• Руханият
  • 11 Тамыз, 2022

ҚОНАЕВ МУЗЕЙІНЕ КЕЛСЕҢІЗ

Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына  биыл 110 жыл. Ел жадында ерекше сақталатын есімдер болады. Олар өзгелерден ерекшеленіп, артында өшпес із қалдырады, елге қызмет етеді, жасампаздықтың үлгі-өнегесін көрсетіп, ірі тұлға ретінде тарих бетінен  айрықша орын алады. 

Хронологиялық тәртіпте орналастырылған мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен экспонаттар Д.Қонаевтың көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі алып тұлғасын көрсетеді. Жұмыс барысында барлық экспонаттар, соның ішінде Д.Қонаевтың жеке заттары бұрынғы қалпында сақталды. Жөндеу жұмыстары кезінде музей ақпарат стендтері, QR-код, мультимедия жүйесі, контентті сенсорлық басқару проекциясы және мультимедиялық тач панелдермен жабдықталды.

Енді музей қонақтары аудиогид көмегіне жүгіне алады.  Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кіре берісте пандустар орнатылып, екінші қабатқа көтерілу үшін лифт жасалды.

Музейдің бірінші кіре беріс холы «Қонаев дәуірінен» басталады. Д.А.Қонаевтың жеке естеліктері, замандастарының сөздері, мұрағат құжаттары  мен жәдігерлері қойылған көрме сол кезеңді, қазақ халқының біртуар перзентінің өмірі мен тұлғасы туралы сыр шертеді.

Бірінші қабатта музейге келушілер Д.А.Қонаевтың ата тегі, ата-анасы, балалық шағы, алғашқы еңбек жолы туралы тың деректермен таныса алады. Екінші қабаты  алты бағыттан тұрады:

Бейне естеліктер аймағында музей көрушілері бейне мен тілді (үш тілде) таңдау үшін теледидар панеліндегі қосқыштарды пайдалану арқылы Қазақстан қорында  сақталған бейне жазбаларды көрсе, сонымен қатар алтын қорда сақталған Димаш Ахметұлының өз дауысын радиодан тыңдай алады. Сондай-ақ жұмыс кабинетінің үлгісін көруге болады, отырған сәтіндегі Д.Қонаевтың гиперреалистік  тұлғасы ­жасалды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еліміздің дамуына қосқан зор үлесі, дипломатиялық қарым-қатынастағы еңбегі экспозицияда толық баяндалады.   

Сонымен қатар музей қонақтары қару-жарақтар коллекциясымен таныса алады. Оның коллекциясында басқа елдердің басшылары, әріптестері, достары оған әр жылдары сыйға тартқан сирек кездесетін аңшылық қару түрлері бар.

Д.Ахметұлының  киногерлермен бірге жаңа туындыны талқылауға көп уақытының кететінін ескерген жанашыр азаматтар, үйінің төменгі қабатына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шағын кинозал жасақтайды. Кинозал туралы айтсақ, Кеңес Одағы тарағанша бұл мекен белгілі қазақ киногерлерінің, Бірінші бюро, саяси бюроның мүшесі Д.Қонаевтың бас қосып, талқылайтын орны болған. Көркемдік кеңестің шешімімен талқыланған кино Мәскеуге жіберілген. Бірақ Димаш Ахметұлы дүниеден озғасын бұл жер қараусыз, қадағаланбай қалады. 2017 жылы кинозалды қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. Соның нәтижесінде  бұл шағын зал бүгінде іс-шара өтетін орын болып белгіленді.

2019–2021 жылдар аралығында Д.А.Қонаев музейі ұжымы Казақстанның белгілі экскурсоводы ­Бақыт Оразымбетова­мен бірге «Музейлер ­туралы ақпарат» атты Қазақстан музейлері мамандарына ғылыми-тәжірибелік курстар жүргізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.               

Биыл да «Д.А.Қонаев музейінің» жеткен жетістігі аз емес, соның бірегейі мамыр айында өткен Мәдениет және өнер саласы  ұйымдары  мен қызметкерлерінің «Рухани Қазына – 2022»  фестивалінде «Үздік Креативті Музейлік Жоба» номинациясында жүлде алды.

Ұлы тұлғаның 110 жылдық мерейтойына байланысты  жылдық жоспар бойынша 20-25 маусымда «Ұлтының дара тұлғасы» атты жылжымалы көрмемен музей ұжымы Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Өскемен қалаларына барды. Себебі 50 жылға жуық уақыт бойы еліміздің мемлекеттік және саяси билігінің биігінде болған Қазақстанның мемлекеттік қайраткерінің еңбек жолы осы Шығыс Қазақстаннан басталған еді.

Биыл Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың аты берілуі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халкына жолдаған Жолдауында айтқандай, өзі салдырған қалалардың біріне атын беру – тұлғаға лайықты құрмет көрсету деп қабылдадық.

Елена КУБАШЕВА,

«Д.А.Қонаев» музейінің жетекшісі

1111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы