• Білім және ғылым
  • 11 Тамыз, 2022

БАЛАЛАР ТӘРБИЕСІ БАРШАҒА ОРТАҚ

Алматы қаласында Балалар әдебиеті туралы маңызды жиын өтті. Жиналысты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өткізді. Дөңгелек үстелді «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы жүргізді.

Алғашқы сөзді «Қазақ газеттерінің» директоры Шәмшидин Паттеев алып, бүгінгі бас қосудың маңызына тоқталды, өз ұсыныстарын ортаға салды. Одан ары Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы, жазушы Нұрдәулет Ақыш жалғады. Дүйсен Мағлұмов, Ертай Айғали, ­Байбота Қошым-Ноғай, Болат Үсенбаев, Нұрғали Ораз, Ділдар Мамырбаева, Сәуле ­Досжанова, осы жолдардың авторы, Серік Нұғыман, Есей Жеңіс, Саят Қамшыгер, Бағдат Мәжит, Жазира Ахметова, Жадыра Нармаханова, жас ақын Гүлдана Исаева сынды балалар әдебиетінің өкілдері және балалар басылымының басшылары сөз алып, өз ойларын бүкпесіз түрде ортаға салды.

Өткен жылы «Балалар әдебиеті жылы», биыл «Балалар жылы». Осы екі жылда не шаруалар атқарылды, қандай жетістіктер болды?.. Осы мәселелер ­туралы қаламгерлер кең тоқталып сарапқа салып шықты. Президент кеңесшісінің Нұр-Сұлтаннан арнайы ат басын бұрып Алматыдағы жазарман ағайынмен дөңгелек үстелде бас қосып, еліміздің бүгінгі балалары, ертеңгі болашағы туралы ой-талқыға қатысуы аса маңызды іс.

Аға буын қаламгерлер өздерінің мол тәжірибесі мен шығармашылық зертханасынан сыр ақтарса, орта буын мен жастар жағы бүгінгі күннің сұранысы мен қажеттілігін баса айтты. Балалар тәуелсіздікке дейін қандай әдебиет оқыды? Өткен отыз жылда оларды қандай дүниелер қызықтырды? Ендігі «Жаңа Қазақстанның» жасөспірімдеріне не керек?.. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқан болса, бүгінгі күннің жаңа мәтелі «Ел боламын десең экраныңды түзе» деп айтылып жүр. Экран тар мағынада телеарналарға бағытталғанымен, оның кең мағынасы ­теледидар, әлеуметтік желі, түрлі жанрдағы көркем әдебиет. Қағаздан оқу мен экраннан оқу – екі дүние. Бүгінгі балаларды алақандай «жаһан әйнек» тәрбиелеп жатыр. Ендеше, балаларды кітапқа, яғни көркем әдебиетке қалай қайтарамыз?... Бұл да дәуіріміздің өткір мәселесі болып отыр.

Мәлік Отарбаев балалар әдебиеті, балалар басылымдары туралы толғақты мәселелерді ден қойып тыңдады. Балалар руханияты бәрінен маңызды. Ұрпақтың білім алуы, тілінің қалыптасуы, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту бүгінгі жасөспірімдерден басталуы тиіс. Егер осы бастан ана тілімізді сіңіре алмасақ, олардың жүрегіне ұялата алмасақ, онда тағы отыз жыл емес, үш жүз жылда да бетбұрыс жасай алмаймыз. Өзіміз тәрбиелей алмаған ұрпақты өзгелер тәрбиелеп, өз идеологиясын сіңіреді. Балабақшадан азамат болып қалыптасуына дейінгі жүйелі сабақтастықты үзіп алмай, қалай қазақ етіп қалыптастырамыз деген ой жарыс жақсы жалғасты. Жазушы Нұрдәулет Ақыштың айтары көп, ақылға қонар жері мол болды. Әлем елдеріндегі бала тәрбиесі қалай жүруде, олардың ел билігі балаларға мемлекет тарапынан не істеп жатыр? Біздің қолымыздан не келеді? Қандай мүмкіндіктеріміз бар? Осы мәселелер де кеңестен тыс қалған жоқ. ­Байбота Қошым-Ноғай құрастырған «Балалар әдебиетінің антологиясы» деп аталатын он томдыққа тоқталған Дүйсен Мүсірәліұлы бұл антологияға өткен жылдың сүбелі сыйлығы деп баға берді. Саят Қамшыгер өткен жылы балаларға арнап 130 кітап шығарған «Кітап ал» компаниясының үздік жұмыстарын таныстырды. Жастар жағы да дәуірмен үндесе отырып, бүгінгі балаларға қандай әдебиет ұнайды деген сұраққа жауап берді. Жазира Ахметтің қуыршақ театрының шығармашылық проблемаларын айтқаны көпшілікті ойландырды. Жас ғалым Нұрбол Құдайбергеннің ғылыми тұжырымдары мен өз пайымы көпшіліктің назарын ­аударды.

Соңғы кезде жыл сайын бес жүз мың сәби өмірге келеді екен. Біздің әлеуетіміз осы балалардың қажетін қамтамасыз ете ала ма? Оларға балабақша, мектеп дайын ба? 2025 жылы ел көлемінде, ­шынында, мың мектеп салып үлгермесек, балаларымызға мектеп жетіспей, білім алудың кедергісіне кездесуіміз бек мүмкін... Біз осы жағдайларға ­дайынбыз ба?!.. Мәселе мектеп салумен шектелмейді, оның тәрбиесі, сөйлеу тілі, қоғамдық жұмыс орындар... бәрі-бәрі алдағы күннің басты мәселесі. Олар білімін алар, тілін үйренер, ал руханияты, тәлім-тәрбиесін кім қадағалайды?.. «Бір жылдығын ойлаған ел егін егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш отырғызады, жүз жылдығын ойлаған ел бала тәрбиелейді» деген сөз бар. Біз ертеңгі Қазақстанды жарқын болсын десек, бүгінгі балалардың өміріне ден қойып, күллі тірліктің тетігін ұрпақ тәрбиесінің қажетіне бұруға тиіспіз.

Сөз соңында дөңгелек үстелде ортаға түскен пікірлерден қорытынды шығара отырып, Мәлік Нұржанұлы өз пікірін айтты. Осынша қыруар мәселелер бір күнде шешімін таппағанымен, көш жүре түзелетінін еске салып, айтылған жағдайлардың бәрі тасада қалмайтынын ұқтырды. Әсіресе республикада жарық көріп отырған балалар басылымдарына тоқталып, олардың жазылу, таралу, оқырманға жету жолдарын нақтылайтын арнайы жоба керек екенін ескертті. «Әркім ақыл айтуға шебер, бірақ мәселені қалай шешудің жолын көрсете алмайды. Ендеше, сіздерден де көмек болсын. Нақты ұсыныстарыңызды қағазға түсіріп, жазып беріңіздер!» – деді ол.  Алдағы уақытта «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ» секілді басылымдардың басшылары өзара бас қосып, нақтылы жобаларын ұсынуды тапсырды. Бұл тапсырма өте маңызды. Өйткені жыл өткен сайын тиражы құлап, оқылымы азайып бара жатқан басылымдарды өрге қалай сүйреу керек?.. Бүгін мектеп қабырғасында газет қарап, журнал парақтамаған бала, күні ертең кітапқа дос болуы қиын болады. Бұл да кезек күттірмейтін, кең ойлайтын шаруа.

«БИЛ» оқу жүйесінің ұлттық құндылықтар бағытындағы тәрбиесі мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибесі бойынша оқушы мектеп бітіргенге дейін кемінде жүз кітап оқу тәсілін біз де ортаға салып, осы жобалардың тұтас ел көлемінде кәдеге жарайтынын жеткіздік.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының

бас редакторы

1987 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы