• Тіл
  • 18 Тамыз, 2022

ТІЛ ОРТАЛЫҚТАРЫ: КІМ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТІП ЖҮР?

Биыл мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақ сыныбына баруды таңдаған. Балаларды қазақ сыныбына қабылдау бойынша жоғары көрсеткіш Қызылорда (89,7%), Батыс Қазақстан (85,4%), Маңғыстау (87,6%) және Жамбыл облыстарында байқалады. Былтыр 1-сыныпқа барған балалардың тек 65 пайызы қазақ сыныбында білім алуды таңдаған. 
Байқағанымыздай, қазақ тілінде білім алуды таңдайтын балалар мен ата-аналар қатары артып келеді. Ал үлкендердің қазақ тіліне деген қызығушылығы қандай? Елімізде қазақ тілін үйрететін орталықтар қалай жұмыс істейді? Қандай да бір әдістеме бар ма? Мәселеге үңіліп көрген едік. 
Мемлекеттік тілді дамыту институтының басшысы Бижомарт Қапалбектің айтуынша, мемлекеттік тіл орталықтарының ең үлкені – Астанадағы Тіл комитетіне қарайтын Шайсұлтан Шаяхметов атындағы республикалық тіл орталығы. Сонымен қатар барлық облыста Тіл басқармасы бар. Солардың ­жанында 20 шақты тіл орталығы бар. Алайда көбі әкімдіктердің құрылымдарын оңтайландыруға ­байланысты қысқарып қалған.
«Мәселен, Алматы қаласында Тіл басқармасы да, Тіл орталығы да жоқ. Иманғали Тасмағамбетов  әкім болып тұрғанда Алматы қаласының Тіл орталығында 80-ге жуық адам істейтін», – дейді ­Бижомарт Қапалбек.

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТІЛЕДІ?

 

Мемлекетке қарайтын Тіл орталықтары үкіметтен қаржыландырылып, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді үш деңгей бойынша үйретеді. Бұл процесс 2005 жылдан бастап жалғасып келеді. Алайда Бижомарт Қапалбек нәтиже мардымсыз екенін айтады.

«Өйткені, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді өздерінің қалауы бойынша емес, мемлекеттің талабы бойынша емес, әйтеуір құлықсыз қатысады да, ондай курстардан ештеңе үйреніп шықпайды және бұған қазақ тілін үйретуге қатысты әдістемені кінәлайды. Жекеменшік Тіл орталықтары нарықтағы сұранысқа қарай негізінен ағылшын тілін үйретеді. Мәселен, Алматы қаласында 300-ге тарта жеке меншік тіл орталықтары тіркелген. Бірақ, олардың ішінде мемлекеттік тілді үйрететіндері некен-саяқ. Жалпы қазақ тілі елімізде жүйесіз оқытылуда. Қазақ тілі балабақшада, бастауыш мектепте, орта мектепте, орыс мектебінде, жоғарғы оқу орындарында, орыс топтарында, ересектерге тіл орталықтарында оқытылады. Бірақ оқытып жатқанымыз бір қазақ тілі болса да, бір-бірімен еш байланысы жоқ. Әдіскерлер қазақ тілін ана тілі ретінде оқыту, шет тілі ретінде оқыту, екінші тіл ретінде оқыту, ҚазТест жүйесі бойынша оқыту, мемлекеттік тіл ретінде оқыту және тағы басқа деп бөлектеп алған. Бұл дұрыс емес. Қазақ тілін оқытудың мақсаты біреу – сөйлеуге және жазуға үйрету. Алайда сөйлеу мен жазудың деңгейі түрлі-түрлі. Яғни қазақ тілі қайда оқытылмасын, осы деңгейлік жүйеге біріктірілуі керек», дейді Мемлекеттік тілді дамыту институтының басшысы.

 

ҚАНДАЙ ӘДІСТЕМЕЛЕР БАР?

«Тіл үйретудің бірізді әдістемесі бар ма, оны кім, қалай бекітеді?» деген сауалмен Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тіл орталығының «Әдістеме» басқармармасына хабарластық. Басқарма басшысы Жазира  Ысқақованың айтуынша, Тіл саясаты комитетінің тапсырмасына орай Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығында тіл үйрету бойынша 11 отандық әдістеме сарапталған. Олардың әрқайсысына наурыз-сәуір айында жеке семинар-презентациялар өткізіліп, нәтижесінде бес әдістемелік тәжірибе іріктеліп алынған.

Атап өтсек, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнехан Күзекова қазақ тілінің қолданбалы грамматикасының әдістемесін тиімді деп таниды. Ғалым осы әдістеменің негізінде ғылыми зерттеулер жасап, қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар мен жаттығулар жинағын шығарған. Ал КИМЭП университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Зәуреш Ерназарова когнитивті бағытты ұстануды ұсынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Гүлбағиза Мұсаева қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесін ұсынады.  Назарбаев университетінің қазақ тілі оқытушысы, филология магистрі, ­Айдар Балабеков коммуникативтік әдістеменің тиімділігіне назар аудартады.

«Тіл үйрету әдістемесінің бағыттары, тәсілдері бар екендігі белгілі. Олардың қай-қайсы да маңызды. Қазақ тілінің лексикалық ­минимумына құрылған бұл бағыт – әдістемені жетілдірудің ­басты бағыттарының бірі. Ғалымдардың айтуынша, бір тілде қарапайым деңгейде сөйлеу үшін адамға бастапқы сөздік қорды білу қажет. Оны анықтауда сөз іріктеудің қағидаттарына жүгінеміз», – дейді басқарма басшысы.

Орталық мамандары сол қағидаттарды ескеру және әдіскерлерге, оқытушыларға, білім алушыларға сауалнама жүргізе отырып, 137, 500, 900, 1200, 1500 сөздерден тұратын «Қазақ сөзі» тіл үйрету жобасын әзірлеген.

«137 сөз негізгі тірек сөздер болса, 500 сөзді игеру арқылы тіл үйренуші қарапайым тілде сөйлей алады. 900 сөзді меңгеру арқылы тілдік қатынастық орта кеңейеді. 1200 және 1500 сөзді білу арқылы сөйлеумен бірге жазу дағдыларын да меңгереді. Әр сатыдағы сөздерді тіл үйренуші жағдаяттық тапсырмалар арқылы игереді», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Жоба бойынша алдымен күнделікті лексикада көп қолданылатын тірек сөздер және олармен жиі тіркеске түсетін сөздер сұрыпталады екен. Осыларды үйрену арқылы тіл үйренуші қазақ тілінің ең қарапайым лексикасымен танысады.

«Жеке сөздерден тіркес жасау, сөйлем құрау, шағын мәтіндерге бару арқылы ойын жеткізе алады. Қарапайым лексикалық минимуммен бірге бастапқы грамматикалық тұлғалар да қажет. Сондықтан «Қазақ сөзінде» тиісті грамматикалық минимумды да берілді. Өйткені тіл үйренуші жеке сөздерді жаттап алғаннан кейін, ойын толығырақ жеткізу үшін сол жеке сөздерден тіркестер, сөйлемдер  жасай алу дағдысын игеруі тиіс. «Қазақ сөзі» әдістемелік жобасы қазақ тілін үйретудің жүйелі және нәтиже беретін әдістемелік тәжірибе. Жоғары мектептерде және ересектерге тіл оқытуда, сондай-ақ тілді өз бетімен меңгеруде «Қазақ сөзі» жобасын кеңінен пайдалануға болады», – дейді Жазира Ысқақова.

Жазира  Ысқақова елімізде қазақ тілінің алғашқы деңгейлерін оқыту үшін «Қазақ тілі» әмбебап оқулығы құрастырылғанын еске салды.

«Бүгінде бұл оқулықпен қазақстандағы мемле­кеттік және жекеменшік орталықтарының оқыту­шы­лары қазақ тілін курстарын өткізуде. Сондай-ақ оқулық шетелдік азаматтарды оқытуда сұранысқа ие. Ағымдағы жылы әмбебап оқулықтың В1-В2 дең­гейлері әзірлену үстінде», – дейді басқарма басшысы. Сонымен қатар «Әдістеме» басқармасы қазақ тілін оқытатын оқытушылар мен мұғалімдерге арнап республикалық онлайн-семинарлар өткізіп тұрады.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ НЕ ҮШІН ҮЙРЕНГІСІ КЕЛЕДІ?

Жалпы тіл орталықтары мемлекеттік және жекеменшік болып екіге бөлінеді. Оны ішінде офлайн, онлайн курстар, түрлі сөйлесу клубтары бар. Мысалы, «Батыл бол» қазақша сөйлеу клубы Қазақстанның 11 қаласында жұмыс істейді. Бір қызығы, клуб ұйымдастырушылары жұмысы үшін ешқандай қаы талап етпейді, барлығы тегін. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ тілін меңгеріп жүрген адамның алдынан болмашы кедергі шықпауы керек.

 «Клубта қарапайым әдістеме пайдаланылады. Біз бірден қазақша сөйлеуден бастаймыз. Түрлі жағдайларға қатысты қарапайым диалогтар жазылған брошюралар таратамыз. Онда танысу, дүкенге бару, әуежайдағы диалогтар сынды тақырыптарда қысқа да жеңіл сөйлемдер бар. Диалогтар әртүрлі форматта болады. Екі адам сөйлескенде қалғаны тыңдап отырады. Кейде жұп-жұпқа бөліп сөйлетеміз. Қазақ әліпбиін білмейтін жаңадан үйренушілер мен шетелдіктер бірінші кездесуден-ақ сәлемдесіп, дәмханада тамаққа тапсырыс береді. Бастысы біз клубта ережелерді үйренбейміз, грамматика мен жаттығуларға байланып қалмаймыз. Бір-бірімізді тыңдап, сөйлесеміз», – дейді клубтың негізін қалаушы Алексей ­Скалозубов.

Оның айтуынша, адамдар қазақ тілін түрлі ­себеппен үйренгісі келеді.

«Түрлі себеп бар. Бірі ана тілін білмегеніне ұялып келсе, екіншісі  фильмдерді қазақша көріп, қазақша ән тыңдағысы келеді. Тағы бірі Қазақстанды аралап, адамдармен еркін сөйлескісі келеді. Енді біреуге қазақ тілі жұмыста, бизнесте көмектеседі. Ал біреу мұны азаматтық борышы ­санайды. Қатысушылардың арасында жақындары мен ­туыстарын түсінгісі келетіндер де, қазақтілді адамға ғашық болып қалғандар да бар», – дейді ол.

Елімізде қазақ тілін үйрету, үйрену орталықтары, платформалары баршылық. Сұраныс болса, ұсыныстың болуы – нарық заңдылығы. Десе де, бұл нарықтың ішінде ақысыз да еңбек етіп келе жатқан осындай белсенді азаматтар мен тіл мамандарының еңбегі майдандағы тыл майталмандарыныкінен кем еместей.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

 

1905 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы