• Әдебиет
  • 25 Тамыз, 2022

АЙ ТАҢБАЛЫ АРМАН ЖЫР

Қайран қазағымның қасиетті поэзиясы. Сонау да сонау сонарлы ғасырларда ер Күлтегіннің көк тасындағы кәламнан бастау алып, бойына Тоныкөк бабамыздың даналығын дарытқан, одан Асан қайғыдан тартып, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырауларға ұласып, Махамбет, Дулат, Мұрат ақындармен асқақтап өрлеген, ақырында хакім Абай данышпандығының шыңына шығып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ілияс, Қасым мен Мұқағали ғажайыптарымен жалғаса жайқалып жанымызды тербеген неше мың жылдық қазақтың жасын да жақұт жыры-ай десеңізші!.. Жыр алыбы Жамбыл пір тұтқан Сүйінбайша қастерлеп қайырсақ, бөрілі байрақ көтерген ұлтымыздың нешеме қилы ­замандарда аласармаған ұлы рухы дәйімі қазақтың қара өлеңінде, жыр-дастандарында аяланып, атойлады емес пе. Иә, қазақ поэзиясы – қазақ рухының киелі бесігі.

Қазақтың көркем әдебиетіндегі, оның ішінде ұлық мәртебелі поэзиясындағы көрнекті орнын әлдеқашан алып, әлемдік әлеуметке де сүрлеу-соқпағын салып үлгерген ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбай жырларының да басты қасиеті осындай рухтылығында дер едік. Кезінде аруағың шат болғыр ардақты Серағамыз, академик Серік Қирабаев та «Ақындық рухтың күштілігі – автордың бойындағы биік қасиет. Ол талантпен, заман сабағымен, біліммен толысады. Осыны түсіну арқылы біз ақын құпиясына кіреміз, оның жазғандарын жанымызбен қабылдап, табиғатын тануға бір табан жақындаймыз. Ғалым ақын ­бойында осындай ұлы ақындарда болатын қасиет бар» деп алғаусыз атап өткен екен. Абыз академиктің осынау ақ баталы, алқаулы биік бағасына әбден лайықтылығын «Кәусар» баспасынан шыққан соңғы жыр жинағы «Ай таңбалы арғымақ» та әрбір шуақты шумағымен айғақтағандай. Қызыға, әр парағын аударған сайын сүйіне оқып шықтық. Бұл жақұтты жырлардың оқырман жүрегіне ұялаған бақытты жырлар екенін де шүбәсіз түйсінгендейміз, кәміл түсінгендейміз.

Иә, Серағаң тап басып, дәл танып айтқандай, ұлы ақындарда болатын қасиет – ұлы рух Ғалым жырларынан шиыршық атады. Оның жыр пырағы, ақындық музасы «Ай таңбалы арғымақ Ай астында – Айдай жүзіп барады ағараңдап...» ...Рухты жыр даңғазалап, дабылдатып ұрандамайды, Тәттімбеттің сырлы да сұлу күйлеріндей шертіледі. Сөйтіп, адамның жан күйін тереңнен тербеп баурайды. Ақынмен бірге Ай таңбалы арғымақ жырдың кекілін біз де аялап сылаймыз. Жан рахатына бөленеміз. Ақын үшін «Ай таңбалы арғымақ – Айдай арман». Ғалым осы аяулы арманына жеткен бақытты ақын. Бақытты дегеніміз мұңы мен шері, күйініші жоқ дегеніміз емес. Налыған кезінде Мәшһүр Жүсіп бабасының басына түнеп, медет сұрайды. «Ел ауған кезде қайың сауғанды көрген ел Сағана боздап сарнаса», Ғалымның өлеңі де тереңнен тебіренбей, күңіренбей тұра алмайды. Қазақтың мұңын қанына құйып, қара бақайына дейін қалың қатпарларын қопара, қотара қабылдайды. «Жауыздығыңмен жекпе-жек шыққан бабалар – Ауыздығыңмен су іше көрме, күреңім!» деген аманат тілекпен сақсынады, сақтандырады, қайрайды, қамшылайды,

Ғаламаттарын естимін күнде ғаламның,

Ей, менің көшім, қисая тартпай жөнге қөш!

Арғымақтарын арбаға жеккен заманның

Таңғы бақтарын бұлбұлдың әні тербемес.

...Көгіме менің құдіретті байрақ байласын,

Тірі Рухымды көзімен көрсін сенбесе.

Бабам болжаған бозторғай құсым, қайдасың?!

Сәуірге жетем, тәуір боп кетем, ендеше!

Ұлттың аңсар-мұратын көкірегінде сәулелендірген айбоз ақын ғана осылай ағынан төгіліп, көз жасын сорғалата, ақтарыла жырлай алса керек, жыр тілінде боздап жылай алса керек. Осы ретте әр өлеңі бір-бір көркем панорамадай тартылып, өрелі ойымен, өткір де өршіл сезімімен әсерлендіреді, парасат пен жүрек лүпілінің балқытылған құймасындай қызықтырады. Қайсы өлеңінен де кең тынысты сезінеміз, кемел еркіндікті, келіскен кестелі суреттерді көреміз. Әр шумақ, әр жолынан, құйыла тіркескен бейнелі сөздерден қазақы мінездің лебі ұрады. Жылқышының ақын ұлы алты күн ақырған ақ боранда да адаспай, жылқы мінезді, тұлпар текті жырларын арқырата алдына салып селдеткен сұрапыл ғажап көзімізге елестегендей.

Ұмытпай өскен, өнген ұяны мен,

Күн кешкем бала ақынның қиялымен.

Аппақ қар, аппақ әлем, ақ дүниеге –

Жыр жазғам тұлпарлардың тұяғымен.

...Түн кешкен түнек көріп, таңда адаспақ,

Алаштың ат жалында арманы асқақ.

Түсімде көкалалы көп жылқымды

Біреулер шыңғыртып жүр шалма тастап.

Үміт-күдік арпалысқан ақын жүрегі көкалалы көп жылқы бейнесіндегі Алаштың асқақ арманы үшін алаңдайды, ұлттың қалтарыстағы асыл жораларын ұлықтайды, елдіктің ерен сырларын әдемі тоғытып, тоғыстыра толғайды, сүйініші мен күйінішін қатар-қабат ақтарады. Көкалалы көп жылқысына шалма тастап шыңғыртушылардың мойнына «күнінде қияметтің сол қыр арқан» ілінетінін де өр дауыспен қатаң ескертеді. Сөйтіп, ұлық мұратқа бастаған шиыр жолында жанында үміт шырағын шалқыта алар жігер-шабытымен жүздестіреді бізді.

Ғалым Жайлыбай қазақтың қадым заманнан бергі қасиетті қара өлеңінің керуен көшін жалғастырушысы, ілгері апарушысы, бүгін таңдағы көш бастаушысы деп айшықтаған іш пікірімді жаңа кітабындағы жақсы өлеңдер легі жарқылдай қолдап, бекемдеп бекіте түскендей. Ақын ең алдымен қазақтың барша қасіреті мен тағдыр-талайы тоқайласқан қарт абыз Қаратауға жүгінеді. «Тағдырының таңбасын оқу үшін», ұлағатын тоқу үшін баба тауға жылда келуінің өзі де бір ғибрат. Қазақ дегеніміз – Қаратау. Қазақ болмысын сомдаушылар Қаратауға соқпай кете алмайды. Себебі, қазақтың қилы да қилы қиын замандарының шерлі шежіресі – Қаратау. Қаратау дегеніміз – қазақтың өзі, қазақ жүрегінің лүпілі. Осыны Ғалым сергек сезініп, қапысыз түйсінген. Өйткені ол – нағыз ақын, ұлт ақыны.

Көңілім көкжиектен кеткенде асып,

Өлеңім өткенге асық, көктемге асық.

Қаратау – мөрі шығар бабамыздың

Даламның маңдайына кеткен басып.

...Шежірең шеменімді шерге малып,

Өмір боп бауырыңнан өргені анық.

Көргенсің жас шыққанын қара тастан,

Келгенсің тағдырымды теңдеп алып.

«Қазақтың кие болып даласына» қара нардай шөгіп қалған Қаратауды ақынның қайта-қайта айналып соғып жырлауы да сондай жарасымды:

Қаратау – елдігімнің дара шыңы,

Бірлігім, тірлігімнің жарасымы.

Жұртымның сенде, білем, бар асылы,

Ұлтымның көздерінің қарашығы, – деп біз де әр сәт қайталағымыз келіп тұрады.

Иә, Қазақ пен Қаратау егіз. Қазақ барда Қаратау бар. Ұлттық сипатымыздың осы бір құбылыс қырын дәл аңғарған ақынның және де қазақтың Қаратаудай қазыналы тұлғасы Мұхтар Мағауинге қарата толғаған көсем ойдың сойындай кескекті жырын тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес. Бейнелі түрде айтқанда, Мағауин – қазақтың қобызы. Бұл да рас! Ғалым ақынның да «Сөйле, қобызы!» Шалкиіздің би Темірге толғауындай, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқандарындай өр де өрелі, кесек те кемел. Буырқана селдеген, түйдектеген шабытты жыр.

– Сөйле, Мұхтар Мағауин!...

Қарашаның ызғары – нұры тойған қарашық,

Кісінеп тұр бесті айғыр үйірінен адасып.

Қара қобыз сарыны мұхиттарға жанасып,

Алты қырың беріде, бес құрлықтан әрі асып.

Азынаса қу тақтай – жүрекке ұғар тіл берді,

Шыңғыс ханның құйқасы шымыр етіп үлгерді...

Армандының арманын замандардан зарлатып –

Жалған күннің жалғанын Сізден өзге кім көрді?!

Алмас қылыш жарқ етсе,

қолыңда алтын балдағы,

Қаламыңның ұшында – арыстардың арманы.

Көк бөрінің терісі сыпырылып тірідей,

Қара қайыс қолдағы – енді бізге қалғаны...

Ай таңбалы арғымақтай құйғыта дүсірлеткен алдаспан жыр «Кет Бұғадай күн кешкен, ғасырлармен үндескен» абыз қаламгердің бейне-болмысын айнытпай айшықтайды. Ар жағындағы астарынан тұтас Алаштың сұлбасы мұнартады. Ер қадірін де, сөз қадірін де білетін ақынның шығармашылық шалқарының жағрапиясы да, тақырып аясы да аса кең. Әлбетте, домбыраның күйіндей сырлы сазды тұнық жырлардың тұма бастауы – туған жер. Одан әрі көз алдымызға Қазақстанның өлеңмен өрілген тұтас картасы жайыла тартылғандай әдемі әсерге бөленесіз. Қазақ елін, қазақ жұртын біле түссем деушілер Ғалым жырларын оқысын. Жауын аңсаған, жанына да, ауылына да жақын Бетпақдала, сағымданған салқар Сарыарқа, ұларлатқан Ұлытау, қаз-үйрегі қиқулаған Қорғалжын, жәннаттың жеті сипатындай Жетісу, жағасы жағалай тал Ақжайық, жастық шағының жалауындай Жезқазған, ай нұрлы Астана, қасиетті Қараөткел мен ерке Есіл, дегбірі қашқан Дегелең, Баянауыл мен Жасыбай, Қара Ертіс пен Тарбағатай, арғы беттегі өр Алтай, Үрімжі мен Құлжа, сапарлатқан башқұрт, қырғыз, түрікмен елдері – осының бәрі Ғалымның өміршең өлеңдерінен тамаша өрнек тапқан. «Ат айналып қазығын табады» десек, біздің ақынның түп қазығы – Алаш пен атамекен; жанындағы, қанындағы ділі, «көзінің қарашығы – Қазақстан». «Сен – менің жалғызымсың, Қазақстан, Жалғанда жалғыздардың жары – Құдай!..» ...Осылай деп айта алған ақында арман бар ма?!

Арман бар екен және көп екен. Арман болмаса ақын бола ма! Ол қу медиен, құла дүз Бетпақдаланы «ана сүтін аңсап жатқан сәбидей» әлдилейді. Ақын жүрегінің нәзік мейірімін осыдан байқаңыз. «Өзіңменен тағдырласпын мен, тегі, Нөсер тілеп өтетұғын ғұмыры» деп ақындық миссияның асқарына қиялайды. Бұл арадағы Бетпақдала Ғалымның өзі! Адамды тебірендіретін теңеу екеніне келісерсіз. Туған жердің бетегесін де қорғайтын, аласа деуге қимайтын, бетпақ құмның сексеуілін тектілікке балайтын ақын жүректің, одан төгілген ақкөйлек жырдың ізгілігі осындай. Ақан сері мен Құлагердің тағдыры да, ән-жыры да дәйім көкірегінің көмбесінде күмбірлейді. Бүгіннің қара базарынан қайыршы көрсе жүрегі сыздайды, қара шаңырақ қайран жұртымыздың қара бақырға қол жайған көлеңкелі көріністеріне кейиді, қамырығын жасырып қала алмайды, шерлі жырына қоспай тұра алмайды.

Қайқаяды қара жол қайқаңды асқан,

Қайырлаған көш керуен, қайта алмасқан.

Қара базар ішінде қараңдаймын

Қайыршыға «қайыр-қош» айта алмастан.

Ойпырмай, өзіміз қара базарда қайыршыға бұрылып көріп пе едік? Селк етіп, ойланып қаламыз. Қайсы жырын алсаңыз да көркем, көрікті ғана емес, ақиқатшыл, шыншыл, шынайы. Тіліп айтады, тілгілеп айтады, ащы шындықты алқаға шығарады. «Кеңістікті сезбейтін кемтарларға Аспанды аңыз қылып берсем бе екен?» деп армандайтын алдаспан ақынның мұңы да жетерлік. Ел мұңы, ел қайғысы, қазақтың шері. Кешегі қаңтар оқиғалары бетпердесін сыпырып берген бүгінгі бірсыпыра келеңсіздіктерімізді, әлеуметтің асқынған әлемет дерттерін Ғалым ақын бұдан бұрын да әшкере қылып айтып келген екен-ау. Жүрегі елім деп соғатын ұлт ақыны ғана сөйте алмақ. Бұған жоғарыдағы «Қара базар. Қайыршы», «Қайран Арыс», «Жетім құлын», «Алаң», «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл», «Елегізу. Дағдарыс жыры», «Сынық арба», «Суретші Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» картинасы», «Гүл базардағы Гүлжан қыз», «Қытайдан келген киіз үй», «Қаратаудың басынан көш құлады», «Қаратауда – қара бұлт», «Құлагердің көз жасы» және басқа да көптеген, өзегі өксікке толы, өрт мінезді өлеңдері айғақ дер едік.

Заманауи ақынның тақырып аясынан нарық заманы да тыс қалмайды. Сөйтіп, қаз өсірген Қазанбай туралы сүйкімді, жылы назды әсем өлең дүниеге келеді. Нақтырақ айтқанда, сұрмерген шабыт қиядағыны шалып, қаздың қаңқылын да қағып түсіп, шынайы өмір суретіне айналдыра білген. Әуелі жұрт аң-таң... «Қаз өсіріп кім көрген бұл ауылда: «Естімеген елде көп» деп қояды»... Жұртқа оғаш көрінсе де, қаңқылдатып қаз баққанның рахатын Қазанбай көреді. «Қазанбайдың қазы боп айналып жүр – Қайран қазақ ауылын қайран нарық». Бүгінгі қазақ ауылының көркем шындығы осы. Қабыл аламыз. Әдемі юморына езу тартып, жымия күлімсіреп қоямыз.

Осы сипаттас өзекті жырлары қазіргі қазақ поэзиясын сараландыра, салмақтандыра түсері анық. Гүл базарға бара қалсақ біз де Ғалымның өлеңіндегі гүл сататын Гүлжан қызды іздейтіндейміз. «Жарқ ететін мөлдір жан жарық таңдай – Қайда кеткен сол Гүлжан, кім біледі?» «Орнын сипап мен тұрмын қайран қалып, Оны іздесін, базаршыл, қайдан халық? Раушан гүл, еңлік гүл, қызғалдақтың Ортасында тұрушы еді жайраң қағып...» ... «– Салық төлей алмады... – дейді біреу, Гүлжан қызға, құдай-ау, қандай салық?» Біздің де бойымызда гүл сатушы, гүлдей әдемі Гүлжан қызға деген бір аяныш, ынтызар сезім оянғандай. Ақынмен бірге «...Гүл базарға келеді Гүлжан қашан?.. Гүл біткенді салықтан босататын Біздің елде шығады бір заң қашан?» деп мұңая қайталайсың. Бүгінгі өмірдің шырылдаған шындығы. Әрі шынайы, әрі қарапайым. Орыс ақыны Некрасовтың ләміне бақсақ, таразы басын тең тартқан айпара ақындық пен алғадай азаматтықты қатар-қапталдас көргендейміз.

Бұған қарап Ғалым Жайлыбайды зарзаманшыл, байбаламшыл ақын деп күстәналауға әсте болмайды. Ол күнгей мен көлеңкені бірдей қаусырады. Оның ең мұңды деген өлеңінің өзі шуақ шашып тұрады, түңілдірмейді, түнекті қаптатпайды, керісінше, үміттендіріп, жарық сәуле себездейді, жүрекке жылы нұр, жарқын сенім ұялатады, баршын болашаққа құлшындырады. Әсіресе қазіргі таңның қазағына жанның қыжылы мен сүйінішін бір қазанда қуыратын осындай сарабдал, шыншыл жырлар, өмірдің өзіндей өрелі өлең керек.

Жарық та көрдім,

Қараңғы көрдім

Ақша бұлттардың ішінде.

Ғаламды көрдім,

Бабамды көрдім

Ақсауыт киген түсімде...

Азапты көрдім,

Мазақты көрдім,

Бақ ұшты көздің ұшынан.

Ғажапты көрдім,

Қазақты көрдім

Керуеннің кеуде тұсынан.

Дей тұрса да, алаңы таусылмайды. Себебі «Ұстап ап сигарының сирағынан, Сыраны сіміреді кәрі қасқа. Бұл мекен айрылғалы иманынан Мен үшін бәрі басқа». Қазақтың Абай заманындағы міндеріне қосылған қор мінездер де жетіп артылады. Ақын жүрегі соған қарс айырылады. «Көгінде – дала құсы, көлінде – ар ағысы» бола тұрса да, көңілін бір қара кісі жай таптырмайды. Кім-кімнің де мазасын алатын мысық тілеу қара кісісі жоқ деп кесіп айтуға құзырымыз жоқ. Ол тұнығыңды лайлайды, берекеңді кетіреді, қапаландырады, мазаңды қашырады. Сол қара кісінің образын Ғалым бір шумақпен шебер жасап берген. Дәл осы арада қазақтың жалпақ тілінде әдемі каламбурлап, сөз ойнатуы да ғажап. Мәтел сияқты құйылып түскен.

Тартылған аралдайсың,

Толмаған бір кенерең.

Сен мені көре алмайсың,

Мен сені күнде көрем.

Ғалымға қара кісілердің пәрмені жүрмейді. Ол, Абай хакім атасы сияқты, адамзаттың бәрін сүйеді, қасіретіне күйеді. Қап тауында, ұбық тілінде сөйлеген ең соңғы адам – Тевфик қария бейітінің басында күңіренеді. Жойылған тілімен бірге бақиға көшкен ұбықтың елі үшін қапаланады.

Жарылыс болды миымда,

Талқандап ойдың тар шебін.

...Ұбық боп кету қиын ба –

Ұлардай шулап қалса елің?!

Беті аулақ. Бірақ Ғалым ақынның налалы жыры бұған дейін де талай нәубет-зауалды ­бастан кешкен қазақты ойландырмай қоймайды. Сөйтеміз де Ғалымның жыры арқылы танысқан Иордания, Аммандағы адайлардың амандығына қуанамыз, грузиннің ақын қызы Маквала мен біздің жігіттің Есілдей аққан есіл көңілдің төрінде емен-жарқын жүздесіп, қара көзінен қара өлеңдей үйлесім тапқанына шаттанамыз. Әкесінің ескі шапанын соншалықты сағынышпен жырлап, ата салтымыздың қимас жәдігер-тәбәрігіне айналдырған ақынның адами қалпын да, поэзиясының «имани гүлін» де жазбай танимыз. «Ел-жұртқа көне күннен елес беріп, елсізде елегзіген ескі бейіт» те дәйім жұртта қалған жалғыздар үшін жабығып жүретін Ғалым ақынның жырында ұрпақпен жалғасып, жаңа өмір бастағандай. Тағы бір тұста Шайтан көл мен Зерендінің ғажайыбы «Мың бір түн» ертегілеріндей еліттіріп, еліктіре жөнеледі. Қайтқенде де, «Ай таңбалы арғымақ» жыр жинағының қайсы бетін ашсаңыз да «қарғам-айлаған» қара өлеңнің кекілін сылап тұрған» Ғалым ақынды көреміз.

Көп реттерде әр өлеңі жанымызға әрі жақын, әрі таныс та бейтаныс, мағлұм да беймағлұм бүтін бір әлемнің бетін ашқандай болатыны бар. Шеберлік пен шабыттың, тебіреністі ой мен терең сезімнің, кемел парасат пен биік өренің балқытып құйылған алтын сақасындай алшы түскен осындайлық өмірлі өлеңдері бүгінгі қазақ поэзиясының жеткен жерін демесек те, жоталы жетістігін, бедерлі белесін көрсетері күмәнсіз. Біздің осы пікірімізді құптағандай, поэзиямыздың хан-падишасы Фариза Оңғарсынова былай деген екен: «Кейбіреулер қазақ жырын қаншама қырық құбылтқанмен, Құран тектес қасиетті қара өлең Қасымнан, Мұқағалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының алдынан шығады. Қазақтың қазақы болмысы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйылған, сыңғыр еткен сайын жаныңды жаулап жарқ ететін шашбау-түймелеріндей, Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ. Мен Ғалым Жайлыбай ақынның қазақ сәйгүлікке салар «қаз мойын қасиетті құрама еріндей» жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялататынына сенемін». Неткен ғанибет сөздер! Бүгін таңда да Ғалымның поэзиясын осынау абыздық баға биігінен, селкеусіз сенім үдесінен көреміз

Ғалымның өмірде де, өлеңде де үзеңгі қағыстырып, жыр сәйгүліктерін жарыстырып, тілек жарастырып қатар келе жатқан қос құрдасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары, көрнекті ақын­дар Әбубәкір Қайран мен Қасымхан Бегмановтың осы мақалам үшін арнайы қалап алған пікірлеріне де бір сәт құлақ түрелік. Іні достарымның бір-біріне деген ізгі ықыластарына, қалтқысыз пейілдеріне қызығамын да сүйсінемін. Әбубәкір шайыр: «Мен Ғалым өлеңдерін рахаттанып оқимын. Жүрегімнің әуез сағынған қылдарын шертіп, көңілімді көл-көсір шуаққа бөлейді. Сірә, қазақ поэзиясы осындай болуы ­керек шығар. Мұнда тылсым тұнықтық пен тұңғиық тереңдік бар. Бізден алыстап бара жатқан бабалар сарыны мен қазақ өлеңінің қасиетті қоңыр мұңы бар» деп асқақтата көтерсе, Қасымхан ақын: «Ғалым Жайлыбайдың поэзиясы шынайы, көркем, зерделі оқырманның жадында жатталып қалады. Талантты ақынның өміршең өлеңдері ел ішінде кеңінен белгілі» деген парасатты пайыммен түйіндейді.

Осындайлық жауһар лириканың жалпақ жұртшылық сөзсіз мойындаған жампозы Ғалым Жайлыбай ақынның жаңашыл поэ­малары да осынау кірпияз-кіді жанрды жаңа белеске асырғанын айту ләзім. Біз әңгіме етіп отырған толымды жинаққа үш поэмасы еніпті. Дастаншыл ақындардың ішіндегі айрықша дарабоздығы бұған дейін де белгілі-тін. Ғалым әсіресе кейінгі дастандарында ғалам ақындарына тән зеңгірлі зау биіктерден толғайды. Соның айқын да анық бірегей үлгісі – «? (Сұрақ белгісі)» поэмасы жарияға шыққаннан-ақ кең тынысты кемел дүние, бүкіл адамзатты алаңдатқан һәм ғаламат проблеманы қапысыз қаузаған, ғаламдық тақырыпты еркін еңсерген кесек шығарма, «қазақ өлеңінің жаңалығы, қазақ жырының жаңа беті» (Нұрлан Оразалин) ретінде қабылданды. Осы пайымды әрі қарай сабақтай түссек, бұл толғаныс-тебіренісі, парасат-философиясы шиыршық атқан, бітімі бөлек дастан қазақтың ғажап ақынын әлемдік тақырыпта әлем ақындарымен үзеңгі қағыстырған бәсірелі биікке, бәсекелі деңгейге көтереді. Арғы-бергі қазақ жырының сабақтастығын танытарлық бір ғажабы сол, ана бір бұлыңғыр, бұлдыр заманда «Сұрақ белгі әйтеуір тұр алдымда» деп Мұқағали ақын беймаза күн кешіп еді. Тәңіртаудың мұзбалағын мазалаған сұрақтың жауабын содан жарты ғасыр өткенде мына ғалами поэмасы арқылы Ғалым ақын берді дерсіз. Алабөтен тақырыбымен де, алақұйын мазмұнымен де. Құрылымы құйма алтындай, ойшылдығы ойма алтындай заманауи дастан Адам Атадан бүгінге дейінгі бүткіл адамзаттың ар мен әрекет тазалығын саралайды, ізгілік пен иман таразысын салмақтайды. Осы ретте «Сұрақ белгісінің» тылсым сырын ашқан қазақ ақыны діттеген мақсатына жеткен. Соңғы жылдардағы осыншалық ауыр зобалаң, дүниені дүрбелеңге салған үрейлі қияметтерді Жаратқан иеміздің шынында да Адамға, Ғаламға салған сынағына балаған поэманың түйінді тұжырымымен келіспеске әддіміз жоқ.

Әсіресе осы «Сұрақ белгісі», одан соң «Сұлубайдың әні», «Тамакөшкен» поэмалары біздің ақынның интеллектуалдық, яғни зиялдық-зияткерлік деңгей-өресінің өте-мөте жоғары екендігін әйгілейді. Бұған қоса әрбір нақты шығармаға кірісер алдындағы асқан жауапкершілігі мен мұқияттылығы, ізершіл ізденгіштігі таңдай қағарлық. Осы арада тағы да Мұқағалидың «Іздемпаздық менің де бар өнерім» деген өлең жолы еске түседі. Осындай іздемпаздық олжалары мидың қазанында, шабыттың алауында қайнап, қазақтың қара өлеңінің қадір-қасиетін арттыра түскен. Бұл айтқандар қаралы сұлудай күңіренген, симфония­дай шерлі-сазды «Сұлубайдың әні» дастанының бүкіл өзгеше болмыс-бітімінде айқын реңделеді. Зар күйлі дастан арғы беттегі, өр Алтай, сұлу Іле, Тарбағатайдағы шемен шежіренің шерлі беті, ел үшін еңіреген боздақ батырларымыздың басы ілінген Қара көпірдің ғана емес, күллі қазақтың қан жылаған қасіреті. Осы қасіретті жүрек сыздатып айта білген, қаралы тарихымызға жарқыратып күйлі-мұңлы жыр күмбезін соққан ақынға қанша алғыс айтсақ та артық емес.

Сәкен Сейфуллиннің баяғы «Қызыл аты» мен Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесінен» кейінгі ұзақ-сонар аралықта ашаршылық тақырыбына жазылған поэма-­дастандар тым некен-саяқ. Солардың ішінде жарқ етіп көзге түсіп, көңілден шыққаны, бірден ел аузына іліккені, әмбе әдеби ортадан жоғары бағасын алғаны да Ғалым Жайлыбайдың осы «Тамакөшкен» поэмасы деп іркілмей айтар едік. Бұл поэма – қазақ халқын қынадай қырған, қарғыс атқыр қызыл табан зұлматтың қазақ поэзиясындағы қайғылы көркем полотносы. Ашаршылықтың бір ғана күйікті, шер-шеменді уақиғасын негізге ала отырып жалпы қазақты, жалпақ ­даланы жайлаған нәубет ұсқынын көз алдымызға өзекті өртер ащы шындығымен тартады. Сол заманның ақиқат бейнесін беру орайында бұлтартпас құжаттардың дәлме-дәл деректері де дастанның арқау-желісіне үйлесімді қиюластырылған. Поэманы ашаршылық қасіретінің поэзиямыздағы дара ескерткіші деп бағалағанымыз құба-құп.

Әрине, сұлулық пірі Сәкендей сырбаз да сері, Сергей Есенин сынды сыршыл да нәзік, ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбайдың жақұттан ызылғандай жауһар жырларының сыр-сипатын бір мақала аясында түгендеп шығу мүмкін емес. Біз тек «Ай таңбалы Арғымақтың» қандай жыр аламанында да бәйгелі болуға лайықты кітап екенін айтсақ, әдебиетіміз үшін де әділі сол болар еді.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты

АЛМАТЫ

 

1645 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы