• Әдебиет
  • 04 Тамыз, 2022

ҚАЛСА БОЛДЫ, ӨЗІМ САЛҒАН АРТЫМДА ІЗ

Мінуар  ӘКІМХАНОВ

 

ЖОЛЫҚТЫ ЖОЛ ҮСТІНДЕ

(Баллада)

Күдігін жас жігіттің үміт жеңсе,

Қалады көтеріліп биікке еңсе.

Әнеки, ғашығы отыр көп іздеген,

Поездың купесіне кіріп келсе.

 

Ер жеткен бір ауылда бір кезде өсіп,

Ғашықтар жылдар өтіп тұр кездесіп.

Алдағы тағдырлары қалай болмақ,

Ақынға айту қиын жырмен кесіп.

 

Екеуге кез келгендей бақытты шақ,

Айқасты аңсап жеткен жақұт құшақ.

Бастарын түйістіріп тар купеде,

Тиегін әңгіменің ағытты ұзақ.

 

Бастаған әңгімені әдемі ізгі,

Екеуі түн жарымда әрең үзді.

Арудың сағынышы сарқылмапты,

Ернінен ғашығына бал емізді.

 

Поезбен басып өтіп бел-белесті,

Қос ғашық сыр ақтарып еркелесті.

Жолдағы осынау бір оқиғаның,

Кім кепіл, болмасына ертең ескі?!

 

Уақыт талай жерге сырғып барды,

Айтылған көп әңгіме пысықталды.

Әйткенмен, түлен әлде түртті ме екен,

Келесі бекеттен қыз түсіп қалды...

 

Арудың мөлдір жасқа тұнып көзі,

Кездейсоқ үзіп кетті үмітті өзі.

Соңынан жүгірмеді ғашығына,

Сезді ме өтпейтінін жігіт сөзі.

 

Өзгерткен әңгіменің тыныс кейпін,

Қақым жоқ, қыз қылығын дұрыс дейтін.

Тірлігі қос ғашықтың ұқсады бір,

Домбыраның шегіне түйіспейтін.

 

ҚАЙҒЫДАН ҚАЙМЫҚПАДЫМ

Өзгертпес өзім айтқан шындықты ешкім,

Келіп тұр осы ойымды сырғып шерткім.

Біреудің мықтылығын арқаланбай,

Мақтаусыз майда қоңыр тірлік кештім.

 

Біткем жоқ кірпіш ойды тегіс қалап,

Жүзеге аспайды рас, кейде іс-талап.

Сондай бір сәтсіз сәтте жалған досым,

Қасымнан өте шықты теріс қарап.

 

Мен алғаш аттағанда арманға адым,

Өмірде жалған барын аңғармадым.

Сан мәрте жығылсам да қайта тұрып,

Ертеңге үміт арттым, қарғанбадым.

 

Жарымды медет тұтып қасыма ерген,

Аспадым ойлы-қырлы қайсы белден!?

Өмірдің көп қызығын көрсем-ау деп,

Қайғыдан қаймықпадым қарсы келген.

 

АБАЙЛАМАЙ АРТЫҚ АЙТЫП...

Арман қуып, қиял кезем жортамын,

Толысқам жоқ таңғы өзендей ортамын.

Абайламай артық айтып қойғанда,

Сөзді баққан бақай достан қорқамын.

 

Тапқаным аз, өкпелеймін кімге енді?

Жастық өтіп, қоңыр салқын күз келді.

Сезгеннен бе, қарызымның көптігін,

Артық көрем мәнісі жоқ күлгенді.

 

ОРМАНДАЙ ОЙЛЫ ШАҒЫҢДА

Жасырмай елден, сүйемін десем несі бар,

Жансың ғой еркем ақылы да мол, есі бар.

Оңаша қалған сәтіңде сәулем жат көрмей,

Есіркеп мені есіңе ал!

 

Тұрғанын білем алдымда менің нелер сын,

Жанашыр болсаң жаныма жақын келерсің.

Сапарға шығып, сансырап барып көз

ілсем,

Түсіме күліп енерсің!

 

Жүре алман рас, көшеде сені қолтықтап,

Отыру қайда сырласып бірге ой құптап.

Сондықтан еркем, баяғы балғын

қалпыңмен,

Кеудеме келіп қон мықтап.

 

Өтуде өмір тоқтауға әсте жоқ мұрсам,

Айыптай көрме, көңілді саған көп бұрсам.

Өкінбен осы ормандай ойлы шағыңда,

Жүрегіңді қайта соқтырсам.

 

                     ***

Өзіңді іздеп өзен өтіп, көл кештім,

Бағытымнан айырмады сел-көшкін.

Қайда барсам тірелемін тұйыққа,

Сенен дерек бере алмады жөнді ешкім.

 

Тұрағыңа айналды екен қай түкпір?

Дей алмаймын әлде кімге айт,ұқтыр.

Қуанар ем, басыма бақ қонғандай,

Нұр бейнеңді көре қалсам қайтіп бір!

 

                   ***

Ертең енді не боларын білмеймін,

Жан емеспін бәрін бұрын болжаған.

Кей түндерде кірпігімді ілмеймін,

Кез келердей жұмбағы көп жол маған.

 

Жақын тартып, жаныма кеп бір таныс,

Әзіл айтса, кей сөзінен үркемін.

Жүрмек болам жұрттан кейде мүлде алыс,

Жұқарғаны шығар бәлкім жүйкенің.

 

                    ***

 

Қалғандай бір сапарға жарым ермей,

Жүргені көңілімнің бабы келмей.

Қалайша ойсыз-қамсыз күн кешемін,

Жүк артпақ ертеңгі күн тағын ендей.

 

Кезім аз, той думанға биге барған,

Әр тұсқа жетелейді жүрдек арман.

Сырт көзге сабырлымын, ал шынында,

Адаммын мазасыздық билеп алған.

 

                    ***

Енді қайтіп көрмесіме сенсем де,

Оңашада келбетіңмен кезігем.

Сағынышпен сабырымды жеңсемде,

Сенен қалай безінем?

 

Өзіңсің ғой өмірдегі жан қайғым,

Нұр бейнеңді ұмытуым мүмкін бе?

Қиялыма сырларыңды жалғаймын,

Қандай қәлде жүр екен деп бұл күнде?

 

Шықтым ба әлде мүмкін сенің есіңнен,

Дей алмаймын сырыңды айтып сендір сен.

Тағдырыма тас атайын несін мен,

Ризамын қиялымда сен жүрсең.

 

АТЫҢДЫ АРДАҚ ТҰТАМ

(Әкем Әкімханға)

Жеттім бе, жетпедім бе қадіріңе,

Ай сайын гүл қоймадым қабіріңе.

Үдере көшіп кеттік өскен жерден,

Демедім осы ауылда қал ініме.

 

Еркімше ойнатқаның бала күнгі,

Байлыққа бағаланар дара құнды.

Жаралап алмау үшін жаныңды, әке,

Жаңылмай бағып өстім қабағыңды.

 

Жан едің көсем де емес,шешен де емес,

Жасаушы ең әңгіме айтып кешенді елес.

Өзіңе өз ақылың жететұғын,

Бермейтін бейберекет шешем кеңес.

 

Әрдайым әзиз басын еңбекке иген,

Кісі едің өмір сырын ең көп түйген.

Көрмедім кездеріңді кері сөйлеп,

Бетіне біреулердің жел боп тиген.

 

Жақынмен танып түгел алысыңды,

Арнадың адалдыққа бар ісіңді.

Болса да қолың қысқа, қалтаң жұқа,

Ешкімге таптатпадың намысыңды.

 

Бұл балаң ақ батаңсыз көгере ме?

Қалдырдың ұрпағыңа көп өнеге.

Көрсетіп суретіңді осы күні,

Жаттаттым есіміңді шөбереңе.

 

                       ***

Анығында не көрмеді бұл жүрек?!

Соны ойласам қалар көңілім бір жүдеп.

Жастығымды алыстатқан мына күн,

Тұрғандай ма салқын күзге жүрші деп.

 

Неге қорқам, мәуелі ғой салқын күз,

Сездік ерте дүниенің салтын біз.

Жайлы ғұмыр іздемеймін шарық ұрып,

Қалса болды, өзім салған артымда із.

 

Жүрмесем де санатында мықтының,

Қасиетіңді елім ерте ұқты ұлың!

Ойдан туған еңбегімді бағалап,

Сезсе болды өлеңімнің жұрт құнын.

 

Кейбір мықты күліп сөйлеп, мысқылдай,

Кетті мені тақымына қыстырмай.

Оған бола жігерімді құм етпей,

Жасадым мен өлең деген іс тынбай.

 

КӨГІНЕ КӨҢІЛІМНІҢ

Көрмедім өзен бөгеп, тау қопарып,

Шатпадым шақша басты дауға апарып.

Жазған жыр шала қалса құлазимын,

Кеткендей байлығымды жау қотарып.

 

Қолыма түспеген соң маңсап биік,

Соны ойлап жүрген жоқпын шаршап,

күйіп.

Мұңайсам атам-әжем түседі еске,

Алатын жақын барсам бассап сүйіп.

 

Ұрпақтан таптым адал шын тілекті,

Кеудемді жөтел қысса шыр-пыр етті.

Айтатын әшейінде әдемі сөз,

Сыпсыңы жалған достың шымшып өтті.

 

Аяғым алпыс деген қырды асқалы,

Ұмыттым жыр жазудан бір басқаны.

Өмірдің қалың сырын аз сезіппін,

Жасырман жетпей тұрып бұл жасқа әлі.

 

Жол тапқыш болмаған соң тапқыр тегі,

Жалған дос тобығымнан қақтың мені.

Көгіне көңілімнің бұлт үйірген,

Бұл тағдыр осыншалық қатқыл ма еді?!

 

***

Қайда барсам көкейімде тұрасың,

Ұмыт болған емессің.

Көркем сурет сияқты көздеріме тұнасың,

Қалғып кетсем елессің.

 

Басқа адамды сүйсең егер шынымен,

Солай жүргін тартынбай.

Қымбатымды іздеп жолға шығып ем,

Кетті дермін таптырмай.

 

АЙДЫ ТАҢҒА ҰЗАТТЫМ

 

Ертеңді ойлап кірпік ілмей ұзақ түн,

Міне тағы айды таңға ұзаттым.

Кеудемдегі қоян сезім дір етті,

Уысында тұрғандай бір тұзақтың.

 

Көкірегімді мұң басқаны несі бұл?

Айтарында айта алмайды кесіп ұл.

Менің азып тозғандығым түк емес,

Жер ананың бүгіндері төсі тұл.

 

Бұлақтардың асып, тасып жататын,

Суықұрып болды мұңға бататын.

Тиын сауған саудагерміз біз қазір,

Тастың өзін тайсақтамай сататын.

 

Тау еркесі аман есен жүрме Елік?

Оны ойласам қалады тіл күрмеліп.

Ақша қуып бір күндері япыр-ау,

Жер ананың өзін сатып жүрмелік.

 

Бұл сөзімді кейбіреулер жала дер,

Күйіп жанып, болмақ емен шала тер.

Кешіре ме саудаласақ перзентін,

Қасиет қонған қара жер.

 

***

Жүргенде бір өзіңе сеніп сондай,

Жанымның оты жаншы, сөніп қалмай.

Арман не қиялымнан жыр тудырсам,

Жақсысын, жасығын да ел ұққандай.

 

Деме дос, дақпырт қуды дүрмекке еріп,

Мақсатым жақсылықты жүрмек көріп.

Алмадым өнер өрін тастасам да,

Артыма талай-талай жылды өткеріп.

 

Жан емен, базары ерте тарап біткен,

Басымда сан сұрақ бар жауап күткен.

Түйінін сан сауалдың шешемін деп,

Жүгірдім, жүре алмадым  қарап тіптен.

 

АҚЫНСЫҢ БАҚ ДАРЫҒАН

(Мұқағалиға)

 

 Жеткенде қарлы қыстың жылда ақпаны,

Ашамыз атыңды атап жыр қақпаны.

Аяулы ақын ағам осы күнгі,

Өзіңсің қазағымның шын мақтаны.

 

Сүйкімді, сүйіндірмес тұлғаң кімді?

Жаздың ғой от-сезімге тұнған жырды.

Жырақтан сағынышпен оралғандай,

Атаймыз жылда өзің туған күнді.

 

Алатын адамдарды шексіз арбап,

Жырларың шар тарапты кетті шарлап.

Тұрпатты тұғырдағы мүсініңе,

Қояды гүл апарып ел шын арнап.

 

Қанатты жырға айналып сезім құсың,

Жасады жалған досың небір қысым.

Ағынға қарсы жүздің қаймықпадың,

Бәрін де басып өтті сенің мысың!

 

Сәулелі ой кеудесінен ақтарылған,

Ақынсың өміріне бақ дарыған.

Жалынды жанға жақын жырларыңды,

Оқып жүр қалың қазақ хат таныған.

 

Ақынсың алғыр ойлы, ғажап неткен,

Десем мен, қалай ғана асам шектен?

Өзіңсің тірлігінде өлеңімен,

Ескірмес ескерткішін жасап кеткен.

1742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы