• Тұлға
  • 01 Қыркүйек, 2022

«АҚИҚАТТЫҢ АҚ ТУЫ»

Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына биыл – 90 жыл. Көрнекті қаламгердің рухына арнап бірқатар шығармашылық іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді. «Ана тілі» басылымы да Шерағаңның шығармашылық зертханасы, азаматтық ұстанымы жөнінде бірқатар материалды ұсынды.  

Ал «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық қаламгерлер бай­қауына еліміздің барлық өңі­ріндегі қаламгерлер қатыса алады және қатысушы қаламгерлердің жасына шектеу қойылмайды. Әрбір үміткер байқауға проза немесе эссе жанры бойынша шығарма ұсынуға тиіс. Прозалық шығарма (әңгіме) көлемі 15 беттен аспауы керек. Әңгіме тақырыбына тәуелсіз еліміздегі қарапайым еңбек адамдарының, жастардың тағдыры, өмірлік ұстанымдары, Қазақстан халқының достығы мен бірлігі, олардың елге, жерге, Отанға, Атамекенге деген сүйіспеншілік сезімдері арқау болуы қажет. Шерхан Мұртазаның тұлғалық келбетіне қатысты шығармашылығы туралы әдеби мақалалар мен эсселер көлемі 5 беттен аспауға тиіс. 

Байқауға тақырыпқа сай, бұрын еш жерде жария­ланбаған және түрлі байқаулардан жүлде алмаған шығармалар ғана қабылданады және ұсынылған шығармалардың көркемдік қуатына, тіл тазалығына, автордың ойлау жүйесі мен ой айту мәдениетіне баса назар аударылады. Авторлардың жолдаған шығармалары кері қайтарылмайды, рецензияланбайды. Байқауға жолданған шығармалар Times New Roman 14 шрифтімен 1,5 интервал аралығында компьютерде терілуі тиіс. Себебі шығармалар қолжазба күйінде қабылданбайды. Жүлде алған шығармалар ұжымдық жинақ болып басылып шығады. Байқауға әдебиет саласында танымал қалам­герлер қазылық етеді. Қазылар алқасының шешімі талқыланбайды және қайта қаралмайды. Сондай-ақ қазылар алқасы бас жүлдені екіге бөліп беруге де құқылы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шерхан Мұртаза атындағы «Ақи­қаттың ақ туы» атты дипломмен және қомақты қаржылай сыйлық­тармен марапатталады. Жол шығы­нын байқауға қатысушы тарап төлейді.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері 2022 жылы 28 қыр­күйек күні Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Тараз қаласында өтетін салтанатты жиын кезінде марапатталады.

Мүшәйраға қатысушылар 2022 жылғы 20 қыркүйекке дейін шығармаларын талапқа сай akjolgazet@gmail.com электронды ­поштасына жіберуі керек. Бас жүлде біреу – 1 миллион теңге. Бірінші орын біреу – 750 мың теңге. Екінші орын екеу – 500 мың теңгеден. Үшінші орын екеу – 350 мың теңгеден. Ынталандыру сыйлықтары төртеу – 150 мың теңгеден.

Шерхан Мұртаза:

 

ШЫНДЫҚ – АЩЫ ҺӘМ АЖАРСЫЗ

***

Өтiрiктi кешiруге болады, ақтауға болмайды.

***

Сұғанақ болып бiреудiң ақысын жеп, жерiн даулап, елiн жаулап алайық деуден аулақ бола тұрып, сыбағаңнан, өзiне тиесiлi игiлiктен айрылу – бейшаралық.

***

Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді...

***

Айтса, дуалы ауыз айтсын.

***

Дарынды дарын таниды.

***

Біздің әкімдеріміздің әрекеті көбінесе «Потемкин атаның қулығына» ұқсап кетеді. Олар басшыларды қиыр қонып, шет жайлап жатқан ауылдарға апармайды.

***

Әлі күнге дейін кешегі империя етігінің темір өкшесін аңсайтындар бар.

***

Демократия – жүгенсіздік емес,

Бостандық – жүйесіздік емес.

***

«Желтоқсан» – тек Колбинге ғана қарсылық емес. Бұл – империялық қорлыққа, зорлыққа қарсылық. «Мен – қазақпын!» деп қасқая тұрып айта алмай, тілі байланып, аузы буылған азапқа қарсылық.

***

Заман түзелгенде – ғылымға да, әдебиетке де татымды талап қояды. Сонда көзедей көп академиктердің талайының аты да, заты да ұмытылады.

***

Армансыз қоғам – үміті үзілмеген қоғам.

***

Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеде ондай қулық өтпейді.

***

Шындық – ащы һәм ажарсыз.

***

Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды.

***

Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты.

1555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы