• Мәдениет
  • 04 Тамыз, 2022

ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры ауысты. Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева Ұлттық академиялық кітапхананың директоры болып тағайындалды.

Ғазиза Құдайбергенқызы бұған дейін Жамбыл атындағы Алматы қалалық жасөспірімдер кітапханасында еңбек етті. Аталған кітапхана Оpen space форматында жұмыс істеген алғашқы зияткерлік орталықтың бірі қатарында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барған сапарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың зияткерлік орталығы болып қайта құрылған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жұмысымен танысқан еді. Кітапханада электронды ресурстармен, кітап және мерзімді басылымдармен жұмыс істеу, фильмдер көрсету, таныстырылымдар, тренингтер және конференциялар өткізу қызметі қамтылған.

Ғазиза Құдайбергенқызы «Ана тілі» газетімен де тығыз жұмыс істеген авторларымыздың бірі. Біздің басылымға берген мақаласында ол: «Мен осы қасиетті мекенге тыныштық іздеп келетіндерге қызмет етемін. Өзім де соны іздеп келемін. Бұл – кітапхана. Әрине, ол өлі тыныштық емес, жан тыныштығы, қалаған дүниеңмен айналысу, іздеген дүниеңді іздеу, оқу. Ал оқу, кітап оқу жан рақаты емес пе?  «Жүрегі бар жалғыз үйді» рухтар мекендейді. Өмір болғасын түрлі жағдайды бастан кешесің. Сол жағдайларға, түрлі ағымға ілесіп, дулы дүрмекке еріп кетпес үшін рухани өзек керек-ақ. Ал бізге оны кітап береді. Кітап оқу – миды үздіксіз қозғалысқа салады. Кітап оқып болған соң да оның адамға сыйлайтын әсері дене шынықтырудан кейінгі массаж секілді адамды рухани қалыпқа түсіріп отырады екен. Бізге осы рухани қалып керек.  Кітапхана сөрелеріндегі сан алуан кітаптар мен оқырманды біріктіретін бір нәрсе: Ол – әр шығармадағы құндылық пен адами қасиеттер. Кітапта сан қырлы тағдыр иесі бар. Оқыған адам одан керегін алады. Мұның барлығы мамыражай, бейбіт өмірге жетелейтін имани, рухани оқиғалар. Ал кітапты тұрақты оқитын адамнан ешқашан жауыздық әрекет шықпайды. Ешкіммен соғыспайды. Қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» ­деген ұлағатты сөзі бар. Бұл ұлтқа қарата айтылған ұлы әңгіме. Кітапханада адамға, кітапқа деген мейірім, білімге ізденіс пен талпыныс бар. Кітапханада мүлгіген тыныштық бар. Әлемде де тыныштық болса деймін», – деген болатын.

Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапхана 2004 жылы 23 сәуірде Үкіметтің №461 қаулысымен құрылған еді. 2005 жылдың 10 қыркүйегінен бастап Ұлттық академиялық кітапхана оқырманға қызмет етіп келеді. Кітап қоры 380 000-ға жуық.

 А.АҒЫБАЕВА

2390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы