- Білім және ғылым
- 01 Қыркүйек, 2022
ШИЕЛЕНІСТІ МҰҒАЛІМ ҚАЛАЙ ШЕШЕДІ?
Алматылық мұғалімдер оқушыларды ынталандыру мен конфликтіні шешу жолдарын үйрену үшін тәжірибе алмасты.
Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектеп жас мұғалімдерге арналған «Шебер ұстаз жолымен» атты білім беру форумын өткізді.
Іс-шара барысында Алматы қаласының 40-қа жуық мектебінен 250-ден аса педагог ойлау мен сөйлеу дағдыларын дамыту бойынша авторлық бағдарламамен, конфликтіні шешудің базалық принциптері мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи әдістемесімен танысты.
Форум барысында Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова білім беру процесінің тиімділігін арттыру үшін үздік әлемдік тәжірибені енгізу жолымен бөлісіп, қазіргі мектептердің әлеуметтік мәселелерді қалай шеше алатынын айтып берді.
«Бұдан былай конвейер жүйесі білім беру саласында жұмыс істемейді. Біз жылдам өзгеру дәуірінде өмір сүрудеміз. Қиын, нақты емес, тұрақсыз әлем бізден тиімді шешімдерді талап етіп отыр. Конвейер жүйесінің нәтижесінде қазақстандық ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды. Ескі жүйедегі білім беру моделінің шеңберінде жастар нарықтағы өзекті трендтерді меңгермейді, сәйкесінше, сұранысқа ие мамандық таңдай алмайды», – деді ол.
Сонымен қатар Әсел Тасмағамбетова Қазақстанда талантты педагогтар мен жастарды дамыту және білім беру бағдарламаларын тиімді қаржыландыру үшін эндаумент-қор (мақсатты капитал қоры) құрудың қажеттілігін айтты.
Сарапшы қазіргі сәтте Қазақстанда эндаумент-қор ұйымдастыру, қордың жұмысын реттеу, заңнамасын қалыптастыру үшін көлемді жұмыстар атқару керек екенін алға тартты.
Мектептер эндаумент-қордың қаражатына мұғалімдерге арналған біліктілікті көтеру курсын ұйымдастырып, үздік педагогтардың жетістіктеріне қосымша сыйақы тағайындап, талантты жастардың білім алуына грант бере алады. Бұндай тәжірибе әлемдегі үздік оқу орындарына тән, бұл мектепте білім беру деңгейін көтеру мен сақтауды қамтамасыз етеді.
Математика пәнінің мұғалімі, 10, 11-сыныптарға арналған «Алгебра және анализдің бастаулары» оқулықтарының авторы, Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің директоры Олег Пак кәсіби шаршаумен қалай көресудің жолдарымен бөлісті.
«Мәскеу үздіксіз білім беруді дамыту институты» директоры, ф.ғ.к., лингвист, конфликтолог Наталья Сченснович алматылық мұғалімдерге қақтығыссыз қарым-қатынастың базалық принциптерін таныстырды.
Балалар қауіпсіздігінің басты сарапшысы, «Ангел» мектебінің негізін қалаушы Зарина Жұмағұлова балалардың денсаулығын қалай сақтау керектігін айтып, ойымен бөлісті.
«Шебер ұстаз жолымен» форумы аясында әр мұғалім практикалық ұсыныстар мен балалармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін көрсететін панельдік сессияға, сондай-ақ өз пәні бойынша пленарлық отырысқа қатысты.

1443 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *