• Білім және ғылым
  • 11 Тамыз, 2022

БІЛІМ САПАСЫ – ҰЛТТЫҢ САПАСЫН КӨТЕРЕДІ

9 тамызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев баяндама жасады.

ӨНЕР, БІЛІМ БАР ЖҰРТТАР

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын баяндаған А.Аймағамбетов балабақша, мектеп, колледж және қосымша білім деңгейлері бойынша 12 көрсеткіш және 20 іс-шара орындау мәселесі қарастырылғанын атап өтті. «10 көрсеткіштің 9-ына 100% қол жеткізілді. Биылғы жылдың 6 айы бойынша да жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр», – деді Оқу-ағарту министрі.

2021 жылы Қазақстанда 534 балабақша ашылған, 47 мың орын іске қосылған. Нәтижесінде 2-6 жастағы балалардың 88,4%-ы, 3-6 жастағы балалардың – 99%-ы балабақшаға бара алады. «Алайда 6 облыс жос­парын толық орындамады. ­Мысалы, былтыр Алматы облысындағы балабақшаларда 14 мыңнан аса орын, Алматы қаласында 5 мың орын ашылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал халық көп шоғырланған өңірлер – Түркістан және Қызылорда облыстарында тек мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз. Басқа облыстарда жоспардан тыс қосымша орындар ашу мен жоспарды асыра орындаудың арқасында, мысалы, Шымкент қаласында – 170%, Жамбыл облысында – 120%, республикалық көрсеткішке толығымен қол жеткізілді», – деді А.Аймағамбетов. Биыл жыл соңына дейін 34 мың балаға арналған 322 балабақша ашу жоспарда бар. Алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша 12,9 мың орындық 140 балабақша ашылған. «Балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, балабақшаларға деген талаптарды күшейту бойынша да жұмыс ұйымдастырылып жатыр», – деді министр.

Қосымша біліммен қамту жоспары былтыр 69,4%-ға жеткен, биыл оны 75%-дан асыру қажет. Бүгінгі таңда 1,5 мың қосымша білім беру ұйымында 63 мың үйірме, спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Қосымша білім беруге қолжетімділікті арттыру мақсатында алдыңғы жылдан бастап алғаш рет мемлекеттік тапсырысты орналастыру жұмысы басталды.

Оқу-ағарту министрі басты мәселе білім сапасын арттыру екенін атап өтті. Өңірлер арасындағы, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. «Сапаны бағалау бойыншы біз сыртқы және ішкі бақылау механизмдерін кеңінен қолданамыз. Осы тұрғыда біз үшін халықаралық PISA зерттеуі маңызды. Біз осы Ұлттық жоба ­бойынша «Мектептерге арналған PISA» халықаралық арнайы зерттеуін өткізуді қолға алдық. Халықаралық сарапшылардың болжауына сәйкес пандемияға байланысты PISA зерттеуі бойынша еліміздің көрсеткіштері ­30-40 балға төмендеу тәуекелі бар екені айтылған болатын. Дегенмен 2021 жылы өткен «Мектептерге арналған PISA» нәтижелері оқушылардың білім сапасының оқу сауаттылығы бойынша 30 балға, математикалық сауаттылық – 24 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 11 балға өскенін көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш», – деді Оқу-ағарту министрі.  Қалалық және ауылдық оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 22 балға, орыс және қазақ тілінде оқытатын оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 21 балға қысқарған.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік және қолайлы жағдай жасау мәселелері тұрақты бақылауға алынған. Ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайту үшін 2021 жылы 8 ПМПК және 6 түзету кабинеті, осы жылы тағы 3 ПМПК мен 4 түзету кабинеті ашылды. Нәтижесінде 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды. «Биылдан ­бастап ерекше балаларды қолдау үшін біз алғаш рет мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз. Бұл шешім ерекше балалар үшін инклюзивті білімді дамытуға, кезекті азайтуға және мұқтаж балаларға тең білім беру қызметтерін алуға мүмкіндік берді», – деді ол.

Министр берген дерекке сенсек, 2021 жылы шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1015 мектеп жаңғыртылды. Яғни жоспар орындалды. Атап айтқанда, 806 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 684 мектепте жиһаз жаңартылды. 48 мектептің асханалары жаңғыртылды. Биыл аталған жұмыстар одан әрі жалғасады. «2022 жылы 1003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылады. Әр өңір бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Осы көрсеткішті орындау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі қажет», – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқу-ағарту министрі соңғы кезде ескірген, дер кезінде күрделі жөндеуден өтпеген мектептердің апаттық қауіпті жағдай тудыру фактілері тіркеліп жатқанын атап өтті. Айтылған оқиғалар сабақтан тыс уақытта орын алғандықтан ғана оқушылардың өміріне қауіп төнген жоқ. Осы орайда барлық әкімдіктер салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге тиісті техникалық аудит жүргізуі қажет.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, білім сапасын арттыруда мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады.

Мектептерді жайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 163 мың оқушыға арналған 277 мектеп ашылды. Сонымен қатар 10 өңір 42 жаңа мектеп пен 21 514 оқушы орнын іске қосу бойынша жоспарды толық орындамады. Қазіргі уақытта үш ауысымды және апатты мектептер санының өсуі байқалады, ол қауіпті көрсеткіш.

Мемлекет басшысының тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту туралы тапсырмасын іске асыру аясында мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен 45 мың орынға ұлғайтылып, биыл рекордтық 128 мың орынды құрап отыр.

Кадр сапасын арттыру үшін колледж­дерге академиялық дербестік берілді. Жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламалары әзірленіп, оқу мерзімдері өзгертілді. Мемлекеттік колледждердің 100%-ы кәсіпорындар қамқорлығына алынды. Колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңашылдықтар енгізілді.

«Студенттер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу процесі автоматтандырылды. Қабылдау емтихандары алынып тасталды. Талапкер бірден 1-3 біліктілікті меңгеруге мүмкіндік алады. Мемлекеттің қолдауымен «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледж заманауи зертханалармен жабдықталды, олардың оқу бағдарламалары да жаңартылып, сапалы кадр даярлауға жаңа серпін берілді», – деді Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Осының арқасында халықаралық аккредиттеуден өткен жаһандық білім беру бағдарламаларын іске асыруға қол жеткізіледі, шетелдік әріптестермен академиялық алмасулар кеңейтіледі. 2025 жылға қарай шетелдік жетекші бес ЖОО-ның филиалдары жұмыс істейтін болады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттар саны 2020 жылы 65 мыңнан 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ студенттердің стипендиясы да артып келеді. Бакалавриат студенттеріне 36 мың теңге, докторанттарға 150 мың теңге қарастырылған. 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға – 1,5 есеге артады», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Министр нәтижелер көрсеткіштеріне қысқаша тоқталды. «Халықаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру» бірінші көрсеткіші 2021 жылы орындалды және ол 30%-ды құрайды. Екінші көрсеткішке 2021 жылы пандемия кезеңінде шығуға санитарлық шектеулерге байланысты қол жеткізілген жоқ. Кейбір азаматтар келе алмады. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішке 100%-ға қол жеткізілді. Үшінші көрсеткіш бойынша 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалы ашылуға тиіс. 2021 жылы бір филиал ашылды, осы жылы шетелдік жоғары оқу орындарының 3 филиалы іске қосылады.

Жиында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиевтің хабарлауынша, өңірде 381 мектеп бар, оның 215-сі шағын жинақты. «1980 жылға дейінгі салынғаны – 198, бұл барлық мектептердің 52%-ын құрайды, сонымен қатар 48 мектеп саманнан салынған және апатты жағдай алдында. Қазіргі таңда облыста 10 үш ауысымды, 6 апатты жағдайдағы мектеп бар», – деді ол. Бұл мәселелерді шешу үшін 60 оқушыға арналған құны 850 млн теңге, 108 оқушыға арналған құны 1100 млн теңге тұратын типтік жобадағы мектептер жобасы әзірленген.

Баяндамаларды тыңдаған ­Премьер-Министр Ұлттық жобаның ­басты міндеті – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

 

ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың азаматтармен диалогын күшейту үшін жыл сайын халықпен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырды. Бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты қадамдардың бірі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың сөзінше, биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асып жатыр.

Президенттің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер өткізу туралы» жарлығы қабылданды. Мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде 2022 жылға арналған орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер кестесі жасалды. Ол барлық орталық атқарушы органдармен келісіліп, Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Халықпен кездесулер өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі, оларды бұйрықпен бекітіп, мемлекеттік органдардың назарына жеткізді.

ҚР АҚДМ мен орталық атқарушы органдар өзара жедел іс-әрекет жасау үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топ құрылды. Сонымен бірге Жарлық талаптарын ескере отырып, мемлекеттік органдардың халықпен өткізген кездесулері бойынша ақпарат ұсынудың бірыңғай формасы әзірленді.

«Орталық атқарушы органдар басшыларының жарты жыл ішінде халықпен кездесулерін талдағаннан кейін мынадай қорытындыға келдік. Орталық атқарушы органдар өңірлердегі кездесулерді ұйымдастырудың алдында осы аймақ азаматтарынан келіп түсетін өтініштерге талдау жүргізеді. Танымал әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған, азаматтарды толғандыратын мәселелер мен посттар есепке алынады. Кездесуге орташа алғанда 500-ге дейін адам қатысқан, кездесулер 3 сағатқа дейін созылып, оның 75% уақыты сұрақ-жауап сессиясына арналған», – деді министр.

2022 жылға барлығы 227 кездесу өткізу жоспарланған, оның 55-і бірінші, 172-і екінші жартыжылдықта өтеді. Жыл басынан маусым айына дейін 45 кездесу өткізілген. ­Министрлер көбіне Ақтөбе, Қарағанды және ­Павлодар облыстарына барған. Ал Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында кездесулерді сирек ұйымдастырған.

Министрдің айтуынша, кездесулерді өткізу мерзімін сақтамау фактілері де бар. Бірнеше министрліктің бір уақытта бір өңірге жол тартуы кестені бұзып, жергілікті атқарушы органдардың кездесулерді ұйымдастыру сапасына әсер етуі мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – кездесулерді кеңінен ақпараттандыру. Ақпараттық мониторинг кездесулердің республикалық және өңірлік телеарналар мен баспасөзде, әлеуметтік желілерде кең жарияланғанын көрсетті. Мемлекеттік органдар өткелі отырған кездесулер туралы аңдатпаларды ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарда жариялап отырды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, ведомствоның барлық қажетті ресурстары бар және министрлік әрбір кездесуді жариялауға дайын. Бірақ бұл жұмыс ұжымдық сипатқа ие болуы тиіс және жариялауға арналған материалдарға тікелей тәуелді болып келеді.

Үшінші маңызды мәселе – Жарлық талаптарын сақтау. Олар: халықтан сұрақтарды алдын ала жинау, онлайн трансляция, БАҚ-қа арналған брифинг өткізу, азаматтарды жеке қабылдау, коммерциялық емес ұйымдармен кездесу, проблемалық мәселелер бойынша іс-әрекет жоспарын дайындау.

«Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар жалпы Жарлық талаптарын орындаған. Алайда мемлекеттік органдар кездесулердің әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляцияларын және журналистерге арналған брифингтерді әрдайым өткізбейді. Кездесулердің қорытындылары бойынша өзекті мәселелер тізбесі бар іс-әрекет жоспарлары жасалмаған не ашық қолжетімді жерде орналастырылмаған», – деді А.Омаров.

Министрлер өңірлердегі кездесулер кезінде азаматтардың бірқатар өзекті мәселесінің бар екенін біліп, оларды тіркеп отырған. Халықты неғұрлым көп толғандыратын мәселелер:

•       қалалар мен ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс пен Интернеттің сапасы;

•       өңірлерді электрлендіру және газдандыру;

•       сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету;

•       міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру;

•       өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көтеру;

•       мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері (сурдо реабилитологтардың тапшылығы, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектер сатып алатын техникалық құрылғылар мен оңалту құралдарының сапасының төмендігі);

•       білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, бала асырап алу, қашықтан оқыту форматы, оқу бағдарламаларын жаңарту;

•       спорт секциялары мен шығарма үйірмелерін жан басына қаржыландыру.

ҚР АҚДМ кездесулері бойынша азаматтар тарапынан басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын сұрақ келіп түскен. Бұл орайда министр ведомствоның өз тарапынан оларды шешуде мүмкіндігінше жәрдем беруге тырысатынын айтты.

«Біз өңірге өз мемлекеттік органымыздың ғана емес, бүкіл Үкіметтің атынан баратынымызды айтқымыз келеді. Сондықтан азаматтардың мәселелерін қай мемлекеттік органның құзыретіне жататына қарамастан, тіркеу қажет. Кездесулер нақты адамдарға, нақты көмекке мұқтаж жандарға бағытталуы керек», – деді Асқар Омаров.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі мынадай ұсыныстар айтты:

Біріншіден, мемлекеттік органдар кездесу өткізу кезінде Жарлықтың барлық талаптарын сақтап, Кестеде көзделген мерзімдерді ұстанып және Әдістемелік ұсынымдарды орындауы керек.

Екіншіден, облыс орталықтарына шығумен шектелмей, аудандарға, ­ауылдар мен кенттерге баруды да ұмытпау керек. Министрліктер облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мәселелерді байқап, шешуге мүдделі екенін халыққа түсіндіруі маңызды.

Үшіншіден, мемлекеттік органдардың халықпен кездесулерін ақпараттандыруды күшейту. Мәселелерді шешуде мемлекеттік органнан нақты көмек алған азаматтардың жеке оқиғаларына баса назар аудару ұсынылады. ҚР АҚДМ, өз кезегінде, оларды республикалық БАҚ-та жариялау жағынан көмектеседі.

Төртіншіден, талдау және мониторинг жүргізу, сондай-ақ Жарлықтың орындалуы барысы туралы Үкімет пен Президент Әкімшілігін жүйелі түрде хабардар ету мақсатында өткізілген кездесулердің нәтижелері туралы ақпаратты ҚР АҚДМ-ға жолдап отыру керек.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әкімдіктер мәслихаттармен келісе отырып, 2022 жылға арналған кездесулердің икемді күнтізбелерін бекіткенін, онда барлық деңгейдегі әкімдер I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 594 мың адамның қатысуымен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізгенін айтты.

 «Жергілікті атқарушы органдармен кездесулердің қорытындысы бойынша 12,6 мың мәселе шешілді (43%), әкімдіктердің бақылауында қалған сұрақты шешу үшін 515 млрд теңге қажет. Өңірлер бюджеттерді түзету аясында 149,2 млрд теңге немесе қажеттіліктің 29%-ын қарастырған», – деді Ұлттық экономика министрі.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, әкімдіктердің өз құзыретіне кіретін сұрақты орталық денгейдегі шешілетін проблемалық мәселелер тізбесіне енгізген. Осыған байланысты 140 сұрақтың ішінен мемлекеттік органдар 28 мәселені қолдамады.

Министрдің айтуынша, кейбір әкімдіктер әлі де кездесулер өткізудің жаңа форматына толық көшкен жоқ. Мәселен, кездесуге азаматтарды белгілі тізіммен жіберу, кездесу орнын әкімдікке қатысты мекеме қызметкерлерімен толтыру немесе алдын ала жоспарланған сұрақты көтеру сынды кемшіліктерге жол беріліп жатыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндамасын қорытындылай келе, жүргізіліп отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын одан әрі қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ халық көтеретін мәселелерді шешу үшін орталық мемлекеттік органдарға, Қаржы министрлігіне және әкімдіктерге бұдан әрі республикалық және жергілікті бюджет жобаларын қарау кезінде әкімдердің кездесулерінде халық көтеретін мәселелерді ескеруді тапсыруды сұрады.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлер мен әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматқа сәйкес «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ халықпен кездесулер алдында азаматтардың өтініштеріне алдын ала талдау жүргізілді, ол проблемаларды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеуге, әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқасында оларды шешудің жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.

«Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер проблемалық мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Алайда, бұған қарамастан, мұндай шараларға еркін кіру ұстанымы сақталуы керек.

«Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», – деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған кездесулерді жалғастырып, қандай жұмыс атқарылды, басқа мәселелер қалай шешімін табады – соның бәрін нақты көрсету үшін әр кездесуді кеңінен жариялап отыруы керек.

Министрлер мен әкімдерге халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыру тапсырылды. Мұнда өзекті  мәселелердің жедел шешілуіне басымдық беріп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізіп отыру керек.

Сонымен қатар Әлихан ­Смайылов республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру немесе нақтылау кезінде халықтың кездесулер барысында көтерген мәселелерін ескеру қажет екеніне назар аударды.

2024 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы