• Әдебиет
  • 11 Тамыз, 2022

«МЕН» МЕН «ОЛ»

Сүлейменов! 
Асқар Сүлейменов! Ақ парақ, көк сиялы қалам иесі, әдебиеттің алтын сарайына өз өрнегін салған әр суреткерге сыншы һәм сол әлемнің тура биі, драматург. Қатепті қара нардың сан қырына қанық болсақ та, қара қылды қақ жарған әділдігіне көбірек, әлдеқайда тереңірек үңілуді құп көрдік. Әсілі Тәңір талант дарытқан да талап қосақтаған. Зердеге зейіннің себі тиіп, нақ білім, нақ ізденім жолына түсуді жазған. Оны қасаң дейтіндер кем-кетікті түзетуге қол ұшын созғанын аңдамайды, аңғарғанымен, риясыз көңілден айтылар рақметтен гөрі жақтырмай қалатыны тағы бар. Асқар ата Сүлейменовті асқарлы қылған шынмен астасқан сыны ғана емес, бәрінен ерек те бөлек мінезі. Ешкімге жағымсынбауы, ешуақ жалған сөйлемеуі ақиқатқа адалынан қызмет етуі абыройын асқақтатса керек. «Жұлдыз» журналының сонау 1963 жылғы 4 сәуір күнгі санында шыққан «Түр туралы бірер сөз» атты мақаласын оқығанымда ақ тер, қара тер боп әбігерге түскенім рас-ты. Неге?

 

Өресінің кеңдігінен, ой жүгінің ауырлығынан, әлбетте. Десек те, мұндағы көп жайт, әсіресе заман ағынына сай жаңа түрлік элементтердің керектігі бүгінгі күннің өзінде өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Біз бұны автордың бергі шетпен шектелмей, арғыны толғай білу қабілетінен деп ұғамыз. Асқар Сүлейменовтің пайымдауынша, прозаның бас құралы — баяндау. Тек баяндауға иек арту да әбес, ол бір ұшық. Екінші ұшы мазмұндық, анығырақ идея мен кейіпкер тағдырының көркемдік деңгейде қабысып, үйлесім табуы. Қысқарта айтқанда, соның тұрақты формасы бірінші жақ пен үшінші жақ («мен» мен «ол») – дай. Ал жекелей оған мұның бәрі басқаша елестейді: «Бізге былай көрінеді: бұл екеуі өзгерместей нәрсе, музаның бұл екеуінен басқа көлігі жоқ, үлкені, кішісі болсын, жазушы атаулының бәрі өз ойын, арман-аңсауын тек осы екі көліктің арқасымен алып шығып келеді. Осы ойға әбден көніп алғанбыз: дәстүрге, жазушы табиғатына қатысты «мен»-нің, «ол»-дың өзгеруі, ойнауы мүмкін-ау деген күдік көмей қытықтамайды. Егер осы ой оқушыда ғана болса оқасы жоқ. Егер жазушыда осы шарасыздыққа көнген жағдайда, сөз жоқ, бұл суреткерлік ізденудің тобығынан қаққыштайтын — тұсау боп шығады. Бұл дәстүрді бір жақты ұғыну».

Қызық-ақ, өмір дегенің қайталанбалы уақиғалардан, ұқсас жағдаяттардан тұра ма екен? Тақырып арнасын олай бұруымның себебі 90-шы жылдардың бел ортасында ұзын әм қысқа сөйлем төңірегінде айтыс, дау туындайды. «Литературная газетаның» бетінде екі тарап қалың оқырман иланарлықтай көзқарас білдіреді, соның ішінде қысқа сөйлемді желеу еткен желөкпелер ақыр аяғында мынадай кесімге келеді: уақыт тамшыдай тапшы, қазіргі заман адамына әр сөзді, әр сөйлемді келте қайырып беру қажет. Ондағысы қысқалау диалог пен телеграф тақылеттес баяндау тәсілін жиілету. Есептік тұрғыдан оңтайлы да, рухани аяда тіпті де орайсыз. Асқар Сүлейменовтің пікірі әлімсақтан аян: «Искусство — арифметика емес. Түптеп келгенде, заман дегеннің өзі адам. Біздің ғасырдың ұлылығы, бір жағынан, уақыттың адамды билеуі емес, адамның уақытты ­билеп ұршықтай үйіріп отырған құдіретті сипатында. Ендеше, сол заман тізгінін қолына ұстап отырған Адам ғасыр техниканыкі екен деп өзінің жан ­сарайын жалаңқайлатып жетімсірете, жүдете алмайды ғой, жан сарайының көшкен жұрттың орнындай құлазып қалғанын қайтіп қана аңсар екен?». Иә, осыған қарап кей-кейде сырғыған сағаттарға емей, өз-өзімізге ие бола алмай жүрміз бе деген ойға қаласың. Сол кез бен әзіргі күйіміздің айырмасы, қане? 90-шы жылдары алғашқы оты тұтанса, қазір жан дүниемізді шарпу үстінде...

«Мен» бе, әлде «ол» ма? Екеуін де үйлестірсе қайтпек? Аталған сұрауларға жауап қайтармас бұрын жоғарыда айтып өткен түсініктерді тарқату шарт. «Мен» – кейіпкер көзімен әңгімелесе, «ол» – автор көзімен баяндайды. Мақалада автор Гомер мен оқырманды оңаша тілдестіру арқылы данагөй қарттың ғұмыр кешкен дәуірін, тынысын, сыпатын бейнелейді. Сондай-ақ «мен» қағидасының ол уаққа сәйкессіздігін байқатады. Көбіне шежіреге, эпосқа немкеттілеу қараймыз да монологтың түп қайнары сонда екенін ұмытып жатамыз. Бұны мына ойы дәлелдейтіндей: «Осы жерде бір ескеретін нәрсе: бізде фольклорға, эпосқа қорашсынып қарайтын әдет бар. Қазіргі кейбір жазушылардың жерден жеті қоян тапқандай алақайлап қуанып жүрген ішкі монологының өзі эпостың бойынан табылып жатса, кәне, оған не айтасыз? Басқасын қойғанда сонау Ер-Тарғынның бұлыңғыр тауында белі шойырылып мертігіп жатып айтар төкпе толғауы ше? «Қобландыдағы» монологтік сәттер ше? Бұл өзі бір эмоциялық тасқын, эмоциялық градацияның үлгісі ғой».

«Ол»-дың құдіреті суреткерге қылқаламымен, қаламгерге қаламсабымен кез келген оқиға тұмасын қалаған тұсынан ағызып, шорт я ұғынықты тәмамдап, кейіпкер маңдайына жазылған бақ пен сорды сөз маржанымен тізбектеуінде. Мұны шығармашылық өкіліне тән бостандық десек те, ілуде-бір басқа қонар бақыт құсы десек те артық болмас. Классикалық прозадағы «ол» һәм біздегі «ол», Асқар Сүлейменовтің тұжырымына сүйенсек, ауық-ауық кейіпкер мен автор арасын алшақтатып, суытатындай-тын. Мәселен, Ғабиден Мұстафиннің ­«Дауылдан кейін» романын алға тартып, оның режиссурасының мәнін, әсерін зерделей келе Амандағы лирикалық тебіреністің аздығын көрсетеді. Әйтсе де, Мұстафин лирикадан ажырады деу де қате. Сүлейменов айтпақшы: «Шын дарын – алдымен ақын». Демек, «ол»-ға да «мен» секілді сыңар керек.

«Мен» оқырман көзімен қарағанда музыка іспетті. Қалтарыстары, нәзік иірімдері, ішкі дүлей дауылы сырттан гөрі пенде жанын жайпайды-ау. «Ол» дәуірінен соң адамдар, соған сай құндылықтар алапат өзгеріске ұшырап, өз құдығымызға өзіміз үңілетін, мүмкіндіктеріміз бен қабілеттерімізді бағамдайтын кез жетеді. «Мен»-нің де кемістіктері елеусіз емес, оған көп бой ұратын шығармалар, әдетте, оқушыға мәселенің тек бір қырын паш етеді. Ал әдемі де әсем картинаға ұласқан Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатынан» ондай дүмбілездіктер байқалмайды. «Мен» мен «ол»-дың екі жарты, біте қайнасса, бір бүтінге айналары қаламгердің осынау емеурінінен білінеді: Адам жаны да – нәресте. Кез келген жазушы оның бабын тауып мәпелей алмайды. Икемің болмаса, үстіне түсіп өбек қағып жүріп-ақ мойнын үзіп алуға болады. Сезімді беру үшін оған сүйіспендік аз – саусақтың сезімталдығы, сүйріктігі керек. «Мен», міне, осындай епті, майысқақ саусақ.

Сөйтсе де жалғыз «мен» мен мүдделі белеске шығу қиын. Жазушы қаласа да, қаламаса да суреттеу аясы тарыла береді.

Жалғыз «ол» да жеткіліксіз – герой мен автор арасындағы байланыс үзіліп қап отырады. Геройдың шымыр толқынын, аласұрған қимылын «ол» арқылы бергенде сынық тостағанша кетігіп, кеміп жетеді».

Тақырыпқа тұздық ретінде Асқар Сүлейменовтің көркем туынды талдаудағы шикілік жөнінде білдірген пікірін келтірсек: «Шығарманы талдау көбінде идеялық болады, сонсоң «көркемдік ерекшеліктеріне» келгенде шоқ басқандай тызылдап өте шығатынымыз бар. Ал «көркемдік ерекшеліктерге», (әсіресе прозада) форма сыпаты кіре бермейді. Композициялық, стильдік жайттар идеялық мазмұнмен қабыса қаралмайды. Тіпті қабыспай да қаралып жүргені аз. Бұған қынжылмау мүмкін емес».

«Мен» мен «ол» ері мен жары сықылды айнымас жұп. Проза – осы екеуінен жаралған перзенттей. Роман, повесть жазу үшін қалам тербеу, тумысынан талант болу шарт па? Шарт қой.  Тек ол шарттың өз шарты бар: «мен» мен «ол»-ды ойыңа, бойыңа, жүрегіңе қондырып ап, сүзгіден өткіз де сүбелі дүние ұсын! Ормандай оқырманның талабы, прозаның сұрауы сол-ақ.

Аружан АҒЫБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Журналистика факультетінің

1-курс студенті

3729 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы