• Тарих
  • 25 Тамыз, 2022

АЗАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Николай Эппле (1977) – филолог, аудармашы, журналист. Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің (РГГУ) тарих-филология факультетін және Ресей ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасын тамамдаған. Батыс Еуропа әдебиетінің тарихы бойынша маман. Мәскеу әлеуметтік және экономикалық ғылымдардың жоғары мектебі (Шанинка) саяси ғылымдар факультетінің оқытушысы.

Аңдатпа

Кітаптың мақсаты – Кеңес дәуірінде елдің бастан кешкенін (совет терроры) қайта пайымдап, оған баға беру қажет деген азаматтарға өзге елдердің өз тарихын қалайша елеп-екшеп, қайта саралағанын, осы жолдағы кедергілерді қалай еңсергенін айтып беру; өткен-кеткенді саралау институты қалыптасатын кез келгенін аңғарту (мұндағы «институт» деп отырғанымыз – саяси террор жайттарын айыптауды, соларға қатысты тың деректерді ашуды көздейтін түрлі бастамалар, зерттеулер мен жарияланымдар жиынтығы). Бірінші бөлімде Ресейдегі сталинизм мұрасы, азалы жылдар туралы естеліктер, халық көрген қасірет («травма») бүгінгі күні елдің ой-санасына қалай әсер етіп отырғаны, бұрынғы және қазіргі десталинизация процесі сипатталған. Екінші бөлім осы саладағы шетел тәжірибесіне арналған. Мұнда қаралы жылдарды бастан өткерген өзге алты елдегі (Аргентина, Испания, Оңтүстік Африка, Германия, Польша және Жапония) өткен-кеткенді саралап, қайғы-қасіретті еңсеру сценарийлері көрсетілген. Үшінші бөлімде оқырманға таныстырылған шетел тәжірибесі Ресейде ұқсас сценарийлерді табуға, өрбітуге қалай көмектесе алатыны айтылады.

* * *

Алғы сөз

Адам баласының бағзы заманнан бері өз алдына бөлек,

дара қауым ретіндегі белгілері марқұмдар туралы естеліктерге құрылған.

Қылмысқа мәйітті көміп тастап, тіс жармай жүргендегідей

қарауға болмайды.Саяси қылмыс ұмытылмайды.

Өткен-кеткен туралы әділ шындық жоқ. Жаңылған, алданған адамның есте сақтағанын шындық дейді, мұндай шындық әділ ме? Бір әулеттің бастан кешкені жайлы шындықтың бір арнаға тоғыса алмай, қақ жарылатыны болады. Бұған себеп — өткен-кеткенді ақтармай, тіс жармай, жылы жауып қою.

Ел есінде сол беті ашылмаған, қақ жарылған күйі сақталған тарих бүгінгі күннің кейпіне әсер етпей қоймайды — көз көріп тұрған шындық та қақ жарылғандай болады. Осындай жағдай елдің ілгері басуына кедергі келтіреді, тіпті ашық қақтығысқа әкеп соқтыруы ықтимал.

Ресейде, бір таңғаларлығы, әлі күнге дейін Сталин тұсында «жаппай репрессия болмаған» дегенге сенетіндер аз емес...

Сыртқы күштер емес, өз мемлекетің жасаған қылмыстарды ел еске алғысы келмейді, өткен туралы сөз қозғаудан қашқақтайды. Өйткені айыпты сырттағы әрі іштегі дұшпандарға таңбай, жауапкершілікті өз мойныңа алу қиын. Тарихта қандай да бір елдің ерікті түрде өткенін саралап, қайта пайымдап, қателіктерін мойындаған жайттар көп емес.

Бар деген күннің өзінде, әлдебір үкіметтің болған қылмыстарды мойындап, ресми түрде айыптағанын, көп жағдайда, мораль қағидаларын басшылыққа алып қабылданған шешімдер емес, саяси-экономикалық мақсаттарды көздеп жасалған қадамдар деп түсінген абзал.

Мәселен, Германия (Батыс Германия, ГФР) нацистердің қылмыстары үшін жауапкершілікті мойнына алып, Израильге 1951-1965 жылдары өтемақы төлеген. Бұл әрекет, біріншіден, Германияны халықаралық аренадағы сенімді әрі төлемге қабілетті серіктес деп көрсету, осылайша оны ғаламдық экономиканың белсенді қатысушысы ету мақсатын көздеген. Екіншіден, аталған компенсациялық төлемдер ел ішіндегі бұрынғы нацистерді реинтеграциялау саясатымен қатар жүрген. Үшіншіден, бұл Шығыс Германиямен (ГДР) бақталасқан Батыс Германияның идеологиялық әрі саяси ұпай жинау амалы еді.

Ұлттық немесе ұжымдық бірегейлікті биліктегілер айқындап бере алмайды. Бірегейлік қоғам үшін аса маңызды мәселелер бойынша мәмілеге келу нәтижесінде қалыптасады. Мәмілеге келу үшін ортақ тіл табу керек. Ал сол ортақ тіл табудың бірден-бір нәтижелі жолы – көпшілікке ортақ естеліктерді қайта жаңғырту.

І бөлім. АНАМНЕЗ

Елдің өткені туралы біртұтас нарратив қалыптаспаған жерде

вакуум пайда болады, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір толтыру қажет.

Ресейде Кеңес дәуіріндегі мемлекеттік террорды еске алудың өзінен екіұдай құбылыс байқалады. Бір жағынан, билік саяси қуғын-сүргіннің болғанын айыптап, 1950 жылдардың орта шенінен бері репрессия құрбандарын ақтау жұмыстарын қолға алған.  Екінші жағынан, ел тарихының сол бір қаралы кезеңінен сыр шертетін істер жатқан мұрағаттың біразы әлі жабық – зерттеушілер мен террор құрбандарының ұрпақтары үшін қолжетімсіз. Бұдан бөлек, қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз азаматтарды еске алумен, олар жайлы дерек жинаумен көбінесе үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері айналысуда. Ал солардың кейбіреуін ресми органдардың қудалап жүрген жайы бар.

Тарихи жады мәселесіне келгенде, совет өкіметі тұсындағы мемлекеттік террорды Ресейдің қазіргі заман тарихындағы аса маңызды тақырып деп танып, оған этика мен заң тұрғысынан дұрыс баға беру керек. Осы саладағы мемлекет саясатын қайта қарауға сеп болатын бетбұрыс қажет. Ол бетбұрыс «біз үшін басты құндылық – мемлекеттің ұлылығы емес, адам өмірі» деген қағидаға негізделуі тиіс. Мемлекеттік деңгейде репрессияларға анық баға берілмейінше, мұндай түбегейлі бетбұрыстың болуы алмағайып.

Кіріспе

Ресей өткеннің елесінен құтыла алмай жүр. Бұл елде тарих саясаттың орнын басқан. Теледидардан, әлеуметтік желілерден, көшедегі және үйдегі әңгімелерден анық байқалатын бір үрдіс – жұрт елдің бүгінгісі турасында емес, өткені (Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыс, Ауғанстандағы, Шешенстандағы соғыс, репрессиялар және КСРО-ның ыдырауы) төңірегінде пікір таластыруда, айтысып-тартысуда.

Өткеннің елесінен құтыла алмаудың себебі – ел арғы-бергі тарихы жайлы әлі анық тоқтамға келмеген, тарихтан қорытынды шығармаған, марқұмдарды арулап, жер қойнауына тапсыруға, оларды аза тұтуға жарамай отыр, осылайша бір циклды аяқтап, дамудың келесі кезеңіне өте алмай отыр.

Сочи олимпиадасы кезіндегі көтеріңкі көңіл күй ресейліктердің бойында постимпериялық мақтаныш сезімінің туындауына түрткі болды. Содан көп ұзамай Украинада болған Еуромайдан аталмыш постимпериялық жобаның дағдарысқа ұшырағанын аңғартқандай еді. Сол уақытта елді сырттан төнген қауіптен, дұшпандардан қорғау керек деген импульс өріс ала бастады. Қырым аннексиясы мен Украинаның оңтүстік-шығысындағы соғыс Ресей қоғамын дүр сілкіндірді, ел ішінде бұрыннан шешімін таппаған проблемалардың бәрі бір уақытта бой көрсетті.

Осындай жағдайда билік басы бірікпей отырған халықты топтастырудың жалпыға бірдей түсінікті жолын іздестіре бастаған. Елді бүгінгісі мен ертеңін емес, өткенін айтып топтастыру әлдеқайда ұтымды шыққан көрінеді. Жұрттың патриоттық сезімін оятатын, «бізге ешкім керек емес» деген сарындағы оқшаулану ұстанымын күшейте түсетін, іштегі әрі сырттағы жауларға ойсырата соққы берген кезеңге сілтейтін нарратив керек еді. Ресейде осы критерийлерге сай келетін жалғыз мысал бар, ол – Ұлы Отан соғысындағы жеңіс. Бұл нарративтің бір проблемасы – оны ресми билік өз мақсат-мүддесіне сай жиі пайдаланып жүр, тіпті меншіктеп алған десек те болады, мұндайда оның мобилизациялық әлеуеті бірте-бірте азаяды.

Елдің басын біріктіремін, тілін табамын деп, ескі мысалдарды қайта жаңғыртқан билік жазылмаған жараның бетін тырнағандай болды.

Бір қарағанда, алыптың аяққа тұруы, Сталин тұсындағы КСРО-ның мемлекеттік моделінің қайта оралуы сияқты көрінетін бұл үрдіс, шын мәнінде, – біртұтас жүйе болып қалыптаспаған, ұйытқысы жоқ әркелкі элементтер жиынтығы ғана. КСРО-ға қарағанда, қазіргі Ресейдің әлемге ұсына алатындай балама саяси жүйесі мен құндылықтары жоқ. Нағыз алпауыт мемлекет мәртебесін қайтарып алуға қауқарсыз бұл ел өзі ерекше дәріптейтін өткен күндердің кебін ғана киіп жүр. Халықтың мұны қуана қабыл алып отырған жайы бар. Өйткені ел қырғиқабақ соғысы кезіндегі тұрмыстың қандай болғанын әлі ұмыта қоймаған. Совет идеологиясының құрамдас бөліктері монархизм элементтерімен, православие – монархизммен, коммунизм – капитализммен, модерн – постмодернмен араласып кеткен. Осылайша құрылған «дүниетаным моделін» ұстап тұрған – қорқыныштар мен травмалар!

Елдің Кеңес заманында бастан кешкенін еске алу ісіне қатысты Путиннің ұстанымын «тұтас сабақтастық доктринасы» деп атап жүр. Бұл ұстаным проблемалар мен жауапкершілік туралы тіс жармайды. Негізгі мақсаты – Кеңес үкіметі тұсындағы жағымсыз жайттарды дискурстан ығыстырып тастап, тек жетістіктерді ғана айту.

Осы ретте Ресей православ шіркеуі ерекше белсенділік танытуда. Шіркеудің қолдауымен бірқатар мәдени-танымдық іс-шара, көрмелер ұйымдастырылып, публицистикалық медиа жобалар жарық көрді. Шіркеу ұстанымынан жасанды «бейтараптық», қарама-қайшы пікірлер мен ұстанымдарды «теңестіру» (яғни біреуінің басым түсуіне жол бермеу), қылмыстардың бетін ашпай, тек жетістіктерді дәріптеу байқалады.

Патриарх Кириллдің 2015 ж. Мәскеуде «Православ Русі» атты көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен мына бір үзінді біраз нәрсені аңғартып тұр емес пе: «Елдің қайта жаңғыруы мен жаңаруына жол ашқан мемлекет басшысының жетістіктеріне, сол басшы зұлымдыққа бой алдырса да, күмән келтіруге болмайды».

Қазіргі Ресейдің саяси-әлеуметтік ахуалынан сталинизм салқыны есіп тұр. Сталинизм мұрасынан арылуға әлсін-әлсін ұмтылыс болғанымен, сол мұраның реинкарнациясына да куә болып отырмыз. Өйткені Ресейдің бүгінгі кейпінде Сталин заманында қалыптасқан материалдық мәдениеттің, мемлекеттік және қоғамдық институттардың, әлеуметтік механизмдердің ізі қалған. Қазіргі заманғы мемлекеттік институттардың барлығы дерлік – «сталиндік жобаның» жемісі. Мұндай жүйенің басты құндылығы адам емес, – мықты мемлекет.

Мемлекет қоғамда өзара мүдделі тараптардың қажетінше байланыс орнатуынан, азаматтық ықпалдастық тетіктерінің бақылаусыз дамып кетуінен сескенеді. Сондықтан ұжымдық әрекеттерге монополия әлі де мемлекет қолында. Мұндайда тоталитаризм инфрақұрылымын қайта жасаудың да қажеті шамалы – елдегі әлеуметтік дезинтеграцияны сақтап отыру, бас көтергендердің үнін өшіріп, көзін құрту, жүйеге қауіп төнсе, қоғамның бытыраңқы күйін өз пайдасына асыру, яғни бір топты басқа топқа айдап салу, шиеленіс тудырып, жағдайды бақылауда ұстап отыру жеткілікті-ақ.

Осындай күйдегі елді түрлі айла-шарғы, манипуляция көмегімен сыртқы әрі іштегі дұшпандарға қарсы біріктіру оңай. Мұндай қоғам қандай да бір құндылықтар төңірегіне топтасу, ынтымақтасу қабілетінен айырылып қалады. Жұрт түсінігіндегі ортақ жаулардың тізімі бар десек (мысалы, Батыс елдері, «өзгеше ойлайтындар» т.б.), сол тізім де – Сталин заманына қалған мұра.

Ресейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, ел тарихының қаралы қезеңдеріне, ақтаңдақ тұстарына қайта үңілуді көздейтін бастамалар баршылық. Осы бағыттағы жобалардың көбісін үкіметтік емес ұйымдар қолға алған. Мысалы: мектеп оқушылары арасында өтетін «Тарих толқынындағы адам» атты шығармалар байқауы; «Мемориал» қоғамының қолдауымен жыл сайын өтетін «Есімдерді жаңғырту» акциясы (репрессия құрбандарының есімдерін дауыстап оқып, еске алу); террор құрбандары жерленген зираттарды іздестіру, марқұмдардың сүйегін қазып алып, сараптама жасату (мәйітті анықтау) сынды жобалар жұмыс істеп жатыр.

Ресейде осы іспеттес іс-шаралар шетелде (Германияда, Израильде т.б.) бұрыннан жүзеге асырылып жатқан жобалар мен практикалар үлгісіне құрылған. Сол себепті осы орайда диктатураны бастан кешкен өзге елдердің тәжірибесіне зер салғанымыз жөн болар.

 

ІІ бөлім. ТАЛДАУ

Диктатурадан постдиктатураға өту жолында біраз ымыраға

келуге тура келеді. Бұл жолда шындық әрдайым басым түсе бермейді.

Кітаптың бұл бөлімінде шетелде өткенді саралап, қайта пайымдаудың ең жарқын мысалдары, осы салада үлгі болатын модельдер жинақталған. Автордың мақсаты – өткен-кеткенді салмақтап, тұжырым шығарудың әртүрлі әдіс-амалдарын, мүдделі тараптар қабылдаған ұстанымдарды сипаттап беру, бұл процестің басталуына ішкі факторлар да, сыртқы күштер де себепші бола алатынын көрсету.

 

1. Аргентина. Диктатураға қарсы шыққан аналар мен әжелер

Елдің өткенімен байланысты қасіретті еңсерудегі Аргентина моделін – қоғамның қысым көрсеткені арқасында диктатурадан демократияға көшудің салыстырмалы дәрежеде табысты іске асқан мысалы деуге болады.

 

ХІХ ғасырдың басында тәуелсіздік алған кезден бастап ХХ ғасырдың орта шеніне дейінгі аралықта Аргентинаны ұзақ уақыт бойы әскери хунталар басқарған. Әскерилер елді азаматтық соғыстан құтқарамыз деген желеумен 1976 жылы наурызда үкіметті құлатып, билікті өз қолына алады. Террористер мен солшыл оппозицияға қарсы күресу ұранын көтерген хунта елде бұрын-соңды болмаған ауқымда террор ұйымдастырды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының бағалауына сай, хунта қолынан 20-30 мың адам қаза тапқан.

Аргентинадағы репрессиялардың басты ерекшелігі – олар астыртын жүрген. Хунта «қарсыластарын» қудалау үшін сотқа беріп, тиісті үкім шығарту сияқты заң механизмдеріне жүгінуді тіпті қажет деп санамаған. Үйінен, жұмыс орнынан, көшеден ұстап алып кеткен күдіктілер із-түзсіз жоқ болатын. Los desaparecidos («ғайып болғандар») деп аталып кеткен хунта құрбандарын жасырын түрмелерге қамап, тергеп, азаптап, «қайта тәрбиелейтін». Ғайып болғандардың бірен-сараны аман қалды, қалғандарын атып тастады, қинап өлтірді, есірткі беріп масайтып, ұшып бара жатқан ұшақтан лақтырып жібергендері қаншама. Жасырын түрмелерде дүниеге келген сәбилерді анасынан ажыратып, әскерилер мен номенклатура өкілдері асырап алатын.

Жақындарының хабар-ошарсыз кеткеніне көндіге алмаған бір топ әйел бас қосып, 1977 жылы сәуірде Буэнос-Айрестегі Мамыр алаңына шығып, «балаларымызды ұрлауға қарсымыз» деп наразылық білдіреді. Бұл қоғамдық қозғалыс «Мамыр алаңындағы аналар» деп аталды, кейін дерексіз кеткендердің балаларын іздестірумен айналысатын «Мамыр алаңындағы әжелер» деген де қозғалыс пайда болды. Қозғалыс мүшелері – ақ орамал таққан әйелдер жоғалған балалардың портреттерін ұстап, шеруге шығатын болды. Наразылық акцияларына өзгелердің назарын аударту үшін, олар газет беттерінде жоғалып кеткен балалары туралы хабарландырулар жариялап тұрды.

Аргентинадағы Аналар мен Әжелер қозғалысына ел ішіндегі, шетелдегі құқық қорғау ұйымдары қолдау көрсетіп отырды. «Мамыр алаңындағы аналар» ықпалды ұйымға айналды. 1980 жылы «Кларин» газетінде хунта жетекшілерінен адам ұрлау, қудалау фактілерін жариялап, тергеу жүргізуді талап еткен ашық хат жарық көреді, оған қол қойғандар арасында атақты жазушылар Хорхе Луис Борхес пен Эрнесто Сабато, сондай-ақ елдің болашақ президенті Рауль Альфонсин де бар еді. Хунтаға ел ішінде және сырттан қысым күшейді, ендігәрі репрессияларды құпия сақтап отыру мүмкін болмады.

1982 жылы елде экономикалық дағдарыс пен халық наразылығы күшейген тұста, хунта беделін нығайтпақ оймен Британия протекторатындағы Фолкленд аралдарын қайтарып алуға әрекет жасайды. Бұл жоспар іске аспады. Британ әскерінің соққысына тойтарыс бере алмаған хунта соғыста жеңіліп, халық қолдауынан біржола айырылады. Әскерилер елдегі демократизация процестеріне жол ашуға, билік транзитіне еріксіз келісуге мәжбүр болды.

1983 жылы кезінде хунтаға ашық қарсылық білдірген оппозиция өкілі Рауль Альфонсин президент болып сайланды. Ол әскерилерді 1973-1983 жж. жасаған қылмыстары үшін қудаламауға кепілдік беретін заңның күшін жойып, Адамдардың жаппай жоғалуы ісін қарайтын ұлттық комиссия (CONADEP) құру туралы қаулы шығарады.

CONADEP 1985 жылы Nunca Más Қасірет қайталанбасын») атты есебін жариялады. Бұл құжат – Латын Америкасында және жалпы әлемде шындық комиссиясының жұмыс қорытындысы бойынша жарияланған алғашқы есептердің бірі. Ол мемлекеттің өз азаматтарына қарсы зорлық-зомбылығы үшін жауапкершілікті мойындаудың үлгісіне айналды.

Дегенмен өтпелі кезеңде әскерилерді жауапкершілікке тартып, жазалау ісінде үкімет «орта жолда тоқтап», жағдайды ұшықтырмау, хунта жақтастарының бас көтеруіне жол бермеу, тіпті сотталған әскерилерге рақымшылық жариялау ұстанымында болды. Хунта қылмыстарын жылы жауып қою, ұмыту саясатына елде наразылар қатары артты. Осындай жағдайда қоғамның белсенді топтары мемлекеттен әділдікті талап етеді. Кінәлілерді толыққанды қылмыстық жауапкершілікке тартуға заң жүзінде тыйым салынған еді.

Сондықтан репрессияға ұшырағандардың туыстары «шындықты білуге құқылымыз» деген қағиданы алға тартып, сотқа жүгініп («шындық соттары»), жоғалып кеткен ағайын-туғандарына не болғанын анықтап беруді талап ете бастайды. Мұндай сот процестерінде әскерилерге бұрын құпия сақталған деректерді бөлісуге, қылмыстық жазаға тартылудан қорықпай, көрген-білгенін ашық айтып беруге жағдай жасалды.

Құқық қорғау ұйымдары мен үкімет арасындағы ынтымақтастықтың бір қызық мысалы – 1992 жылы Сәйкестендіру (туыстық байланыстарды анықтау) құқығы жөніндегі ұлттық комиссияның құрылуы. Үкімет Әжелер қозғалысы ұсынған үміткерлерді арнайы оқытып, Генетикалық деректердің ұлттық қорының көмегімен ұрланған балаларды іздестіруге және олардың жеке басын анықтауға қолдау көрсетуге келісті.

1995 жылы HIJOS ұйымы қылмыскерлерді мемлекеттің қатысуынсыз-ақ жауапкершілікке тартудың мынадай ерекше амалын ойлап тапты: ұйым мүшелері көпшілік болып театрландырылған шеруге шығып, кезінде жасаған қылмыстары үшін жазаға тартылмаған, жауапкершіліктен құтылған адамдарды әшкерелеу мақсатында олар тұратын не жұмыс істейтін жерге барып, музыка ойнап, пантомима, сот процестерінің үзінділерінен бейнебаян көрсетіп, ән салып, өлең оқып, басқа да перформанс түрлерін жасайтын болды.

Қалыптасқан жағдайға наразылық білдірген, іштей күйзелген, әскерилер аз емес-тін. Қолбасшылардың бар қылмыс үшін жауапкершілікті қатардағы офицерлерге ысырып тастағанына әбден күйініп, шыдас бермеген Адольфо Силинго есімді офицер 1995 жылы кезінде тұтқындарды қалай азаптағанын, жазықсыз жандарды ұшақтан лақтырып өлтіргенін бұқарадан жасырмай әңгімелеп береді. Бұдан кейін Силинго ұқсап ағынан жарылған офицерлер көбейді. Салдарынан Аргентина бас штабының басшысы Марин Блаза қарулы күштердің жауапкершілігін ресми түрде мойындап, халықтан кешірім сұрауға мәжбүр болды. Селинго кейін Испанияға экстрадицияланып, сотталып, 30 адамның өмірін қиғаны үшін 640 жылға, 2007 жылы бұл мерзім ұзартылып, ақыры 1084 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, 2017 жылғы қарашадағы жағдай бойынша, хунта тұсындағы қылмыстар үшін 2971 адамға айып тағылып, соның 818 сотталды, 99 – ақталып шықты.

Кейінгі кезде Аргентинада адам құқықтарының бұзылуына қатысты сот істері көптеп қозғалуда, іс саны әлемнің өзге елдеріндегіден әлдеқайда көп. Қазір бұл ел ең ұзақ демократиялық билік кезеңін бастан кешуде. Бұл жайт – өткен-кеткенді «ақтарып-төңкерудің» шын мәнінде тұрақтылыққа зияны жоқ екенін, яғни, керісінше, осылайша азаматтың мемлекеттік институттарға сенімі артатынын айғақтап тұр.

 

 

2. Испания. Үнсіздікті бұзу

Тарихтың қаралы беттерін қайта парақтап, қарама-қайшы ұстанымдарды ескеріп, әділдік орнатуға қадам жасаудың «испан моделіне» тән формула – «халықтың бірлігін сақтап қалу қажет, сол үшін өткен-кеткен қақтығыстарды, алауыздықты ұмытайық» дегенге саяды.

Испания 1936-1939 жж. Азамат соғысын бастан кешкен. «Халық майданы» атты солшыл либералдық ұстанымдағы саяси қозғалыс төңірегіне топтасқан Республика жақтастарына (республикашылар) «Испан фалангасы» атты радикалды партия бастаған оңшыл националист консерваторлар қарсы тұрды. Ұлтшылдарға генерал Франсиско Франко жетекшілік етті. Соғыста националистер жеңіп, елде Франко диктатурасы орнады.  

Солшыл топтар ұйымдастырған «қызыл террор» шамамен 50 мың адамның өмірін жалмады (соның ішінде 7 мыңға жуық шіркеу қызметшілері бар). 130-200 мыңға жуық адам Франко жақтастары (франкистер) ұйымдастырған «ақ террордың» құрбаны болды.

Соғыста националистер жағында болған ардагерлерге мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалды (жұмысқа тұруға көмек, үстеме зейнетақы, медициналық қамсыздандыру т.б.). ал Республика жағында соғысқан ардагерлер, мүгедектер мен олардың отбасы мүшелері әлеуметтік көмектен қағылып, не зейнетақы, не өтемақы алмайтын болып қалды.

1975 жылы Франко қайтыс болды. Сол кезден бастап, социалистер билікке келген 1982 жылға дейінгі мерзімді «транзит» деп атаған. Елдің диктатурадан демократияға өтуі – халықтың еркін таңдауы емес, саяси элиталардың өзара мәмілеге келуінің нәтижесі еді. Қоғам да нағыз демократиялық реформаларды емес, тұрақтылықты таңдауды жөн көрді. Жұрт диктатура кезеңін – экономикалық даму, әл-ауқаттың өсуі кезеңі деп біледі.

1977 жылы Амнистия туралы заң қабылданды. Онда 1976 жылға дейін болған қылмыстар үшін ешкімді қудаламау нормасы бекітілді. Ел тарихының осы кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалын «ұмыт қалдыру туралы пакт» деген терминмен сипаттайды. Саяси күштердің барлығы тұрақтылықты сақтап қалу үшін Азамат соғысын естен шығаруға, соғыс және одан кейінгі диктатура жылдарындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті белгілі бір қоғамдық-саяси күшке артпауға уағдаласты.

1990 жылдардың соңына дейін сақталған бұл уағдаластықты халық арасында «үнсіздік пакты» немесе «амнезия пакты» деп атап кетті. Кейбір зерттеушілер бұл кезеңді «демократия бар, бірақ әділдік жоқ», «амнистия жарияланып, репарациялар төленді, алайда болған қылмыстар үшін ешкім жауапқа тартылмады, шындық ашылмады» деп сипаттайды.

Азамат соғысы мен диктатура жылдары қаза тапқандар саны туралы ресми деректер жоқтың қасы. Елде тиісті өкілеттігі бар шындық және бітімге келу комиссиясы құрылмады. Франкизм құрбандарына арналған ескерткіш те орнатылған жоқ.

1990 жылдардың соңы – 2000 жылдардың басында елдің қоғамдық-саяси өміріне жаңа буын өкілдері – Азамат соғысы ардагерлерінің немерелері араласа бастайды. Демократия жағдайында өскен жас буын өкілдері елдің өткеніне баға беру ісінде құқық пен әділдік қағидаларына басымдық беретінін аңғартты.

Аталарының сүйегін тауып, қайта жерлеуді талап еткен азаматтар көбейді. Франкистердің құрбаны болған адамдарды анықтап, жер-жердегі бауырластар зираттарында эксгумация жасайтын арнаулы ұйымдар құрылды. Еріктілердің басын қосқан осындай ұйымдардың жұмысы «үнсіздік саясатын» бұзуға сеп болды. Мәйітті қазып алуды бақылап тұрған адамға бұл процесс қатты психологиялық әсер етеді; көп адамның көзінше, БАҚ-тың қатысуымен зиратты ашып, өлгендердің сүйегін көрсету – азалы жылдар туралы естеліктерді жаңғырту, ұмыт болғандарды еске түсіру, аза тұту, арулап қайта жерлеу, адал атын ақтап алу рәсіміне айналды.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылардың билікке қысымы күшейеді. Билік олардың талаптарына көнуге мәжбүр болды. 2002 жылы парламенттің конституциялық комиссиясы саяси қарсыластарды қудалауды айыптайтын декларация жариялады.

2007 жылы «Тарихты еске алу туралы» заң қабылданды. Заңда мемлекет Азамат соғысы жылдары және Франко режимі тұсында қарсыласушы екі тарапта да саяси, діни, идеологиялық сипаттағы зорлық-зомбылықтың болғанын мойындайды, сондай-ақ Франко режимін айыптайды делінген. Соғыс пен Франко режимінің құрбандарына, олардың ұрпақтарына өтемақы төленетін болды.

Билік франкистердің қылмыстарын Испаниядағы соттар арқылы айыптауға тырысқан белсенділердің әрекетіне кедергі келтірген жайттар болды. Бұған жауап ретінде, құқық қорғаушылар халықаралық құқық механизмдеріне жүгінді: 2010 жылы Испания мен Аргентинаның бірнеше құқық қорғау ұйымы бірлесіп, Буэнос-Айрес қ. сотына арызданып, Франко режимінің адамгершілікке қарсы қылмыстарын тергеуді талап етті. Қылмыстың бұл түріне қатысты әмбебап юрисдикция ережесі қолданылады, яғни оларды болған жерге (елге, аумаққа) қарамастан тергеуге рұқсат.

2018 жылы жас социалист Педро Санчес бастаған жаңа үкімет билікке келді. Жаңа премьер-министр Испания елде алауыздық тудыратын символдардан арылу қажет деп мәлімдеме жасады. Үкімет Франконың сүйегін эксгумациялау туралы шешім шығарады. 2019 жылы 24 қазанда Мадрид маңындағы «Қаза болғандар алабы» атты үлкен мемориалдық кешенде жатқан диктатордың сүйегін қазып алып, Франко ұрпақтары таңдаған басқа зиратқа жерледі.

Елдің Франко тұсындағы бастан кешкені туралы сөз болғанда, испан қоғамының әлі де ортақ бір мәмілеге келе қоймағаны анық.   

 

 

3. Оңтүстік Африка Республикасы. Әділдік пен кешірім

Жауласушы тараптарды бітімге келтіріп, ымыраластыру, бұрын болған қылмыстар туралы шындықты ашудың оңтүстікафрикалық моделін айтпай кетуге болмайды. Оны іштей бөлінген елдің өткені туралы шындықты айту, қарсыласқа, озбырлық көрсеткендерге кешірімді болу арқылы түсіністік табу, татуласу және елдің тұтастығын сақтап қалу жолындағы жүйелі әрекеттердің үлгісі деп қарастырсақ болады.

 Ел тарихында 1948-1993 жылдар аралығын апартеид кезеңі деп аталады. Апартеид (африкаанс apartheid – «бөлектеу, бөлек болу») – елде билікке келген Ұлттық партия жүргізген нәсілшілдік сегрегация саясаты. Ұлттық партияны жақтағандардың басым бөлігі африканерлер еді (тегі неміс, голланд және француз отарлаушыларының ұрпақтары). Апартеид саясаты заң жүзінде және әлеуметтік институттар деңгейінде елдегі халықтың үлкен төрт тобы арасындағы байланыстарға тыйым салған. Енгізілген нәсілшілдік классификацияға сай, ел азаматтары ақтар, қаралар, «түрлі түстілер» (аралас тектілер) мен азиаттар деген төрт топқа бөлінді. Аталған топтар өкілдерінің арасындағы некеге, тіпті жыныстық қатынастарға тыйым салынды. Халықтың 80% құраған қара нәсілділер ел аумағының небары 20% алып жатқан резервацияларға («хоумленд», «бантустан») көшірілді.

Ресми түрде мұны дискриминация емес, сегрегация деп таныған: қаралар азаматтық құқықтарынан айырылмады, дегенмен олардың бар құқықтары (білім алу, жұмысқа тұру, медициналық көмек, өзін өзі басқару т.б.) тек хоумлендтер аумағында ғана жүзеге асқан. Ақ нәсілділерге хоумленд аумағына кіруге рұқсат етілмеді. Ірі қалалар мен экономикалық орталықтар ақтарға тиесілі болды, ал қаралар тұрмысқа қолайсыз аудандарға ығыстырылды.

Биліктің ақ нәсілділерден басқаларға қарсы репрессияларына (соның ішінде күштеп қоныс аударту) жауап ретінде қара нәсілділердің саяси қозғалыстары бас көтеріп, бірте-бірте қарулы күреске шығады. Үкімет пен апартеид режиміне қарсы күресті басқарған ең танымал қайраткер – Нельсон Мандела.  Ол 1962 жылы ұсталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды; түрмеде 27 жыл отырып шығады.

Елде қақтығыс толастамады, оның өршіп, азамат соғысына ұласып кетуінен қауіптенген билік тығырықтан шығудың жолы ретінде еркін сайлау өткізуге көнеді. 1994 жылы өткен сайлау нәтижесінде Африканың ұлттық конгресі партиясы билікке келіп, Мандела елдің тұңғыш қара нәсілді президенті болды.

Сайлау дағдарыстан шығу жолындағы қадамдардың бірі ғана еді. Ендігі ретте элиталарға мәмілеге келу моделін, ал бұқараға – ымыраласу, бітісу формуласын ұсыну қажет болды. Көп ұзамай құрылған Шындық және бітімге келу комиссиясы (ағыл. TRC) «әділдікті шындыққа айырбастау» қағидасын басшылыққа алды. TRC-дің басты мақсаты кінәлілерді жазалау емес, болған қылмыстар туралы шындықты анықтау, осылайша мүдделі тараптардың бірін-бірі кешіруіне, тіл табысуына жағдай жасау. Кей сарапшылар бұл әдісті «ақиқатты тауып, ұжымдық катарсиске жету» амалы дейді.

Апартеид кезінде жапа шеккендер Комиссияға жүгініп, өздері қылмыскер деп білген адамдардан жауап алуды талап етуге құқылы болды. Ал Комиссия алдына келіп, адалын айтып, қылмысты мойындаған адамға амнистия жариялауға өкілетті еді (ол үшін Комиссия әлдебір қылмыс біреуді жек көргендіктен емес, саяси себептен болды деген ұйғарымға келуі тиіс еді). Осылайша апартеид заманындағы қылмыстар – жекелеген лауазымды тұлғалардың, орындаушылардың қызметін асыра пайдалануынан емес, сол кездегі мемлекеттік саясаттың салдарынан болғанын жеткізу қажет-тін.

Сондай-ақ бұл ұстанымды – өткен-кеткенді ұмыту мен айыптыларды толыққанды қылмыстық жазаға тарту арасындағы «орта жол» деп те сипаттаған орынды. Бұл жол бұрын жауласқан тараптарды жақындастыруға, арасында сенім орнатуға да сеп болғаны рас. Комиссия жұмысы ашық жүрді: БАҚ жүйелі түрде хабар таратып отырды; радиодан күн сайын Комиссия отырыстарынан тікелей эфирде мәлімет беретін бес сағаттық бағдарлама шығып тұрды. Комиссия жұмыс қорытындылары бойынша ашық есептер жариялап тұрды (бірнеше томы бар). Құрбандарға ақшалай өтемақы төлеу бағдарламасы әзірленіп, іске аса бастады.

Шындық және бітімге келу комиссиясын басқарған архиепископ Десмонд Туту мен ел президенті Нельсон Мандела кешірімді болу идеологиясын насихаттаған. Кешірімді болу мәдениеті африкалықтарға жақын убунту философиясымен тығыз байланысты. Убунту философиясы «адамның күні адаммен, өзге біреудің қорлық көргенін бойында убунту бар адам “демек, мен де қор болдым” деп түсінеді» деген қағиданы дәріптейді. Озбырлық танытқан және одан зәбір көрген тарап мүмкіндік туғанда бетпе-бет келіп, бір-бірін, ең алдымен, адам – өмірлері тығыз байланысты бір қауым мүшелері деп тануы, кешірім өтінуі қажет. Бұл қоғамда сенімді жандандырудың, әлеуметтік үйлесімдікке, татулыққа жол табудың алғышарты, ұжымдық травмадан құтылудың жаңа әдісі. «Кешіруге болмайтын нәрсені кешіру» концепциясы зерттеушілердің қағаз бетінде талқылап қана қойған идея емес, өмірде жүзеге асқан шынайы практика: істеген қылмыстары, біреуді қорлағаны, өмірін қиғаны үшін уақыт өте келе опық жеген, тәубеге келіп, жапа шеккендерден, марқұмдардың жақындарынан кешірім сұраған, олардың кешірімін алған ОАР азаматтары аз болмады.

«Әділдікті шындыққа айырбастау» моделі травмадан арылуға сеп болмады, ескі жара жазылмады, қайта қоғамда дау-дамай көбейді деп ойлайтындар да бар. Алайда осындай пікірталастарды, бұқара алдында тәубеге келу практикасын жалғастыру арқасында еркін дискуссия, демократиялық сана, саяси бағдарламалардың бәсекелестігі механизмдері жетіле түседі деп түсінген жөн.

Айта кетерлік жайт, ОАР-да апартеидті жою қарсаңында және оны жою барысындағы зорлық-зомбылық құрбаны болғандардың саны апартеид кезінде құрбан болғандардан әлдеқайда көп. Бірақ бұл апартеидті жоюдың пайдасынан зияны көп дегенді білдірмейді. Апартеид құрбандары, салыстырмалы түрде, азырақ болғанымен, олардың заңдастырылған, мемлекеттік саясат деңгейінде жүргізілген зорлық-зомбылықтың құрбандары болғанын естен шығармау керек. Ал 1980-1990 жж. зорлық-зомбылықтың күрт көбеюі – мемлекеттің іс жүзінде құлдырай бастағанының салдарынан. Бұған, бірінші кезекте, апартеид заманында қоғамда алауыздық тудырып, елді іштей бөлудің сеп болғанын мойындау қажет.

 

4. Польша. Азап шеккен ел

Өткеннің елесінен құтыла алмай жүрген елдер қатарында Польша да бар. Автор Польша моделін сипаттауда елдің социалистік жүйе тұсында бастан кешкені мен Польша еврейлеріне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік тақырыбына баса назар аударған.

Поляктардың бөлек халық ретіндегі танымына «азап шеккен ел» образы тән. Ел тарихының қаралы кезеңдерімен байланысты естеліктерге, биліктің сол естеліктерді қайта жаңғырту, өткен-кеткенді саралау моделінен де сыртқы күштерден – көршілес мемлекеттерден (Ресей, Германия, Австрия) жапа шеккен, азап тартқан халық бейнесі байқалады.

Польша алпауыттар арасында бірнеше рет бөлініске түсіп, оккупацияны бастан кешкен. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң елде неміс және совет оккупанттарына қарсы күрескен астыртын ұйымдар (подполье) мүшелерін қудалау, жазалау науқаны жүреді. Бұл іске поляктардың өзі де көптеп атсалысады. Коммунистік режим ықпалынан айырылған шақта елдегі саяси күштер өтпелі кезеңде мәмілеге келіп, жаппай люстрация (бұрынғы билікпен байланысы барларды мемлекеттік қызметтен шеттету, мемлекет басқаруға араластырмау) өткізбеуге, бұрынғы басшыларды жауапкершілікке тартпауға келіседі. Яғни коммунистік элита өкілдеріне позицияларын сақтап қалуға мүмкіндік берілді.

Люстрация туралы алғашқы заң 1997 жылы, оңшылдардың позициялары күшейген кезде қабылданған. Заңға сай, мемлекеттік қызметке тұрамын деген үміткерлер немесе қызметте жүрген лауазымды тұлғалар коммунистік режим тұсында қауіпсіздік органдарында жұмыс істемегенін не оларға ақпарат бермегенін растап декларация тапсыруға тиіс болды.

1998 жылы Ұлттық тарихты есте сақтау институты құрылды. Зерттеу жүргізу мақсатында, оның қарамағына коммунистік Польшаның арнаулы қызметтерінің бүкіл мұрағаттары берілді. Институтқа сот өкілеттігі де берілді, оның құрамына Поляк халқына қарсы қылмыстарға тергеу жүргізу комиссиясы кірді. 1998-2012 жылдар аралығында Институт 9200-ден астам істі тергеп (70% – коммунистердің қылмыстары, 20% – нацистердің қылмыстары), 400-ден астам адам сотқа тартылды. Институттың тағы бір маңызды функциясы – оқу-ағарту ісі: көрмелер ұйымдастыру, оқу бағдарламаларын, оқу құралдарын әзірлеу, көпшілікке арнап дәріс өткізу.

2000 жылдардың басында, жалпы алғанда, поляк қоғамы люстрация мәселесіне қайта-қайта оралудан, өткенді ақтарудан шаршаған сыңай танытқан. Ел тарихын сыни көзбен қайта пайымдауға деген белсенді ұмтылыстарға билік шек қоятын болды. Өйткені өзге тараптың емес, поляктардың кінәсін мойындау – ұлт болашағына балта шабуға барабар деген ұстаным үстем еді.

Қазіргі Польша – антисемитизм деңгейі өте жоғары елдердің бірі. Холокост Польша аумағында да болды емес пе, сондықтан бұл жайтқа жеке тоқталып өткен жөн. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елдегі еврейлерге нацистер ғана емес, поляктар да зорлық қылған, оларды қырып-жойған. Еврейлерді қорлау соғыстан кейінгі жылдарда да тоқтамаған. 1945-1948 жылдар аралығында Польшадан 100 мыңға жуық еврей кетуге мәжбүр болды.

Бұл мәселеге сыни көзбен қарайтын, танымдық мақсаттарды көздейтін жобалар (зерттеу кітаптары, мақалалар, көркем фильмдер) баршылық. Дегенмен қоғам көңіліне консерваторларға тән пайымдар мен ксенофобиялық ұстанымдар көбірек әсер етіп отыр. Еврейлерді өлтірген поляктардың жауапкершілігі тақырыбын көтерудің өзі қазір жұрттың ашу-ызасын тудырады. Биліктегілер қоғамның осындай көңіл күйін өз пайдасына асырып жүр: жауды жеңу, батылдық таныту секілді ұлтшылдық образдарды насихаттайтын тарихи сюжеттерге басымдық беріледі. Осы ретте Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан, содан кейінгі совет диктатурасынан зардап шеккен халық образын қастерлеу ұстанымы бар, осы ұстанымнан ауытқу, яғни ел тарихына сыни көзбен қарау – киелі нәрсені аяқасты етумен бірдей көрінеді.

Қоғам тарихы – адам өмірбаяны іспеттес. Сол өмірбаянның бірнеше тұсы жалған делік, осыны біле тұра алаңдамай қалмайтыныңыз анық. Себебі бүгін болмаса, ертең өтіріктің беті ашылады. Алға сенімді түрде қадам басу үшін қоғам өткеніне оралып, оны шындықтан қашпай қайта талдауы қажет! Жұртқа азап шеккен халық деген біржақты образды ғана насихаттаудың өзі қоғамды жаңартуға кедергі келтіреді.

 

5. Германия. Кінә және жауапкершілік

Тоталитаризм, мемлекеттің қылмысқа жол беруі, кінә мен жауапкершілік түрлері деген концепциялар дәл осы Германияда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде пысықталып, мән-мазмұны айқындала түскен. Vergangenheitsbewältigung («өткенмен байланысты қайғы-қасіретті еңсеру» / «преодоление прошлого») және Vergangenheitsaufarbeitung («тарихтың қаралы кезеңдеріне, ақтаңдақ тұстарына үңіліп, қайта пайымдау» / «проработка прошлого») – халықаралық терминге айналған неміс сөздері. Дегенмен Германияның осы саладағы тәжірибесін асыра бағалау байқалады: осы ретте, шын мәнінде, айтылмай жүрген жағымсыз, келеңсіз сюжеттер аз емес.

Соғыста жеңілген нацистік Германияның бір топ басшысын жауапқа тартқан Нюрнберг трибуналы – шындық пен әділдік орнату процесіндегі ең елеулі оқиға. Барлығы 13 трибунал өткен. Үшінші рейхтың жетекшілері мен басты соғыс қылмыскерлерінің ісі   1945 жылдың қарашасы – 1946 жылғы қазан аралығында өткен бірінші трибуналда қаралған. Сотқа тартылған 21 айыпталушының 12-сі өлім жазасына кесілді. Қалған 12 процесте 5 мыңнан астам адамға айып тағылып, 800-ден астамына сот өлім жазасын берді.

Бір жағынан, бұл процесс – қылмыскерді жауапқа тарту қағидасының, заңның үстемдік құрғанының үлгісі. Екінші жағынан, Нюрнберг – жеңгендердің сот ашып, дегенін істеткен процесс. Мәселен, сот ісіне қатысқан тараптардың жарыспалылығы принципі сақталмады, одақтастардың қылмыстары қаралмады, сотқа тартылған айыпталушыларды анықтауда алалық болды (мысалы, Үшінші рейхтың танк әскерін құрған, 1945 жылы бас штабты басқарған Гейнц Гудериан сотқа куәгер ретінде қатысып, 1948 жылы босатылып,  1950 жылдары канцлер Конрад Аденауэрдың кеңесшісі лауазымына тағайындалған).

Нюрнберг трибуналдары – әділдікті орнатуға сыртқы күштер атсалысқан, сыртқы күштер ұйымдастырған процесс. Сол шақта жалпы герман қоғамында нацистердің құрбандары алдындағы жауапкершілік мәселесі көтерілмеді. Қатардағы немістер өзін соғыс құрбаны деп білген.

Қоғамды нацистердің сыбайластарынан тазартуды («залалсыздандыру») көздеген денацификация саясаты көп жағдайда шын кінәлі болғандарды түрлі айла-шарғылар көмегімен (пара беріп т.б.) ақтап алудың құралына айналған. Ал Шығыс Германияда (ГДР) бұл процесс жаңа репрессияларға себепші болды.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары неміс қоғамының кінәсі мен жауапкершілігі мәселесін көтеріп, осы тақырыпта пікірталастың, жан-жақты дискурстың өрбуіне бәрінен бұрын елдегі зиялылар (Олик, Манн, Ясперс, Брехт, Адорно, Барт, Хайдеггер және Арендт) түрткі болды. 1945 жылы мамырда Томас Манн Конгресс кітапханасында (АҚШ) сөйлеген сөзінде: «Германия, біріншісі жақсы, ал екіншісі зұлым дегендей, екеу емес, Германия біреу... Зұлым Германия дегеніміз – адасып, жамандық жолына түсіп, бәлеге қалған жақсы Германияның нағыз өзі... Сондықтан неміс болып туған адам тарихи күнәға батқан зұлым Германиядан безіп кете алмайды...», – деген мәлімдеме жасаған.

Аденауэр үкіметі ескі элита өкілдерін жаңа демократиялық мемлекет құру ісіне араластыру («реинтеграция») саясатын жүргізген; осылайша, бір жағынан, білікті мамандар тапшылығы проблемасын да шешу көзделген. Нәтижесінде, 1950 жылдары елдегі шенеуніктердің 20-60% Үшінші рейхтың бұрынғы қызметкерлері қатарынан еді. Канцлер халық алдында сөйлеген сөздерінде елдің өткенін анық сынауға бармады, алайда нацистердің қылмыстары туралы ашық айтуды, ақпарат таратуды құптаған. Бұған қоса, нацизмнен зардап шеккен елдерге репарация төлеу саясатын іске асыра бастайды. Аденауэрдың «ілгері басу үшін өткенді ақтара беруді қою керек» дегенге саятын ұстанымын, жалпы қоғамның сол шақтағы көңіл күйін «коммуникативті үнсіздік» деп сипаттайды (Испаниядағы «үнсіздік пактына» ұқсас).

Елдегі қоғамдық пікірдің бұрынғы нацистерді толыққанды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деген ұстанымға бет бұруына әсер еткен бірден-бір тарихи оқиға – 1961 жылы Адольф Эйхманды Иерусалимде сотқа тарту. 1963-1965 жж. Франкфуртта Аушвиц лагерінің бұрынғы басшылары мен күзетшілеріне қарсы сот процесі өтті (Франкфурт процесі). Артынша басқа да концлагерьлердің бұрынғы қызметкерлеріне қарсы соттар ұйымдастырылды. Бұл сот процестері қалың бұқара назарын концлагерьлер тарихына аудартады. Лагерь болған аумақтарда мемориалдар ашыла бастады. Нацизм құрбандарының құқықтарын қорғаған азаматтық бастамалар мен үкіметтік емес ұйымдар көбейді.

1960 жылдардың соңына таман өткеннің мұрасын қайта қарау мәселесі елдің саяси өмірінде ендігәрі үндемей қалуға болмайтын бір айқын факторға айналды. 1970 жылы 7 желтоқсанда канцлер Вилли Брандт Варшаваға сапары кезінде геттодағы көтеріліс құрбандарына арнап тұрғызылған ескерткіш алдында тізе бүгіп тағзым етті. 1980 жылдары елдің нацистер тұсында бастан кешкені туралы талқы ғылыми, мәдени, саяси өмірдегі, білім беру ісіндегі дискурстың ажырамас бөлігіне айналды. Халықтың өз тарихы туралы ортақ нарратив қалыптастыруына айтарлықтай үлес қосқан күш – Америка кинематографы («Холокост» к/ф, 1979 ж., реж.М.Чомски; «Шиндлер тізімі» к/ф, 1993 ж., реж. С.Спилберг).

Өткен-кеткенді саралаудағы Германия тәжірибесінен елдің біртіндеп монолог моделінен (мемлекеттің өзін мақтап-мадақтауы, жетістіктерін алдыңғы планға шығаруы) – өз тарихына сыни көзбен қарап талдаудан көрінетін диалог моделіне көшкені аңғарылады.

Буын ауысады, елдің бастан кешкені туралы пайымдарды әр буынға түсінікті тілмен баяндаған абзал. Осымен болды, Германия бұл істе жетістікке жетті деп қорытынды шығару ағаттық: бұл аяқталған жұмыс емес, бұл ұдайы күш жұмсауды талап ететін үздіксіз процесс.

 

6. Жапония. Құбылған көңіл өткен туралы естеліктер

Біз осы уақытқа дейін жалған сөйлеп келдік, алған бетімізден қайтпай, әлі де солай істеуге мәжбүрміз. Ұрпақтар сабақтастығын бұзбаймын деушілер бар ғой, олар соғысқа дейінгі кезеңдегі Жапонияның еш кінәсі жоқ екенін алға тартады. Алайда Жапония кінәлі. Осыны мойындауымыз қажет.

Хаяо Миядзаки

Жапонияда, 70 жылдан астам уақыт өтсе де, Екінші дүниежүзілік соғыс және сол кездегі қылмыстар туралы естеліктер әлі көмескі тартпаған. Өткен-кеткенді саралаудың жапон моделінің басқалардан ерекшелігі – мұнда кінәні мойындау элементтері мен «сол кінәні жуып-шаятындай азап шектік қой» деген ұстаным қатар жүреді.

Саясаттанушы Рудольф Руммельдің есебіне сай, 1937-1945 жж. Жапонияның әскери режимі қолынан 6 млн-ға жуық адам қаза тапқан (Қытай, Индонезия, Корея, Филиппин, Үндіқытай тұрғындары мен Батыс елдерінің азаматтары – тұтқындар).

Соғыста тізе бүккен Жапония Американың оккупациялық әкімшілігінің қарамағына өтті. Әскери агрессия үшін жауапкершілік елдің императордан басқа басшыларына жүктелді. Олар арнайы құрылған халықаралық трибуналда (Токио процесі) жауапқа тартылды. Император Хирохитоның сотқа куәгер ретінде қатыстырылмағаны былай тұрсын, тіпті оның есімі де аталмады.

Жапон қоғамында ұзақ жылдар бойы бұл тақырыпты көтеруге тыйым салынған. Іс жүзінде егемендігінен айырылған елге өткенімен бетпе-бет келіп, ешкімге жалтақтамай есеп айырысу қиын-ақ. Оның үстіне жоғарғы билікті ұстап отырған тұлғаның өзі жауапкершіліктен босатылған шақта қатардағы жапондықтар бұл сұраққа бас қатырып қиналуға аса құлықты болмады.

1950 жылдары Жапония бұрынғыдай оккупацияланған мемлекет емес, АҚШ-тың кіші одақтасы, өңірдегі маңызды әскери-саяси серіктесі мәртебесіне ие болды. Экономикасы қалпына келген ол көршілес елдермен қарым-қатынасын жақсартуға ден қойды, репарация төлеп, экономикалық көмек көрсете бастады. Экономикалық өсім мен демократизация процестерінің өріс алуы арқасында ел тарихының қаралы кезеңдері туралы ашық пікір білдіргендер, үкіметтің оқулықтарды цензурадан өткізуіне наразылық танытып, сотқа арызданғандар қатары көбейді.

1960-1970 жылдары жапон халқы – сыртқы агрессия (АҚШ) құрбаны деген нарратив кең тарала бастады. Оның басты символы – Хиросима еді. Хиросиманың алдыңғы планға шыққанынан-ақ тарихы жады «елдің өткені туралы объективті шындық» емес, ол – саяси конструкт екеніне көз жеткіземіз. Осы ретте Жапония аумағында ең жойқын бомбалау Хиросима мен Нагасакиде емес, 1945 жылы наурызда Токиода болғанын көп айта бермейді (сол кезде 100 мыңға жуық адам қаза тапты). Хиросиманы бомбалау салдарынан көз жұмған өзге ұлттар (мысалы, корейлер) туралы айту мәселесіне келгенде де жағдай осындай.

Естеліктердің жаңа қарқынмен қайта жаңғыруы, елдің өткені жайлы даулы дискурста жаңа баланс табуға деген ұмтылыс кезеңі – 1980-1990 жж. 1989 жылы император Хирохито қайтыс болды. Сол жылы Нагасаки қаласының мэрі Хитоси Мотосима ұзақ уақыт бойы ашық талқыланбаған мәселеге қатысты пікір білдіріп, императордың жауапкершілігі жөнінде мынадай мәлімдеме жасайды: «Соғыстың аяқталғанына, міне, 43 жыл толды. Оның шығу себептері турасында ой толғауға бізде мүмкіндік жеткілікті болды. Өз басым шетел деректерін көптеп оқыдым, оның үсіне мен әскери дайындықтан өткен азаматпын. Сондықтан сол соғыс үшін жауапкершілік императордың мойнында, сол кезде жасаған біз де, баршамыз жауаптымыз деп ойлаймын».

Жалпы, Жапонияның осы саладағы ұстанымы екіұдай. Бір жағынан, әлемдік экономикаға интеграцияланған бұл мемлекет әдеп сақтап (қалыптасқан стандарттарға көніп), Қытай, Корея мен Вьетнамға қарсы агрессиясы үшін кінәсін мойындауға мәжбүр, осы орайда Батыс елдері де Жапонияға «қысым» көрсетіп қояды. Екінші жағынан, аталмыш елдермен бәсекелестік тағы бар, бұл жайт Жапонияға өзіне тиімді, «өзін қорғап қалатын естеліктерден» бас тартып, көршілермен қарым-қатынас тарихын қайта пайымдауға жол бермей отыр.

 

 

III бөлім. СИНТЕЗ

Бұл бөлімде автор бұрынғы тарауларда сипатталған әдіс-амалдар мен жаңа сюжеттер негізінде өткен-кеткенді қайта пайымдау, ел душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралау, оның салдарына баға беру (қасіретті еңсеру) сценарийлері мен механизмдерін жинақтап қорытып, талдау жасаған. Ресей контекстіне сай ұтымды стратегиялар ұсынған.

Эппле осы орайда мәдениеттің рөлі ерекше екенін атап өтеді. Тарихи құбылыстарды ой елегінен өткізіп, қайта пайымдау процесі тек саяси және қоғамдық өмірмен ғана шектеліп қоймайды. Бұл процесс бейнелеу өнері, әдебиет пен кино, бұқаралық мәдениет кеңістігі мен медиада да жүреді: жалпы, өнерді өткен кезең туралы естеліктерді жаңғырту, ой салу, травманың деструктивті әсерінен арылу, іштей бір бәтуаға келу, тыныс-тіршілікті бір қалыпқа келтіру, өткен мен бүгінгіні байланыстыру құралы деп бағалайды.

Өнер туындыларының осы үрдіске сеп болғаны, қоғамда серпіліс тудырғаны жайлы мысалдар жетіп артылады (суретші Зоран Музичтің картиналары, Альбер Камюдың «Оба» романы, Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» еңбегі, Тенгиз Абуладзенің «Тәубеге келу» фильмі, Юрий Дудьтің «Колыма» деректі фильмі, венгр жазушысы Петер Эстерхазидің «Harmonia Caelestis» романы, жапон манга комикстері т.б.).

Тарихтың қаралы кезеңдеріне, ақтаңдақ тұстарына қайта үңілу – болғанды еске алу шарасы ғана емес, бұл жұмысты әлеуметтік институттар аясында бір саяси жүйеден басқа жүйеге (авторитаризмнен, диктатурадан – демократияға) өту басталғанын білдіретін процесс деп түсінген жөн. Демек, бұл мемориалдар салу, оқу-ағарту шараларын ұйымдастыру жағындағы жұмыстар ғана емес, бұл нағыз саяси жұмыс. Алайда оны мемлекеттік құрылымдарға ғана тапсырып қоюға болмайды. Осы процесті өтпелі кезеңде, яғни демократизация жағдайында толық күшімен іске асыруға қажетті субъект – қоғамның белсенді, жауапкершілігі мол топтары: шындықтан қашпайтын, мифтердің жетегінде кетпеген, айыптың бәрін оппоненттерге жаба салудан аулақ тараптар.

Осы ретте мемлекет тарапынан болған қылмыс құрбандарына өтемақы төлеу жөніндегі келіссөздерді – елдің бастан кешкенін ой елегінен өткізіп салмақтаудың аса бір маңызды тетігі деп қарастыруға болады. Компенсация төлетуді көздейтін келіссөздер барысында жәбір көрген тараптардың әлеуметтік-саяси субъектілігі айқындала түседі, олар өзін мүддесі, мұң-мұқтажы бір қауым, дара қоғамдық-саяси күш деп тани бастайды. Мұны – моральдық проблемаға саяси, прагматикалық тұрғыдан қарап, тараптардың талаптарын орындау, олардың мүдделерін ескеріп, бір байламға келу жолы десек болады.

Ұзақ жылға созылған диктатура салдарынан мемлекет пен азаматтар бірін-бірі жек көріп кетеді. Мемлекет халықты алға қойған мақсатқа жету үшін жұмылдырылатын ресурс қана деп біледі. Ал халықтың басым бөлігі ойын ашық айтып, наразылық танытуға қорқады, өз пікірі, ұстанымы мен мемлекет әрекеті арасында байланыс бар екенін мойындауға құлықсыз, «биліктің ашуына тимей, тыныш отырайын» деген күйде жүреді. Ресейде КСРО ыдырағаннан кейін өсіп-өнген алғашқы еркін ұрпақ елдің қоғамдық-саяси өміріне 2010 жылдары араласа бастаған. Авторитарлық үрдістердің күшеюі салдарынан, олар жүйелі жария саясат алаңынан шеттетілді, бірақ үнсіз, әрекетсіз қалмады. Құқық қорғау, қайырымдылық, білім беру, өнер салаларында мемлекеттен тәуелсіз жобалар мен бастамалардың етек жаюы – осы жаңа ұрпақтың арқасы.

Өткеннің травмасынан (қайғы-қасірет) толық айығу, жазылу мүмкін емес, өйткені ол адам өмірін түбегейлі өзгертеді, сол себепті оны мүлде болмағандай қылуға келмейді: терапия мақсаты – травманың адамның бүгінгі өміріне келтіріп тұрған залалын жою, теріс әсерін басу (болғанды саналы түрде ұғыну, қайғыру, аза тұту, адамның осы күйдегі, яғни өмір өзгергендегі жаңа болмысын қабылдауға, өмірден мән жоғалтпауға бағыт-бағдар беру). Өткен мен бүгінгінің арасына меже салып, маза бермей жүрген елестерден құтылатын жаңа кезеңді анық белгілеу қажет.

Кейде бірдей, кейде бөлек, енді бір кезде бір-біріне қарама-қайшы өрбіген режим тарихын, ел, қоғам, азаматтар тарихынан ажырата талдаған абзал. Сонда өткеннің ащы шындығын қабылдау соншалық қиын болмас. Сонда өткенді сынау, өкіну, мен оған қарыздар болу, алғыс білдіру құбылыстарының бірін айтса, қалғанын жоққа шығарғандай кереғар емес екенін түсінесіз.

Қылмыскерлерді анықтап, жазаға тартуға, олардың ұрпақтарын қаралауға емес, болған жайттар қайталанбайтындай жағдай жасауға күш жұмсаған дұрыс. Бұл процесте кінә мен жауапкершілік ұғымдарын ажырата білген жөн. Атасының қылмыстары үшін ұрпақтарын кінәлау дұрыс емес – тұқым қуалайтын қылмыс гені (генетикалық кінә) жоқ, алайда өткен-кеткен әрекеттер үшін жауапкершілік бар: ұрпақтар аталарының өмір жолы, қызметі, істері, шығарған шешімдері туралы шындықты айтудан қашпағаны абзал.

Әділ сот жоқ, әділдік орнамаған жағдайда белсенді азаматтар болған қылмыстар жайлы айғақтарды, куәгерлер берген деректерді, құрбандардың аты-жөнін жария етуді міндет санайды. Бұл қадам «болған оқиғалар туралы тіс жармай жүре бергеніміз жарамайды, осылай болды, кінәлілер осы, жапа шеккендер міне, енді осының бәрін саралап, алға жылжу жолдарын бірге іздестірейік» деген логикаға құрылған үдерістің алғышарты.

Автор Ресей ерекшеліктерін ескере отырып ұсынған модель (елдің өткені мен бүгінгісі арасына меже салып, тарихты қайта пайымдау моделі) төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс:

  1. Аталған процесті «Нюрнберг моделіндегідей» сыртқы күштер ықпалымен емес, іштей жүргізу қажет;
  2. Көзі тірі қылмыскерлер қалмады, сондықтан оларды жазаға тартуды емес, жауапкершілік жайын талқылау керек;
  3. Бұл үрдіске түрлі қоғамдық-саяси күштер араласуы тиіс. Мүдделі тараптар елдің өткені жөнінде ортақ ұстаным айқындап, ымыраға келуі қажет;
  4. Болған қылмыстар туралы ақпарат жасырын қалмай, барынша жариялануы қажет.

Осы талаптарға сай келетін оңтайлы модель – шындықты ашу және бітімге келу комиссиясына ұқсас институт құру. Шындық комиссиясы моделі – әлемнің біраз елі қолданған, осы салаға қатысты көптеген практикаларды біріктірген механизм. Мұндай комиссия белгілі бір уақыт аралығында болған бір емес, бірнеше оқиғаға тергеу жүргізеді (болып жатқан емес, өткен-кеткен жайттарды қарайды). Комиссия уақытша құрылады, мақсаты – тексеру қорытындылары бойынша есеп әзірлеу. Комиссияға мемлекет тиісті өкілеттік береді.

Комиссия – сот емес. Дегенмен, құқықтық тұрғыда өкілеттігі шектеулі болғанымен, мандаты ауқымды: ол сот қарауынан тыс қалған жайттарға тергеу жүргізіп, қорытынды шығаруға өкілетті. Репрессияларды ұйымдастыруға қатысқан, соған жол берген тараптарды – мемлекеттік институттарды, әскерилер мен полицияны, керек болса, тіпті сот жүйесін де – жауапты деп тануға құқылы.

Шындық комиссиялары қоғамға мүлде беймәлім жайттарды, әлдебір жаңалық ашуды көздемейді. Олардың міндеті – болған қылмысты болды деп көпшілік алдында мойындау фактісін заңдастыру. Мұндай комиссия қоғамда татулық орнайтынына, болған сұмдық енді қайталанбайтынына кепілдік бермейді.

Көп жағдайда «өткенді қазбалап қайтеміз» деген сөздің ар жағында конфликт реттелмеген, оны реттеудің орынды, заңды амалдары әлі табылмағаны білініп тұрады.

Сот арқылы әділдік орнату мүмкін болмаған жағдайда, құрбандарды қорғап қалу, қайтқан адамдардың адал атын ақтап алудың жалғыз жолы – болған қылмыстың мән-жайын мүмкіндігінше толық анықтау, қылмыскерлер мен қылмысқа қатыстылар туралы бар шындықты ашу. Мұны жүзеге асырудың бір нәтижелі жолы – шындық комиссиясына жүгіну.

Қылмыскерлердің атын жария ету дұрыс па? Шындық комиссиясының тергеуі барысында, тергеу қорытындысы бойынша әзірленетін баяндамаларда қылмыскерлердің есімін жариялау ортақ практикаға айналып келе жатыр. Қатысы бар тұлғалардың атын атамай шындықты ашу мүмкін емес. Әрбірден соң, комиссия мақсаты – академиялық баяндама дайындау емес, фактілерді анықтау, олардың болашақта қайталанбауына сеп болу. Бұл міндетті абстрактілі түрде, яғни бар ақпаратты ашпай орындау мүмкін емес. Адамның қылмыс жасағаны анық болса, әсіресе ол әлі күнге дейін ресми лауазымды тұлға, жетекшілік қызметтегі біреу болса, оның атын атамаса болмайды.

Ресей қоғамында совет терроры жайында ашық пікірлесуге деген сұраныс жоғары. Алайда мемлекеттен өтемақы талап етіп, қоғамдық-саяси алаңда құқықтарын қорғап жүрген азаматтар (террор құрбандарының ұрпақтары) жоқтың қасы. Елде саяси әрі қоғамдық институттарға сенім аз, бұл саяси әрі азаматтық апатияға әкеп соқтыра алады. Совет терроры туралы білімді Америкадағы құлиеленушілік немесе Холокост сынды этикалық-құқықтық-мемориалдық құбылысқа айналдырса, Ресей мен посткеңестік мемлекеттердің құқықтық-саяси мәдениеті әлдеқайда дами түсетін еді.

Ұлтты өзгелерден ерекше етіп тұрған бірегейлік белгілерінің жиынтығы жалған нәрселерге, елдің өткенін сараламай, үнсіздік сақтау ұстанымына құрылған болса, мұндай ұлт ұдайы артқа қарап жалтақтаумен, өзгелер не айтар екен деп алаңдаумен, әшкерелеп жібере ме екен деп қорқумен болады. Жауапкершілік мәселесін өзі көтеріп, ол туралы ашық айта бастаған ұлт осындай қорқыныш сезімінен арылады.

Мазмұндаманы дайындаған

Ерлан ЫСҚАҚОВ

 

2699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы