• Қоғам
  • 04 Тамыз, 2022

АЛМАТЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласының индустриялық аймағын аралады. Бұл аймақ Қазақстан Республикасының  үдемелі индустриалды-инновациялық дамуының Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және бірінші кезеңде, Алматы қаласында өнеркәсіптің басымды бағыттарын дамытуға арналған – ол машина жасау және метал өңдеу, тамақ, жеңіл, фармацевтік, химия өнеркәсіптері және құрылыс материалдарын өндіру. Сонымен қатар қаланың тұрғын аудандарынан өнеркәсіп кәсіпорындарының орын ауыстыруына, технологиялық, инновациялық өнім шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға артықшылық көрсетіледі.

Алматы қаласының индустриялық аймағын құруға, оның ішінде өнеркәсіп өндірістері мен тиісті инфрақұрылымның – автомобиль мен темір жолдарының, логистикалық пен әкімшілік орталықтарының құрылысына және оларға қызмет көрсетуге арналған Алатау ауданындағы 490 гектар бос алқап бөлінген. Бүгінгі күні 71 компания индустриялық аймақта өз өндірісін дамыту үстінде. Алатау ауданы – қаланың өндіріс өзегі. Осы аудан аумағында орналасқан Инустриялық аймақта 113,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, 19 жоба іске асырылған, 3,2 мың тұрақты жұмыс орындары ашылған.

Сенаторлар Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болды. Бұл зауыттың мақсаты – Қазақстан нарығына жаңа стандарттарға сай сапалы автокөліктер шығару. Биыл ­зауыт толық қуатта іске қосылып, жылына 45 мың автомобиль шығаруға кіріскен. ­Зауытта 750 адам жұмыс істейді. Негізінен техникалық мамандар. Автомобиль құрастыруға қажетті  қосалқы бөлшектер Оңтүстік Корея, Ресей, Үндістан, Қытай елдерінен жеткізіледі.

Hyundai Trans Kazakhstan, «ТЕХНОКОНТ», «Техновид», BRB APK жылыжайы елімізге қажетті өнімдер шығару үстінде. «Valtherm» ЖШС-і радиатор өндірісін жақын арада бастайды.

Сенат депутаттары «АлматыБизнес» қалалық бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнестің даму барысына көңіл бөлді. Әсіресе, бұл іске жастардың тартылуын қадағалады. 2019 жылдан бері Алматыда «Халықтың қатысуымен бюджет» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша бірінші кезекте тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешу өте маңызды.

Депутаттар сондай-ақ индустриялық аймақтағы жер мәселесіне, кейбір кәсіпорындардың толық қуатта жұмыс істей алмай жатқанына назар аударды. Көлік-логистика мәселесін дамыту ісіне, теміржол тармақтарын пайдаланудың өзектілігін тілге тиек етті.

Басқарушы компанияның жетекшісі Әлішер Сатыбалдиев сенаторларға Алматы индустриялық аймағын дамытуда шешілмей келе жатқан заңдық-құқықтық реттеу мәселелерін баяндап берді. «Қазір біз индустриялық аймақ ауқымын кеңейтуге қатысты бірқатар проблемаларға кезігіп отырмыз. 200 гектардай жер телімі қажет. Тұрақты жұмыс орындарын көбейту үшін индустриялық аймаққа қатысуға ынта білдірушлер саны артып отыр», – дейді Әлішер Сатыбалдиев.

Шетел инвесторлары тарапынан индустриялық аймаққа қызығушылар көп. Қазірдің өзінде бұл аймақта Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей мемлекеттерінің қатысуымен 10-нан астам жоба жүзеге асырылған. Ұлттық статистика Бюросының мәліметіне қарағанда, 2022 жылдың бес айы ішінде индустриялық аймақта орналасқан қала кәсіпорындары 676,3 млрд теңгенің өнімдерін шығарған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,7 пайыз жоғары.

Ә.САРҚЫТ

886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы