• Қоғам
  • 11 Тамыз, 2022

МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?

Aқбoтa МҰCAБEКҚЫЗЫ
«Ana tili»

2022–2023 жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн ғана қалды. Ал осы жылы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға түзетулер енгізді. Жалпыға міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының көзқарастарының бірлігін қамтамасыз ету, ата-аналардың мектеп формасына оң көзқарасын қалыптастыру, білім беру ұйымдары мен кеңестер (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті) басшылығының жауапкершілігін арттыру, білім берудің зайырлығын сақтау мақсатында жасалған бұл қадамның нәтижесі туралы сөз етсек. 

МЕКТЕП ФОРМАСЫНЫҢ ӨЗГЕРІСІ ҚАНДАЙ?

Мектеп формасына қойылатын талаптар: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, түймелері немесе құлпы бар тоқылған кардиган (бомбер), классикалық блузка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка), қыздарға арналған шалбар (кеңдеу, аяқтың тобығын жауып тұратын). Сонымен қатар мектеп формасына орта білім беру ұйымдарының ерекше белгілерін (эмблемасын, патчтарын, шеврондарын және т.б.) тағуға рұқсат етіледі.

Талапқа сай жеке мектеп формасын өндірушілердің артықшылығына жол берілмейді. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда ерікті болуы ескерілген. Дегенмен бүгінгі мәселе бұл емес. Жалпы «Қазақстанда баланы мектепке жіберу қанша тұрады?», «Мектепке арналған киімдерден не сатып алу ­керек?» ­деген сияқты сұрақтың ­жауабын іздеп көрдік.

Елімізде мектеп формасы негізінен барлық мемлекеттік мектептерде – қою көк түсті. Жеке мектептерде мектеп формасының өзіндік дизайны болуы мүмкін.

«Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар туралы» министрліктің №26 бұйрығына өзгерістер енгізіліп жатыр, ол осы жаздың соңына дейін бекітіледі. Бұйрықта облыстың, аудандардың және қалалардың білім басқармалары әкімшілік аумақта мектеп формасының бір түсті ғана ұсына алатыны айтылады. Әр мектепте оқушылардың ата-аналары кіретін қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті бар. Егер олар мектеп формасына бір түсті таңдаса, онда облыста осы түсті мектеп формасы бекітіледі. Бір ауыздан болмаса, түс туралы шешім қабылданбайды», – дейді Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарабаев онлайн брифингте.

 

САУДА ОРТАЛЫҒЫ МЕН БАЗАР БАҒАСЫ...

Негізгі мәселеге оралсақ... Бүгінгі таңдағы мектеп формасы күнделікті, ресми және спорттық болып бөлінеді. Ұлдар мен қыздарға арналған формаларды бөліп көрсетсек:

Ұлдарға: костюм-шалбар, жилет, шалбар, қысқа көйлек, күнделікті көйлек, туфли, спорттық костюм мен аяқ киім;

Қыздарға: костюм-юбка, жилет, шалбар, классикалық блузка, туфли, спорттық костюм мен аяқ киім.

Суық мерзімге арналған мектеп формасының жылы киімдерін, сөмке мен кеңселік заттарды да осы тізімге қосасыз. Сонымен, биыл баланы мектепке жіберу қанша тұрады? Жоғарыда аталған заттардың салыстырмалы бағасын көрсетсек... Алдымен сауда орталығындағы бағаларды қарап шықтық:

Ер балаларға мектеп костюмі орта есеппен 20 000-25 000 теңге, қыздарға бөліктен тұратын форма (костюм, юбка, шалбар) – 25 000-35 000, ақ жейде-блузкалар  – 10 000-15 000 теңге, аяқ киім 20 000-22 000 теңге, спорттық костюм 30 000-35 000 теңге, спорттық ақ киім 20 000-25 000 теңге.

«Ірі сауда орталықтарында мектеп формалары қарапайым базардағыдан қымбатырақ. Өйткені бізде көбі бренд дүкендер. Ал тауарлар отандық өндірушілдерден, Түркия мен ­Пекиннен келеді. Бүгінгі таңда отандық киімдерге сұраныс жақсы артып отыр. Түркия мен Пекиннен келетін киімдердің бар айырмашылығы 5000-10 000 теңге аралығында болса, отандық өндірушілердің киімдері әлдеқайда қымбатырақ. Сондықтан «Базарда бағасы осынша ғой, сізде неге төмен?» деген сұрақты ешкім қоймайды. Өйткені біздегі сапаға сенім артады. Бір тұтынушы баласын 150 000-200 000 мың теңгеге толығымен ­дайындауы мүмкін. Біз үшін бұл үйреншікті жағдай», – дейді сауда орталығының сатушысы Александра Захарова.

 «Барахолка» атанып кеткен Алматының орталық базарларының бірінде баға басқаша. Мәселен, ­костюм – 12 000 теңгеден, жейде мен блузка – 5 000 теңгеден, шалбар мен белдемшелер 7 000 теңгеден басталады. Спорттық киімнен орта есеппен – 8 000-12 000 теңге, спорттық аяқ киімді – 10 000-15 000 теңге. Бұл ғана емес, кеңсе заттары орта есеппен 10-15 мың теңге, сөмке 10 000-15 000 теңге. Сонда бір баланы мектепке дайындау үшін орта есеппен 95 000-120 000 теңге қажет. Мұндағы сатушылардың айтуынша, киімдердің көбі Қырғызстаннан келеді. Өйткені олардың бағалары қалта көтеретіндей және сұраныс та бар.

«Базардың бағасы, әрине, қолжетімді болады ғой. Біздегі мектеп формалары Түркиядан, Қытайдан, Қырғызстаннан келеді. Соның ішінде қырғыз тауарына ­деген сұраныс жоғары, өйткені бағасы арзан. Мәселен, Түркиядан келген формалар 20 000-25 000 теңге болса, Қытайдыкі 15 000-20 000 теңге, ал Бішкектен келгендер 10-15 000 теңге. Бағадағы айырмашылықты көрдіңіз бе? Біз Бішкектің тауарын Қытайдыкі, Түркияныкі деп сата алмаймыз ғой, сол үшін бағасын да теңестіре алмаймыз. Бірақ адамдар алып жатыр. Қырғыздар сияқты өзіміз форма тіксек те болады ғой, шығарып та жатырмыз. Бірақ отандық формалар қымбат, матасын, еңбегінің ақысын пұлдаса керек. Базарда бірен-саран жерде болмаса, отандық киімдер сатыла бермейді», – дейді сатушы Бауыржан Ерзатов.

Алматылық ана Қымбат Алтаеваның төрт баласы да мектеп жасында. Үлкендері 6,7 сыныптарда болса, екі кішкентайы 2, 4 сынып оқушылары. Бірнеше жыл мектеп формасын алмай, үйде онлайн оқыған балалардың барлық формалары қазір сыймайды. Төртеуіне де жаңа форма, спорттық киім, сөмке мен кеңсе заттарын алу керек. Жалпы мұндай отбасылар өте көп. Балаларына бәрін жеткізу үшін олар не істейді, қалай жетікізеді деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз.

«Біреуге алақан жайып, маған көмектес деу де қиын. Намысқа ­тырысып, өзіміз дайындаймыз. Екі үлкеніме шілде айында ­мектепке керек-жарақтарын алдық. Тамыз ­айында бағалар өсіп кетеді, қыркүйекке жақындағанда мүлде шарықтап шыға келеді. Сол үшін биыл шілде айынан бастап қамдандық. Мектеп формасынан бастап, ұсақ-түйек заттарына дейін түгендегенде екі балама 150 000 теңгеге жуық қаражат кетті. Біз енді қарапайым базардан киінеміз. Ірі ­сауда орталықтарына баруды ойлаған да жоқпыз. Бірақ әлі екі кішкентайымды мектепке дайындаған жоқпын. Мектеп те көмек береді деп естідім. Осы тамыз айының ортасына дейін байқап көрерміз деп отырмыз. Өйткені, біріншіден, біз көп балалы отбасы болсақ, екіншіден, төрт баламның екеуінің мүмкіндігі шектеулі, ­арнаулы мектепте оқиды. Мүмкін, осы жағдайымыз ескеріліп, көмек алатындар тізіміне енетін шығармыз деп отырмын. Енбей қалсақ та, ешкімге ренжи алмаймын. Құдай берген балаларды өзіміз дайындауға да тырысамыз», – дейді алматылық Қымбат Алтаева.

 

ҚАНША ОҚУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕН КӨМЕК АЛАДЫ?

Елімізде шамамен 7500-ден аса орта білім беру мектептері бар. Оның 6 мыңға жуығы ауылдық жерлерде орналасқан мектептер. Осы 6 мың мектептің 2 мыңнан астамы шағын жинақты орта білім беру мекемелері. Біз осы орайда оқу мен ғылым саласындағы мәселелермен жете таныс тұлға, білім берудің барлық сатыларынан өткен тәжірибелі маман, Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменовадан оқушыларға қандай көмек болатынын сұрадық.

«Оқушыларға көмек болады. AMANAT партиясының аясында 15 тамызда үлкен жиын өткіземіз. Мектеп формасын сататын, тігетін компанияларды шақырып, бағасын көтермеуді сұраймыз. Оқу-ағарту министрлігінің тарапынан 418 000 оқушыға мектеп формасымен, кеңсе құралдарымен қамтамасыз етуге қатысты қаражат бөлу қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, AMANAT партиясының «Мектепке жол» акциясы 15 тамыздан бастап жүзеге асырылады. Бүгінде әлеуметтік аз қамтамасыздандырылған және АӘК алатын отбасылардың оқушыларына осы мектеп формасы және кеңсе құралдарымен қамтамасыз етуге байланысты шешім қабылданады», – дейді Мәжіліс депутаты.

Ал әлеуметтанушылардың айтуынша, көзделген талап бойынша мектеп формасы білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Дегенмен оқушының денсаулығына да мән беріп, өзін өзгелермен салыстыруға жол бермеу керек.

«Жалпы классикалық үлгідегі киімдер психологиялық деңгейде тәртіпке шақырып, үлкен өмірге дайындайды. Бұл жерде, ең алдымен, форманың «сапалы» болуы басты назарға алынып отыр. Материалының сапалы болуы, ондағы мата құрамы: жақсартылған жартылай жүн және мақта болуы, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық маталар қолданылуы керек екендігі түгел ескерілген. Бұл оқушының денсаулығына да оң әсер етеді әрі мұндай формалар классикалық стильде болғандықтан оқушының қимыл-қозғалысына өте ыңғайлы. Сондықтан да мектеп формасы тігілетін маталардың сертификаты болып, олар санитарлық ережелер мен нормаларға сай келуі тиіс.

Дегенмен әр отбасының жағдайы әртүрлі. Біреулері «келесі жылы да киесің» деп үлкен көлемдегі киімдерді сатып алса, екіншілері дәл сол уақыттағы сәнге сәйкесін таңдайды. Ал бірыңғай форма әлеуметтік теңсіздікті жасыруға септігін тигізеді. Дегенмен мемлекеттен берілген көмек осы екен деп, оқушыға берілген көмекті «айғайлап, жар салып» беруге қарсы болар едім. Өйткені мектеп формасын бренд дүкеннен алған оқушы мен мектептен сыйлыққа алған оқушының арасында да түсініспеушілік туындауы мүмкін. Бұлай дейтінім, қазір бізде «есеп» деген бар, не істесең де оны суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге салып, мемлекеттік органдарға есеп беру деген сияқты. Олай етіп алған мектеп формасын бала кигісі де келмей қалады, осы жағын да ескерген жөн дер едім», – дейді әлеуметтанушы Сая Мусалина.

Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі мектепке дайындық үшін 400  мыңнан аса оқушы алатын көмек сомасын ұлғайтуға бастама жасағаны белгілі болды. Белгілі болғанындай, бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, биыл Оқу-ағарту министрлігінің өтініші бойынша өзгерістер енгізілді. Енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімін, кеңсе тауарларын және т.б. өз бетінше таңдай алуы үшін беріледі. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың көлеміне, ­сапасына және т.б. байланысты мәселелер ­туындайтын.

«Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көп балалы аналармен бір емес, бірнеше рет кездесіп, әкімдіктермен мәселелерді талқылап, олардың тілектерін ескере отырып, әлеуметтік осал балаларға көмек көрсету ережелерін өзгертуге бастама жасады. Ата-аналардың шотына ақша тікелей түсіп, мектеп формасын, кеңсе тауарларын және балаларға арналған аяқ киімді өз бетінше таңдай алуы үшін заңнамаға түзетулер енгіздік. Мұның артықшылығы – бала ата-анасымен бірге өзі таңдаған киіммен мектепке бара алуында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын. Осыған байланысты жыл сайын киімнің көлеміне, сапасына қатысты мәселелер туындап, балалар онымен жүруге ұялатын. Мектептерді қаржыландыруды, оның ішінде оқушыларды қолдауды әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаларға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды – 17 мың, 20 мың және 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Бүгінгі таңда ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар. Біз бұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы бұл көмекті алатын 418 мыңнан астам балаға оң әсер етеді», – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

P.S.

Айта кетейік, «Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және т.б. материалдық көмек алады. Алайда мемлекеттен берілетін 40 мың теңгеге жуық қаражат жоғарыда біз көріп келген бағалалармен мүлде сәйкеспейді. Бір баланы мектепке дайындау 100 мың теңгенің үстінде болса, мемлекет беретін 40 мың теңге кімнің қай тесігін жамайды екен... Бұл көмектің сомасы қалай есептелген, бәрі де көпшілікке беймәлім күйде... 

1068 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы