• Мәдениет
  • 25 Тамыз, 2022

АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

Қазақтың заманалық ұлттық музыка өнері сан-салалы, кемел. Оның ішінде халықтық ән мен күй, терме-жыр, қара өлең сияқты тамырлы дәстүрлеріміздің жөні бір басқа, ал  солармен қатар әлемдік өркениеттен жұғысты болған опера, симфония, камералық музыка, хор, эстрада дегендейін бір қауым көшелі жанрларымыз да бар. Әуелгі тегі еуропалық болғанымен өткен ғасырдың ширегінен асатын өтпелі кезеңде қазақ топырағына дарып өркендеп өне бастаған осынау традиция бұл күнде ұлттық рең алып, қазақтың кәсіби өнерінің іргетасын қалап отыр. Сол себеппен классикалық музыка елдің тұрмысы мен сана-сезімінің бір бөлшегіне айналған. Бүгінгі айтар сөзіміз ұлттық опералық өнер мен классикалық вокал мектебінің майталманы, ақтаңдай әнші Кенжеғали Мыржықбай туралы болмақ. 

Қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде мынадай шағын эпизод кездеседі. Халық әні «Япурайды» қадірменді қария домбырамен қоңырлата орындайды, сол кезде оның әнші ұлы, консерваториялық білім алған маман (рольді атқарған Ермек Серкебаев) сол әнді ария формасында қайта орындайды да «Өнер атаулының атасы – опера!» дегендей астам сөз айтады. Сол кезде ашуға булыққан қария кейіп тастайды, «дала сазына не жетсін» дейді... Халықтық дәстүр мен классиканың жалғасты өнер екенін, олардың арасында орындаушылық  айырма болғанымен әуелгі сарыны әманда алдыңғы қатарда екенін ұлы режиссер Шәкен Айманов кейінгі ұрпаққа емеурінмен айтқандай болады. Ал, енді халықтық та, европалық та мектепті көпшілік көңілін жатырқатпай, жадырата алатын әншілеріміз аз екенін мойындағанымыз жөн. Өзімізді алдарқатқандай болмайық, кейде европалық машыққа қалыптасқан көп әншілеріміз қазақы тілді, интонацияны ескермейді. Әлбетте, қазақ әнінің қай жанры болса да топырақтан дамитыны сөзсіз, сондықтан тыңдарман орындаушыдан таза, тұңғиық өнер қалайды. Осы ретте ойға әнші Кенжеғали Мыржықбайдың шығармашылық ғұмыры, оның аса қатал принциптері мен мақсаттары түсе кетеді. Жоғарыдағы айтқан сөздеріміздің жауабы да шешіле кетеді, себебі ол классикалық білім алған вокал шебері бола тұра қазақы нақышты мейлінше дамыта білген және оны тенорлық мектептің бір тәжірибесі ретінде қалыптастыра алған кәсіби педагог әрі әдіскер. Кенжеғали­дың концерттік қайраткерлігін барлаған адам оның италияның аспандауыс әндерін, еуропа мен орыс композиторларының ән-романстарын аса сергек профессионализммен орындай отырып, Абай, Біржан, Ақан, Естай, Мұхит сынды ірілердің саздарын да жүрек тебіренте шырқайтын талантын аңғарар еді. Ал енді классикалық стильде жазылған қазақ композиторларының туындыларын орындағанда атқарған шығармасының  интерпретациясынан оның өз жүрегінің лүпілін сезе аламыз. Кенжеғали әнді дауыспен емес жүрекпен орындайтын сирек дарын.

Кенжеғали әнші кезінде зама­нымыздың заңғар композиторы Сыдық Мұхамеджановпен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды. Сазгердің көптеген туындыларын радиоға жазды, үлкен концерттерде шырқады. Осы күні сазгердің «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» романсының ең үздік орындаушысы Кенжекең екенін зиялы тыңдарман мойындайды, оның себебі композитор мен әншінің шығармашылық тұғырында деп ой түюге болады, оның үстіне алдыңғы буын алыптардың өкшесін басқан «көзкөрген» өнерпаз ғой. Кенжекеңнің Еркеғали Рахмадиев, Кенжебек Күмісбеков, Ілия Жақанов секілді алыптармен шығармашылық қатынаста болуы, сол арқылы қазақтың ұлттық вокал өнерінің репертуарын байытқаны бөлек тақырып. Әрине, Абай атындағы опера және балет ­театры сахнасында ұлттық операларда кездесетін әндер мен арияларды атқару барысында шығарманың нағыз шырқау шыңын әншінің қазақы сарынмен өрнектеуі, оған сай актерлық ойынды да өз жанынан өрелестіруі кезінде кәсіби ортадан өз бағасын алған өнер болатын, Кенжеғали Мыржықбайдың операдағы жұлдызының жарқырауы осынау азаматтық істері арқылы танылды.

Абайдың өзінің әндері мен ақын сөзіне қазақ композиторлары жазған шығармаларын қоса есептегенде, Кенжеғали Мыржықбайдың орындауын­да бас-аяғы 25 ән бар. Ал «Пушкин-Абай» бағдарламасында Пушкиннен – 12, ал Абайдан 13 ән орындаған. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай Абай әндері мен ақын өлеңдеріне жазылған қазақ композиторларының вокалдық шығармаларын Абай ТВ арнасы түгел таспаға жазып алған. Кенжеғали Мыржықбай өзі өнері арқылы Абай шығармашылығын әлі күнге насихаттап келеді. «Алғаш Б.Жылысбаев ағамыз орындаған М.Маңғытайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», М.Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романстарын орындауға кез келген әнші тәуекел ете бермейді. Ақын өлеңдеріне жазылған С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», Н.Тілендиевтің кең диапазонды «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» романстары да өте сирек орындалады. Т.Шапайдың «Есіңде бар ма, жас күнің» әні мен М.Ыбыраевтың «Қансонарда» желдірмесін алғаш рет мен орындадым. Ал Абайдың өзінің «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қаламқас», «Сегіз аяқ» әндерін рояльге түсіріп айттым. Неміс ақыны Гетенің өлеңін Лермонтов «Горные вершины» деп тәржімаласа, мұны Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударып, музыка жазды. Германияға барған сапарымда сүйемелдеусіз мен осы әннің бір шумағын немісше, бір шумағын орысша, сосын қазақша орындадым» дейді әншінің өзі.

– Кезінде Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеде бірге оқыған Кенжеғали Мыржықбай ініміздің өзім көзім көріп,  құлағым естіп, куә болған екі гастрольдік сапары туралы тоқталмақпын. Совет одағы дәуірлеп тұрған кезде 1983 жылы Мәскеудің  «Колонналар залында» КСРО халық артисі Мұқан Төлебавтың туғанына 70 жыл толуына орай композитордың «Біржан – Сара» операсының концерттік нұсқасы көрсетілді. Орындаушылар –Мемлекеттік симфония оркестрі, Бақытжан Байқадамов  атындағы хор капелласы Біржан – Абай атындағы опера және балет театрының жас солисі Кенжеғали Мыржықбай, Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Алма Оспанова, операны дирижерлық еткен Төлепберген Абдрашев. Сол мәдени шараға КСРО Мәдениет министрі, Бүкілодақтық композиторлар одағының мүшелері, өнер адамдары, зиялы қауым қатысты. Бұл концерттік қойылым бүкіл одақтас 15 республикаға тікелей эфир арқылы көрсетілді. Мен онда Қазақ телевидениесінің музыкалық редакциясында редактор ретінде осы үлкен іске жауапты болып басы-қасында болдым. Бұл опера Мәскеу төріндегі атақты концерт залында абыроймен өтіп, республикамызға үлкен олжа салды. Бірнеше айдан кейін КСРО Мәдениет министрлігінің шешімімен бұл опера Германияға баратын ­болып бекітілді. ­Сонымен бір жыл бойы спектакльдің ­декарациясы мен костюмдері жаңартылып, солистерін іріктеді. Бірнеше құрамда орындаушылар тыңдаудан өтіп кімдер орындайтыны анықталды. Сонымен, Біржан – театрдың солисі Кенжеғали Мыржықбай, Сара – КСРО халық артисі атақты әнші Роза Жаманова, дирижеры Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театрдың бас хормейстрері Базарғали Жаманбаев болатын болып бекітілді. Германияның төрт қаласы Берлин, Дрезден, Лайпцих, Штат – Халле опера театрында Кенжеғалидың Біржан образын тамаша сомдап, өнер сүйерлердің ықыласына бөленгеніне де куә болдық. Қазақ операсының інжу-маржаны Мұқан Төлебаевтың музыкалық туындысы батыс елінде өте жоғары бағаланып, үлкен табыспен өтіп, театрдың шығармашылықұжымы аман-есен елге оралды. Сол шетелдік гастрольден мақтау естіп келген Кенжеғали концерттік бағадарлама дайындап, жалпы халыққа танымал бола бастады. 1990 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясы музыкалық комедия кафедрасының меңгерушісі болып тұрғанда университетке сабақ беруге шақырып, бірнеше жыл бірге қызметтес болдық. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнайы концерттік бағадарлама дайындап, республиканың барлық облысында алыс-жақын шет елде жеке концертімен гастрольдік сапарда болып, ақынның музыкалық мұрасын наихаттағанын да ел біледі. Ютубтан осыдан 39 жыл бұрын Москваның атақты «Колонналар залында» болған «Біржан – Сара» операсынан айтыстың видеосын көріп, сол жылдар көз алдыма келгендіктен жазған бір үзік сыр еді. Айтпақшы, биыл 2022 жылғы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына Кенжеғали Мыржықбай да ұсынылғанын газеттен оқып, кәдімгідей қуанып қалдық! Қанша жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан халықтың сүйікті әншісі Кенжеғали Мыржықбай ініміз бұл сыйлыққа бірден-бір лайық азамат деп есептейміз. Қанша жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан халықтың сүйікті әншісі Кенжеғали Мыржықбайдың «Жүрегім, нені сезесің?» атты концерттік бағдарламасы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық! – дейді өнер саласының майталманы, профессор Мақсұт Жүніс.

Әрине, әлемнің дәм мен тұз тартқан сан түкпірінде әр тілде «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін орындаған жалғыз және дара әнші Кенжекең екеніне ешкім дау айта алмас. Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлыққа түскен Кенжеғали Мыржықбайдың «Жүрегім нені сезесің?» концерті аталған сыйлыққа әбден лайық шығарма деп есептейміз.

Жанғали ЖҮЗБАЕВ

1476 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы