• Тұлға
  • 11 Тамыз, 2022

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН НЫҒАЙТҚАН ҰСТАЗ

Мектеп басшысы – қоғам көшбасшысы. Мектеп – барлық руханият өркениетінің ошағы. Ал мектеп директоры білім беру саласындағы өзгерістерді табысты жүзеге асырудағы негізгі буын. Өмірлік тәжірибесі мол, кез келген ортада өзінің білгір ісін көрсетіп, алғырлығы, біліктілігін өзгенің сеніміне ұялата алған, 1988–1991 жылдары қазіргі Абай атындағы Республикалық мамандандырылған ­дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында басшы болып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сайлау Хамитұлы Дүкенбаев еді... 

Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Энциклопедиясында есімі алтын әріппен жазылған Сайлау Хамитұлы 1937 жылы Павлодар облысы Лебяжье ауданы Қызылқоға ­ауылында дүниеге келген.

«Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,

Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.

Шаршаса да осы жолдың бойында,

Қандай рақат, шын бақытын тапса адам» демекші, «бақыт» деген кең ұғымның бір шеті С.Хамитұлының басшылық қызметін еңбекпен, жан-жақты ізденімпаздықпен ұштастыруында деп ойлаймын.

Сайлау Хамитұлының әкесі Хамит Дүкенбаев аудандық партия комитетінде қызмет атқарып, балаларын да жан-жақты білімді, сауатты, болашақта еліне пайдасы тиетін азамат болуға жасынан тәрбиелеген. Жастайынан өнерге жақын болып, әсіресе домбыра мен фортепьянода ойнауды өте жақсы меңгерген Сайлау Хамитұлы жалындаған жастық шағында мақсатын айқындап, студенттік шағынан уақытын бос өткізбей, қоғамдық жұмыстармен айналысып, шахмат ойнауды да әдетке айналдырған. Студенттік кеңес мүшесі ретінде басқа студенттерге көмегін еш аямайтын. 1956–1961 жылы Е.Букетов атындағы Қарағанды педагогикалық институтын (қазір Қарағанды мемлекеттік университеті) бітіргеннен кейін, Шарбақты ауданына келіп, 5-6 сынып оқушыларына сабақ беріп, сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс атқарды.

1964–1975 жылдар арасында Павлодар облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинетінің меңгерушісі, 1975–1988 жылдары Қазақстан Оқу министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жөніндегі инспекторы қызметін атқарады. 1976 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі, ғалым-педагог, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Балахметовтің арнайы шақыруымен Мәскеуде үш айлық курста білімін жетілдіріп, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп ашудың бағдарламасын үйреніп, құжаттарын дайындайды. Республика мұғалімдерінің қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік кеңесінің төрағасы болып, қазақ тілінің өз елімізде өркендеуіне, жеке мектептер ашуға үлесін қосады. Өзінің ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, профессор Қ.Бітібаева атындағы мектептің ашылуына ұйытқы болады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шеберлік сабақтарын өткізіп, тілге ­байланысты іс-шараларды ұйымдастырады. Ол кезде Қазақстанның астанасы Алматы қаласында таза қазақ тіліндегі мектептер жоқтың қасы еді. Қазақ балаларының ана тілінде білім алуына мүмкіндік беретін №62, №86 қазақ мектептерін ашады. Өнерге жаны жақын, жас­тайынан машықтанған өнері домбыра шерту, хорда ән айтуды дамыта отырып, Мәскеу қаласында өткен қазақ өнерінің онкүндік декадасына қатысып, жүлделі орынға ие болады.

 Сайлау Хамитұлы 1988 жылы ­Ыбырай ­Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік базасы ретінде жұмыс істеген мектеп-интернатқа директор болып тағайындалады да, мектеп «Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» болып қайта құрылып, мектеп-интернаттың қабылдау ережесі бойынша 5-сыныптан бастап республиканың түкпір-түкпірінен оқушыларды қабылдай бастайды. Мектеп басшылығында жүріп, ең алғаш рет 5, 6-сынып оқушыларына айтыс үйретеді. Қазір шәкірттері ел таныған айтыскер ақындар. Соның бірі әрі бірегейі – Қазақстан Жазушылар одағы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері Серік Әкрамұлы Қалиев.

Мектепте қызмет еткен жылдары Сайлау Хамитұлы оқушылардың әдеби танымына әсер ететін «Ашық есік» күндерін сейсенбі, бейсенбі күні ұйымдастырып, әдебиет майталмандары: жазушы, ақын, ғалымдарды шақырып, оқушылармен сұхбат, кездесулер өткізіп, жаңа буын өкілдерін тәрбиелеуде өшпестей із қалдырды. Барлық арманы – қазақ балаларын өнерге, мәдениетке, білімге ұмтылдыру болған. Өзі мектеп басқарған жылдары «Алтын медальмен» бітірген оқушыларды жоғары оқу орнына емтихансыз түсіру тәртібін енгізеді. Бұрын мектеп-интернаттан тысқа шықпаған оқушылар Сайлау Хамитұлының кезінде өздерін еркін сезінетінін шәкірттері жыр етіп айтады. Оқушыларының көпшілігі доцент, ғалым, академиктер. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, қазақ білімін жоғары көтерген Білім министрі болған Ш.Беркімбаевамен тікелей байланыста болып, балалар білімін шынайы бағалауды талап етті, ана тілдің мәртебесін көтеріп, оқушыларға ғылыми жоба жазғызуды алдына мақсат етіп қоя отырып, оны да жүзеге асырды.

Сайлау Хамитұлы білікті басшы ғана емес, мұғалімдерге қазақ әдебиетін оқыту мен оның методикасы, теориясы туралы оқу құралдарын, ғылыми мақалалар жаза отырып, өзінің білімділігі мен іскерлігін ғылым саласында да дәлелдеді. Оның нәтижесі ретінде мынадай еңбектерін атап кету артық болмайды: «Әдебиет теориясынан алғашқы адымдар» (1981), «Мектепте драмалық шығармаларды оқыту» (1985), «С.Сейфуллин творчествосы бойынша жазба жұмыстар ұйымдастыру» (1975) және көптеген еңбектері мен әдістемелік құралдары, оқушыларға арналған орысша-қазақша сөздіктері көпшілікке белгілі. Сайлау Хамитұлы Дүкенбаев қазақ орта мектептерінің 7-сыныбына арналған араб тілі оқулығының қосалқы авторы. Сондай-ақ қазақ тілінен орыс мектебін бітірген студенттерге арналған методикалық нұсқау, «Бастау топтарына арналған грамматикалық жаттығулар» (Алматы энергетикалық институты 1996 ж.), «Қазақ тілі. Студенттер үшін көмекші оқу құралы» (1996жыл) тағы бірнеше оқу құралдары мен методикалық нұсқаулар жазып, артында мол мұрасын қалдырып кетті.

Болашақ ұрпаққа, халқына сіңірген еңбектеріне орай, Сайлау Хамитұлы Дүкенбаев еңбегі еленіп «Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған. Зейнеткер жасында Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаевпен бірігіп, Ардагерлер ұйымы мүшелерімен әртүрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, өзі де шахмат ойнаудан жүлделі 1, 2, 3-орындарды жеңіп алған. Жасы келіп жатса да, жастарға эстетикалық тәрбие беруден жалыққан жоқ. Жаңа буын өкілдері жастарды шахматқа, тоғызқұмалақ ойнауға баулып, ұлттық өнерді паш етті. Жастар мен ардагерлер үшін жасаған еңбектері еленіп, Медеу ауданының Құрмет тақтасына суреті ілінді.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін, сондай келбетімен өмірде есте қалған тұлға ­Сайлау Хамитұлының есімі ешқашан ұмытылмайды.

Роза ЕРБОЗЫМҚЫЗЫ,

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдете оқытатын орта

мектеп-интернатының

шебер педагогы,

«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

961 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы