• Руханият
  • 11 Тамыз, 2022

«АБАЙ ЖОЛЫ – АДАМГЕРШІЛІК ЖОЛЫ»

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Абай күніне арналған  «Білімдіден шыққан сөз...» атты мерекелік іс-шара өтті. Ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақтың ­бойында патриоттық рухты, туған жері мен халқына, тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілікке тәрбиелеуді мақсат еткен жиын бірнеше іс-шараға жалғасты.
Іс-шараға абайтанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, баспагерлер, оқырман, студенттер мен оқушылар, кітапханашылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Кино және театр актері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың көпке таныс Абай қойылымынан үзінді көпшіліктің көңілінен шықты. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова Абайдың рухани-шығармашылық рөліне кең тоқталды.  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Абай жолының тағылымы мен тәлімі туралы айта келіп, «Абай жолы – адамгершілік жолы» екенін жеткізді. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Абай күнінің мән-маңызын атап өтті. Кітапханада Абай күнінде кітап тарту ету дәстүрі бар. Сол дәстүр жолымен қаламгер Қали Сәрсенбай «Түнгі қойылым» кітабының бес данасын кітапханаға тарту етті. 
Жыл сайынғы Абай күнін атап өту –  ұлттық мәдениет пен өнерге деген құрмет. Ұлттық кітапханада өткен іс-шаралар аясында Абайдың өлеңдері және «Қара сөздерін» Республикалық академиялық неміс драма театрының актрисасы мен Алматы қаласы орта мектеп оқушылары оқыды. М.Әуезов атындағы  Ұлттық қазақ драма театрының актері Болат Әбділмановтың қатысуымен Абай рөлінде спектакльден үзінді көрсетілді. Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман мен неміс театрының балалар студиясы – Katzen Piloten балалар музыкалық театры  оқушылары Абай әндерін орындады. Алматы қаласындағы жетекші баспалардың қатысуымен кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Ұлы ақынның есімімен аталған жастар мен оқырман қатысуымен «Атымды Абай қойған соң...» акциясы, «Білімдіден шыққан сөз...»  мерекелік шарасында  құрметті қонақтар мен белсенді қатысушыларға ҚР Ұлттық кітапханасы басып шығарған, абайтанушы Болат Жүнісбековтың «Абайдың ақын ұлдары», «Абай сәулесі»  кітаптары, ­сонымен қатар Абайдың  «Қара сөздері» мен басқа да басылымдар сыйға тартылды.
Шара қонақтары мен қатысушылары Ұлттық кітапхананың «Абай» әдеби орталығының қызметімен және  оқу залдарында ұйымдастырылған ұлы ақынға арналған кітап көрмелерімен танысты. Сондай-ақ кітапхана бойынша экскурсия өткізілді.
 

928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы