• Мәдениет
  • 18 Тамыз, 2022

МУЗЕЙДЕГІ «ИНДОНЕЗИЯЛЫҚ ЕРТЕГІ»

Халқымыздың баға жетпес мұрасын, асыл қазынасын сақтап, дәріптейтін Алматыдағы Ықылас атындағы халықтық музыкалық аспаптар музейі, 1981 жылы белгілі этнограф ғалым, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылған. Музейде ерте кезеңдерде бақсы-балгерлер тұтынған жәдігерлерден ­бастап, еліміздің ұлы тұлғалары,  жыршы, әнші, күйші-композиторлар ұстаған музыкалық аспаптары – қобыз, домбыра, сырнай, сыбызғылардың мол қоры сақталған. Музей залдары шетелдік музыкалық аспаптармен де толыққан. Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар, әлемнің елуге жуық елінің мәдениетімен таныстыратын жәдігерлер, тоғыз экспозициялық залға орналастырылған. Музейдің тарихи-мәдени құндылықтарын сақтау, экспозициялау, насихаттау үшін жаңа ақпараттық, сандық және басқа инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. 

Музей қызметкерлері негізгі мынадай бағыттар бойынша: ғылыми-қор, ғылыми-экспо­зициялар жасақтау және көпшілік-ағарту секілді жұмыстар атқарады. Ғылыми-экспо­зициялық, көпшілік-ағарту деп жалпылама айтылғанымен, бұлар өте ауқымды шаруалар.

Ықылас музейі жыл сайын әлем халықтарының музыкалық аспаптарын жинау мақсатында шет елдермен бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде атқарып келеді. Мысалға,  Алматы қаласы күніне орай, Алматы мен Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь), ­Будапешт (Венгрия) қалаларының арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында,  халықаралық «Әлем музыкалық аспаптары музей сахнасында» атты фестиваль өткізілді. Фестивальге қатысушы мемлекеттер – Венгрия Республикасы – кечкедуда, Беларусь Республикасы – дудка, Литва Республикасы – канкляс, рожок, скудучей, литва ағаш қоңырауы, бирбине секілді музыкалық аспаптарын біздің музей қорына салтанатты түрде ­табыстады. Біздің халқымыздың ұлы музыкалық мұрасын олар да білгені жақсы, сондықтан өз кезегімізде сыйға сый жасадық.  

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қазіргі таңда музейдің туристік ортадағы маңызын арттыру мақсатында, ­музей қорында сақталған әлем халықтарының музыкалық аспаптарын толықтыру үшін Қазақстандағы өзге елдердің елшіліктерімен тығыз байланыс орнатуда. Нәтижесінде, музей қоры қарқынды түрде әлем халықтарының музыкалық аспаптарымен толығып келеді. 2020 жылы музейде «Азия халықтарының музыкалық аспаптары», «Еуропа халықтарының музыкалық аспаптары» атты қосымша залдар ашылды. Мұндай жаңалықтар музейге келушілердің санын арттырып, музейдің туристік ортаға айналуына үлкен жол ашады. Музейге келушілерді әр экспонат жайында толық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, музей залдары заманауи ақпараттық киосктар және бейне-контенттік проекторлармен жабдықталды.

2018 жылы музей қоры Индонезия хал­қының музыкалық аспаптарымен толықты. Музейде Қазақстандағы Индонезия елшілігімен бірлескен шеберлік сынып өткізілді. Шеберлік сынып барысында Индонезия елінің музыканты сасандо аспабында ойнап, бишілері ұлттық билерін билеп, өнер көрсетті. Шеберлік сағат соңынан музей қорына сасандо және анклунг аспабын, кейіндеу индонезия халқының гамелан, генданг және ребаб музыкалық аспаптарын Индонезияның Қазақстандағы елшісі Рахмат Промоно өзі сыйға тартты. 

Енді осы елдің ұлттық музыкалық аспаптары туралы кеңірек тоқталсам. Ангклунг бірнеше бамбук түтіктерден жасалып, бамбук жақтауға бекітілген индонезия халқының ұлттық аспабы. Ангклунг ансамбліндегі үш не одан көп орындаушы бір немесе бірнеше нота орындайды, дегенмен нәтижесінде толыққанды әуен туындайды.

Ангклунг дүниежүзіне танымал, Индонезия­ның Батыс Ява және Бантен провинцияларында қалыптасқан. Ангклунг және оның музыкасы, аталған Батыс Ява мен Бантен провинцияларындағы сундан қауымының мәдени ерекшелігіне айналды. Оркестр ретінде аспапта ойнау серіктестік пен келісімділікті талап етеді, сондықтан, топтық жұмыстың құндылығын, өзара сыйластық пен әлеуметтік үйлесімділікті насихаттайды. 

2010 жылы 18 қарашада ЮНЕСКО индонезия­лықтардың ангклунг аспабын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде танып, Индонезия халқы мен ел үкіметін ангклунг шеберлігін сақтау, жас ұрпаққа жеткізу және үгіттеуге шақырды.

Келесі ребаб аспабының шығу тегі арабтан болса керек. «Ребаб» сөзі араб тілінде «қысқа дыбыстардың ұзақ бір дыбысқа бірігуі» дегенді білдіреді. Аспап садақ пішіндес ысқыш көмегімен ойналады. Сондай-ақ ребаб шертпелі аспап ретінде де қолданылған. Ребабтың түрлері алуан атаулармен Индонезияда ғана емес, Үндістан, Малай архипелагы, Мысыр мен солтүстік-батыс Африка, және де Орта Азия халықтарында кездеседі.

Генданг (кенданг) – Индонезия халқының ұрмалы музыкалық аспабы. Цилиндр немесе конус пішіндес аспап қолмен соғу арқылы ойналады. Саусақпен немесе білекпен және соғу орнына қарай аспапта ойнаудың бірнеше түрі болады. Гамелан оркестрінде генданг ырғақ яғни маңызды динамикалық серпін береді. Гендангта орындаушы оркестр жетекшісі болып саналады, ол музыка орындауда ауытқуға жол бермей, ырғақпен динамикалық дамуды,  құлдырауды анықтайды.

Гамелан (ява тілінде «соғу») – индонезиялық дәстүрлі оркестр және аспаптық музыка орындау түрі. Ява аралында қалыптасып, Балиде, Суматрада және Малай архипелагының басқа да аралдарына таралған.

Алғаш тыңдағанда аспап дыбысы еуропа­лықтар үшін жабайы және ретсіз болып естілуі мүмкін, бірақ аспапты тембр қанықтығының шебер үйлесімі ықпал ететін айқындылық пен динамиканың икемділігі ерекшелейді. Импровизация маңызды орын алады. Аспапта шығарма орындауды үйрену негізінен есту қабілеті арқылы жүргізіледі. Музыка орындау кезінде әрбір музыкант аспаптың мүмкіндіктерін толыққанды ашуға тырысады. Гамелан репертуарының негізі – классикалық тақырыптар мен халық әуендерін суырып салу жолымен орындау.

Гамелан драмалық, балет, ән-би қойылымдарында, салтанатты жиындарда, шерулер мен мерекелерде қолданылады. Халық қуыршақ театрымен тығыз байланысты. Дәстүрлі индонезия гамеланы – бір ауылда тұрып, оркестр аспаптарына иелік ететін музыканттар қауымы. ХХ ғасырда ауыл дәстүріне қатысы жоқ және Индонезиядан тысқары жерлерде академиялық гамеландар қалыптасты.

Индонезия халқының Сасандо деп аталатын Сасанду аспабы арфаға ұқсас, түтікті цитра болып келеді. Бұл Индонезияның Нуса-Тенгара провинциясының шығысындағы Роте аралында қалыптасқан дәстүрлі ішекті музыкалық аспап. Сасандо атауы Роте аралының «сасанду» диалект сөзінен қалыптасқан, «тербелетін» ­немесе «дыбысты аспап» мағынасын білдіреді. Сасандо Роте тұрғындарына VІІ ғасырдан ­бастап белгілі болған.

Жергілікті дәстүр бойынша, аспаптың қалыптасуы Роте халқындағы Санггуан туралы ертегіге байланысты. Аңызға сәйкес, ертеде Роте аралында Санггуан есімді бір бала өмір сүрген екен. Бір күні ол саваннада келе жатқанда жолдан шаршап, пальмира ағашының түбінде ұйықтап қалады. Ол бір ғажайып әуен ойналған аспапты түсінде көреді. Оянғанда түсінде ойналған әдемі әуен есінде сақталған екен. Әлгі музыканы қайта естігісі келіп, ұйықтауға тырысады. Түс көріп ләззаттанған балаға бәрібір де оянуға тура келеді. Түсіндегі әсем әуенді ұмытқысы келмеген бала, сасандоға негіз болған түсіне сүйеніп,  дыбыстарды қайта жаңғыртып, тез арада пальмира жапырақтарынан ортасында ішектері бекітілген музыкалық аспап жасапты мыс...

Жоғарыда аталған аспаптардың барлығы бүгінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің сегізінші «Азия халықта­рының музыкалық аспаптары» залын толықтырып тұр.

Қысқасы, музей қорындағы әрбір экспонат өзіндік тарихынан сыр шертеді. Музейге келген кез келген адам музейдің тоғыз залында орналасқан құнды жәдігерлер арқылы, ұлттық әрі әлемдік музыка мәдениетінің бай тарихымен сусындай алады.

Раушан СОВЕТХАН,

Ықылас атындағы халық музыкалық

аспаптар музейінің ғылыми қызметкері

1785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы