• Әдебиет
  • 11 Тамыз, 2022

МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЙІПКЕРІМ

Жазу өнеріне кейінірек келдім. Қиял әлемімен ертерек достастым.

Алғашқы кейіпкеріммен сегіз жасымда жолықтым.

Өз қатарларыма қарағанда бойым кішкентай, нәзік болдым. Төңірегіммен тез араласып кетпейтінмін. Бір сыныпта отыз бала болса, үш-төртеуімен ғана шүйіркелесіп, жымиып қана бір-біріміздің қолымыздан ұстаймыз. Ұялшақпын дей алмаймын, бірақ сөзшең емеспін.

Сол қыздардың бірі – Тамара Ниғметова. Сабақ арасындағы үлкен үзілісте екеуміз оның анасы жұмыс істейтін ауруханаға жүгіріп келдік. Шынымен қарнымыз ашып жүре ме, әлде бірдеңе жеуді әдетке айналдырған балалық па, кім білсін. Үлкен үзіліс кезінде оқушылар не ойынға немесе буфет жаққа аңсары ауып тұратын.

Ұзыннан салынған аурухананың шығыс жақ қақпасынан кірдік, бір қабатты үйдің бүйірінен шығарылған есіктің маңдайшасында  «аптека» деген жазуы бар екен. Есік ашық тұр. Көлденеңінен қойылған шыны столда есікке қарсы қарап отырған бейнені көріп, қалт тұра қалдым. Кімді көрдім? Неге жүгіріп келген екпінімді кілт тоқтаттым? Неге бейне деп атадым? Неге оны қыз немесе әйел демедім? Есікке қарама-қарсы күлімсіреп отырған кәдімгі үп-үлкен қуыршақ!

Үлкен қуыршақтың үстінде өзіне шап-шақ әппақ бешпеті бар. Ақ бешпет – дәрігерлер киетін ақ халат екен. Бұрын мұндай адам түгілі, сүгіретті көрмегем. Адамда мұндай сұлулық бола ма, болмай ма, сегіз жасар бала оны қайдан ойласын? Ол уақытта теледидар дегенді білмейміз. Концертке де апара қоймайтын үлкендер. Мүмкін, әдемілікті әртістерді көріп, түсінер ме едік?

Әлгі көрініс бала түйсігіме қатты әсер еткені сонша, сабақтан үйге келе сала анама «Мен бүгін аптекада жанды қуыршақ көрдім» деймін, өзім ентігіп тұрмын, бас-аяғы жоқ әңгімеге түсінбеген анам «Құдайдың қайдағы жоғын айтпа, біссіміллә... де, қуыршақта жан болмайды» деп екі көзін менен айырмай, басын шайқап, үнсіз отырды. Мен екпіндеп, тоқтар емеспін...

– Тоқта! – деді анам, – аптекашы әйел ғой, Ғаділбек доғдырдың келіншегі, Алматыдан оқу бітіріп келген.

– Жоқ, ондай келіншек болмайды, ол – қуыршақ, жаны бар қуыршақ! – деймін өзеуреп.

...Адам неше жасынан бастап қиялдап үйренеді екен? Мен сегіз жасымдағы осы әсерлі кездесуден кейін ойымнан әңгіме құрастырып, анама күнде бір хикая айтып беретін әдет таптым. Кейіпкерімнің аты – Ақбешпет. «Адамға ондай ат қоймайды, басқа аты болар оның» дейді анам. Жоқ, ол ат өзінікі, өзіне жарасады. Мен көзімді жұмсам, ол менің қасыма келеді, мен оны былаааай құшақтаймын, оның әтірінің иісін білемін... деп, ойдан шығарған кездесулерді әңгімелеп жүрдім.

Тағы бір қиялым – мен үлкен болғанда Алматыда оқимын дегенді көп айтатынмын. Оқулықтан танысқан Алматының әсемдігі, тау көрінісі, көше бойлап жарыса аққан мөлдір бұлақтар мен арықтар көз алдыма келетін. Мектепті бітіріп, Алматыға келдім. Оқыдым, біржола қоныстанып, Алатаудың баурайында қалдым. Үйлі-күйлі, балалы-шағалы болдық. Ұл ұяға бекіді, қыз қияға кетті ұзатылып.

...Сол ақ бешпетті жеңешемнің асыл бейнесімен арада елу жыл өткенде қайта қауыштым. Суреттегі бейнесімен. Менің қиялыма қанат бітірген сұлу жеңешем бақилық болған. Ғаділбек ағамыз, әкемнің көзін көрген жайсаң ағамыз сексен жасқа толатын мерейлі күнге орай ұрпағына арнап әулеттің кітабын шығарғысы келетінін айтты.

«Тағдырым – тәңірімнің сыйы» атты естелігіне әдеби редактор болдым. Бір әулеттің ғұмырнамасын кітап етіп шығару менің есімде сақталып қалған елу жыл бұрынғы көнермеген елесті ап-айқын жадымда жаңғыртып берді.

Күндегі әдетіміз – Ғаділбек ағай мен қойған сұраққа жазбаша жауабын дайындайды, мен кітап тарауларын толықтырып жазамын. Төрт бөлмелі үйдің үш бөлмесінде талантты сүгіретшінің қолынан шыққан ғажайып туындыға бергісіз келбетінен нұр шашып Сәлима жеңешемнің әр кезде түскен фотосуреті бірде ойлы жанарының тұңғиығына тартып, енді бірде жымия қарап қабырғадан назарыңды аудартпайды. Ағайға ата-бабасынан бергі әулет тарихынан кейін қойған сұрағым сұлу жеңгеммен қалай танысқаны жайлы болатын.

Кейіпкеріме айналған Ақбешпет – Сәлима Нәубетиярқызымен менің Ғаділбек ағам қалай танысқанын айтып берді.

«...Мен іздеп келген ару қыз сол мезетте жатақханадағы киім үтіктейтін бөлмеден шығып келеді, қарына іліп алған киімдері бар. Айтып-айтпай не керек... суда жүзген аққудай, әр қадамын бабымен басады, жүрісі, қимылы керемет сәнді, жарасымды екен! Таныстық, аты Сәлима, Ақтөбенің Қарабұтақ деген ауданынан келген, бірінші курста ғана оқиды, мен болсам, төртінші курсты бітіргелі жүрмін. Бұл март айының басы болатын...

Бірінші май мерекесіне бір танысымыз үйіне қонаққа шақырды. Жолдастарым ән салуымды қолқалап, өтініш етті. Махаббат жайында бір ән айттым. Менің жанымды сала шырқаған әнімнен Сәлима «есінен танып қала жаздапты» (Сәлиманың өз сөзі). Екеуара нағыз ғашықтық сезімнің оянуына, қыз жүрегінің нәзік те шынайы қалауын табуға септігі тиген ән айту өнері өмірде бізді бұрынғыдан да жақындастырып еді!

...Сәлиманың сұлулығына таңғалмайтын жан болмаса керек.

         «Күнеске шашқан бидайды

         Піскеннен кейін жинайды.

         Ажарлы қыздар бой жетсе

         Күйеуге бер деп қинайды» деген екен шығыс шайырларының бірі.

Арғы тегі сол өңірге аты мәлім Жылгелді батырдан тараған текті тұқымның сұлу қызына (менің болашақ жарым – Сәлимаға) қызығып, Орск қаласынан «Цыганский барон» деген лақап атымен төңірегіне танымал бір бай саудагер Сәлима он алтыға толған кезде ержеткен ұлына айттыра келеді. Отыз мың сом ақша – қалыңмалын ұсынады.

Сәлиманың анасы Жібек жастайынан жесір қалған. Айттыра келген кісіге «қандай қиындық көрсем де бақиылмын, әкесінің қалдырған аманаты бар еді, «балаларымды оқытарсың» деген. Уәде беріп едім әкесіне, аманатқа қиянат ете алмаспын, келуіңіздің айыбы жоқ, бірақ, қызымды оқытамын» деп, өз ойын бүкпесіз айтып, әңгіменің басын жөнімен ашық қайырған екен.

Тағдыр айдап, Алматы медициналық институтында танысып, бір көргеннен ғашық еткен жан-жары Сәлимасымен елу төрт жыл бірге ғұмыр кешкен ағамыздың жырға қосып айтса да таусылмайтын сәттерін сол естелік кітапта түгел баяндадым.

Сәлима жеңгенің төсек тартып қатарынан бірнеше жыл қиналғанын көтеруге дәрмені жетпей, ағамыздың жүрегі сыр береді. Бір күні балалары жедел жәрдем шақырыпты. Медбике ем-домын жасай жүріп, кеңестерін айтады. Балалары бәйек болып, «Әкеміздің өзі медик, анамыз да сол саланың маманы... қазір науқас» дегенінде, «Қай мекемеде істеп еді» деп сұрайды әлгі кісі. «Жедел жәрдем ауруханасының дәріханасында» деген сөзді естіген ол «Көрсем таныр едім, ол кім?» дейді фельдшер, өзі де егделеу адам екен. Содан, Сәлиманың жанына алып барғанында...

Көзіне жас алған әріптесі «Сенбісің, құдайым-ау, бұл сенбісің...» дейді керемет толқып. «...Үлкен ауруханада бірге қызмет істеп едік. Мына жатқан сұлу әйелдің жаны да сұлу болатын. Өзі үлкен аурухана жанындағы дәріхананың басшысы бола тұрып, басшылардан бастап еден жуатын қызметшіге дейін бірде-бір адамды ілтипатына бөлемей жанынан өтпейтін... Қатал басшы еді, талап ете білетін әрі әділдігі үшін мекемеде оны бәрі құрметтейтін. Тіпті таңертеңгі ілездеме жиынға осы кісінің сұлулығына тәнті болып, бір көру үшін ғана баратынбыз. Жай ғана өң сұлулығы емес, төңірегіне  шуақ шашатын, таңғаларлық ғажайып жаратылған адам еді...». Арада отыз жыл уақыт өтсе де күні кешегідей жылы ұшырап, көзкөрген әріптесі білдірген ілтипатында қаншалықты қымбат сыр жатқанын түсінуге болады...

Осы әңгімеден кейін мынадай ой оралды. Адамның өмірінде неше түрлі қайғы-қасірет, қиындықтар болады. Әр кезең өзінің ізін қалдырады. Кейде тұнжырайсың, енді бірде күйзеліп, дүние қараңғылыққа толады. Адамның жан дүниесін зерттейтін мамандардың айтуынша, әркімнің ішкі дүниесі де уақыттың ізінен күңгірт тартатын болса керек. Өзіміз ескере бермейміз,  адамның ішкі шырағы деген болады. Шырақ деген жарық, жарық бар жерде жылу болады. Сол жарық әлемін адам әлсін-әлсін қуаттандырып отырса, кез келген түнекті ығыстырып шығарады екен. Адамның жүзіндегі нұры – ішкі жарықтың әсері. Міне, тіршілік атаулының жарыққа, жылуға ұмтылысының табиғи заңдылығы осыны дәлелдейді.

Мейірім қонған жүректе түнекке орын қалмайды.

...Сәлима жеңешем ұзақ жылдар ­Алматы қаласындағы №66 дәріхананың меңгерушісі болды. Үкімет тарапынан алған марапат-мақтаулары қызметтегі жетістіктері ғана емес, жүздеген, мыңдаған қызметтестері, ауру-сырқау жандардың, осы саладағы әріптестерінің оның адамгершілігіне бас иген құрметінің арқасы болатын... 1976 жылы берілген «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісі, 1987 жылы алған «Еңбек ардагері» медалі оның еңбегінің Үкімет тарапынан еленген бір белгісі ғана.

Туған жердің тау-тасына, сылдыр қағып аққан мөлдір бұлағына қай қиырында жүрсең де тәнті боласың! Сұлу Көкшенің самсаған еңселі қарағайлары мысыңды басып, айдай әлемді тамсандырып, менің айбарлы, асқақ ағаларымды еске түсіреді. Ал солардың бауырына еніп кете жаздап тұрған сұлу да сұңғақ, менің ару жеңешелерімдей сымбатты ақ қайыңдар ше! Бір қарағай, бір қайың болып жұптаса қалған табиғаттың жарасымды, көз тоймайтын тірі суретін қайда қоясыз!.. Әттең, біреуге ерте, біреуге кеш келетін жазмыштың ісіне не деріңіз бар?! Қатар өскен ақ қайыңы ғайыптан солғын тартты, Сәлимасыз өмірді елестете алмайтын еңселі қарағай – менің Ғаділбек ағам әулеттен тараған, жайқалып өскен шоқ ормандай ұрпағының ортасында ізгілігін жоғалтпай ғұмыр кешуде.

Сыр-сұхбатқа арқау болған тағдыр иесі Ғаділбек ағаның еңбек жолында иеленген марапаттарын, өмірдегі жетістіктерін тізетін болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай... Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген дәрігер! Дегенмен иә... дегенмен өмір жолына арқау болған шынайы махаббатымен Жаратушы тәңір маңдайына шексіз бақ дарытқан адамның ғұмырнамасы біз ойлағаннан әлдеқайда қызықты да мәндірек екен.

Ғаділбек Шәмшиденұлының күнделіктегі жазбалары былай өрбиді:

«...Кейбір уақытта сені баурап жетегіне алса, бірде шарықтатып, бірде тұңғиығына иіріп әкететін ой шіркіннің жан серігіме айналғанына да бойым үйреніп алды. Сол ойлардың көбі тәтті бола бермесі тағы да анық.

Маған өмірдің ылғи да ызғарын емес, ықтасын панасын бере гөр деп Жаратқанға жалбарынған жан емеспін. Өмір жолымда не кезіксе де, қиын-қыстаудан алып шығар негізгі қуатымның бастауы – өмірге деген құштарлығым мен қол ұстасып, жұп өмірді бірге кешкен, маңдайыма жазылған жан-жарым Сәлиманың әу ­баста жолыққаны болса керек. Менің бүкіл ғұмырымдағы сәттіліктердің алғашқы баспалдағы, қайнар көзі осында деп ойлаймын. «Татулық – табылмас бақыт» деп ­тауып айтылған сөз төңірегінде ой тербесем, тату болу үшін ғашық болып ­табысу аз дер едім. Ішкі жан дүниеңнің үндесуі, үйлесуі, бір-біріңе жолықтырған шапағатшы Жаратқан Иенің сол пәк сезімді екеуара қадірлей білгендігің үшін берген сыйы – егіз жүректі мәңгі қауыштырып, қабыстыруы екен... Осы сый – тағдырымның өзіме берген еншісі.

Асыл жар – таза бұлағың, тұнық тұмаң. Бірге кешкен бақытты ғұмырымның көңілдегі жарқын да сәулетті сән-салтанатын, арайлы сәулесін, көкейдегі көріністерін көз алдымнан өткізіп, солардан жұбаныш табуға, бұдан былай жанымды жабырқатпауға, еңсемді түсірмеуге, иығымды тік ұстауға жалғыз Жаратқан Иемнің алдында, Сәлимашым, сенің алдыңда сөз берейін!

Риясыз жүректен шыққан қоспа-қосындысыз жан сырымды ақ қағазға өрнек салғандай тізе бергім келеді, тізе бергім келеді. Кейін ұрпағымыз оқып, жарастығымызды үлгі тұтсын, естеріне ала жүрсін деген ниет... Тәтті дәуреніміздің, жұп өміріміздің дәл осылай... сенің денсаулығыңның кеселге душар болып, ауыртпалық кештіріп, тәмамдалғаны ғана жаныма батады-ақ.

Сәлима екеуміз де дәрігер мамандығын алдық. Өзім Алматы медицина институтының емдеу факультетін 1960 жылы, ал Сәлима – фармацевтиканы – 1962 жылы бітірдік. Сәлима екеуміз елу төрт жыл жұп өмір кештік. Тағдырға өкпе артқан емеспіз. Ризамыз. Өмірге екі ұл, бір қыз бала әкелдік, олар ержетіп, азамат атанды, бізге немере сүйгізді, үмітіміз ақталды.

«Ақылды жарың – жайқалған бағың, байлығың, барың, ажарың» дейді халқымыз. Осы сөз мәйегі Салимаға да арналып айтылғандай. Менің шаңырағымды байытқан да, шырағымды жарқыратқан да, өмірімді ажарландырған да Сәлима еді!»...   

Бұл жолдар – ағамыздың ақжарыла ашылған сыр-сұхбатының бір үзігі ғана.

Қазір тоқсанның ауылына аяқ басқан Ғаділбек ағамыз Кәкімбек Салықовтың «Аққу әнімен» көңілін жұбатады. Жеңгеміздің рухы шаттансын дегені болар, немере, шөберелерінің өзі көрген рахатына қатар бөленіп жүргендей, Сәлима жеңгемізді күндіз есінен, түнде түсінен шығармайды. Әр бөлмеде Сәлима сұлудың портреті. Әсемдікпен, ғажайып сұлулықпен табыстырған тағдырына риза. Арасында аққу әнін тебірене, кеудесінде тұнған мәңгілік сағынышына бөлей шырқап, өткеннің өшпес елесімен бірге  адам өмірінің сәні азаймайтынын айта жүреді. Жас ұрпақпен «махаббат теориясынан» медицина ғылымы тұрғысынан да, өз жүрегінің елегінен өткізген іңкәрліктің, таза сезім мен адамгершіліктің биіктігі туралы ой бөліседі. Мерзімдік баспасөз бетінде тартымды сұхбаттарын да жария­латып жүреді. Өнегелі өмір дегеннің бір мәні осында болса керек!

P.S.

Мен сегіз жасымда алғашқы кейіпкерімді таптым. Қиял әлеміне өрісім сол сәттен бастап кеңейіп, ­армандауды үйрендім. Болашақ мамандық таңдауға, сөз жоқ, сұлулық деп ­аталатын ­рухани дүниеге көзімді ашқан жарқ еткен сол бір бейне себепші болды деп айта аламын. Әркімнің тағдыр жолы өзінің ұзақ ­сапарына қас-қағым сәттік бір құдіретті сәуленің әсерінен бағыт алады. Cол жарқ еткен сәуленің жүрекке дарығаны – арман жолының бастауы болса керек.

Қалампыр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ,

журналист, аудармашы

(Суретте Сәлима Нәубетиярқызы)

3627 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы