• Мәдениет
  • 11 Тамыз, 2022

«АРМЫСЫҢ, АНГЛИЯ!»

12 тамызда, сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Табылды Мұқатовтың «АРМЫСЫҢ, АНГЛИЯ!» атты жеке көрмесі ашылады.

Белгілі қазақстандық суретші, Махамбет атындағы сыйлықтың ­ауреаты, Бүкілодақтық Кітап өнері байқауларының дипломанты, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Табылды Мұқатовтың көрмесі оның 75 жылдық мерейтойына және шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған.

Көрме экспозициясына автордың 2005–2014 жылдар аралығында жасаған 30-дан аса графикалық туындылары енген. Атауынан көрініп тұрғандай, көрме У.Шекспирдің Отаны – Англияға арналған, онда шебер пленэрде жұмыс істеп, Лондон пейзажының өзіндік ерекшелігін және оның айналасын жеткізе отырып, өз туындыларын жасаған. Т.Мұқатов заманауи қаланың күнделікті өмірінің көпқырлы сипатын, онда тұратын адамдардың бейнесін, олардың тұрмысын және сирек кездесетін еңбегін жеңіл сипаттайтыны таңғаларлық.

Күнделікті өмір шындығының сұлулығын қарапайым, демократиялық мотивтермен дәлелдей отырып, ол ­«Ватерлоо көпіріндегі желді күн», «Эустон көшесіндегі жаңбыр», «Сохо алаңындағы қызыл үй» акварельдерінде суреттің шынайы сенімділігіне қол жеткізеді. Автор «Кешке Темза жағасында», «Қызыл автобусты көше» суреттерінде эстетикалық тұрғыдан шынайы, заманауи өмірді өзінің табиғилығымен, барлық байлығы мен түстерінің жарқырауымен көрсетеді, көз алдындағы әлемді өзіне тән тұрақты құбылмалылығымен сипаттай отырып, адам мен оның қоршаған ортасының бірлігін қайта жасайды. Суретші кездейсоқ көзге түскен өмірдің үздіксіз ағымының өтпелі сәтіне назар аударады.

Т.Мұқатов «Жауын алдында», «Көгалда», «Ормандағы алаңқай», «Бақта» пейзаждарында жекелеген бөлшектерге бой алдырмай, көрген нәрсенің қайталанбас сипатын «сақтап қалуға» мүмкіндік беретін «алғашқы әсердің» айқындығын, күші мен жаңалығын сақтауға тырысады.

Айта кетейік, Т.Мұқатов шығармашылығы туралы қаламгер Самат Ибраим «Табылды Мұқатов шетелге кең танымал суретші. 1987 жылдың өзінде София қаласында (Болгария) графикалық шығармаларының жеке көрмесі өткізілді. Ол безендірген кітаптардың бірқатары әлем кітапханаларына жеткізілгенін,  шетелдік оқырман қолына тигенін де айта кеткен жөн. Германия, Англия, Франция, Дания, Канада және т.б. елдерде жеке коллекциялары таралған. Исатай батырдың Сарайшықтағы алқалы жиында малдасын құрған күйі ширыға, шабыттана сөйлеп отырған суретін тоқсаныншы жылдардың бас кезінде АҚШ-тан келген бір туристің қояр да қоймай сатып алғанын білетінбіз. Англиядағы қызы Мединаға барғанда Лондон көшесінде сурет тақтасын алдына жайып қойып, этюдтер салғанын көргенде ағылшындардың талантқа таңғалып, суретін сатуды өтініп тұрып алғаны өз алдына бір әңгіме», – деген болатын.

Көрме жетекшісі – Әбілхан Қастеев атындағы ҚР МӨМ ғылыми қызметкері Еркежан Омарова.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы