• Білім және ғылым
  • 01 Қыркүйек, 2022

ҒЫЛЫМНЫҢ ТОҚЫРАУЫ ДАМУДЫ ТЕЖЕЙДІ

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми сайтында да, басқа да діни басылымдар мен Интернет желілерінде ислам ғылымының жетістігі, оның бір кезде барша әлемнің алдында болғаны туралы көп жазылады, бірақ еуропалық ғылымнан не себепті артта қалғаны туралы деректер өте үстірт. Осы мәселеге байланысты ой тастау мақсатымен біз төмендегі мақаланы ұсынып отырмыз.

ИСЛАМ БІР КЕЗДЕ ҒЫЛЫМДА ДА  АЛДА БОЛҒАН ЕДІ...

Адамның рухын көтеріп, ақыл-парасатын қалыптастыруда, құштарлығын оятып, ізгілікке тәрбиелеуде, тіпті денінің саулығын сақтай білуде ислам діні үнемі алда екенін біздің дін ұстаздарымыз дәлелдеген. Көптеген хадиске, шариғат заңына  сүйеніп, олар өз сөздерінің дұрыстығына дәйектер келтіреді. Рас, олардың сөздерінің шындығын өмірде де көріп жүрміз. Ислам парыздарын ала көңілсіз, толық орындайтын мұсылмандар басқа жұрттан әдепті, ибалы, тәрбиелі, өтірік айтпайды, өсек таратпайды, ешкімге жамандық ойламайды, тіпті саулығы да артық болады. Жүздерінен нұр төгіліп тұратынын да аңғарып қаламыз.

Алайда... Адамгершілік қасиеттерде алда болған Ислам бір кезде ғылымда да алда болған еді, бірақ неге артынан тежеліп қалды деген ой бізді мазаламай қалмайды.

Алдымен, өз білгенімізше, ­Ислам тарихына үңіліп көрелік. Адамзат қоғамына дендеп енгеннен бері оны зерттеген мыңдаған ақылман адамдардың арасында кейбірі Құран сөздерін теріс ұғындырып, неше түрлі артық хадистерді де ойдан шығарып, қоғамға сіңіріп кеткенін білеміз. Хадис дегеніміздің өзі пайғамбар өмірінің өнегесі мен ғибраттары, айтып кеткен өсиеттері ғой. Қате түсініктегі хадистер Мұхаммед (с.ғ.с) өмірден өткеннен кейін исламның нағыз таза жолынан адамдарды адастырып, ақыры дінді бірнеше тармақтар мен ағымдарға бөліп кетті.

ІХ ғасырда өмір сүрген дін зерт­теушісі, ғұламалардың бірі Әл-Бұхари өз заманында халифатқа қарайтын Мысыр, Ирак, Хорасан және т.б. дін орталықтарынан 600 мың хадис ­жинап, оның үстіне өз ортасынан терген 200 мың хадисті салыстыра сұрыптап, соның тек 7400-ін ғана қоспасыз таза деп тапқан екен. Осы хадистерді ол өзінің «Әз Сахих» деген еңбегінде жариялаған. Бірақ соны тек сүнниттер ғана толық мойындап, Құраннан кейінгі екінші кітап деп есептейді. Қалған мұсылмандар оған толық сенбей, басқа ғұламалардың еңбегін жоғары қояды.  

Құранда ислам дінінің білім мен ғылымды қолдайтыны, табиғаттың құпиясын іліммен ашуға үндейтіндігі жиі айтылады. Оның ең алғашқы аяты: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді» деген. («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар).

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) «Білім алу – әрбір мұсылманның міндеті» депті. Сондықтан да дұрыс халифтердің заманында білім алу, ғылыммен айналысу – мұсылмандар арасында жоғары деңгейге жеткізілген. Басқа діндегілер ғылымға қарсы шығып жатқанда Исламның оны қолдауы, халықты білім мен ілімге ұмтылтуы ғаламат жетістіктердің бірі.

Сонымен бірге Құран сөздерінің ғылыми дәлелі кейін ашыла бастады. Мысалы, Құранның әл-Муминун сүресінде: «Біз адамды жұмсақ бал­шық­тан жараттық. Сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық.­ ­Сосын тамшыдан ұйыған қан жасадық. Ұйытқан қанды кесек ет жасап, кесек еттен сүйек жасадық та сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қып, жан салдық» дейді.

Бұл аяттарды Мұхаммед пай­ғамбар (с.ғ.с) былай түсін­дірген: «Әрбір адам ананың құрсағында 40 күн ұрық түрінде жатады. Осынша уақытта ұйыған қанға айналып, әрі қарай ол етке айналады, тек содан кейін ғана періште оған жан береді» дейді. Соның растығына қазіргі гинекологияның көзі жетіп отыр. Шынында да, ананың құрсағындағы ұрық осынша уақытта үш эмбрионалдық фазадан өтеді екен. Сол сияқты Жак-Ив Кусто туралы да айтпай кетуге болмайды. Француздың атақты мұхиттанушысы, аквалангты, су асты үйін ойлап табушы, жүздеген оқылымды кітаптар мен фильмдердің авторы болған осы адам су асты дүниесіндегі ғылыми жаңалықтарының ашылуымен ислам дінін қабылдағанын жұрттың бәрі біледі. Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының бір-біріне мың жылдан бері тиіп тұрған суларының екі бөлектігі, температураларының, тұз құрамының, жануарлар мен өсімдік әлемінің әртүрлілігіне оның көзі жеткен. Құтты араларына белгісіз пленка тартылған сияқты болған. Ешқандай физиканың, химияның заң­дылықтарымен түсіндіруге бол­майтын бұл құбылысқа ол есі шығып таңғалған. Ал осы құбылыстың түсінігі 1400 жыл бұрын Құранда жазылғанын білгенде оның таңданысында шек болмай ақыры: «Құранның осы заманғы ғылымнан әлде­қайда алда екенін көріп, оның шын мәнінде Құдайдың сөзі екендігіне көз жеткіздім» деп жазып, ислам дінін қабылдаған. Оның бұл шешімі халық арасына тез тарап, Францияда ­ислам дінін қабылдаушылар саны жүздеген мың адамға жетіп отыр. Бірақ бұдан қауіптенген католик шіркеуі Ж.И.Кустоның ислам дінін қабылдағанын теріске шығарып, жанталасуда...

Ғылымға еркін даңғыл ашылған халифтар заманында Ислам әлемінің жаратылыстану ғылымының дамуына қосқан үлесі, ашқан жаңалығы шексіз. Нақты айтқанда, ол арифметика, алгебра, сараптамалық геометрия, тригонометрия, физика, астрономия, химия, биология, ботаника, зоология, медицина және т.б. ашқан жаңалықтары, адамзаттың дамуына қосқан үлестері зор. Сондай-ақ ақыл-ойдың, философияның, мәдениеттің, әдебиеттің дамуы да бұл кездерде Ислам әлемінде алда болды. VІІІ ғасырдан ХІІІ ғасырға дейінгі Араб халифатының ­заманын осы күнгі ғалымдар ­Ислам мәдениеті мен ғылымы дамуының «алтын ғасыры» деп атайды. Қазіргі Испаниядан Қытайға дейін созылған бұл мемлекет өз заманындағы мәдениет пен ғылымның ең жоғары сатысында болды. Пиреней түбегін өздеріне бағындырған арабтар VІІІ ғасырда осында халифатқа бағынатын Кордова әмірлігін құрды. Мұнда Еуропадағы алғашқы ЖОО бірі – Кордова университетін мұсылмандар ашқан. Кордова әмірлігі еуро­палықтарға мұсылман әлемінің ғылымдағы барлық жетістіктерін жеткізді. Сондықтан өркениет ұшқынын Батыс шығысқа емес, керісінше, Шығыс батысқа апарған еді деп айта аламыз. Ғылымның ортақ тілі де араб тілі болған. «Х ғасырдан ХІІІ ғасырға дейін еуропалықтар араб трактаттарын еврей мен латын тілдеріне «шамалары жеткенше барынша жылдам, жаппай аудара бастады» деп жазды Гарвард университетінің профессоры Д.Кинг осы кезең туралы.

Тіпті араб халифаты тарағаннан кейінгі мемлекеттер арасында парсы жұртының Саманид, түркі халықтарының Газни, Қараханид, Тимурид, Селжүк империяларында да ­Ислам мәдениеті алға баса түсті. Ғалымдарды билік жоғары бағалап, оларға барлық сый-құрметті жасап тұрды. Барлық мешіттердің жанынан медреселер ашылып, онда дін ғана емес, дүнияуи білімдер оқытылды. Бұл медреселер артынан университеттерге, «Даналық үйлері» («Бейт әл-Хикма») деп аталатын ғылыми орталықтарға айналған. Мәселен, Бағдад, Мысыр, Шам, Бұхара, Газна, Самарқанд, Хорезм,­ ­Исфахан және т.б. қалаларда осындай орталықтар болған.

Бірақ... бірақ ХV ғасырдан бастап Ислам әлемінің ғылымы тежелуге ұшырады. Ал ­Батыс ғылымы инквизицияның күштілігіне қарамай алға басып кетті, ол ғылымның жетістігін жаппай пайдаланып, озық қару-жарақтар шығарды, соғыс өнерінің тактикасы мен стратегиясын, басып алу мен жаулап алудың әдіс-тәсілдерін меңгерді. Бірнеше кемеге мінген 30-35 мыңдық экспедициялық корпустар мың жылдық өркениеті бар алып елдерді аз уақыттарда бағындырып, оларға өздерінің қатаң тәртіптерін орнатты, байлығын тонап, халқын қырды. Жалғыз Ислам өркениеті ғана емес, мыңдаған жылдық қалыптасқан дәстүрі бар Қытай, Үндістан сияқты өркениеттер де батыстың озық техникасы мен технологиясының күшімен дайындалған қару-жарағына қарсы тұра алмады.

 

ТОҚЫРАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

 

«Ғылымның тоқырау себебінің негізгі төркіні не?» ­деген сұрақ Ислам әлемінің ойшылдарын ғасырлар бойы толғантып, оның жауабын ­табуды алдарына көлденең тартып келеді. Көптеген ғалымдар мұны ХІІІ ғасырдағы халифаттың әлсіреуімен ­байланыстырады. ­Батыстан ­тиген крестшілер жорығы мен Шыңғыс хан қосындарының Шығыстан тиюі мұсылман әлемінің дамуын тоқыратты. Әсіресе крестшілердің Пиреней түбегін басып алып, Кордова әмірлігін жоюы, оның атақты университетін иеленіп кетіп, арабтың ақыл-ойын, Исламның ғылыми жетістіктерін қолды етуі Ислам әлемі ғылымын дағдарысқа ұшыратты деген ойлар жиі айтылады. Оның үстіне бу машинасы сияқты жаңа технологияларды ойлап тапқан Батыс ғылымы өнеркәсіптің жаппай қолдауымен өзін-өзі қаржыландырды, ал Шығыс ғылымы сұлтандар мен халифтердің көңіл күйіне кіріптар болды. Олар ғылымды көңілі түссе ғана қолдап, қызығушылығы болмаса көзге ілмеуге айналды деген ойлар айтылады. Бұл сөздердің де жаны бар, «Түйелеріміз көп, қарнымыз тоқ болса, бізге өнеркәсіпке шығынданып не керек» деген билеу­шілер де болғандығын тарихшылар жазып кеткен.

Сонымен қатар кейбір дінтанушы ғұлама­лардың өздері тоқырауға себеп болған ислам догмалары емес пе деген сұрақ қойып келеді. Мәселен, 1917 жылдан 1923 жылға дейін Санкт-Петербургтың соборлық мешітінің имамы болған, татардың қоғам қайраткері, теолог Мұса Бигиев (1873–1949) XVI ғасырда Германиядағы ақыл-ойды Мартин Лютердің реформациялауымен Батыс әлемі католицизмнің бұғауынан босатылды, соның арқасында ғылым мен білім еркін дамудың жолына түсті дей келіп, «Ал сол кезде мұсылман медреселері кәлам (құдайды тану догмалары) кітаптарының түсінігі мен комментарийлерімен ғана айналысып жатты. Мұсылман ғұламалары осындай түсініктерді жазып және оны мақтан тұтатын. Міне, мұсылмандардың басын шырмап алған осы тоқыраудың кесірінен Ислам ғылымы бір орында семіп, қозғалыстан айырылып қалған сияқты» деп жазды ол.

Мұның үстіне соғыс қару-жарағын жетіл­діруге, әскери озық технологияны дамытуға ұмтылмау – Исламның бейбітшіл, адамға қиянат жасауға бармайтын әділеттігіне де тірелетін болса ­керек. Ислам өзінің алдына ғылым жетістіктерін адамзатты қырып-жоятын құрал шығаруға, басқа жерлерді басып алып, оларды отарлық кіріптарлыққа айналдыру мақсатын қоймаған. Өйткені Ислам адамның қақысын жеп, біреудің еңбегімен тапқан дүниесін тартып алуды күнәнің үлкеніне жатқызады. Осы орайда бір мысал келтіре кеткенді жөн көрдік. 1917 жылы қазан төңкерісі болғанда Ленин халыққа: «Барлық помещиктердің жерлерін шаруаларға тартып әпереміз, қарыздарыңды, несиелеріңді кешіреміз, зауыт-фабрикаларды капиталистерден күшпен тартып алып, жұмысшыларға бөліп береміз» деген ұрандар көтерді. Бұл ұрандар орыс шаруалары мен жұмысшыларына майдай жағып, олар бұл ұрандарды қос қолымен қолдап, осыны істейтін большевиктерді хан көтеріп кетті. Миллиондаған жан олардың соңынан еріп, өкімет басына большевиктердің тезірек келуіне шамасы келгенше көмектесті. Сөйтіп, Кеңес өкіметі орнады...

Ал 1979 жылы Ауғанстанда не болды? Кеңестік идеология мұнда да үстем тапқа қарсы аталмыш маркстік идеологияны қолданып, Бабрак Кармаль сияқты қолдан жасаған көшбасшылары ар­қылы «Шаруаларға жер бе­реміз, қарыздарыңды кеші­реміз» деген ұран көтертті. Халықтың 80 пайызға жуығы диқандар, олардың бәрі де жер иеленушілерге қарыз, өздерінде жер жоқ. Бірақ мұсылман шаруалар «Жер иеленушінің жерін саған тартып әпереміз, қарыздарыңды кешіреміз» деген большевиктік ұрандарды қолдамады. Өйткені олар: «Біз біреудің дүниесін тартып алмаймыз, ал қарызымызды өзіміз қайтарамыз, әйтпесе Құдай алдында күнәлі боламыз» десті. Оларды адамгершіліктің арынан аттатпай, біреуге қаскүнемдік жасатпай, еңбегін жегізбей тұрған ислам дінінің озық тәрбиесі болатын. Ғасырлар бойы оның адамгершілік қағидаларын бас­тарына сіңірген мұсылман халқы, сөйтіп, біреуге қиянат жасауға бармады. Сондықтан да олар большевиктік ұрандарды қолдамай, қанды жолмен социализм орнатпады...

Ислам әлемі өзінің бей­бітсүйгіш, кісі ақысын же­мейтін салтын сақтап, ғылым жетіс­тіктерін қырып-жойғыш қару-жарақ жасауға, бөтен елді күшпен басып алуға жұмсамай жүргенде батыстықтар болашақ тек ғылымның даңғыл жолмен дамуында екенін тез ұғып, оны жан-жақты дамыта берді және барлық жетістігін өмірге енгізуде жарысқа түсті. Соның ішінде қару-жарақ жасау саласына ғана емес, экономикалық, әлеуметтік салада да ғылым жетістіктерін пайдалануды қарқынды дамытты. Оның үстіне Батыс ғылымы шіркеудің қақпақылынан азаттық алып, еркін жүйткіді.

Ал Ислам ғылымы бұл кезде «жындардың ықпалына түсіп кетуден» үнемі сақтандыратын кейбір діни дәстүрлердің ықпалынан да шыға алмады. Ғылымның кейбір жаңалықтарын тануға өздерінің өресі жетпеген қайсыбір имамдар оны тыйып тастауға тырысып бақты. Шығыс ғылымының жалпақ жұртқа жария болуына кедергі келтірген тағы бір себеп: ашылған жаңалықтар мен жетістіктер тек ұстаз бен шәкірттің өзара құпиясындай болып, ғұлама тек өзінің сүйікті ізбасарларын ғана дайындады. Бұл дәстүр Исламда ғана емес, қытай, үнді ғалымдарының  дәстүрінде де байқалады. ­Батыста ғылым жетістіктері бірден жария болып, өндіріске алынса, Шығыста ол ұзақ уақыт сарғайып, сүзгіден өтіп, тіпті қолданылмай да жатып қалуы мүмкін еді. Осы мәселе бүгінгі таңдағы ғалымдарды да толғандырады. Пәкстандық физик-атомшы Первез Худбхой өзінің «Ислам және ғылым: діни ортодоксия және рационализм жолындағы күрес» атты еңбегінде осыған назар аударады, сонымен бірге ол мұсылман әлеміндегі ғылымның тоқырауының бір себебіне әлеуметтік және экономикалық факторлардың бірі ретінде орта таптың болмауын айтады. Ғалым өз еңбегінде Құранды түсінбей жаттайтындардың көбейіп отырғанын да шенейді. «Барлық білім тек Құранда деген түсінік ғылымның дамуына кедергісін келтіріп отыр. Ол сарап жасай алатын ойшыл адамның мәселені көтеріп және оның сырын ашуға ұмтылу ниетін тоқыратады» дейді тағы бір физик, Париждің Ұлттық ғылыми орталығының профессоры Б.Гидерони.

 

КЕДЕРГІ ҚҰРАНДА ЕМЕС...

 

Әрине, Ислам туралы әділетсіз пікір тудыруды қалайтын кейбір сыншылар ғылымның дамуына Құран кедергі келтіріп отыр дегенді жиі айтады. Бірақ сол қасиетті кітаптың арқасында бір кезде ғаламдық ғылым алға кеткенін олар көрмеген болады. Кедергі Құранда емес, оның талаптарын бұзушыларда. Осындай ойды ашық айтатын ғалымдар да бар. Мысалы, П.Худбхой өзінің кітабында Абдус Салам деген мұсылман ғалымы мен америкалық физик, еврей Стивен Вайнбергтің электромагнетизм саласында бір-біріне тәуелсіз, бір мезгілде ашқан жаңалығы үшін Нобель сыйлығын алғандарын айтады. Сонымен қатар ол Саламның үнемі Құранға сілтеме жасап отырғанын көрсетеді.

Әскери қуат пен экономи­калық өсімге ғылым жолымен ойлап табылған технология­лар­дың арқасында ғана қол жеткізуге болатынына көздері жеткен мұсылман әлемінің бүгінгі көшбасшылары қазір ғылымға үлкен назар аударып, оған бөлінетін қаржыны еселеп арттыруда. Соның ішінде Катар, БАӘ, Пәкстан, Малайзия, Сауд Арабиясы, Иран, Нигерия сияқты Ислам әлемінің елдері соңғы жылдары оны қаржыландыруды күрт өсірді.

Ислам әлемінің бір пұшпағы болып саналатын Қазақстан да ғылымға бөлінетін қаражат мөлшерін арттырып, қазір жүздеген ғылыми жобаларды қаржыландырып отыр. Бірақ соның нәтижесі жоғары болғанын қалайсың, әйтпесе тақырыбына қызықтырып, ақша алып, сосын одан еш қорытынды шығара алмай жатқандар да жоқ емес.

Қорыта айтқанда, ғылымға алаңсыз берілген адамның ниетін Құран ешқашан шекте­мейтіндігі көрініп тұр. Керісінше, Ислам тағылымы оны адамзаттың адал нәсібіне айнал­дыруға ықпал етері сөзсіз.

Жақсыбай  САМРАТ

ҚЫЗЫЛЖАР

 

4090 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы