• Қоғам
  • 04 Тамыз, 2022

450 МЫҢ ЖҰМЫССЫЗ: НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Жуырда «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу ­Кемел елімізде жұмыссыздар саны 450 мыңға жуықтағанын айтты. Ал Қазақстанның әр аймағында жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істейді. Сәйкесінше, жұмыссыз қалған азамат портал немесе жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Қор басшысының айтуынша, бізде көп азамат тіркелмей уақытын жоғалтып алады. Мемлекеттен берілетін жәрдемақы жұмыссыз ретінде ресми тіркелгеннен кейін ғана тағайындалады.
Осы орайда біз Алматы қаласы әкімдігіне қаладағы жұмыссыздар саны мен олардың жұмысқа орналасу мәселелері бойынша сұрау салдық. 
«29.07.2022 жылғы жағдай бойынша Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар ретінде 17 927 адам тіркелген. Жыл басынан бері барлығы 17 095 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 7 222 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ал оларға қызмет көрсету саласы, экономика және қаржы, біліктілігі жоқ жұмыс, әлеуметтік және денсаулық сақтау салалары бойынша жұмыс ұсынылды», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі. 

«ТЕК СТАТИСТИКА ҮШІН КЕРЕК»

Дегенмен жұмыссыз ретінде тіркелу, Жұмыспен қамту орталығы ұсынатын жұмысты істеу, АӘК алу мәселесімен бетпе-бет келген алматылық Надира Төрехан мұның бәрі оңайлықпен жүзеге аспайтынын айтып шағымданды. Алматылық келіншектің айтуынша, 6 және 2 жасар ұлы,  6 айлық қызы бар, үш баламен үйде отыр. Жолдасы табылған жұмысты істеп, қант-шайын табуға тырысады. Сол себепті АӘК алу үшін портал арқылы өтініш беріпті.

«Алдымен үш баламен жұмыссыз ретінде АӘК алуға өтініш бердім. Онда балалардың құжаттарымен қатар, өзімнің және жолдасымның ресми жұмыссыз екенін көрсеттім. Келесі айда маған АӘК тағайындалғаны туралы ­хабарлама келді. Алайда есепшотыма ешқандай қаражат түскен жоқ. Бірнеше ай күттім. Болмаған соң, «Маған АӘК тағайындалып еді, неге түспей жатыр?» деп тиісті телефон нөмірлерге қоңырау шалдым. Алайда олар жолдасымның Жұмыспен қамту орталығына келу қажеттігін және олар ұсынған жұмысты істеу керегін, содан кейін барып АӘК-ті ала алатынымды айтты. Ал Egov порталында маған ол жәрдемақы тағайындалып қойған. Осыны түсінбедік. Жолдасымның бірнеше несиесі бар, олар ұсынған жұмысты істесе, «қара тізімге» ілінген есепшотына түсіп, біз ол ақшаны ала алмаймыз. «Сол үшін бала-шағаны аш қылмайын» деп қолма-қол төлейтін жерлерде қара жұмыс істеп жүр», – дейді алматылық келіншек.

Расында, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемелдің айтуынша, мемлекеттен берілетін жәрдемақы жұмыссыз ретінде ресми тіркелгеннен кейін ғана тағайындалады. Оның сөзінше, жұмыссыз ретінде әлеуметтік төлем алатындардың өсімі байқалмайды.

«Қазір 450 мыңға жуық жұмыссыз адам бар. Бұл – ресми статистика. Соның 106 мыңы біздің қорға келіп отыр. Сол жұмыссыз жүрген азаматтардың 20-30 мыңы мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемнің барын әлі де білмейді. Біз кәсіпорындар мен жұмыс берушілерге қызметкеріңізді жұмыстан шығарып жатсаңыз, әлеуметтік төлемнің барын айтыңыз деп ескертіп жатамыз», – дейді Қор басшысы.

Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтың айтуынша, бұл жерде коммуникациялық саясат, былайша айтқанда, ақпараттық саясат жүргізу керек.

«Расында, Жұмыспен қамту орталықтарымен бұрын тәжірибем болды, олар тек қана тіркеп қояды, оларға тек статистика ­керек. Ал жеке агенттіктерге тек қана ақша керек. Жұмыс істеушінің ақшасын  алды, болды, іздеп ­жатырмыз дейді, ешқандай есебі жоқ. Менің ойымша, еңбек нарығында құқықтық ережелер жасалып, ол сақталуы ­керек. Мемлекетпен, агенттіктермен, жеке жұмыссыздар арасында келісімдер болуы тиіс. Мысалы, нағыз жұмыссыз адамдар ресми түрде белгіленбейді. Еш жерге тіркелмейді, сол үшін ол жұмыссыз деп есептелмейді. Бұл жерде мемлекетке сенім жоқ деп айтуға болады, сол себепті адамдар бара бермейді.

 

Барғанмен жәрдемақыны алу үшін қоғамдық жұмыстарға қатысқан дұрыс. Мысалы, аймақтарда, аудандарда жұмыс ақысы өте төмен, ауылдық жерлерде 20-30 мың теңге жалақы әлі бар. Олардың экономикалық жағдайы төмен. Қалада – Алматы мен Нұр-Сұлтанда жұмыс табу жеңілірек», – дейді әлеуметтанушы.

Бұған дейін жұмыссыздық деңгейі ең жоғары өңірлер белгілі болған еді. Нақты айтқанда, қала мен ауылдағы жұмыссыздар арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Қалалардағы жұмыссыздық деңгейі жыл басында 5 пайыз болған, ал ­ауылдарда жұмыссыздық бір жылда 4,8 ­пайыздан 4,7 пайызға дейін қысқарған. Ал өңірлер арасында жұмыссыздық деңгейі ­бойынша Түркістан ­облысы мен ­Алматы көш бастап тұр. Бұл өңірлерде – 5,1 пайыз. Олардан кейін Шымкент пен Батыс Қазақстан ­облысы тұр. Онда – 5 пайыз.

 

«ЖҰМЫССЫЗДЫҚ – ­ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУДАҒЫ ОСАЛДЫҚ»

Статистикаға сүйенсек, жұмыссыз-дардың көп бөлігі Алматы мен ­Алматы облысында. Бұл өңірлерде жұмыс іздеп жүргендер 100 мыңнан асады. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жұмыссыздардың 54%-ы әйелдер, 46%-ы ерлер. Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі 4,9% шамасында сақталып отыр. Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі былтыр жыл соңынан бастап 3,7%-дан 3,9%-ға дейін өскен.

Экономист Мұрат Қастаевтың айтуынша, экономикадағы жұмыссыздық тым жоғары да, тым төмен болуы да тиімсіз. Егер жұмыссыздық тұрақты 5% шамасында болса, бұл оңтайлы көрсеткіш болар еді. Ал ресми статис­тика көрсеткен еліміздегі 450 мың жұмыссыз адам бар дегенге келіспейді, экономистің пікірінше, бұл сан бірнеше есе артық болуы мүмкін.

«Жұмыссыздық – нарықтық экономиканың әдеттік көрінісі. Егер жұмыссыздық мүлде болмаса, жұмысшылардың қызметін жақсы жасауға еш ынтасы болмайтын еді. Ал жұмыссыздық еңбек нарығында бәсекені тудырады, жұмысшыларды жұмысты жақсы атқаруға, өз-өзін дамытуға серпін береді. Алайда экономикадағы жұмыссыздық тым жоғары да, тым төмен болуы да тиімсіз. Егер жұмыссыздық тұрақты 5% шамасында болса, бұл оңтайлы көрсеткіш болар еді.

Жоғарыда айтылған «450 мың жұмыссыз адам бар» дегенге жеке басым сенбеймін, менің бағалауымша, бұл көрсеткішті кем дегенде 3-4 есе көбейту керек. Біздің статистикамыз өзін-өзі жұмыспен қамтыған деген категорияны ойлап тапқанының салдары. Тұрақты жұмысы жоқ, анда-санда бір табыс көріп тұрған жүздеген мың азаматтарымыз бар. Халықаралық статистикада оларды жұмыссыз деп есептейді, ал бізде жұмыссыз деп ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, еңбек биржасында тұрған адамдарды санайды.

Керекті мөлшердегі жұмыс табылу үшін көптеген шарттар бар, бірақ бастысы – екеуі. Біріншісі, бұл экономикада жаңа жұмыс орындары үнемі ашылып тұруы қажет, ол үшін экономика үнемі өсіп отыруы керек. Қазіргі кезде Қазақстан халқы жылына 250 мың адамға өсіп отырады, яғни жұмыссыздық деңгейі өспей, бірқалыпты болуы үшін ғана жылына кем дегенде 250 мың жаңа жұмыс орны құрылып отырғаны жөн, ал жұмыссыздықты төмендету үшін жаңа жұмыс орындары одан да көп ашылуы тиіс. Екінші шарт – ол жұмыссыздардың білімі мен тәжірибесінің жаңа жұмыс орындарына сай болуы. Себебі экономикада бос жұмыс орындары көп болуы мүмкін және жұмыссыздық та жоғары болуы ықтимал, бірақ жұмыссыздар сол бос тұрған жұмыс орындарға кіруге білімі мен тәжірибесі сай келмейді. Осыны болдырмау үшін мемлекеттік деңгейде жұмыссыздарды қазір экономикаға қажет мамандықтарға тез арада қайта оқытудан өткізуді ұйымдастыру қажет. Мысалы, экономикаға дәнекерлеушілер (сварщиктер) көп қажет болса, мемлекет сол мамандыққа жұмыссыздарды тез арада оқытуы керек. Әрине, жоғары ­мамандану мен көпжылдық оқуды қажет ететін мамандықтарға (дәрігер немесе ұшақ пилоты сияқты) тез оқыту мүмкін емес, алайда ауыл шаруашылық немесе құрылыс жұмысшыларын жарты жыл, бір жыл ішінде қарқынды түрде дайындауға болады.

Жұмыссыздық ел экономикасының деңгейін тура көрсетпейді, себебі дамыған елдерде де жұмыссыздық жоғары болуы мүмкін, мұнда жұмыссыздықтың себептері мен ерекшеліктеріне қарау керек. Дамыған елдердегі жұмыссыздық – көбінесе автоматизация мен роботтандырудың салдары, яғни технологиялардың дамығаны соншалық, барлық адамдарға жұмыс табылмайды деген сөз, ал біздегі жұмыссыздық – ол экономиканы басқарудағы осалдығымызды көрсетіп отыр, яғни бізде көп жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік әлі бар», – дейді экономист Мұрат Қастаев.

Оның пікірінше, елімізде жұмыссыздықты жою үшін жеке бизнесті дамытуға мүмкіндік беріп, кедергілерді алып тастау керек, себебі жаңа жұмыс орындарын мемлекет емес, жеке бизнес құрады.

«Жемқорлықпен күресу керек, Еуразиялық одақтан шығып, ­шынайы дербес экономикалық саясатты жүргізу тиімді, импортты азайтып, өзіміз шығара алатын тауарлардың өндірісін қолға алу қажет, саяси реформаларды өткізіп, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды енгізу керек, әкімдердің жұмысын бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде осы әкімнің басшылығымен қанша жаңа жұмыс орындардың санын енгізген жөн», – дейді экономист.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың дерегінше, Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни азаматтар «Яндекс», «Убер», «Вольт» және «Глово» сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді.

«Мұндай режим тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем  ала алмайды. Осыған байланысты, бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткіздік. Олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылдадық. Жұмыстың нәтижесін жыл соңына қарай ұсынамыз», – деді Тамара Дүйсенова өткен айдағы Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша,  электрондық еңбек биржасында бос орындар тізімі арқылы  200-ден астам жас маман жұмысқа орналастырылған. Жақын болашақта басқа компаниялардан бос жұмыс орындары қол жетімді болады.

«Өткен айда электрондық еңбек биржасында біз Қазақстандағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Іс-шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталды. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банк­тер мен сауда желілері қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың түйіндеме келіп түсті, жұмыс берушілер қазіргі уақытта таңдалған кандидаттарға одан әрі бағалау жүргізуде. Мұндай жәрмеңкелер тұрақты негізде өткізіледі», – деді Тамара Дүйсенова.

 

ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС КҮШІНІҢ ӘСЕРІ

Ал әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтің пікірінше, тендер алу арқылы жәрмеңкелер мен тренингтер өткізіп, нәтижесі мен есебі жоқ шаралардың халыққа ­пайдасы ­шамалы. Жұмыссыздықтың өзін ­макро және микро әлеуметтік деңгейде деп қарастырғанды жөн ­санайды. Әлеуметтанушының айтуынша, ­макро әлеуметтік және экономикалық деңгейдің себептері экономиканың тоқталуы, тежелуі, әртүрлі жұмыс орындарының, кәсіпорындарының ­жабылуы, ваканциалардың қысқаруына байланысты жұмыстың тапшылығына алып барады. Соған байланысты, экономикалық себептермен қаржыны қысқартқандықтан елімізде қиындық болады екен.

«Ал микро әлеуметтік деңгейде, жеке топтардың, жеке адамдар деңгейінде, индивид деңгейінде әртүрлі іс-қимылдық мәселелер болады. Нақты айтқанда, екі типті ­себептер деп айтсақ болады. Бұл жерде мемлекет, аймақ, облыстық билік орындары тарапынан дұрыс саясат керек. Инвестиция шақырып, әртүрлі жұмыс орындарын, кәсіпорындарын ашып, жұмыс орындарын ұсынатын саясат дұрыс болады. Сол кезде жұмысқа қабілетті адамның ыңғайлы жұмысқа ­орналасуына мүмкіндік болар еді. Жеке адамдар қатынастары деңгейінде, бұл әрине, әртүрлі себептер болуы мүмкін. Қабілетті болғанымен, кейде біліктілігі жетпеуі мүмкін. Оған қайтадан мемлекетіміздің, қоғамымыздың саясаты біліктілікті артыру үшін әртүрлі курстар ұйымдастыру керек. Әрине, елімізде ондай курстар бар, бірақ көбісі немқұрайлы сияқты. Мысалы, тендерді ұтып алған компания шағын бизнеске деген микро қаржы алдыру үшін курс­тар өткізеді, сосын ұмытылып кетеді. Менің ойымша, индикаторлар болуы керек, сертификат алушы қанша адам, соның ішінде қанша адам жұмысқа орналасты және ары қарай қалай жұмыс істеп кетті, соған байланысты тендерді жеңіп алған адамдар есебін беру қажет.

Көптеген бизнесмендер «ТМД елдеріндегі саясатты айтқанда, шағын және орта бизнесті дамыту керек» дейді. Менің ойымша, біздің елімізде өндірісті дамытқан дұрыс. Сыртқа кеткен ақшаны қайтарып, соларды инвестиция жасау керек. Кезіндегі үлкен фабрикаларды, зауыттарды іске қосқан жөн. Сол кезде әртүрлі саудагерлер болсын, етікші болсын, кездейсоқ табыс тауып жүргеннің бәрі тұрақты жұмысқа орналасар еді», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.

Сарапшылардың пікірінше, елдегі жұмыссыздық деңгейі шетел жұмыс күшіне де байланысты.  Мәселен, осы жылдың шілде айындағы есеп бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 16 061 шетел азаматы еңбек етеді. Оның ішінде 603 адам – басшылар мен олардың орынбасары, 3 131 адам – құрылымдық бөлімшелердің басшылары, 7 970 адам – түрлі маман болса, 1 021 адам – білікті жұмысшылар. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 430 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 906 адам тартылған. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 587 адам, Түркия – 1 820 адам, Үндістан – 1 691 адам, Өзбекстан – 1 563 адам, Ұлыбритания – 1 123 адам.

1242 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы