• Әдебиет
  • 25 Тамыз, 2022

«Желқайық» желкенді емес, жетелі жолға қол бұлғайды

Жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Қилы тағдыр» романдар топтама­сының ішіндегі «Желқайық» романын оқығанда соцреализмнің құрсауымен айтылмаған тағдырлар, ашылмаған аралдарға тап боласыз. Мұнда бұрынғы «жағымды кейіпкер», «жағымсыз кейіпкер» деген жоқ. «Жағымдысы» жағымсыз, «жағымсызы» жағымды болып көріне беретін боямасыз өмірдің өзі. Адамдардың жан дүниесі алақандағыдай айқын көрініп, кең ауқымда барынша көркем, бай тілмен шебер ашылған. Бағзы кездерде деректі зерттеулермен, публицистикалық пайымдармен айтылса да әдеби көркем образдармен әдіптелмеген, сондықтан да көптеген саналарға жетпеген, ұғылмаған дүниелер алдыңнан лек-легімен көрініс береді. Оның ішінде даналық та, надандық та, қулық та, сұмдық та, ақымақтық та, ақылдылық та, сұм-сұрқиялық та апаларымыздың сандыққа бүктеп салып қойған дүниелеріндей қабат-қабатымен шыға келеді. 

Ауылда жүріп қайдағы бір журналдардан суретін көрген париждік аристократ әйелдердей боламын деп тыраштанған желөкпе әйелдің тағдыры бұрын-соңды қазақ әдебиетінде көрінбеген құбылыс. Сүйген жігіті соғыста қаза болғанда сезімтал қыз бұл дүниенің тәлімін тәрк етіп, басқа әлемге, бөтен болмысқа ұмтылады.

Үстіндегі киімімен ғана емес, ой-санасымен, бітім-күтімімен, қылық-былығымен бұл әйел шексіз еркіндікке беріліп, қазақ ортасының шектеулеріне, қалыптасқан қағи­даларына, ырым-жырымына пыс­қырмайды. Жұрттың үріккеніне, әпенді санап мүсіркегеніне де мән бер­мейді. Кейбір еліккіш жастар өзі қызығатын образдарды сыртқа шығармай ішінде сақтап, сондай болмақ қиялын құпия ұстаса, бұл бәрін шашып-төгіп ешкімнен именбей образға кіріп кетеді. «Мейрам-мерекелерде, болмаса, көңіл күйіне қарай, кез келген күні апасы патефон ойнататын. Ондайда барын киіп, шашын тарап, ерекше сәнденеді. Әбігерге түсіп үй ішін дайындағанын көрсең. Дәл бір, бір қора мейман келетін тәрізді. Төргі бөлмедегі темір кереуеттен бастап, ұсақ-түйек заттың бәрін ерінбей-жалықпай ауызғы үйге шығарады... Терезенің пердесін түріп, күн бұлыңғыр болса, шамды жарқыратып жағып қояды. Ойнататыны жалғыз-ақ күйтабақ: бір жағы – «Амур толқындары», екінші беті – «Манчжурия жоталарында». Үй ішіне ұйытқып сиқырлы сағыныш лап қояды. Алқынып, арбап жүрек шымшиды. Аққудың сұңқылы, толқынның дірілінде адасқан әлдебір асыл арман күлімсірей, сәл мұңайып, алыстан қол созып тұрғандай, апасының сол сәт жүзіне ерекше бір жылт ойнап шыға келетін. Екі көзі әнтек ұшқын атып, бөлменің бір бұрышынан, яғни өзі елестетіп тұрған кеңістіктен шыға келер әлдекімді дегбірсіздене күткендей, алыс түкпірлерге сүзіле қарайды. Үшбұрыштап иығына бос тастай салған жеңіл ақ түбіт шәлінің ұштарын шымши ұстап, білектерін айқастырған күйі көңілі ала құйын тыпыршып тұрғаны. Кенет екі бетінің ұшы лып қызарып, наздана сызылып, алдындағы елеске оң тізесін сәл бүге реверанс жасайды да, қанатын жая ұмтылып, вальстың ырғағымен жеп-жеңіл қалықтай жөнеледі».

Сағыныш пен аңсаудың шарықтау шегіне жеткен әйел жанының шырқыраған көрінісі осы. Көп адам мұндайды жынды дейді, жұмсартқандары әулекі дейді. Бірақ әйел жанын түсінуге тырысқан жандар оны ұғуға тырысады. Бұл нағыз «санасымен сарғайған» әйелдің бейнесі.

Бірақ бұл біздің түсінігіміздегі идеал әйел емес. Ол санасымен сарғайса да жалғыздықтан жанын отқа салмаған, тәнінің қызулығын тежей алмаған, қызығынан құр қалмаған. Өйткені ол өзін барлық қайғысын үнсіз жеңетін қайсар қазақ әйелі емес, ой санасымен еркін өмірді аңсайтын «парижанкамын» деп ойлайды ғой. Бірнеше еркектен жеті бала туып жүргені де сол. Оларды кәдімгі ана болып бағып-қаққан да емес, соңғы үшеуін қалдырғанымен алғашқыларын «қойшы-қолаңның баласын шулатып асырап отырам ба» деген үркеппелікпен Балалар үйіне «өткізе салған». Бахтиярының түр-түсін соғыста қаза болған сүйген жігіті Асхатқа ұқсатқандықтан ғана аман алып қалған. Жан-тәнімен құлаған Асхатқа ұқсас болғандықтан оны еркелеткені де ерекше. Бес-алтыға келгенше алпамсадай қылып мойнына мінгізіп жүреді, үшінші сынып оқығанша емізеді...

Бұл әйелдің қылықтары мәңгілік ғашықтың ерек қыры. Ләйлі-Мәжнүн тарихының бүгінгі бір бейнесі осындай-ақ болар. Жұрт қалай ойласа да, сыпсың сөздер сынаптай сырғып құлақтарына жетсе де есейгенде сүйікті баласы Бахтияр оны айыптамайды, өле-өлгенше келіншегімен екеуі маңдайына күн тигізбей, алақандарына салып асырайды. Еркіндіксүйгіш ерекше қылықты ананың бауырында өскен Бахтиярдың өзі де басының ешкімге тәуелді болуын қаламайтын жігіт болып өседі. Ол сүйген қызы Эльвираның ығына жығылмайды, әкесінің министр екеніне қарамайды. Оқуды бітіргеннен кейін Алматыда қалу, жұмысқа орналасу, пәтер алу сияқты пенделік дүниелер сәтті шешілетінін біле тұрса да «пролетариаттық намысы» жеңіп, қыздың үйінде болған кездесуде қырсық қылықтар көрсетіп, өзінен бездіріп, ақыры өзімен тағдырлас Зухраға үйленеді.

Соцреализм әдісі қазақты «мейірімді орыстың» құшағына қалдықсыз құлауға итерді. Ең шыншыл деген жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың өзі ФЗО-дан қашқан кейіпкерлерінің әлсіреп, аштықтан бұралып, сот залында үкім күтіп отырғанда бір орыс әйелі жүгіріп барып, үйінен жарты бөлке нан әкеліп: «на, миленькие, кушайте» деп бергенін жазады. («Өлгендер қайтып келмейді», А-ты, 1974ж, 76 б.). Осындай мейірімдер бізді тордағы аюды жалаңаш қолмен сипауға дейін тәрбиеледі...

«Желқайықта» олай емес, орыс мінезінің көп ұшығы айдан айқын көрініп отырады. Атасын НКВД-ның жендеттері алып кеткен бала оның соңынан қалаға барамын деп жаяулап шығып, жүдеп-жадап орыс ауылының жанынан өткенде бәрін сұрап білген орыстың қазақша білетін бір қу шалы балаға қайырым жасамай, ләм демес­тен бұрылып жүре береді. Басқалар да есігінен қаратпайды. Сөйтіп, баяғы «бар жақсылық орыстан» деген желсөзді өмірдегі геосаяси шындыққа сипай жанастырып, автор жаңа ой тастайды. Бұл қазіргі жастардың біле жүруіне тиісті астарлы шындық...

«Желқайықтың» тынысы кең, ауқымы жердің жартысын, уақыты айлар емес, жылдарды қамтыған. Онда айтылған дүниенің бәрі қазақ бастан кешкен өмірдің сан қырлы белестері, қым-қуыттары, шытырмандары. Олар негізгі кейіпкерлер Бахтияр мен Зухраның өміріне жанасып, күрделі ахуалдарға ұласып отырады. Өмірдің сан түрлі сораптарын терең танып, құпия қырлары мен сырларын терең білген автордың өмірлік бай тәжірибесіне, тұңғиық білігіне таң қаласың. Тіпті Бахтиярдың ұстазы, профессор Мүсілім Ахметовтың Мәскеуде оқыған жалғыз қызы сонда оқыған йемендік арабқа күйеуге шығып, кейін жігіттің еліне барғанда өзінің үш әйелдің үстіне шыққан төртінші тоқал екенін бір-ақ білгені, күйеуі Әл-Фатихтың өзіне жасаған барлық сыйлықтарын тіркеп отырған ұсақ зұлымдығы, оларды өтеу үшін қызды сатқаны, ақыры қарыздан зорға құтылғанда қызы Мәликені бермей, алып қалған соң Салтанаттың жынданып кетуі сияқты оқиғалар түпсіз білікпен, көркем тілмен, нанымды жайттармен сенімді суреттелген.

Мүсілім Ахметовтың өзінің де көрмеген қорлығы жоқ. Ата-анадан жетім қалып, атасының бауырында өсіп келе жатқанда оны ишан деп ұстап әкеткені, мұның қайыршы бала атанып жүрген жерінен приютқа алынғаны, сол оқиғаларды жеткізіп отырған профессор «талай жетімді жеткізген Совет өкіметіне рақмет» деген жаттанды сөзді айта отырып, жетімдікке жеткізген де сол өкіметтің өзі еді ғой дегенді білдіргені тосын сөз, бұрын ауызға алына қоймайтын ащы шындық. Бахтиярдың нағашысы, біреудің үстінен насихатқа алданып, ақымақтықпен арыз жазып, ақыры сол отқа өзі де күйіп, жиырма жыл түрмеге кесілгеннен соғысқа сұранып, бір аяғын беріп аман оралған Шәуәли де: «Күпірлік болса да айтайын, немістің соғыс ашқаны жақсы болды ғой. Әйтпеген күнде сүйегім қарға-құзғынға жем болып, «итжеккеннің» қай бұтасының түбінде қаларын кім білсін», дейді бір ашылғанда. Бұл да бұрын қағаз бетіне түспеген өмір шындығы. Соғысқа барып «құтылмағаннан» талай арыстың сүйегі Сібірде шіріп қалды емес пе?

 Романда біреудің образын жасанды жолмен жамау-жасқау жапсырып, күрделендіру, әсіресе жағымды я жағымсыз қылу деген мақсат жоқ. Адамның ішкі бейнесі танылып, іс-қимылы мен бастан кешкен оқиғасының шынайылығы өмірдің табиғи қатпарларымен қабаттаса өрілген. Кестесі келіскен шұрайлы, қисынды тілмен, бай фантазиямен өрнектелген суреттерінің көркемдігі де орасан. Мысалы, ымырт жамылып келе жатқан салттылар мына көріністі тамашалайды: «Сай ішіндегі ұйысқан қою қараңғылық бірте-бірте сейіліп, қамшылар қапталдағы қара таудың содиған шоқылары аспанның етегін кертіп айқындала бастады. Сәлден кейін шеңбірек атып қып-қызыл ай туды. Құшақ жетпес қызыл шоқ жотаның басынан бері домалап түсердей теңселіп тұрды да, маздап аспанға көтеріле берді».

Қазақ тілінің терең қатпарларында туып, көп адам үшін ұмыт бола бастаған мақал-мәтелдер, ирония мен сарказм де кітаптың көркемдік сапасын арттыра түседі. Соғыс кезіндегі бір оқиғалар айтылғанда «комсомолмын» деп мақтанып жүретін Байжан ­деген дарақы қазақ «наркомовскийден» тартып алып, «Отан үшін!» деп еліріп ұшып тұрғанда майқұйрықтан оқ қадалады. Сонда жанындағы татар жолдасы Мұхаметшенің: «Әй, комсомолым, вәтән-вәтән дегенше күтәніңді ойламадың ба? Вәтәнсіз қалғаннан күтәнсіз қалған жаман» деген сияқты астарлы әзілдер шегің қатқанша күлдіреді.

Қорыта айтқанда, роман ХХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы іспеттес. «Уайым түбі –тұңғиық, батасың да кетесің, Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегендей қазақ өмірі әлі күнге берік негізге байланып, өзіндік темірқазығымызды қаға алмай, тұрақты бағдарымызды таба алмай, әлі де сол нар тәуекелмен, желқайықтың үстінде өмір сүріп келеміз. Кітаптың «Желқайық» атануы да содан сияқты. Осыны ұққан автор бастан өткеннің бәрін шыншылдықпен көрсетіп, қазақты тұрлаулы ұлт болудың жолына шақыратын секілді. Өткеннің өксітетін, кейде көңілді көншітетін тұстарының бәрін еске алатын саналы оқырман үшін автор өзінің мақсатына толық жеткен деп сеніммен айтуға болады.

Жақсыбай САМРАТ

ҚЫЗЫЛЖАР

1586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы