• Мәдениет
  • 08 Қыркүйек, 2022

«АСТАРА БАҚТАРЫ» АЛМАТЫДА ГҮЛДЕДІ

Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында «Şam» театрының алғашқы қойылымы өтті. Жаңа театр дүниеге келді. Өнер ұжымының алғашқы шымылдығы әзербайжан драматургі ­Исмаил Иманның «Астара бақтары» атты пьесасының желісі ­бойынша сахналанған «№37» атты қойылыммен ашылды.  

Жас театрдың негізін қалаушылар – танымал театр және кино актерлері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан ­Дайыров және Асан Мәжит. «Шам» театрын құрудағы мақсат – үй ішінен үй тігу емес, қазақстандық барша театр актерлерінің бас түйістіріп, түрлі идея бөлісетін ортақ өнер алаңын қалыптастыру. Өнерде шекара жоқ. Барлық театр секілді біздің ұжымның басты ­миссиясы – ізгілік пен жақсылыққа, адами қалыптан айнымауға жол сілтеу» дейді жас ­театрды ұйымдастырушылар.

Қойылымның сюжеті бойынша он бес жыл бұрын ірі лаңкестердің кесірінен көптеген адам жазықсыз құрбан болады. Мемлекет жарылыс­тан қаза тапқан адамдарды шейіт деп танып, жыл сайын еске алу шарасын өткізеді. Он бес жылдан кейінгі кезекті еске алу күні сол оқиғада ұлынан айырылған Ягубовтар отбасының тағы да шырқы бұзылды. Ауыр қайғыдан кейін ес жиып, өзінше тіршілік кешіп жатқан бұл отбасы Расулдың оралуына шын қуана алмады. Қойылымдағы тартыс дәл осы жерден өрбиді.

Исмаил Иман – Әзербайжан ­Республикасы Театр қайраткерлері ода­ғының мүшесі, танымал драматург. Жазушының пьесалары ТМД елдерінің көпшілігінде қойылып жүр. Қазіргі қоғам келбетін шынайы оқиғалар арқылы өткір бейнелейтін драматург туындысының сюжеті әзербайжан елінде өрбігенмен, географиялық өзгешелік бұл оқиғаны өзгелердің түсінуіне кедергі емес. Өйткені жазушының басты тақырыбы – адам мен қоғам шындығы. 2017 жылы жазылған «Астара бақтары» пьесасы да жалған құндылықтармен өмір сүріп жатқан өзара туыс адамдардың ішкі қайшылығына құрылған. Режиссер Фархад Молдағали әзербайжан драматургінің шығармасындағы лаңкестік оқиғаны жуырда ғана елімізде болған Қаңтар трагедиясымен шендестіреді. Спекталь атауына құрбандар тізімінде 37-ші болып тұрған Расулдың нөмірі алынған. Қойылым басталған кезде, теледидарда Қаңтар шеруі туралы репортаж көрсетіліп жатады. Ауыр қайғыны көтере алмай, дертке душар болған Расулдың анасы мүгедектер арбасында отыр. Әкесі кезекті еске алу кешіне баруға жиналып жатыр. Әйелі Зейнеп қайын ағасына тұрмысқа шыққан. Ұлы ер жеткен. Дәл осы мезетте Расул оралады.

Жақындары Расулдың тірі болып шыққанына қуанудың орнына, «15 жыл бойы ол қайда болдың?» деп жазғырады. Әрқайсысы он бес жыл бойы өзінше азап шеккенін, енді өз өмірі, тіршілігі бар екенін айтады. Ағасы Әнуар «Бұл менің отбасым, кіші Расул менің ұлым» деп інісін жақсы көре тұрып, жек көретінін ашық жеткізеді. ­Жарынан жастай айырылған Зейнеп өзі сүймейтін адамымен бірге өмір сүруге енді көндігіп келе жатқанда Расул келіп, тағы да ойран-топырын шығарғанын айтып, қатыгездігін бетіне басады. Ал Расулдың көрген азабы ше? Үреймен өмір сүруден асқан азап бар ма? Өйткені ол сол оқиғаның тірі куәгері еді. Өзінің «Менін» жоғалтқан Расул енді қалай өмір сүрмек? Ол тіпті туған анасы үшін де «өлген» адам. Расул анасына ғана айтқан шындықты қоғамға айта алмайтын еді. Өйткені ол жарылыс саяси ойын болатын. Осылайша бір отбасы мүшелерінің күйреген тағдыры озбыр билік алдындағы қарапайым адамдардың құнсыздығын көрсетті.

«Бұл қойылымның оқиғасы ­2037 жылы өтіп жатыр. Автор мен режис­сердің көркем қиялы араласқанмен, туындыда қазіргі біздің қоғамдағы әр адамның көкейінде жүрген сұрақ бар. Сондықтан да біз Исмаил Иманның дәл осы пьесасын таңдадық және оның сюжетін өзіміздің қоғамға ыңғайладық. Көрерменге ой салып жатса, біздің көз­деген мақсатымыз да сол», – дейді Әнуар­дың ролін сомдаған актер Асан Мәжит.

Қалыптасқан арнадан шығып, көрерменге тың туындылар ұсынуды мақсат еткен жаңа театрдың қадамы осылайша сәтті басталды. Режиссер Фархад Молдағали туынды авторының айтар ойын, пьесаның астарындағы құпия-қалтарысын көрерменге жеткізе білді. Қойылымның декорациялық шешімі қарапайым, сахналық көріністер түгелге жуық бір кеңістікте өтеді. Режиссер сахнаның жарықтандырылуы мен музыкасына да баса мән берген. Қойылымның өн бойында ойнап тұрған баяу музыка (композитор – Олжас Жақыпбек) психологиялық драманың құрамдас бөлігіне айналып, кейіпкерлердің көңіл-күй пернесіне сай келді.

Әке рөліндегі Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі – Сағызбай Қарабалин, ана – Тынышкүл Сұлтанбердиева, ­Зейнеп – Зарина Кәрмен, басты рөлдегі Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Лиза Серікова және жас актер Алмат Құрақ өз образдарымен актер ойынының үздік үлгісін көрсетті.

Қазақ еліндегі спектакльге Баку қаласынан арнайы келіп қатысқан Исмаил Иман мырзадан қойылымнан алған әсерін сұраған едік.

– Біріншіден, Алматы мені жылы қарсы алғанына қуаныштымын. Екіншіден, кез келген автор өз туындысын сахнадан көруді қалайды және егер ол сапалы орындалса ерекше қуанады. Фархад Молдағали қойған спектакль – өзегі берік, тың режиссерлік шешімдер мен керемет актерлік ансамбль үйлесім тапқан үздік қойылым болып шықты. Мен өз пьесамның қазақ тілінде сөйлегеніне өте ризамын. «Şam» ­театрына табыс тілеймін және олардың жетістікке жететініне сенімдімін, – дейді пьеса авторы Исмаил Иман.

«Астара бақтарының» сахналануы – автордың қазақ әріптестерімен алғашқы тәжірибесі. Жазушы-драматург ретінде шығармалары сұранысқа ие қаламгермен шығармашылық ынтымақтастық алдағы уақытта жалғасын табары сөзсіз.

Беташар қойылымның соңында Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов шәкірттері құрған жаңа театрға сәттілік тілеп, ізгі тілегін арнады. Шымылдығын салмақты да ­заманауи туындымен ашқан жаңа театрдың аяқ алысы көпшілікті қуантты. ТМД елдерінің бірнеше театрында оқылымы болғанмен, әлі көрерменге жете қоймаған «Астара бақтары» қазақ театрында сәтті сахналанып, бағы жанды десек, артық айтқандық емес. Екі күн бойы театрдың кіші залы көрерменге лық толып, қойылым көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Ізденістері зор, мақсаты айқын «Şam» өнер ұжымы отандық театр өнеріне өз қолтаңбасымен қадам басты. 

Дина ИМАМБАЙ

 

1749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы