 2016-2017 жылдары Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының, Қарқаралының біраз құлпытастары зерттелді. Торғайдан, Ақмола облысынан әлі күнге дейін құлпытастардың суреттерін оқып беруімізді өтініп жолдап жатады. Соларды оқып береміз. Негізінен біздің жетістігіміз, жүргізген зерттеулеріміздің нәтижесінде Батыс Қазақстанда төрт ханның жерленген жерін анықтадық. Ол Кіші жүздің Есім ханы, Жантөре хан, Айшуақ хан. Жәңгір ханның құлпытасы бұрындары белгілі болғанымен, біз жүргізген зерттеулер негізінде толығымен оқылды. Ол туралы мақалалар да жарияланды. Әлеуметтік желілерде де жаздық.      

– Кесене, құлпытастардағы жазуларды оқу жұмыстары бір ізге түсті ме?

– Олай айтуға ертерек. Өйткені зерттеу жұмыстары енді ғана басталды ғой. Жұмыс жүргізіле бастағанына жиырмашақты жыл ғана болды ғой. Бұл мұндай зерттеулер үшін аз уақыт. Ең жақсы зерттелген кесене бәрімізге белгілі Ахмет Ясауи кесенесі. Соңғы жылдары оның жазулары қайта оқылып, Ә.Муминовтың басшылығымен 2015-2017 жылдары қайтадан аударылып, альбом-кітап түрінде басылды. Ондағы құлпытастарды да Ә.Муминов, Б.Бабажанов деген ғалымдар кезінде зерттеген. Ол кісілердің аудармасын М.Тұяқбаев кітап қылып шығарды. Ал құлпытастар Қазақстанның түкпір-түкпірінде жетіп артылады. Қазірге осындай ғылыми жобалар, экспедициялар қаржыланбағандықтан, зерттеу жұмысы кейінге қалып қойып отыр.   

– Зерттеуші ретінде сізге қандай кесене/құлпытастағы жазу ұнайды, неге?

– Мына жазу ұнайды деп айта алмаспыз. Бірақ құлпытастардың беретін ақпараттық мүмкіндігі өте үлкен екенін атап айтқым келеді. Құлпытастарда қайтқан кісінің туған, қайтыс болған жылдары, шыққан тегі туралы ақпарат қана берілмейді, онда көптеген тарихи мәтіндер де кездеседі. Мысалы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Бөкейхановтардың әулеттік қорымындағы құлпытастар оқылып зерттелді, ол үлкен мақала болып басылды. Құлпытастарда Бөкейхановтардың Шыңғыс ханнан басталатын шежіресі құлпытас беттерінде толық жазылған. Ол бізге қандай дерек береді? Осы күнге дейін тарих бетінде даулы болып келе жатқан «қазақ хандарының шығу тегі Орыс ханнан тарай ма, әлде Тоқай Темірден тарай ма?» деген сауалдың жауабы табылды. Бөкейхановтар әулетінің тастары Тоқай Темірден тарағанын дәлелдейді. Хан тұқымдары, сұлтандар өз шежірелерін жақсы білген. Сол он жеті, он сегіз атаға дейінгі шежірені тасқа қашап жазып кеткен. Сондай тарихи мәліметтер құлпытастарда көптеп кездеседі. Дін ғұламаларының құлпытасы болса, оның қай жақта оқығаны, қандай ұстаздан тәлім алғаны, қандай сабақ оқығаны, өзі қай жерде жұмыс істегені: барлық тарихи ақпарат құлпытасқа жазылған. Ол құлпытастарға қарап сол замандағы дін сабақтарын, дін мектептерінің деректерін терең біле аламыз. Құлпытас қайтыс болған кісінің тек жеке басына қатысты ақпаратты емес, тарихи негізді мәліметтерді жеткізеді.

– Демек кесене, құлпытастар жазуынан сол уақыттың қандай да бір дерегін білуге болады ғой?

– Әрине. Ол тарихтағы кейбір даулы мәселенің нүктесін де қояды. Қазір батырлардың құлпытастары табылып жатыр. Ондай батырлардың болғанын білгенімізбен, олардың нақты қай кезеңде өмір сүргенініне қатысты даулы мәліметтер бар еді. Құлпытастарда олардың нақты дерегінен бөлек, қандай шайқаста көз жұмғаны, қай жерде, қандай жағдайда қайтыс болғаны да анық жазылып тұр. Оларды зерттеу керек.

– Ол жазбаларды поэзия тіліне айналдыруға қалай қарайсыз?

– Қазіргі заманда толық поэзияға айналдыра алмайтын шығармыз. Алайда сол құлпытастар бетінде діни-поэтикалық шумақтар кездесетінін мойындауымыз керек. Қайтқан кісіге арнап жазылған жоқтау шумақтары құлпытастарда көптеп кездеседі. Ол туралы да біздің әріптесіміз Дина Медерованың арнайы мақаласы бар. Онда қайтқан кісіге арнау секілді, ол кісіні сипаттап, жақсы жақтарын айтқан сөз тасқа қашалған. Кейде сол қайтқан кісінің өзіне арнап шығарылған шумақтар болса, кейде Шығыс шайырларының шумақтары да құлпытастарға жазылуы мүмкін. Жеке өз ойым, құлпытастардың ішінде әзірге ең көрнекті деп кездестіргеніміз Бөкей ордасындағы Жәңгір хан қорымындағы Ермекжан-ханым, Шын-Әли-сұлтанның қызына арнап жазылған сөз.

Бағдат ДҮЙСЕНОВ,
Р.Сүлейменов атындағы 
Шығыстану институтының қызметкері:

ЭПИГРАФИКАЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ ТІЛІ ҚАНДАЙ?

Қазақстан аумағындағы араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу ісі соңғы жылдары ғана қарқынды дамып келеді. Бұған дейінгі зерттеулер мен далалық экспедициялардың басым көпшілігі жартастағы жазуларды, суреттерді, руникалық көнетүркі мәтіндерін іздеуді, соларды оқуды, аударуды мақсат тұтты.

Ал арабжазулы эпиграфиялық ескерткіштердің архитектурасына емес, мәтініне зер салып, табу, талдау, зерттеу, оқу, аудару, жарыққа шығару жұмыстарын бертінгі жылдары қолға алып, ғылыми айналымға енгізіп, зерттеп жүрген Ә.Қ.Муминов, А.Ш.Нұрманова сияқты ғалымдардың еңбегін айрықша атап өтуіміз керек. Осының негізінде «Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы», «Сейсем ата қорымының арабжазуындағы эпиграфикасы» сияқты кітаптар жарық көрді. Бұл кітаптар қазақ даласындағы арабжазулы эпиграфиялық ескерткіштердің мәтінін тану жолындағы еңбектердің алғашқы қарлығаштары. Одан кейін  «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты альбом кітабы жарыққа шықты. Сонымен қатар Қазақстанның әр өңірлерінде, мәселен, Маңғыстау облысында өлкетанушы, эпиграфист Нұрлан Құлбаевтың «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндер анықтамасы» атты еңбегі, Батыс Қазақстан облысында, Жантас Набиоллаұлының бастамасымен Қазыбек Құттымұратұлы, Мұратбек Жахатов сияқты өлкетанушы, эпиграфистердің оқуы арқылы «Құлпытас сырын ашайық» жинақтары және Атырау облысындағы «Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының» жетекшісі Мұқан Кипиевтің бастамасымен «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериясымен кітап-альбомдар жарық көрді. Қарағанды облысы Қарқаралыдағы өте зерек өлкетанушы Ерлан Мустафиннің де эпиграфикалық ескеткіштерді зерттеу алаңына енгізіп жүрген еңбектерін атап өтуіміз керек. Сол сияқты еліміздің әр өңірінде құлпытастарды зерттеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл отанамыздың әр түкпіріндегі азаматтардың ауылының іргесіндегі мола-зираттарда кімнің жатқандығын, ата-бабаларын білгісі келгендігінің анық айғағы. 

Эпиграфикалық ескерткіштердің тілі қандай? Бұл ескерткіштердің барлығы ХV ғасырдан ХХ ғ. басына дейін қолданыста болған шағатай тілінде жазылған. Шағатай тілі – Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы түркілердің жазба және сөйлеу тілі.

Шағатай кезеңінің ақындары бұл тілге «түркі, түрік тілі, түркі тілі, түрік лафзы, түрік элфазы, түрікше, түрікше тіл» терминдерін қолданған. 

Қазақстан аумағындағы арабжазулы құлпытастардың басым көпшілігі ескі шағатай, яғни, бірде түрки, бірде ортақ түркі тілі, бірде ескі қазақ тілі деп аталатын тілде жазылған. Сонымен қатар татар тасқашаушылары мен молдаларының ықпалымен татар тілінде де қашалған тастар баршылық. Тілдік тұрғысынан бастысы, ортақ түрки тілде.

Ал графикалық берілуі тұрғысынан ХІХ-ХХ ғасырларда түркі жұрттарының арасында кең тараған қадим және жадид жазуларымен қашалған тастар баршылық. 

Әр қорымның эпитафияларындағы тілдік қолданыстар әртүрлі. Мысалы Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданындағы Жәңгір хан қорымы мен Қарағанды облысы Қарқаралы қаласындағы Үлкен зиратта дін қайраткерлері де, хан-сұлтандар да, ел ішінің би-болыстары мен кәсіп иелері, саудагерлер де жерленгендіктен ондағы құлпытастарда сөздік қор әрқилы болып, әр саланың лексикалық қоры молынан кездеседі. Ал БҚО-дағы Мәулімберді қорымында діни адамдар жерленгендіктен эпитафиялардағы лексикалық қордың негізгі дені діни терминдер.

Қазақстанның әр өңіріне жүргізілген ғылыми экспедициялар нәтижесінде көптеген материалдар жинақталды. Мұндағы эпитафиялардың мәтінін оқып, аударып, тілдік ерекшеліктерін зерттеу барысында әлі де кеңінен зерттеулер жүргізу – келешектің ісі.

Айнұр ТӨЛЕУ,  ақын:

ӨЛЕҢ – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ  ЕҢ ҮЛКЕН КУЛЬТІ

Біздің өнердің басты көкжиегі – кесенелер, балбалтастар, сағаналарда жазылған сөздер. Ол поэтика Көне түркі, Орхон-Енисей жазбаларында анық байқалады ғой. Мысалы, сурет, яғни кескіндеу өнеріне келетін болсақ, түркі даласында кескіндеу өнері терең дамыды деп ойлаймын. Арғы замандарға өтсек, сақтардың өнер туындыларының өзі, сурет, көркемөнердің хас үлгісі бізде сақталған. Одан ары жылжысақ петроглифтерден де талай сырды аңғарамыз. «Таңбалы тасқа» барған кезде аңдардың, Күнбасты құдайдың суреті деп айтады ғой, сол суреттерге қарасаңыз талай ғажайыпты сезесіз. Оған тарихшы, археологтың көзімен ғана емес, ақын, өнер адамының көзімен қарасаңыз, әлгі кескіннен талай өлең тауып алуға болады деп ойлаймын. Өзімде де сондай өлеңдер бар. Осындай тастарға салынған, кесенелерге салынған сөздерді қазіргі поэзия тілімен сөйлету дәстүрі бұрыннан бар. Оны ары қарай жалғыстыру керек деп ойлаймын.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең –

деп айтады ғой Абай. Біздің дүниеге келуіміз бен өмірден өтуіміз, ұлттық кодымыз өлең, осы Орта Азия даласында өмір сүрген тайпалардың өмірлік серігі де өлең болған. Ол өлең үлгілерінің осы күнге өте аз ғана пайызы жеткен. Көбінесе тұрмыстық өлеңдер сақталып қалған. Бала дүниеге келгендегі бесік жырынан жоқтауға дейін, шын мәнінде қарап отырсаңыз, өлең адамды алға жетелейді. Батырлар жыры, жаушылардың жау хабарын жеткізуі де өлең ғой. Феноменалды жадымыз мықты деп мақтанамыз ғой. Буын, бунақты сақтап, ұйқастырып сөйлеуге талпынатынымыз, әлі күнге егіздердің атын ұйқастырып қоятынымыз немесе сөйлеу кезінде сөзіміз ұйқасып  қалса «ақын болып кетіпсің ғой» деп көтермелеп жіберетініміз қанда сақталған. Тіпті өлеңнен, өнерден жырақ жүрген қоңыр тіршілік адамының өзі гендік тұрғыда ұйқас көрсе назарын аударады. Себебі ол Абайдың «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегендегі  философия. Біз бүкіл әлемге поэтикалық ойлау жүйесімен қарайтын ұлтпыз. Қазір поэтикалық ойлау жүйесінен, көркем ойлау жүйесінен алшақтап бара жатқан шығармыз. Дегенмен біздің гендік арғы тамырымызда өлең бүлкілдеп жатыр. Айтыс өнері көшпелі бәдәуилерде де болған, бізде ғана сақталған деп мақтанышпен айтамыз. Неге бізде ғана сақталған? Оның сақталып қалуы айтыскерлердің ғана еңбегі емес, тыңдаушылардың да еңбегі. Айтысты тыңдайтын, өлең мен ұйқасқа құлақ түретін ел барда айтыс та жоғалмайды. Тіпті біз өмірдегі соңғы сөзді өлеңмен жазып кеткенді құп көреміз. Ол өлең болғанда, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, сонда бар олардың бар таңдамасы» дегендей, жазғанымыз өлең деңгейіндегі биікте жазылды ма, әлде жазылмады ма –басқа мәселе.

Айша бибі кесенесіндегі қыш тақталардың 18-ші қаланымында арабтың куфа әріптерімен оюланған «Күз...бұлттар...жер ғажайып...» деген тылсым сөзді Асқар Сүлейменов «Сүмбіле. Су суыды. Өмір сұмдық» деп ең көркем өлең деңгейіне жеткізді. Шынымен қандай ғажайып сөз. Ол заман мен бұл заманның поэтикалық танымы үйлесе кеткендей. Тура сол сияқты ондай үрдісті үзбей, көне петроглифтердегі сюжеттерді өлеңмен жеткізуге болады.

Қадыр Мырза-Әлі ол дәстүрді Орхон-Енисей жазуларын поэзияға  айналдыру арқылы бастап берді. Ол поэзия бізді көне түркі жазбаларына тіптен жақындата, ол сөздің құпиясын білуге ұмтыла түсуге жол ашты.

Өлең – қазақ даласының ең үлкен культі. Оны сакральды деңгейге көтеруіміз керек. «Таңбалы тасты» мысалға алайық. Тарихқа үңілер болсақ, неше түрлі оқиғаларды аңдаймыз. Ол жердің аурасы бөлек. Ол жердің киесін өлеңмен жеткізсек, қазақ оның сакральды екеніне сене түседі.

Қандай да бір тарихи жерлерге қойылған ескерткіштерге жазылған сөздер философиялық ұлық һәм поэтикасы бар, көркем ойлау деңгейінде жеткізілсе, ол жерге деген құрметіміз артады.

Үлкен кесенелерге ғана емес, қазіргі зираттарға барсаңыз, мәселен, өз әкемнің зиратына барсам, құлпытастардағы ерекше сөздерді байқаймын. Айтыс өнері сұраныс бар болғаннан кейін сақталды дедім ғой, демек құлпытасқа қашап сөз жазу да сұраныста бар болғандықтан, ол өлмейді.            

P.S.

Иә, қазақ даласында қашаулы сөзі құпиясын ішіне бүгіп тұрған балбал да, кесене де, көне қорым да, құлпытас та көп. Олардың әрқайсысын оқып, осы далада өмір сүрген жандардың арғы дүниеге қандай сөзбен көшкенін зерттеп білуге болатын шығар. Мақаламыздың тақырыбы қылып алған Айша бибінің сөзіне қатысты, осы сөздің тәпсіріне қатысты бірнеше жыр да, өлең шумақтары да бар. Әсіресе Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың:
Жасайды даңққа бөленіп бөлек өрнектер,
Бас иер әлі қаншама ұрпақ, әулеттер.
Әйелдің атын қалдырды мәңгі,
өз атын 
қалдырмай кеткен қарапайым бір сәулеткер.
Өткізді ме екен осында ол көктем, жазын да,
Өнер ғой майдай сазды дәл тауып қазу да.
Өнер ғой оны құю да...
Бірақ, шынында,
Өнердің нағыз көкесі анау жазуда!
Шеберлігі үшін таласпаймын да ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»
Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.
Өміршең өнер!
He деген мықты ең, шынайы ең!
Шынайылыққа табынар әлі құлай ел.
Өмірдің қысқа,
Өнердің ұзақ екенін
¥рпақтарына ұқтырар мәңгі ұлы әйел. –
деген өлең жолдарын осы мақалаға келтіргіміз келеді. Шынымен де, қандай құпия жазудың сыртында сол заманның, сол әлемнің мәңгі өшпес өнері жасырынып жатқаны анық.

Әзірлеген Қарагөз СІМӘДІЛ

1097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы