• Мәдениет
  • 11 Тамыз, 2022

«ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН»

Qazaqstan орталық концерт залында «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы басталды. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры А.Райымқұлова, директордың шығармашылық қызмет бойынша орынбасары С.Нұрмолдаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Жылтыркөзов, Turan фольклорлы-этнографиялық ансамблінің солисі М.Медеубектің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатын ашқан мекеме директоры А.Райымқұлова БАҚ өкілдеріне «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасының басталғанын ресми хабарлап, жобаның мақсаты туралы айтты.

«60 жылдан аса тарихы бар мәдениет пен өнердің қара шаңырағының қызметі биылғы жылы жаңа қарқынмен бастау алмақшы. Солардың қатарында ұйымның байырғы гастрольдік ­сапарларын жаңғыртатын жаңа жобалары бар. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес «Қазақконцерт» ұжымы 2022–2025 жылдарға арналған жоспарын бекітіп, ел аумағындағы барлық моноқалалардың тұрғындары үшін қолжетімді ­сапалы мәдени өнімдерді ұсынуға кірісті», – деген А.Райымқұлова  жоба аясында еліміздегі басты концерт ұйымының солистері биыл Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандары мен моноқалаларында концерттер беретінін айтты.

«Биыл құрылған үш жаңа облысымызға біздің арнайы сыйымыз бар. «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымында сахнаға шығып, өнер көрсетумен ғана шектеліп қалмай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, нақты айтсақ  Қазақстандағы фольклор өнерін зерттеумен және дамытумен айналысып жүрген әріптестеріміз бар. Осындай жұмыстардың нәтижесінде біз Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына Абай Құнанбаевтың үш домбырасының бірінің үлгісімен, біздің серіктесіміз «Шертер» фирмасы арнайы көне технологиямен жасалған домбыраларды «Қазақконцерт» ұйымының атынан тарту етпекпіз. Бұл домбыраның ерекшелігі – оған қой мен ешкінің ішегінен жасалған ішектер тартылған. Бұл көне технологияны қайта қалпына келтірген біздің әріптесіміз Бабыр Арғынов. Ішектер домбыраға көнеден келе жатқан қоңыр үнді береді», – деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық ән өнерінің інжу-маржандарын халыққа жеткізіп, өңірлердегі өнер ұжымдарына қолдау көрсетіп, отандық өнердің көкжиегін кеңейту. Алғашқы гастрольдік сапар Абай облысына жоспарланды. Соған сәйкес, бүгін Қазақстанның Халық артисі Р.Рымбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі А.Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Е.Рысқали, А.Жылтыркөзов бастаған бір топ өнер майталманы Семей қаласына аттанды. Әрі қарай гастрольдік сапар Курчатов, Риддер, Серебрянск, Алтай қалаларында жалғасады.

Сонымен қатар «Қазақконцерттің» 62-концерт маусымында «Алматыдағы Алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» атты өнер фестивалі Astana musical мемлекеттік театрының Қызылорда облысына гастрольдік сапары, «Алдар көсе» мюзиклінің премьерасы, «Ұлттық өнер орталығының», гиперреалист Айдос Есмағамбетовтың галереясының ашылуы, биылғы Балалар жылының аясында ұйымдастырылып отырған «Балалар филармониясы», «Арман асулары» жобалары, халықаралық Alem saz фестивалі, «Ортеке» дәстүрлі театр өнері форумы сияқты жыл соңына дейін жоспарланған шаралар таныстырылды.

 Баспасөз мәслихатының соңында Turan фольклорлы-этнографиялық ансамблінің солистері өнер көрсетті.

1610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы