• Руханият
  • 11 Тамыз, 2022

АБАЙДЫҢ АҚЫН ҰЛДАРЫ

Жаңалық ауылындағы аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары жайында сыр шертілді.
Игі шараға жиналған зиялы қауым Абай – ұлт болмысын танудың алтын кілті, қазақ дүниетанымының заңғар шыңы дей келе, Ұлы тұлға жайлы ұлағатты әңгімелердің тиегін ағытты.
Кеште Абай күніне орайластырылып, «Абайдың ақын ұлдары» атты еңбектің тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Кітапта дала данышпанының дара, талантты ұлдары Ақылбай, Мағауия және Тұрағұл немересі Әубәкір Ақылбайұлы жайлы зерттеулер зерделенген.
Ақылбай мен Мағауия бірталай көркем дастан, поэмалар жазған. Ал Тұрағұл қара сөздің хас шебері болған. Бұдан бөлек аудармашылығы да бір төбе. Немересі Әубәкірдің өлеңдерінде Абай үлгісі сайрап жатыр. Ол сатиралық өлеңдерімен бірге тарихи шығармаларға бет бұрып, көлемді дастандар жазған.
Кеңестік кері саясаттың тас құрсауы кемеңгер ұрпақтарын да айналып өтпеген.
«Бүгінгі шараның бұл музейде өтуі де тегін емес. Мен білетін Абайдың немере інісі Шәкәрімнен бастап, 14 ұрпағы қуғын көрген. Қысқасы, кеңес өкіметі Абай ұрпақтарына теріс қараған. Ал енді, бүгінгі жастар Абай армандағандай білімді, білікті болуы керек қой», – деп атап өтті жазушы Болат Жүнісбеков.
Шара соңында қонақтар музейді аралап, экспонат естеліктермен танысты.
Айта кетерлігі, Алматы облысында, сондай-ақ «Абай әндері» атты «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті, «Үмбетәлі жырларындағы – Абай бейнесі» атты жиыны, «Хантәңірі» халық театрының «Телғара» фильм-спектаклінің қойылымы, «Абай – жыршы, ұлы ақыны елімнің» атты поэзия кеші сынды шаралар 17 тамызға дейін жалғасын таппақ.

992 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы