• Руханият
  • 11 Тамыз, 2022

ӨШПЕЙТҰҒЫН СОҢЫНА ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

Қайтыс болған курстас достарымыз туралы өткен шақта өкінішпен естелік жазу қандай ауыр еді. «Әттеген-ай!» деп, өзегіңді өрт кеулеген сәттерге қайта айналып соғудың өзі – жаныңды аяздай қаритын қиын сын. Ортамызда жүрсе, биыл тамыздың 12-сінде алпыстың асқарына аяқ басатын  Бейбіт досымыз сәйгүліктей бапталып, көкірегі арман-аңсарға толы күйінде, жан дүниесі кіршіксіз таза, өмірге, өлеңге ғашық қалпында, жүрегі сазға, кеудесі назға толы шағында, көсемсөздің сөліне қанып, көркемдіктің көкжиегін шолар тұсында, адалдықты ту етіп, азаматтықты алға оздырған заматында оқыстан ортамызды ойсыратып, мезгілінен бұрын үзілген қызғалдақ-ғұмырлар легіне сіңіп, ғайып болды. Алайда сырғып өткен кешегі балғын шақ туралы сырлар әлі де кеудемізде  құрақтай мәпеленіп, жадымызға ұдайы жаңғырып оралып отыратын әдеті. Алатаудың зәу биігінен Бейбіт салған әндермен балбырап атқан ақ таңдардың шұғыла-сәулесі сол бір кездегі жылы табынан танбай, жанымызды әлі күнге дейін ән мен жырдың тұнығымен сусындатып келеді. Ол қызығы мол студенттік жылдардың өзінде мөлдіретіп, төгілтіп өлеңмен кесте өрді. Кейін де, телевидениенің қым-қуыт жұмысынан дамыл таппай, шапқылап жүрген уақытта да шығармашылық шырайын шынайы дүниелермен жарқыратып бақты. 

Курстастар бас қосқан түрлі кештерде домбыраның қос ішегімен әсем үйлесе әуелеген қоңыр үні көлге қонған қоңыр қаздың қанатындай жайылып, жүрек пернесін діріл қақтыратын. Естайдың «Бір мысқалын», Ыбырайдың «Гәккуін» кәдімгі кәсіби әншілерден кем орындамайтын. Бейбіттің қаламынан туған, біз білетін он шақты әні бар еді. Сонау сексенінші жылдардың басында университет студенттерінің арасында оның «Көзің қайда?» әні кең тарап кеткеніне куәміз. Бұл ән жастықтың, махаббаттың символы болып тарихта қалды.

«Көзің қайда, сондағы көзің қайда» деп басталатын бұл әнді жан-жақтан бәріміз жамырай қосыла шырқағанда сыйластық сызығына сызат түсірмеген жастық шақтың кәусар бұлағы еркелей сызданып сыңғыр қағар еді. Ән қайырмасына келгенде сезім серіппесі бір сәт кері шегініп, тек Бейбіттің ғана сазды дауысы еркін көсіліп, дара қалықтап бара жататын.

«Құстан кем емес ем,

Кешіктің неге сен?

Келсеңші, кідірмесеңші,

Өртенсін демесең» деп түйінделетін  Қажытай Ілиястың «Кешіктің неге сен?» атты ғаламат әнін дәл Бейбіт секілді мамық мақамын тауып сүйіспеншілікпен  орындаған жанды әлі жолықтырғанымыз жоқ.

 Ол Әбілахат Еспаевтың «Әлі есімде», Қадыр Мырза-Әли ағамыздың сөзіне жазылған Т.Базарбаевтың «Тамаша» әндерін шырқағанда өнер туындысының сөзі мен ырғақ ерекшелігін, қос арнаның қосыла соққан жүрек тамырының бүлкілін сезініп, естушінің ықыласына молынан кенелетін. Бейбіттің жүзінен өнерге ғашық жанға тән жылылық нұры  тамып тұратын. Оның жазған өлеңдері көкейіміздің айдынына көл еркесін қондырып, сезім серенадасын маздататын. Ғашықтық сырына тұнған небір жауһар әндері таң сыз бергенше талмай тамылжи берер еді. «Түс көрем сен жайлы», «Бегімайдың әні», «Сырғалы сұлу» сияқты көпшілікке кеңінен танымал әндерін естіген қауымның жадына  алыстап қалған асау да  албырт шақтарын әрдайым сағынтып қайта оралтып тұратыны содан.

Ол астамсып сөйлеуден, асығыс ойға бой алдырудан ада жан еді. Бейбіт ешқашан ептілерге елпілдеп, жеңіл сөйлеп желпілдеп кетпейтін. Сұлулықты сүйетін, мәнерлеп сөйлеген сөзі ұйқасы ыдырамай, саз ырғағы сақталып қағазға дайын күйінде төгіліп түсетін. Ол бізбен оқып жүргендегі қарапайым қалпынан әсте өзгерген емес.

Әріптесіміздің өмір-дерегіне қысқаша тоқталсақ, 1984 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін 1997 жылға дейін Қазақ теледидарының жастар, әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында редактор, комментатор, телеарнаның саяси шолушысы сияқты бірталай қызметтік баспалдақтардан өтіпті. 1988 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Мемлекеттік телерадиокомитетінің қызметкерлердің біліктілігін көтеру институтында телекомментаторлар курсын тәмамдаған. 1997–1999 жылдары «Алатау» телеарнасының директоры, 1999–2000 жылдары «Қазақстан-1» телеарнасының әдеби-мәдени ­хабарлар шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, ал 2000 жылдан өмірінің соңына дейін «Хабар» агенттігінде продюсер, тележүргізуші ретінде абыройлы қызмет атқарды. Оның «Халық зердесі», «Төрт құбыла», «Бейсенбіде бірге болайық», «Ақиқат ­ауылы», ­«Нысана»,  «Үкімет адамы», «Өмір-өзен», «Үркер», «Дидар», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Ел ағалары», «Тіл» және т.б авторлық бағдарламалары бүгінде өткен жылдардың шежіресі іспетті мұқалмас мұра саналады. Ал «Мұхиттың арғы жағы – Америка», «ХХ ғасырдың жиырма сәті», « Бірінші банкир», «Махаббат дастаны» бейне-туындылары Қазақ телевизиясы мен «Хабар» агенттігінің  «Алтын қорында» сақтаулы. Осылардың ішіндегі шоқтығы биік тележобалардың бірі – «Өмір-өзен» шығарылымы өзгеше сипатымен халық жадында сақталып қалды. Мұнда автор ғалымдар Ақжан Машани, Әбсаттар Дербісәлі, ақын-жазушылар Қадыр Мырза- Әли, Төлен Әбдік, Есенғали Раушанов, сондай-ақ қазақ ұлттық театр өнерінің майталмандары Әмина Өмірзақова, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты бірталай әдебиет пен өнер адамдарының өмірі мен өнері жайында кейінгі өсер ұрпаққа тағылымы мол тың деректер ұсынды.

 Әдетте, өнер адамдарының талантын насихаттауға көбірек мән беріліп, ал оның жеке басының тағдырына қатысты жайттар, күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі ерекше бір оқиғалар мен адами қасиеттері тасада қалып қойып жататыны рас. Бейбіттің «Өмір-өзенінде» кейіпкерлердің тұлғалық қырлары, адами кескін-келбеті басымырақ баяндалатын. Осының бәрінен Бейбіттің кейіпкерімен тең дәрежеде отырып әңгіме құратын қабілет-қарымы, ой қорытудағы, кісінің жансарайын ашудағы кәсіби шеберлігі айқын аңғарылатын. Осы хабардың бірінде ол Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовпен сұхбат жүргізді. Сыр-сұхбат барысында автор актердің бүкіл шығармашылық жолдарын тілге тиек ете отырып, сахна саңлағының өмірі мен өнері туралы тұшымды әңгіме өрбітті. Өнер адамы туралы бір ауыз тұшымды сөз айту үшін тележурналист дерегі мен керегін молынан жинап, қыруар дайындықпен келетіні белгілі. Бейбіттің әр хабарынан оның сондай жауапкершілігі, өзіне жүктелген міндетке адалдығы айқын сезіліп тұратын. Жүргізуші мен кейіпкердің ойы қабыспай, орта жолда оқыс үзілетін тұсты кездестірген емеспіз. Осы жағынан алғанда, «Өмір-өзен» халық алдындағы миссиясын қалтқысыз атқарды деуге толық негіз бар. Бұған дейін де, әрине,  мұндай сәтті сұхбаттар, мағыналы әңгімелер аз болмаған. Бұл ретте алдыңғы буын ағалардан ұлт қайраткері Сағат Әшімбаевтың бір ғана «Қарыз бен парызын» мысалға келтірсек те жетіп жатыр. Сұлтан Оразалинов жүргізген «Сұхбат» арқылы Ілияс, Ғабит, Ғабиден сынды алыптардың парасатты пайымдары мен көрікті көсемсөздері «Алтын қорға» қосылғаны тағы бар. Қазақстанның халық  жазушысы ­Шерхан Мұртаза ағамыз жүргізген «Ұлт пен сана» хабары да кейіпкермен жүзбе-жүз отырып, қоғамның ащы шындығын ашына айта алды. Қорыта келгенде, осы хабарлардың бәрі бір идеяға бағынып, ортақ мақсатқа топтасты. Еркін елдің ертеңіне алаңдады, халықтың қамы үшін күресті. Алдыңғы толқынның қуатымен қаруланған «Өмір-өзен» солардың рухани жолын алдағы күндерге ұштастырып, алып бәйтеректің түбінен қайта көктеген жалғасы іспетті еді. Көрермендер арасында жүргізілген сол кездегі сауал­нама дерегі бойынша 100-ден аса айдардың арасында оның алғашқы ондықтың қатарынан көрінуінің өзі осы ойымыздың дұрысын растайды.

Бейбітті әріптестері: «Ол тілдің ­дамуы ойдың дамуының алғышарты екенін өзгелерден терең ұғынған тарлан телепублицист» деп таныды. Бұл ретте белгілі журналист Қайнар Олжайдың мына бір сөзін оның осы жолдағы бүкіл атқарған жұмысына берілген әділ баға деп білеміз:  «Дүние бәрі жетіскен заманда сорлап тұрған тіл, қазақтың тілі. Нақты іске келгенде, нақты ешкім ештеңе істемейді, бәрі айтады. Нақты іс деген кәдімгі пайдаланатын сөз, оның пайдалысын, зияндысын соның бәрін зерделеп тілді тазалап отыру керек. Қандай тіл болсын белгілі бір дәрежеде тазалауды талап етеді. Біз тілді қолдап келгенмен, тілдің өзімен жұмыс істемедік. Тілдің тазалығы жөнінде, әр сөздің өзінің орны қыздың жинаған жүгіндей болып тұруы, жұтынып тұруы жолында біз көп нәрсе тындырмасақ, Бейбіт кейінгі ғұмырының үлкен бөлігін, ең ауқымды тұсын «тіл» тақырыбына арнады және бұл орайда көптеген тың ұсыныстарды айтып кетті. Өзі ғана айтып қойған жоқ. Белгілі азаматтарды шақырды. Тілдің қайраткерлерінен бастап, тілдің тұтынушыларына дейін Бейбіттің бағдарламасының қонағы болды». Бейбіттің осы жанайқайы әлі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Қайта бұл күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналды. Мұны айтып отырған себебіміз, «Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген екен Бауыржан Момышұлы. Сол айтқандай, саф алтындай ана тіліміздің бөтен сөзбен шұбарланып кетуіне жол бермейік десек, Бейбіттің телевидениеде бастаған «Тіл» жобасын қайта тірілткеніміз абзал.

Зулап өте шыққан зымыран ­уақыт-ай десеңші. Бейбіт досымыздың  фәни жалғаннан бақилыққа аттанғанына биыл 15 жылдан асыпты. Бірақ қазақта көңілді жұбату үшін айтылатын «Орнында бар оңалар» деген сөз бар ғой. Аллаға шүкір, Бейбіттің соңында рухани мұрасын түгендеп, жаққан отын өшірмей отырған жары Ғазизасы, ұлағатты ұлдары бар. Бейбіттің жүргізген телехабарлары мен бағдарламалары, кітаптары жаңғырып жарық көріп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің, «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Хабар» агенттігінің  ұйымдастыруымен журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында жас тележурналистердің шеберлігін шыңдау, ұлттық тележурналистиканың дамуына ықпал ету, жас таланттардың жаңашылдығына жол ашу мақсатында 2008 жылдан бастап Бейбіт Құсанбек атындағы жас телерадиожурналистердің республикалық байқауы өткізіліп келеді. Қазақстан Журналистер одағының Бейбіт Құсанбек атындағы атаулы сыйлығы бар. 2018 жылдан бас­тап Тарбағатай аудандық білім беру басқармасы мен Тарбағатай аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Тарбағатай ауданы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте «Тарлан тауым – Тарбағатай» атты Бейбіт Құсанбек оқулары байқауы   ұйымдастырылуда.

Сүйген жары Ғазизаның жинақтауымен әр жылдары Бейбіттің кітаптары жарық көріп жатыр. 2007 жылы «Қайнар» баспасынан «Өлең – өзім» өлеңдер жинағы, 2008 жылы «Өлке» баспасынан «Ғұмыр-дария» кітабы, сондай-ақ «Отырар кітапханасы» сериясымен «Ел ағалары» деп аталатын туындысы қолымызға тиіп, тағы біраз адами қырларына қаныға түскенбіз.

«Ақынның ылғи ториды жолын

Тасадан күтіп Ажал.

Періште болып қағады қолын,

Ғазиза – Ғаза – Ғазал» деген шумақтан кейін:

«Ағады күндер, ағады жылдар,

Мен де бірге ағамын.

Дәм-тұзы бітіп, қалды екен кімдер

Басында сонау жағаның?..

 

...Толқынға кейде тұншықтым мен де,

Көз жазып қалдым достардан.

Қасыма келіп қалтылдап тұрған,

Қайықты көрдім бос қалған» деген жыр жолдарын оқығанда еріксіз мұңға батасың. Дарын иелерінің руханият әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қаларын күні бұрын сезетіндей қандай құдіреті бар екен, ә.

 Ел ағаларының, тұлғалардың шынайы портретін кестелеп, асқақ мұраттарын телеэкран арқылы халыққа жеткізу бір басқа да, ал енді оны жеке кітап етіп оқырманға ұсыну өз алдына бөлек шаруа. Таспадағы асыл ойларды қағазға қайта көшіріп шығу дегеніңіз тынымсыз еңбекпен бітетін іс. Бұл ретте әріптесіміздің жары Ғазизаға рақмет. Бейбіттің кезінде қандай тұлғалармен араласып, сұхбат құрғанын кітапқа қаз-қатар тізіп, өте тартымды үлгіде ұсыныпты. Халқымыздың қадір тұтқан қаншама ардақты азаматтары бар мұнда. Бас-аяғы отыз бір кейіпкердің жан дүниесінен керемет өрнек түйген әріптесіміздің бұл кітабын қолыңызға алған сәттен бастап қашан аяғына дейін оқып бітіргенше асығатыныңыз, алып ұшатыныңыз рас. Тұрсынбек Кәкішев, Әбдуәли Қайдар, Камал ­Ормантаев, Мұрат Жұрынов, Мырзатай ­Жолдасбеков, Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев сынды белгілі тұлғалардың өмірі мен өнегесі туралы жан-жақты мағлұмат алғысы келген адам мына еңбектен көп нәрсе табатыны сөзсіз. Хакімжан Наурызбаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Шота Уәлиханов, Тұманбай Молдағалиев, Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Қаршыға ­Ахмедияров сияқты әдебиет пен мәдениеттің тарландары шерткен сыр да ерекше қырларымен дара көрінер еді. Ол кімнің жүрегінен сыр суыртпақтаса да ағынан жарыла әңгімелесетін. Әр хабарға жан-жақты дайындалып кірісетіні орамды ой саптауынан, сұрақтарды сұрыптап тосатын шеберлігінен ұдайы байқалып тұратын. Сол еңбектерін қайта тірілтіп жатқан кітаптары көркемдігімен жан ­баурайды. Айта кететін бір жайт, Бейбіттің алпыс жылдығы қарсаңында баспадан тағы бір естелік кітап жарық көргелі жатыр деп естіп, қуанып қалдық.  Оның осындай көл-көсір рухани байлығын қолымызға ұстап, оқи бастаған сәтте «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген сөз тура осы Бейбіт Құсанбек сияқты талант иелеріне арнап айтылғандай болып түйіледі. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ

924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы