• Руханият
  • 11 Тамыз, 2022

ӘКЕ АМАНАТЫ

Менің мамандығым дәрігер. Әлі есімде, 1982 жылы облыстық денсаулық сақтау саласы басшыларының шешімімен, Жезқазған қаласындағы Қазмедострой шипажайына ­ауыстым. Шипажай болғасын келіп-кеткен адам көп. Солардың ішінде Тоғай Оматаев ­деген азаматпен танысқан бойда аға-іні ­болып араласып кеттік. 

Ол Жезқазған политехникалық институтының физика-математика факультетінде сабақ берді. Физика-математика ғылымының кандидаты, доцент еді. Жаратылыстану саласының маманы болғанымен, өнерлі, Балуан Шолақтың «Ғалиясын», Естайдың «Жайқоңыр, «Қорлан» әндерін нақышына келтіре орындайтын, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл азамат болатын. Әрі арғы-бергі тарих пен ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптарды өте жақсы білетін. Бәлкім, оның айналасындағы адамдармен тез тіл табысып, араласып кетуіне сол көпшіл мінезі мен өнері, білім-білігі әсер еткен болар.

Тоқаң әріптестерімен де өте жақсы қарым-қатынаста болды. Қырық жылдан аса уақытын шәкірт тәрбиелеуге, жастарды ғылымға баулуға арнады. Ғылыми ортаға, оқу орнына қажет кішіпейілдік, мәдениеттілік, ашық-жарқын адалдық, тіпті азаматқа тән кейде аңғалдық та ол кісінің бойынан табыла беретін. Сондықтан қызмет бабында да абыройлы болды.

Айрандай ұйыған тату-тәтті отбасында, Бану жеңгеміз екеуі бес баланы тәрбиелеп өсірді. Олар қазір елге қызмет етіп жүрген, бір-бір білдей азаматтар. Тұңғышы Серік ауылшаруашылығы саласында. Дана Жезқазған қаласындағы №79 мектептің ­директоры. Құралай – «Гиппократ» клиникасында психолог. Жанна – №1 емханада есепші. Кенжесі Мұрагер ішкі істер саласының қызметкері, майор.

Бану жеңгеміз кезінде Қазан қаласынан аспирантура бітірген, өз саласының білгір мамандарының бірі еді. Физика-математика ғылымының кандидаты, профессор атанды. 2016 жылы дүниеден озды.

Тоғай аға қызметке қызықпады, бірақ елге сыйлы жан еді. Тонның ішкі бауындай сырлас, сыйлас болдық. Әдебиетке, өнерге жақын, рухани бай, көркем мінезді, сонысымен жастарға үлгі болатын. Құдайға шүкір өсті-өнді. Балаларынан он үш немере, он үш шөбере сүйді.

Өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзбеді. «Фемида» университетінде физика-математика пәнінен дәріс берді. Ол кісіні тіпті соңғы сапарға шығарып салғанда да қазақ өнеріне деген құштарлығын есімізге салғандай болды. Жерлеп, қабірден қырық қадам ұзай бере ұлы Серік көлік магнитофонынан Құрманғазының «Сарыарқа» күйін ойнатты. Әрине, қазаға жиналған қауым түсінбей, «мұнысы несі» десіп аңтарылып қалған. Сөйтсек, әкесінің аманатын орындағаны екен. Сондай аманат айтатын әке, оны орындайтын ұл болғанына шүкір. Осындай әулетпен қазақ елі мәңгі жасайды деуге болар.

Әбдіманап Смағұлов,

медицина саласының ардагері    

864 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы