• Тарих
  • 11 Тамыз, 2022

ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ ТАНУ ЖОЛЫНДА

Бұл қазақ халқы небір күрделі кезеңдерді басынан өткізді. Өткен жиырмасыншы ғасырдың өзінде 1916–1920, 1928–1933 жылдардың арасындағы трагедияға толы қасіретті оқиғалардың өзі неге тұрады? Кәдірбек Сегізбайұлының «Тағдыр толқыны» романында қамтылатын көркем оқиғалар нақ осы кезеңді баяндайды. Шығарманың көркем кеңістігі – Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шекаралас Зайсан, Тарбағатай өңірлері мен оған жапсарлас аймақтарда өтеді.

Көлемді романда түрлі оқиғалар арасында көрініс тауып жататын кейіпкерлер қатары бірсыпыра. Әр тарауында көптеген кейіпкерлердің аттары аталғанымен, романның негізгі фабуласы «Мерген» аталып кеткен Әлібай есімді бас қаһарманның төңірігінде дамиды. Романда өздерінің дараланған болмыстарымен оқырман жадында жатталып қалатындар – Тұрғанбай би және оның маңайындағы Сахари, Мұстахи, Мұқаш, Әлібай, Бәлібай, Сағат, Берікбол, Нұрсәлім, Күркебай, Қазақбай, Исабай, Әлжан және тағы басқалары.

Жоғарыда айтылған қилы кезеңдердің қым-қиғаш оқиғаларына белсене қатысатын бұл кейіпкерлердің, мінез-құлықтарындағы өзара айырмашылықтары айқындалып жатса да,  жалпы тағдыр-талайлары  өзара ұқсас. Олардың тағдырларын бір-біріне жақындастырып тұрған  тарихи фактор  – сол бүкіл қазақ халқына тән болған қиын-қыстау замандағы түрлі тарихи ауыртпашылықтар мен азапты оқиғалар. Бұл оқиғалардың қыр еліне қозғау салған бастау көзі – Ресей империясы Патшасының 1916 жылғы майдан жұмысына қазақ жігіттерін алу жөніндегі атақты жарлығының пәрмені. Бұл бұйрық күтпеген жерден ел ішінде үлкен дүрбелең туғызды. Бұндай бұйрықтың түбі қазаққа жақсылық әкелмейтінін, өзі сорлап жүрген қазақты одан әрмен жермен-жексен етіп, мүлде құртып тастайтынын аңғарған көшпелі жұртшылық еріксіз көтеріліске шығуға бел байлайды.

Қалың қара бұқара ешқандай ­жоспарсыз дүрк етіп көтерілгенімен, жергілікті жердегі әскерилер мен казактарға әжептәуір қарсылық көрсетіп үлгереді. Әсіресе бұлардың қатты шайқасатындары – Қытаймен екі араны қадағалап жатқан шекарашылар. Елдің белгілі бір бөлігі Қытай асып, арғы бетке қарай өткен қашқындарды Қытай шекарашылары орыстар сияқты емес,  жайбарақат қарсы алады. Қазақтың бөтен жердегі ғайындарымен араласып, сіңіп кетуіне де жағдай жасайды. Бұл арада олардың ішкі есептері де бар екендігіне «Қайда барар дейсің? Түбі мына айдап өтіп жатқан қалың жылқы өзімізде қалар» деген ойлары дәлел.

Оқырманды қызықтыратын оқиғалар желісінің бір парасы – Берікбол мен Кербез сұлудың  арасындағы жағдайларға байланысты сюжеттік желілер. Бір-бірін жақсы көретін екі жас осындай аласапыран кезде тау ішінде қашып жүріп, бір-бірінен адасып қалады. Оған себеп – Берікболдың шекарашы әскерлердің қолына түсіп, Зайсан қаласына айдалып, түрмеге қамалуы. Сүйген жігітінің иен таудың арасында жоғалып кеткен Кербезге Әлібай мерген жолығып қалады да, үйіне ертіп алып келеді. Сол арада шаңырақ астындағылардың, әсіресе мергеннің бәйбішесінің отағасының артына міңгесіп келген сұлу қызға күдіктене қарауы да табиғи. Олардың бастарына сап ете түскен бастапқы ой – бұл жас аруды егде мерген өзіне тоқалдыққа алып келген шығар деген күдік.

Бірақ жаны таза мерген ондай оқыс қылыққа баратын пиғылдан ада. Екінші жағынан ел ішіндегі аласапыран мұндай қазақи ұғымдағы тіршілікті жалғастырып алып кетуге тіпті де мұрша беріп жатқан жоқ.  Аласапыран уақыт әйел үстіне әйел алып, кезіккен сұлуларды тоқалдыққа жаратып жататын заман емес еді.

Үй ішіндегілердің көкейінде күдікті біржола сейілтетін  – ақырында Кербездің сүйген жігіті Берікболдың табылуы, сөйтіп, екі жастың бір-бірімен құштарлана қауышуы сияқты эпизодтар.

Бұл арада қазақ руларының  арасындағы түрлі жағдайлар да сөз болады. Тек ішінара сөз етіп қалатыны болмаса, жазушы тарихи деңгейдегі тартыстардың арасында қазақи ұғымға тән шежірелік мәселелерді қазбалауды жөн деп санамаған. Патша құлағаннан кейінгі Азамат соғысынан хабар беретін ақтар мен қызылдардың шайқастарына қатысты эпизодтар романда көп орын алмайды. Бірақ түрлі шиеленісті жағдайларда көшпелі қарапайым халыққа ақтың да, қызылдың да қазаққа жақсылық әкелмейтіні көрініс тауып отырады. Олардың қайсысы болсын бұратана халықты, «жабайы» көшпелілер деп,  адам қатарына алғысы келмейді.  Екі жақтың да әскерлерін қызықтыратын – олардың құнарлы жерлері мен мал-мүліктері ғана. Екі жақтың да солдаттары реті келсе көшпенді жұрттың адамдарын атып-шабуға, өлтіріп жіберуге кетәрі емес. Бұның өзі қазақ халқының тағдырындағы бір ауыр кезең екеніне романда берілетін тарихи бағаның бірі осындай сипатта.

Осындай түрлі қым-қуыт оқиғалар арасында қазақ халқының мамыражай, жайбарақат тіршілігі де назардан тыс қалмаған. Оның нақты сипаттарын көрсететін детальдар  – өріс толы малдың шетінен сойылып жатуы, қазақтың қонақжайлылығы, бір-бірімен әзіл-қалжыңдарын жарас­тырып, кей сәтте тіпті айналадағы тарихи оқиғаларға қатысы жоқтай өздерінше той-томалақтарды өткізуі, түрлі дүниелі мәселелерді ұзын-сонар әңгіменің тақырыбына айналдыруы, сөйтіп, реті келсін-келмесін арқаларын кеңге салатын жайбарақаттығы. 

Ақ пен қызылдың өзара атыс-шабысынан запы болып, сескеніп қалған жұрт тағы да Қытайға қарай көшуге қам жасай бастаған. Сол сәтте 5-6 атты казак келіп, Исабай байдың жылқысын бағып жүрген жігіттерді адам құрлы көрместен,  біраз жылқыны бөліп айдай жөнеледі. Екі жақтың арасындағы шайқастың басталып кетуіне себепші  – осы бір оқыс жағдай. Әлібай бастаған мергендер жылқыны айдап келе жатқандарды алдарынан тосып алады да, бытырлата атып, бәрін қырып тастайды. Бұлардың қорықпастан, мұндай батыл іске баруының өзіндік себебі де бар. Жылқыға тиіскен әлгі зорлықшыл казактар әскерден бөлініп, жан сауғалап кеткен қашқындар. Бұндай жолға түскен оларды арттарынан ешкім іздемейтіні түсінікті. Егер өздерінің казактарымен ұшырасып қалған күннің өзінде қашқындарды соғыс жағдайымен жазалайтыны сөзсіз. Сондықтан қазақтардың осындай мылтықты жауларды құртып жіберуге деген батыл қимылға баруының логикалық дәлелі жеткілікті.

Кейінгі бір шешуші ұрыста Әлібайдың айналасындағы адамдар түгел қаза тауып, жалғыз өзі ­жиырма шақты жауды жайратып тастауы жүректілік пен мергендіктің арқасы. Бұл арадағы соғыс картинасын көз алдымызға елестетін батылдық көріністердің шындыққа жақындығы байқалады. Автордың осы тұстағы оқиғаларды қолдан қиыстырып қиындатпай, қаз-қалпында жеткізе білуі реалистік талаптар деңгейінде.

Әлібай мергеннің тұтқынға түсіп қалуы, ақыры одан босатылуы – белгілі бір деңгейде шығарманың эпикалық сарынын күшейтіп тұрған сюжеттік желілер. Соншама үлкен қырғын жасаған, осындай мергенді түрмедегілердің босатып жіберуінің де мәнісі бар.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстанның шығыс бөлігінде орын алған тарихи шындықтардың негізін көркем ойдың жүйесіне сала отырып, жазушы қазақ тарихының бір бөлігін кейіпкерлерінің тағдырлары арқылы бейнелеп жеткізген. Романның тілі жадағай емес, ойлары қабаттаса келетін бейнелі тіркестер мен құрмалас сөйлемдердің кездесуі жиі. Автордың қарапайым ойды жеткізуге күрделі тіркестер арқылы да көркемдік барлау жасауға бейім екендігі байқалады.

Бұдан кейінгі оқиғалар сол отызыншы жылдағы ашаршылыққа ұласады.

«Тағдыр толқынында» тек қана бір жекелеген адамдардың өз бастарына тән жеке тағдырлары суреттелген ­деуге болмайды. Аталған кейіпкерлердің бас­ынан өткізген жекелеген тағдыр жолдары 1916–1930 жылғы ауыр тарихи оқиғалардың қалың ортасында өрілген. Сөйтіп, қазақ халқының ортақ трагедиясының бір бөлшегі жазушы қаламынан орынды көрініс тапқан. Бұрында жазылып келген тақырып болғанымен, көңіл бөлуге тұрарлығы – автордың фабулалық шешімдерді өмірлік материалдар негізінде бейнелеуге тырысуы.

Қазақ басынан өткен түрлі ­тарихи шындықтарды жазудан ­бояуды қоюлатпай немесе керісінше сұйылтып алмай, баппен сол қалпында суреттей білуі де автордың реалистік канондардан ауытқымауының белгісі. 

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы

 

1672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы