• Білім және ғылым
  • 18 Тамыз, 2022

ЕЛГЕ КЕРЕГІ – БІЛІМ МЕН БІЛІК

СТАТИСТИКА ПАТШАЛЫҒЫ

Еліміздің білім беру саласының мамандары дәстүрлі тамыз кеңесіне дайындалуда. Қазір әлемде геосаяси жағдай күрделі. Ол азулы елдердің экономикасына да кері әсер етуде. Біздің еліміз де ондай дағдарыстан шет қала алмайды. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің соңғы отырысында, әлеуметтік-экономикалық дамудағы елеулі олқылықтарды атап, оларды шешу жолдарын табуды міндеттеді.

Иә, бір қарағанда халықтың біршама бөлігінің өмір сүру деңгейі артты. Алайда халықтың сол табысын іс жүзінде жойған, теңгенің төлем қабілетін төмендеткен инфляция, экономиканы ауқымды түрде әлеуметтендіру саясатымен жағаласып, қатар жүріп жатыр.

Бағаны бақылау әлсіреп, мұғалімдер мен дәрігерлердің және басқа да санаттағы мамандардың жалақысы күрт өсуі, бір тұрғыдан еркін, ашық нарыққа тән адал бәсекелестіктің дамуына мүмкіндік бермеді. Оған қоса базар нарқы аспандап шыға келді. Зат бағасын асқақтатып көтеру арқылы, қосылған жалақы, зейнетақы атаулының пайдасын алыпсатарлар көрді деуге болады. Қазақстанда өркениетті елдердегідей нарық әлі қалыптаспағанын ­мойындауымыз керек. Ол үшін жақсы алғышарттар болған және қазір де бар. Отыз жылдық тәжірибеге үңілсек, теңсіздіктің кесірінен нарықта жұмыс істеушілердің дені тендерлер мен мемлекеттік тапсырыстар алудың төте жолдарын іздеді, сыбайлас жемқорлық өршіді. Бизнес-жобалардың тиімділігі «кері қайтару» сомасы бойынша бағаланды. Әдемі бизнес-жоспар, «жақсы» бухгалтерлік есеп, «қажетті адамдармен» іскерлік байланыстар, өз адамдарын билік құрылымына, мәслихаттарға, парламентке жылжыту жолымен лоббистер командасын қалыптастыру бірінші орынға шықты. Нәтижелілік, кәсіпорынның қажетті қуаты, сұранысты сапалы өніммен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігі, инвестициялардың қайтарымы, капитал айналымының жылдамдығы, қарыз қаражатын қайтару және өзге де аса маңызды талаптар сөз жүзінде қалды.

Биліктегі тұлға бәріне жұмыс істеп жатқан болып жақсы көріну үшін, ұдайы өсу үстіндегі сандарды ұнатады. Яғни тек «жақсы» статистика бірінші орынға шықты. Хабарланған өсу көрсеткіштерінің көпшілігі өнімдер мен қызметтердің шамадан тыс көтерілген бағасына негізделген. Тер төге жұмыс істеп, қиналып, өндірісті кеңейту қажет деп бас қатыру керек болмады. Алайда мұндай жұмыстың нәтижесі белгілі. Халық шағымданады, Президент сынайды, ал үкімет еліміздің барлық өңірлеріндегі өндіріс өсімін қуана хабарлайды. Біз әртүрлі өлшемдерде өмір сүреміз. Бірі, шынында, барлық ауыртпашылықты көтерсе, енді бірі шындықты айтып шырылдайды, ал үкімет мүшелерінің кейбірі қисық айна, сылдыраған сандар, бақыланатын, қалыптасқан статистика патшалығында өмір сүреді.

 

ҚАЗАҚСТАН – АШЫҚ МЕМЛЕКЕТ

Құр даурықпалықтың уақыты өтті. Турасын айтсақ, Қазақстанның экономикасы халық санының өсіміне ілесе алмай отыр. Ең алдымен, бұл әлеуметтік салаға қатысты. Халықтың өсімі біркелкі емес. Тұрақты дамып, өркендеп келе жатқан және саны төмендеп бара жатқан аймақтар бар. Қазірдің өзінде үш мегаполисті қоса алғанда, 8 өңірде халық саны 1 млн адамнан асты, ал Түркістан облысы мен Алматы қаласында 2 миллионнан астам адам тұрады. Қостанай, Қарағанды облыстарында халық саны азайды.

Халық үлкен қалаларға ағылуда. Жылдық өсім Нұр-Сұлтанда 31,9 мың, Алматыда 29,5 мың, Шымкентте 9,8 мың адамды құрады. Статистикаға сүйенсек, жылдық көші-қон ағынына қатысу­шылардың жалпы саны Нұр-Сұлтан қала­сында 230 мың, Алматы қаласында 205 мың, Алматы облысында 182,1 мың, Түркістан облысында 147,3 мың, Шымкент қаласында 103 мың адамға жетті.

Қазақстан – ашық мемлекет. 2021 жылы 43 ұлт өкілдері көшіп кеткен: олардың ішінде орыстар 19,3 мың, немістер 2,5 мың, украиндар 2,1 мың. Сонымен қатар татарлар (787 адам), ұйғырлар (749 адам), дүнгендер (628 адам), поляктар (379 адам), күрдтер (241 адам) және тағы басқалар бар.

Шетелдерден 34 ұлт өкілдері көшіп келген. Олар негізінен қазақтар 2,8 мың адам, қарақалпақтар (561 адам), өзбектер (533 адам), әзербайжандар (315 адам), тәжіктер (250 адам), қырғыздар (233 адам), түріктер (168 адам), ауғандар (129 адам), сондай-ақ америкалықтар, голландықтар, австриялықтар, корейлер, француздар, сербтер, словактар, итальяндар бар.

Тәуелсіздікке қол жеткізу, қоғамдағы салыстырмалы түрдегі тұрақтылық, халықтың негізгі бөлігінің әл-ауқатының артуы, бала туудың өсуіне, тарихи отанына миллиондаған қандастардың оралуына ықпал етті, осының бәрі жергілікті ұлт санының күрт өсімін пайда болдырды. 2021 жылы қазақ халқының саны 13,3 млн адамға жетті (69,6%). Оның ішінде, өңірлер бойынша айтсақ, Түркістан ­облысында 1570 мың, Алматы облысында 1557 мың, Алматы қаласында 1280 мың, Нұр-сұлтан қаласында 1006 мың, ­Жамбыл облысында 834 мың, Қызылорда облысында 799 мың, Ақтөбе облысында 783 мың, Қарағанды облысында 735 мың, Маңғыстау облысында 678 мың, Шымкент қаласында 764 мың қазақ өмір сүруде.

 

ЖОО-ЛАРДЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ  ЕСКІРДІ

Үйлесімді өсуді қамтамасыз ету үшін, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу, қажетті білім беру жүйесін дамыту мен қолдау ерекше маңызға ие. Экономиканың қол жеткізілген деңгейі ұлттық білім беру жүйесін дамытуға елеулі қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Мысалға, 2016/17-2020/21 оқу жылдары аралығында, білім беру мекемелерінің саны 17764 бірліктен 18952 бірлікке дейін өсті, онда барлығы 4758,3 мың бала тәрбиеленіп, оқытылды, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балалар – 862,3 мың, мектеп оқушылары – 2930 мың және колледж оқушылары – 488,8 мың, ЖОО студенттері – 477,1 мың. Соңғы бес жылда 885,0 мың мектеп жасына дейінгі балаларды, 3481,3 оқушыны, 477,5 колледж оқушыларын, 576,6 мың ЖОО студенттерін қоса алғанда, білім алушылардың саны 5420,1 мыңға дейін ұлғайды, ал білім алушылардың өсімі 667,1 мың адамды құрады.

Ел экономикасының осы жетекші саласында 485,1 мың адам жұмыс істеді, оның ішінде 90,7 мың тәрбиеші, 319,2 мың мектеп педагогы, 37,0 мың колледж оқытушысы және 38,1 мың ЖОО оқытушысы бар. 2020/21 оқу жылында бұл көрсеткіштер: 95,9 мың тәрбиеші, 326,6 мың мұғалім, 36,6 мың колледж оқытушысы, 36,3 мың ЖОО оқытушысы, барлығы 495,4 мың адам, өсім 10,3 мың адамды құрады. Мектеп осы үлкен жүйенің өзегі болып қала береді. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігінің жеке-дара бөлінуі орынды шешім дер едік.

Қазақ тілінің дамуы туралы айта кеткен жөн. Тарихи, саяси себептерге байланысты қазақ тілінің білім мен ғылымдағы рөлі төмен деңгейде болды. Тәуелсіздік жылдарында бұл бағытқа көп көңіл бөлінді. Мәселен, қазақ тілінде мектепке дейінгі мекемелер саны 80,7%-ға, мектептер саны 51,2%-ға жетті. Балабақшалардың қазақ топтарындағы балалар саны 707,0 мыңды (79,9%) құрады. Колледждерде қазақ топтарында 278,9 мың оқушы немесе 58,5% оқиды, жоғары оқу орындарының қазақ топтарында 487,6 студент, 31,1 мың магистрант, 6,3 мың докторант, барлығы 525 мың ­немесе 84,9% болды. Барлығы қазақ тілінде балабақшалардан бастап докторантураға дейін 3635,3 мың адам тәрбиеленуде, бұл барлық контингенттің 67,0%-ын құрайды. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында елімізде кадрларды тәрбиелеу, оқыту және кәсіптік даярлаудың барлық деңгейлерінде қазақ тілінің үйлесімді дамуы үшін тиісті жағдайлар жасалды. Ендігі әңгіме – мамандарды дайындау сапасы, әлемдік білім мен ғылыми кеңістік деңгейіне көтеруге тіреліп тұр.

Аралас мектептер саны 2235-тен 2319-ға дейін өсті, ал мұндай мектептерде оқитындар саны 300 мыңға дейін көбейді. Осы мектептердің қазақ сыныптарында оқитындар саны 95,2 мыңға дейін өсті, ал орыс сыныптарында оқитындар саны 530 мыңнан 695,9 мыңға дейін, өзбек мектептерінің оқушылары – 79,3 мың, ұйғырлар – 10,8 мыңға жетті.

Алғашында, қазақ тілінде білім алғысы келетіндердің көбеюімен орыс тілінде оқытатын мектептерде бастауыш ­сыныптар ашылып, одан әрі саты бойынша оқытылды. Қазір аралас тілде оқытатын мектептердегі қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны 1,6 мың мектеп ­бойынша қол жеткізілген көрсеткіштерге сәйкес келеді. Көптеген ата-аналар, мамандар, қоғам қайраткерлері аралас тілде оқытатын мұндай мектептерді бөлу мәселесін көтеріп отыр. Құзырлы органдардың сендіргенімен мәселе шешілмей, керісінше ушығып барады. Бұл мәселе үкімет пен парламенттің ерекше назарында болуы тиіс. Оны шектен тыс саясаттандырмай, популистік алыпсатарлықсыз, сабырлы жағдайда шешу керек.

Сондай-ақ Азияның 25, Еуропаның 19 , Африканың 16, Американың 7 елінің өкілдері еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орындарында білім алуда. Магистратураға оқуға келген жастар арасында Қытай, ­Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Нигерия, Әзербайжан, Пәкістан, Түркия, АҚШ, Гана елдерінің азаматтары бар.

Білім алушылар санының қарқынды өсуі материалдық базаға жүктемені арттырады. Көптеген мектептерде оқушылардың шамадан тыс көбеюі байқалады, ел бойынша бұл қажеттілік 25%-ға өсті. Жоғары оқу орындарының материалдық базасының артта қалуы алаңдатады. Мәселен, студенттер санының іс жүзінде 101,5 мыңға өсуінен, бір студентке есептелген жалпы алаңдар 13 шаршы метрден 10.6 шаршы метрге дейін, ал оқу алаңдары 6,4 шаршы метрден 4,8 шаршы метрге дейін тарылды. Жоғары оқу орындарының кітапхана қоры 73,4 млн данадан 74,7 млн данаға, яғни 1,3 млн данаға өсті, оқырмандар саны 559,2 мыңнан 593,2 мыңға, яғни 34 мың студентке дейін өсті. Сонымен қатар, соңғы жылдары кітап берудің тұрақты төмендеуі байқалды. 2016 жылғы 45 мыңнан 2021 жылы 29,3 мыңға дейін, ал егер 2016 жылы 1 студент орта есеппен 82 кітап алса, 2021 жылы 49 кітап алған немесе 1,7 есе аз. Бұл жауап іздеуді қажет ететін сұрақ. Сандық жүйе әсер етті ме, оқу сапасына нұқсан келді ме, жоқ әлде студенттердің талғампаздығы артты ма?

Сонымен бірге елімізде компьютерлік техниканы пайдалануда үлкен айырмаш­ылық бар. Мәселен, статистика деректері бойынша бес жыл ішінде ЖОО-лардың оқу процесінде компьютерлік техниканың қолданылуы 82,2 мың бірліктен 81,5 мың бірлікке дейін азайды, ең жоғары құлдырау 6 облыста байқалады: Атырау облысында 1707 бірліктен 713-ке дейін, БҚО 3144-тен 2518-ге дейін, Жамбыл облысында 2343-тен 1484-ке дейін, Қарағанды облысында 8206-дан 7579-ға дейін, Маңғыстау облысында 961-ден 93-ке дейін, Павлодар облысында 2430-дан 1316 бірлікке дейін кеміді.

Бұл ретте Нұр-Сұлтанда 9483 бірліктен 12463 бірлікке дейін әсерлі өсім байқалады. Алматы қаласының жоғары оқу орындары компьютерлерді ең көп пайдаланады – 26742 мың бірлік немесе республикалық көрсеткіштің 32,8%-ын құрады.

 

СҰРАНЫСҚА ҰСЫНЫС САЙ БОЛУЫ ТИІС

Еліміздің ішкі және сыртқы көші-қон саясатының қарқыны мен ауқымы жағынан тиімділігінің төмендігін ­мойындауымыз керек. Өйткені, мәселен, еліміздің оңтүстігі мен батысында білім саласына салмақ артып жатса, еліміздің орталығы мен солтүстігінде көптеген мектептерде жүктеме аз, шағын құрылымды мектептердің негізгі бөлігі сол өңірлерде. Халықтың көші-қон ағынының бағыттарын сол орталық пен солтүстікке қарай бұрсақ, жаңа мектептер салудың орнына, жартылай бос мектептерді толтыру арқылы ғана жүздеген миллиард инвестицияны үнемдей аламыз.

Келесі мәселе еңбек нарығына, еңбекке қабілетті жастардың көбеюімен ­байланысты. Бізге мүмкіндігінше шындыққа жақын сұраныс пен ұсыныстың нақты үйлесімі қажет. Ғылыми негізделген болжамға сүйене отырып, мамандарды даярлаудың неғұрлым өміршең жос­парын құру қажет. Нарық жағдайында мамандардың сұраныс картасын барынша дәл болжау қиын екені анық. Бірақ жұмыс істеп тұрған немесе салынып жатқан өндірістерге, сұранысқа, экономиканың барлық бөліктеріндегі нарықтық үрдістерге сүйене отырып, мамандықтар бойынша еңбек ресурстарына деген қажеттілікті мүмкіндігінше анықтауға және мемлекеттік тапсырысты сол негізде құруға болар еді.

Соңғы жылдары олар нақты сұранысты есепке алмай, болашағы бар салаларға мемлекеттік тапсырыстарды көбейте бастады. Мәселен, жыл сайын мың биотехнологты даярлауға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Бірақ нақты қанша маман даярлау қажет екенін ешкім есептеген жоқ. Басқа көптеген мамандықтар туралы да осылай деуге болады. Мамандарды сұранысқа сай дайындамау жұмыссыздар санын көбейтеді, әрі ол әлеуметтік жарылыстарға апаруы мүмкін қауіпті мәселеге айналатынын көріп отырмыз. Мемлекеттік тапсырысты анықтау үшін жұмыс берушілердің мамандандырылған бірлестіктерімен, еңбек нарығындағы сарапшылармен байыпты кеңестер өткізу қажет.

Білім беру бағдарламаларын бейімдеу, олардың ұтқырлығы, жаңа, қосымша мүмкіндіктермен жарақтандыру, оқу орындарының шынайы дербестігін кеңейту бағдарламасы олардың уақыт талабына сай әрекет ету қабілетіне ықпал етуі тиіс. Экономиканы кәсіпқой кадрлармен қамтамасыз ету артып отырғаны сөзсіз, оларға қойылатын талаптар үнемі өзгеріп отырады. Жұмыс берушілер үшін кәсіптік стандарттарды, білім беру бағдарламаларының негіздерін жасау өте қиын, жаңасын ойлап табар, бірақ ол университетке, әсіресе оны іс жүзінде қолдануға жетпей-ақ ескіріп, керексіз болып жатады. Бұл жерде кәсіптердің ұлттық шеңберінің құрамдас бөліктерін қалай үйлестіруге болатынын, біліктілік беру жүйесі қандай болуы керектігін қарастыру қажет.

Әлемдік нарықтағы толассыз, кей жерлерде айтарлықтай қатаң бәсеке, отандық өндірістің инновациялық құрамдас бөлігіне көбірек көңіл бөлуді талап етеді. Мәселе ғылымға мол қаржы бөлуде ғана емес, барлық ізденістердің нәтижесі – ғалымдардың жаңалығын өндіріске енгізуде.

Отандық, әлемдік ғылымның жетіс­тіктерін енгізу негізінде инновациялық компаниялар мен фирмалардың қата­рын көбейту, экономиканың жаңа құрылы­мын құрып қана қоймай, жастарды шығарма­шылық сипаттағы жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Бұл –біздің дамуымыздың басты шарттарының бірі.

Іс жүзінде барлық елдердің экономиканы, әлеуметтік саланы дамытуға жұмсайтын зор күш-жігері техноло­гиялардағы елеулі өзгерістермен, өмірге жедел енгізумен қатар жүреді. Мұның бәрі білім беру жүйесіне үлкен әсер етеді. Біздің елімізде оларды бейімдеу бойынша белгілі бір тәжірибе жинақталды, қаңқа құрылды, заманауи талаптармен жұмыс істейтін алдыңғы қатарлы ұжымдар бар. Осының барлығы жүйені жақсы қалыпта ұстауға, жастарымыздың ең заманауи білімге қол жетімділігін қамтамасыз етуге және елдің тұрақты дамуын, прогреске ұмтылысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Рахман АЛШАНОВ,

Тұран университетінің

ректоры, профессор

2170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы