• Қоғам
  • 11 Тамыз, 2022

БАРЛЫҒЫ БАЛАЛАР ҮШІН ...

Бала асыл байлығымыз,

ал ең асылымыз оның тәрбиесі.

Жүсіп Баласағұн

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің Жолдауында биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Президент жолдауы төңірегінде биыл Ақтөбе қаласындағы Абай гүлзарында «KIDS BOOK FЕST – 2022» атты кітап фестивалі өтті. Бұл балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануға бағытталған еркіндік фестивалі. Фестивальге Ақтөбе облысы бойынша барлық мектептер мен облыстық деңгейдегі кітапханалар атсалысты. Олар С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, сонымен қатар Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы. Фестиваль мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бекітуімен жаздың 3 айында өткізіліп жатыр. Басты мақсат кітапты насихаттау, балаларды кітапханамен таныстыру, кітап оқуға шақыру, балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту.

Кітап фестивалінің ашылу салтанаты «1 маусым – балаларды қорғау күнінде» өткізіліп басталған еді. Ашылу салтанатында облыс әкімі О.Оразалин, облыс әкімінің орынбасары Б.Елеусінова, облыстық білім басқармасының басшысы Ж.Нұрланұлы қатысып Абай гүлзарында жасақталған кітап көрмелерімен танысып шыққан болатын. Балалар жылына орай ұйымдастырылған кітап фестиваліне облыс басшысы сәттілік тілеп, кітапхана ұжымдарының жұмыс барысымен де танысып өтті. «KIDS BOOK FЕST – 2022» фестивалі облыстық кітапхана ұжымдары мен 100 мектепті қамтыған ұтымды үлкен жоба. Облысымыздағы кітапханалар мен мектептердің қатысуымен өтіп жатқан кітап фестивалінің ашылу салтанатында ­библиофреш, зияткерлік ойындар, кітап көрмелері, аниматорлармен ойын-сауық шаралары, фотокөрмелер, сурет салу, театрландырылған көріністер, буккроссинг т.б. көптеген шаралар өткізілді. Фестивальдің ашылу салтанатында шараға белсене қатысып, сахнада көркемсөз оқу шеберлігі бойынша өнерін ортаға салған оқушыларға С.Бәйішев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Қ.Серікқызы «Қобыланды батыр» жыр дастанын сыйға тартты. Фестиваль аясында балалар ашық аспан астында кітап оқып, сурет салып, мәнерлеп оқу шеберлігі және театрландырылған қойылым қою бойынша сахна биігіне көтеріле алады.

Фестивальдің 2 айын өткіздік. Мақсатымыз орындалуда, қала тұрғындары осы фестивальден кейін кітапханамызға келіп тіркеліп, өздерінің керек еткен кітаптарын үйге алып оқуда, кішкентай балалары бар ата-аналар да балаларымен келіп жүр. Кітап фестиваліне әр аптаның жұма күнінде кешкі 18:00 ден 20:00-ге дейін Абай гүлзарына әртүрлі тақырыпта кітап көрмелері мен түрлі кітап инсталяцияларын алып шығудамыз және тек кітаптарды ғана қоймай шахмат, шашка сияқты балалар мен жастардың отырып ойнауына жағдай жасап, үстел ойындарын да шығардық. Сонымен қатар қала тұрғындары мен демалушылар арасында түрлі ойындар ойнатылып жатыр.

Негізі кітапхана, кітапханашы дегенде көп адамның көз алдына шаң басқан ескі кітаптардың ортасында отыратын, көзіне көзәйнек киіп алған бейне елестейді екен және олардың ойынша кітап оқитын адам жоқ. Онымен қоймай «Кім барады қазір кітапханаға, бәрі интернетте толып тұр» ­деген кереғар пікір де айтылады. Бірақ олай емес, құрметті оқырман! Қазіргі кітапханалар бұрынғы советтік кезеңдегідей емес, жап-жарық ғимаратта орналасқан, әдемі мұқабамен қапталған тап-таза жаңа кітаптармен қуана қарсы алып, оқырманға қызмет етуге әрқашан дайын. Қазір білімге құштар, кітапқұмар жастар өте көп. Қазіргі жастар болашағын ойлайды, бірнәрсе білсем, үйренсем деп алға талпынады. Оларға біз әрқашан қолдаушымыз. Өйткені еліміздің болашағы – жастар, оның ішінде білімді жастар. Құрметті қала тұрғындары, біз жоғарыда айтылған ескі стереотипті жою үшін, жаңа кітапхананы танытып, кітапханашының жаңа имиджін қалыптастыру үшін тырысып жүрміз. Түрлі кездесулер жасап, сұхбаттар алып көптеген шаралар өткіздік. Бұлардың барлығының да басты мақсаты кітапты, кітапхананы насихаттау. Осындай шаралардың бірі – «KIDS BOOK FЕST – 2022» кітап фестивалі. Жоғарыда айтқандай фестивальдің өз деңгейінде өтуі үшін біздің кітапхана да біраз қызықты дүниелер жасап бір адамдай атсалысты. Фестивальде С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы балалар әдебиетінен, көркем әдебиеттен, психологиялық мотивациялық кітаптардан, баспасөз басылымдарынан түрлі көрмелер ұйымдастырып, балаларға берер тәрбиесі мол «Көлеңкелі ертегі» қойылымын көрсетті және «С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы» атты кітапханамыздың кітаптан жасалған макеті жасақталды, онда Сағи атамыздың кітаптары мен қолданған машинкасы, көзәйнегі, сонымен қатар қылқаламы қойылды. Сондай-ақ гүлзарда демалушыларға «Оқы», «Мәңгілік ел», «Білімді оқырман», «Білім құдығы» кітап инсталяциялары таныстырылды. «Білім құдығы» кітап инсталяциясының білім алар ыдысы мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарға толы болды, инсталяциямен танысқан жас­тар мен оқушылар қызықты тапсырмаларды орындап риза болды және «Білім шыңға жетелейді» атты себеттегі кітаптар деликатесі мен балаларға арналған «Миға шабуыл» BOOK Bingo ойыны ойнатылды. Тағы бір айта кететін дүние, ол қазіргі балалардың сүйіп оқитын комикс кітабының тақтасы, тақтада «Қиқар піл» ертегісі көрсетілді. Комикс кітаптар тақтасындағы ертегіні оқыған балалардың ішінде келесі аптада жаңа ертегі күтетіндерін айтқандары да болды. Міне, бұл баланың кітапқа деген қызығушылығының оянғанын көрсетеді.

Фестиваль өтетін әр жұма кейде мерекелік күнтізбеге сәйкес келіп жатады. Осындай күндердің бірі «1 шілде – Ұлттық домбыра күніне» тұспа-тұс келді. Бұл күні фестивальдің өз деңгейінде өтуіне атсалысып жүрген мекемелер домбырамызға байланысты көптеген шаралар өткізді. Бірі домбырашылар керуенін жасаса, бірі жыршыларға жыр айтқызды. Осы бір атаулы күнге орай облыстық халық шығармашылық үйінің жыршысы, «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстазы Әділбек Сарин құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның қасиеті мен құдіреті жөнінде ой қозғады және қасиетті домбырамен орындалатын мерекелік шашуын тарту етті. Сонымен қатар №30 мектептің 5-сынып оқушысы Амина Сағиданова «Ерке сылқым» күйін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фестивальдің әр күнінде арнайы ережеге сәйкес поэзия, драма, проза жанрлары бойынша балалар өздерінің сүйікті ақын-жазушыларының өлеңдерін оқып, түрлі қойылымдар қойып, ертегілер сахналайды. Оларға: «Абайдың он жетінші қара сөзі», Ұлықбек Есдәулеттің «Біз түркілерміз» шығармасы,  Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі, Марат Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесі, Ы.Алтынсариннің шығармалары мен «Үйшік», «Сказка о мертвой царевне и о семи богатырях», «Маленький принц», «Қызыл телпек», «Бауырсақ», «Теремок» «Ғажайып ертегілер әлемі», «Қолғап», «Мақта қыз бен мысық», «Сараң молда» т.б. әңгімелер мен ертегілер театрландырылған көрініспен орындалып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Байқасаңыздар шығармаларды сахналауға біраз балалар қатысты, яғни әр бала әр ертегі мен әңгімедегі кейіпкерлерді сомдап, шығарманы алып шықты. Жоғарыда айтқан әр шығарманы сахналау үшін балалар қаншама шығарманы оқыды, демек, бірнеше кітап беті ашылды, кітап оқылды, оны қойылым етіп орындап шықты. Біздің мақсат орындалуда!

       Фестиваль әлі жалғасып жатыр, әлі қанша кітап оқылатыны белгісіз, ол алдағы күндердің еншісінде.

Гүлнұр ИХСАНҒАЛИЕВА,

Сағи Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер

кітапханасының кітапханашысы

АҚТӨБЕ

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы