• Руханият
  • 01 Қыркүйек, 2022

ТҮГЕЛ ТҮРКІ ЖИНАЛЫП, ТОМСЕНГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙСАҚ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

«Ана тілі» апталығының биылғы №31 санында «Бейсенбіден бейсенбіге дейін» айдарымен «Күлтегін ескерткішіне 1290 жыл» толғанын жазған едік. Сол мақалада, ­Орхон-Енисей жазуларының кілтін ­тауып, оның түркілердің ұлы мұрасы екенін жариялаған белгілі дат ғалымы ­Вильгельм Томсен мен ­Орхон ескерткіштерін ­тауып жариялаған Н.Ядринцевтің туғанына 180 жыл, тағы да бір әйгілі түрколог В.Радловтың туғанына да 185 жыл болғаны айтылған.
Аталған мақалада түгел түркі жиналып бір адамға ескерткіш қоюға қарыздар болса, ол, сөз жоқ, Вильгельм Томсен (1842–1927) деген едік. Бұл пікір зиялы қауымға ұнағанын байқадық. «Көк түріктер сарыны» атты кітап жазып, қазақ поэзиясында құбылысқа айналған, атақты түрікшіл ақын Темірхан ­Медетбек ағамыз редакцияға хат жолдап, өзінің бұрынырақта жарық көрген, (тастағы жазудың рухын жеткізген) қайта қарап, өңделген «Күлтегін» атты еркін әдеби нұсқасын ұсынды 
(«Ана тілі» №33). 

Түгел түркі жиналып ­Вильгельм Томсенге аспанмен таласқан ескерткіш қою мәселесін, Темірхан Медетбек аға секілді қолдайтындар көп екендігі газетке жолданған ­ауызша, жазбаша лебіздерден анық байқалуда. Ал, енді сол Вильгельм Томсен кім деген сауалға, әлемжелі дамыған заманда кез келген оқырман жауап таба алады. Бірақ Томсенге дейін жұмбақ болып келген тастағы жазудың зерттелуі қалай өрбігеніне жауап таба қою қиындау. Сондықтан біз осы мәселеге кеңірек тоқталайық. 

Негізі тастағы құпия жазуды алғаш жариялап, еуропалық ға­лым­дардың назарын аударған голландиялық Н.К.Витсен ­(1641–1717) деуге болады. Ол 1690 жылы Британия Ғылыми қоғамының президенті Роберт ­Соутвельге жазған хатында «Бұдан 28 жыл бұрын мен әр нәрсеге қызығушылық әуесқойлығыммен Ресейге бардым» дегеніне қарағанда, 1662 жылы сапар шексе керек. Жергілікті тұрғындардың айтуымен «бітік тас» атауын да алғаш қолданған ­Витсен. Сол саяхатының нәтижесінде 1692 және 1695 жылдары бірнеше кітап жариялаған. Онымен тұстас ­Ресейде Сібірді аралап, тастағы суреттер мен жұмбақ жазулар туралы мәлімет берген орыс ғалымы С.У.Ремезов. Бұл саланы сөз еткенде Ресей патшасы бірінші Петрді айтпай кетуге болмайды. Ол жарлық шығарып, Сібірден, Орта Азиядан, тіпті әлемнің әр түкпірінен небір қызықты заттарды Кунсткамераға жинатқаны белгілі. Сол патшаның пәрменімен Д.Г.Мессершмидт бастаған экспедиция жеті жылдай жүріп бүкіл Сібірді, Моңғолияны сүзіп шықса керек. Өкініштісі сонда жинаған дүниелер 1747 жылы Кунст­камерада өртеніп кеткені де мәлім. Дегенмен аталған Данил ­Готлиб Мессершмидттің жолжазбалары сақталғанын айта кеткен жөн.

Осындай ғалымдардың сан түрлі еңбектері құпия жазуларға деген қызығушылықты арттырды. Түрлі жорамалдар көбейген. Ол жазулар скандинавиялық жазуларға ұқсастығына ­байланысты Филипп Иоганн Табберттің сөзімен «руна жазуы» атанды. Батыста мұны грек, герман, кельт, тіпті фин мұрасына балағандар болды. Әрине, сақ, ғұн, скиф жазулары деушілер де болмай қойған жоқ. М.А.Кастрен есімді ғалымның фин-угорлардың атамекені Сібір, Алтай таулары болуы мүмкін деген болжамынан кейін, финляндиялық ғалымдар белсене кіріседі. Олар шынымен қатты үміттенсе керек. 1889 жылы Отто Доннер Енисей жазуларының ең алғашқы атласын жасапты. Бұл жөнінде қазіргі білгір түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы: «1890 жылдан ­бастап «Фин-угор қоғамы» мен ­Ресей Ғылым ­Академиясы арасында ғылыми бәсекелестік күшейе түсті. Алғашқы Енисей құпия жазулары атласын, енді Орхон жазуларының алғашқы атластарын фин-угор­лық­тар ресейліктерді алдына түсірмей-ақ, өздері бірінші болып әлем ғылымына ұсынып үлгерді» («Орхон мұралары» кітабынан) депті.

Расында, ресейлік ғалымдар фин ғалымдарымен жарыса зерттегені көрініп тұр. В.Радловтың «Атлас древностей Монголии» атты белгілі еңбегі 1892 жылы жарық көріпті.

Осыдан бір жыл өтер-өтпесте 1893 жылы 25 қарашада Копенгаген университетінің профессоры Вильгельм Томсен жұмбақ жазудың кілтін тапқанын мәлімдеген. Келер 2023 жылы 25 қарашада түркі жазуларының өз иесінің атымен аталып, ақыиесіне қайтарылғанына 130 жыл толады. Араға үш жыл салып «Томсен байырғы түркі жазуындағы әріптердің мәнін, дауысты, дауыссыз дыбыстар, әріптің шығу тегі, екі ескерткіш мәтіндерінің транскрипциясын, аудармасын, түсініктемелерін толық ұсынған» (Қ.Сартқожаұлы).

Шегініс жасап бір айта кететін жай – 1879 жылғы Н.М.Ядринцев бастаған экспедицияның жаңалығы да жұмбақтың тезірек шешілуіне ықпал етіпті. Аталған экспедиция Қарабалғасун қаласының орнын зерттегенде, Енисей жазуларына ұқсас жазуларды көрген. Сосын жергілікті халықтардан сұрастырғанда, ол секілді жазулы тастар басқа жерлерде де бар екенін естіген. Сөйтіп, сол өңірдегі жұрттың нұсқауымен Көшө-Цайдам деген жердегі Білге қаған мен Күлтегін ескерткіштерінің үстінен шыққан. Финляндиялық ғалымдар осы екі ескерткіштің қытай иероглифімен жазылған мәтіндерін ­жарым-жартылай болса да аударып, олардың түркілік мұралар екенін анықтаған. ­Дегенмен түркі жазуының кілтін тапқан ­Вильгельм Томсеннің бәрібір орны бөлек.

Өйткені жазу не туралы, кімдер жайлы әңгіме қозғалып тұр дегендей егжей-тегжейлі білу аса маңызды. Ең кереметі – Еуразияда көкжал бөрілердей жортқан ата-бабаларымыз, көшіп-қонған жабайы жұрт емес, жазу-сызуы бар көзі ашық ел болғанының дәлелі. Яғни ­жазу-сызу мәдениеттің шыңы. Мұны бекер айтып отырған жоқпыз. Кеңестік тарихнамада түркілердің ­Еуразияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған аса ықпалды империялар құрғанын айтқызбауға, тіпті қалайда ұмыттыруға тырысты. Бәзбір мәскеулік данышпандардың пайымынша, Өтүкенде түркілер орда көтеріп, ел атанса қаңғыбас соғдылардың арқасы екен- мыс… Мұндай тұжырымдардың жасалуын, бізді отарлаған жұрттың аты-заты жоқ ­кезде, VII-VIII ғасырларда (б.з) біздің ата-бабаларымыз жазу-сызуы бар іргелі ел болғанын қызғану деген дұрыс. Сондай-ақ түркілердің мұрасын қазақ, түрік, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түркімендерден (яғни қазір дербес ел болып отырған ) бұрын басқалар, түркілік ­менталитеттен ада еуропалықтар, мәскеуліктер зерттегені де тарихымызды тануға кедергі келтіріп келді. Оны айтасыз, өзіміздің орыстілді ғалымдар да әлі күн мәскеуліктердің ығына жығылатынын естігенде еріксіз таңданғанымыз бар. Тегі құлдықтың шет-шегі болмаса керек.

Бұл ретте Дархан Қыдырәлі басқаратын Халықаралық Түркі академиясының іс-әрекетіне үлкен үмітпен қараймыз. Жақында аталған академия, қазақ-моңғол ғалымдары бірлесіп, Құтлұқ қаған кешенін тапқанын мәлімдеді. Кешеннен табылған бітіктастағы 19 жол сөздердің 12-сі жақсы сақталыпты. Оларды ғалымдар қазірдің өзінде оқыды. Онда «Құтұлық қаған: Түрік». «Тәңірі ұлы». «Сиыр жылы: тоғызыншы ай» – деген сөздер бар. Мұндай жаңалықтың барлығы біздің Ата тарихымызды түгендеуге орасан ықпал етпек.

«Үсте көк Тәңірі, аста (төменде) баран жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын-қаған, Істемі қаған [таққа] отырды» (Қ.Сартқожаұлы «Орхон мұралары») деп басталатын Күлтегін ескерткішінің мәтінінен расында ақындық, жыраулық лебі еседі. Бұрын төл әдебиетіміздің тарихын қалың түркіге де ортақ Қорқыт бабадан бастап жүрсек, кейінгі кезде Күлтегін мен Тоныкөктен бастау үрдісі өте орынды дер едік.

Қазақ секілді тарихи жадынан айырыла жаздаған халық үшін түркілер тарихындағы қазіргі әрбір жаңалық құнды. Өйткені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ғалымдарымыз бүгінде төл тарихымызды түгендеуде.

Әрине, қазақ халқында да түрколог ғалымдар баршылық. Ежелгі түркі тілінің академиялық грамматикасын зерттеген Ғұбайдолла Айдаров секілді ғұламаны айтпай кетуге болмайды. Бірақ қалың түркі үшін Вильгельм Томсен бірінші тұр. Ол дәлелдемесе, еуропалық астам пиғылмен қараса не болар еді? Басқа біреу шығып бұрмаласа ше? Онсыз да көпе-көрнеу бұрмаланған тарихымыз аз ба еді? Демек, ғылымдағы адалдығы үшін де оған бас ию керек. Екіншіден, ол түркілерді отарлаған елдің азаматы емес. Бар-жоғымызды түгендеп жатқан заманда, қазір де сол бір дат ғалымы әлі бізге көмектесіп жатыр, көмектесе береді деуге болады. Демек, түгел түркі бірлесіп немесе Қазақстан үкіметі түркілердің ежелден бергі атакүлдігінің бірі ретінде, Елордада не ­Алматы мен Түркістанның бірінде Вильгельм Томсенге аспанмен таласқан ескерткіш орнатса, ол біздің біреулер айтқанындай күні кеше қолдан жасалған мемлекет емес екендігімізді, ежелгі елдігімізді де айғақтар еді.

Мүмкін, келер жылы 25 қарашада түркі жазуының анықталғанына 130 жыл толған құрметіне осы істі тәмамдармыз. Сонда ескерткіштің ашылуына туысқан мемлекеттің (Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан) Президенттері жиналса, көк түріктер заманынан бергі бірлігімізді де көрсетері анық. Бәлкім, әлемдегі бытырап жүрген отыз әлде қырық қанша делінетін түркі тектілер жиналып, түрлі жиындар өткізетін алаңдары бар, алып кешен салынар. Ол үшін аталған алты мемлекет бірлескен жоба жасар. Қорыта айтқанда, осындай неғұрлым ортақ, биік мақсаттардағы ескерткіш кешендер қалайда қажет. 

Бексұлтан Нұржекеұлы, 
Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТАРИХЫ  VII ҒАСЫРДАН БАСТАЛАДЫ

Вильгельм Томсен әлемге әйгілі дат ғалымы. Оның қазіргі Моңғолия жеріндегі Йоллығтегін жазған бітік тастағы жазуды оқығаны, түркілер, соның ішінде қазақ үшін де өте маңызды. Ол кісі түркі тілдерін білді ме, жоқ па, білмеймін, шынын айтқанда Ядринцев бастаған орыс ғалымдары аша алмаған жаңалықты ашты. Томсен құпия болып келген жазуды оқудың кілтін тапқан соң, Йоллығтегін жазған үлкен және кіші жазу, яғни Күлтегін туралы жыр ғылым айналымына енді. 
Шынын айтқанда, Көк түріктер жазуының ғылыми айналымға енуімен VII ғасырдан біздің қазақ тілінің тарихы басталады. Қазақ жазуының тарихы басталады. Бірақ біз оны жалпылама түрік тілі дейміз, турасында ол VII ғасырдағы қазақ тілі. Қазақтың жыры. Күлтегіннің түрік халқын қалай қытай езгісінен азат еткені, қорғағаны жайлы. Басқаға бодан болып кеткен елді, қайтадан мемлекет қылу жолындағы Күлтегіннің ерлігін Йоллығтегіннің жазуы – тарихи жазба әдебиетіміздің басы болып саналады. Соның барлығына жол ашқан, көз алдымызға алып келген осы дат ғалымы болатын. Сондықтан Вильгельм Томсеннің ескерткіші қазақ жерінде тұруы, оны халқымыздың қадірлеуі өте заңды нәрсе әрі қасиетті парыз, тарихи әрекет деп қабылдауымыз керек.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

ОЛ ӨЗ ТАРИХЫМЫЗҒА  ДЕГЕН ҚҰРМЕТ

Жұмыр жер жаралғалы ұлы даламыздың үстінен талай дауылдың өткені айдан-анық. Біз күні кеше Кеңес Одағындағы мектептерде тарихымызды Қазан төңкерісінен басталады деп оқыған ұрпақпыз. Дегенмен сол кездің өзінде ғалымдарымыз кеңестік идеологияның құйтырқы қырларын айналып өтіп, жол тауып әл-Фарабидың есімін әспеттеуге мүмкіндік алдық. Сәл кейіндеу болса да Бейбарыс даңқына қанық болдық. ­Жазушыларымыз аңыз бен ақиқатқа толы тарихымыз жайлы көркем романдар жазды. Халқымызды тарихи жадынан айыру үшін өте күшті саясат жүргізіліп жатқан кездің өзінде сондай тірліктер жасалды. Оның барлығы біздің қанымызда бар күрескерліктің арқасы.

Жібек жолының бойы толған тарих. Қазақ жерінің әр төмпешігі, әр тасы сыр шертеді, әрине сөйлете алсақ. Тілі, ділі, салт-санасы, әдет-ғұрпы бір түркі бауырлармен қарым-қатынасымыз өз тарихымызға бойлай түсу үшін де қажет. Түрік бауырларымыз осы даланың ұрпағымыз деп, Қазақстанды атажұрт санайды. Сонау Қиыр Шығыстағы якут (жақұт) атанған сақалар, Жезқазғаннан кеткенбіз деп әлі күнге жез сақинасын қастерлеп отыр. Арғы тегі болмаса эпос­тардан барып табысатын түркілердің қазақ даласына қатыстылығын зерделеу, біздің тарихымызды тереңдете түседі.

Демек, ұлы даланың тарихы Абылайдан немесе Қабанбайдан басталмайтыны айтылып жүр. Екіншіден, ескерткіш дегенде еске түседі, ұлы Абайдың ескерткіштері туыстас елдерде бой көтеруі де бізді көне тарихымыздағы бірлігімізге қарай жетелейді. Өйткені түркілерге ортақ тұлғалар аз емес. 

VII-VIII ғасырларға сапар шеккізетін Вильгельм Томсеннің жаңалығы – қазақ секілді даңғайыр халықтың тарихын да тым-тым арыдан іздеу қажеттігін көрсетті. Сондықтан Томсен есімді еуропалық ғалымға көрсеткен ілтипатымыз, өз тарихымызға деген құрмет. Бұл бастаманы мен қуана қолдаймын.

 

Құлбек Ергөбек, 
сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

ТҮРКІСТАНҒА ҚОЙЫЛҒАНЫ ЖӨН

«Ана тілі» газеті ­Орхон-Енисей жазуларының кілтін тапқан, дүние-ғаламға шығарған Вильгельм ­Томсенге түркі халықтары бірлесіп ескерткіш қою жайында тамаша ұсыныс айтып, мәселе көтеруде. Оны оқығанда менің ойыма мына оқиға түсті. Бірде ­Мырзатай ­Жолдасбеков шетелде, турасы Данияда болған кезінде, Томсен атындағы көшеде кішкентай ғана белгінің жерде құлап жатқанын көріпті. Сосын Қазақстан атынан көшенің басына ескерткіш қойғызып, көшенің бойына ұлы ғалымның есімін дұрыстап жаздырып кеткенін білеміз. Ол сондай құрметке лайық ғалым. Әрі бұл Мырзекеңнің қазақ халқының перзенті, түрколог ретінде азаматтығы деп білемін.

Әрине, Томсеннің түркологияға сіңірген еңбегін неміс, орыс, швед, ағылшын ғалымдары барлығы да жоғары бағалаған. Мен өзім Томсеннің есімін, қазақ әдебиеттану ғылымын он бес ғасырға терең­деткен, қазақ-түріктанудың басында тұрған, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың аузынан естідім. Сол күннен бастап түркологиямен тұрақты айналыстым дей алмаймын. Бірақ халқымыздың тарихын зерттеуде, зерделеуде не болып жатқанын көріп-біліп келеміз ғой. Содан да қазір он бес жылдай болды, Түркістанға Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне бірінші проректор болып келгеннен бас­тап, университет ректоры Серік Пірәлиевке айтып, өзіме бөлінген үйді, Бейсенбай Кенжебаев атындағы түріктану музейіне айналдырдым.

Ал, енді қай елде түркітануға арналған музей ашылса, алдымен Вильгельм Томсенге тағзым жасалатыны, оның есімі бірінші тұратыны белгілі. Өйткені ол біздің тасқа қашалған тарихымыздың ту ­бастауында тұрған тұлға. Сондықтан музей экспонаты ретінде алдыңғы кезекте Әлімжан Абылаев есімді суретшіге ­Вильгельм Томсеннің көркем портретін салдырдым. Сол дат ғалымы ­Томсеннен ­бастап, ­хакас Катаевтың, башқұрт Диваевтың, әзербайжан Ахундовтың, ­Орхон жазуларын бөлек, Енисей ескерткіштерін бөлек оқып еңбектер жазған С.Маловтың, В.Радловтың бәрі-бәрінің бейнесін сыздырып, ілдіріп қойдым.

Сергей Ефимович ­Малов Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алматыға келіп ұйғыр жазушысы Қадыр Хасановтың үйінде тұрған. Ол кезде ұлттық ғылым академиясы деген жоқ, филиал болды. Филиалдың тіл-әдебиет секторының меңгерушісі ­Бейсенбай Кенжебаев. Бейсекең Маловпен достық қарым-қатынаста болған. Кейін белгілі ғалым Зәки ­Ахметовты Бейсекең Маловтың Санкт-Петербургтегі үйіне ертіп барып, ғылымдағы жолын ашқан екен.

Жалпы қазір мемлекет болып отырған түркі халықтарының әрқайсысы Томсенге ескерткіш қоюға міндетті. Радловтың айтуын­ша бағзы түркі тілінің мұрагері, Лев Гумилевтің пайымынша, бағзы түркі қағанатының заңды мұрагері – қазақтар. Не істеуіміз керек дегенге келсек, мен өзім музей алдына арнайы аллея жасатып, Томсен бастаған түркітанудың ұлы тұлғаларының мүсіндерін қойғызбақпын. Ал мемлекет тарапынан түркілердің рухани астанасы Түркістанға Томсеннің аспанмен таласқан ескерткішін қою өз-өзінен сұранып тұр. Өйткені түркілердің ортақ тарихына қатысты Қазақстандағы шежірелі қала, алдымен, Түркістан.

5541 рет

көрсетілді

848

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы