• Әдебиет
  • 08 Қыркүйек, 2022

Ана тілде – ұлттың арман-тілегі

Ермек САХАРИЕВ

 

Мақпал түннің тылсым сыры көп бүккен,
Сәулесіндей айдың түскен түндіктен.
Сүйгендерге екі дүние бір қадам
Ғашықтықтан өлуге бар үздіккен.

Еліккіш жан әуенге елтіп шалқыған,
Балауыздай жалынға еріп балқыған.
Алпыс екі тамыры иіп бойдағы
Пәк сезімін баса алмайды толқыған.

Көпті көрген сыралғылар кешегі:
«Мұның бәрі көңіл күйден» деседі.
Бірін-бірі сүйгендерді өлердей
Ажырата алмайды жұрт өсегі.

Бірақ солар қосылмайды соңында
Сан кедергі шығып алдан жолында.
Ащы шындық осы жалқы өмірде,
Өйткені адам тағдыры Хақ қолында.

Мысалы, оның Қозы менен қыз Баян,
Бала кезден ол жыр бізге жақсы аян.
Қостырмайтын ол екеуін бүгінде
Қодарлар көп, бұған мен де қол қоям.

Құдай қоспай, бақытты жұп болмайды,
Тағдыр-түлкі қыз-жігітті алдайды.
Жақсы болсын, жаман болсын Тәңірі
Сүйген құлы – пенделерін қолдайды.

Салады еске соны мұңды ғазалдар, 
Ай құлақты түсі суық мазарлар.
Сүйгендер де мәңгі емес, өйткені
Бұл жалғанда өмірді алар ажал бар...

***
Жасы үлкеннен алған жандар батаны,
Қашан-дағы сөзге тоқтар аталы.
Содан болар ең қимасын адамдар
Өмірдегі жан досым деп жатады.

Болмаса да достай қымбат атағы,
Жақындықты білдіретін атауы
Бұдан басқа жолдас деген сөз де бар,
Еске салар тату өскен ботаны.

Жолдас деген – серіктесің жолдағы,
Бөлісетін барыменен қолдағы.
Достай қымбат болмағанмен етене
Саған жақын жанның бірі ол-дағы.

Жолдас көп те, дос сирек тек қоғамда,
Соларменен биік сенің бағаң да. 
Алмастыра алмайды оның орынын
Асыл жар мен бүкіл бала-шағаң да. 

Өмір бойы өтетұғын сен сүйіп,
Достың орны әрқашан да төр биік.
Достай жан жоқ дәл сен үшін өмірде,
Жүретұғын отқа түсіп, сан күйіп.

Досың бар ма, қуана бер жігітім.
Соларменен орындалмақ үмітің.
Ал өмірде қысқа қамшы сабындай
Өте нәзік сол үміттің жібі тым.

Досы барлар кенен баққа жеткендер,
Бірге өткізген күнді ұмытып кетпеңдер.
Досы жоқтың жан азабын арттырып
Жарасына ащы тұзды сеппеңдер
... Ондайларды мүсіркемей өтпеңдер...

***
Салт-дәстүр мен қазақы ырым, кәдені,
«Құдай сөзі, – деп, – құрметтер уәдені», – 
Таймайтұғын берген серттен өлсе де, 
Сөзге берік әрбір әйел әдемі!

Майдай жағар айтқан әлди әуені,
Дарақ сынды жеміс төгер мәуелі
Өзі емес, ұрпағы үшін сүретін
Мейірімді ана біткен әдемі! 

Көз тоймайтын сұлу, көркем бәдені,
Риза қылар үлкендерді сәлемі
Жібек мінез, биязы әрі ибалы,
Көргенді жан әйел заты әдемі! 

Тәнті ететін ішкі болмыс әлемі,
Сұлу қыздан әрбір жігіт дәмелі.
Бозбаланы ақыл-естен айырған
Сиқыршыдай қыздың бәрі әдемі! 

Ауыртса да бітеу жара көбені,
Садақ тартып, атып тура жебені
Батырлармен тізе қосып күрескен
Қайтпас-қайсар қазақ қызы әдемі! 

Отбасында сыйлап ата-енені,
Пір тұтатын барша көзі көнені, 
Ұл-қыз туып әулет тінін жалғайтын
Алтын құрсақ күллі аналар әдемі!..

***
Ана тілден тамыр тартса рух, намыс,
Сақтап қалған батыр оны жұрт нағыз.
Сан ғасырлық шежіреге көз салсақ, 
Сол тіл үшін халқымызды құртқанбыз.

Ана тілде болса ұлттың тірегі,
Тіл деп соғар бүкіл елдің жүрегі.
Ана тілі – ұлттың жаны және де
Бар халықтың сөнбес үміт шырағы.

Тілде жатса ен байлығы халықтың,
Адам түгіл, өз тілі бар балықтың.
Тілім барда, терезем тең өзгемен,
Сол тіліммен батырмын һәм алыппын. 

Құрметтемей ұлт белгісі – тіліңді,
Менсінбесең, дін мен дәстүр, діліңді,
Мәңгүрт болдым дей бер, онда тірлігім
Түзелместей быт-шыт болып бүлінді. 

«Басқа бәле – тілден» депті баба өткен,
Бұл сөз шыннан айтылмаған құр тектен.
Тілеп алар сау басына сақина
Асып кеткен бейпіл ауыз тым шектен.

Ана тілде – ұлттың арман-тілегі,
Онсыз өмір жоқтығын жұрт біледі.
Тілі барда ел де сақи, дін-аман,
Мәңгі бақи өлмей өмір сүреді.

Бар күш-қуат енген дендеп денеге,
Соныменен алған білім, өнеге
Тілімізден айырылсақ біздерге
Қалмасы анық пір тұтатын дәнеңе...
... Ұлт та ондай жарамайды кәдеге...

***
Көктем шықса, ғажап түске боянып
Бар тіршілік қысқы ұйқыдан оянып,
Жаңа өмір басталатын бұл мезгіл
Адамзатқа көп күттірген той анық.

Қыз-келіншек таңғажайып түрге еніп,
Қырға шыққан жауқазындай түрленіп,
Әз көктемнің мерекесін тойласа,
Наурыз келер оныменен бірге еріп.

Жыл мезгілі бір-бірімен алмасып,
Жылдарменен мәңгілікке жалғасып,
Туған жерге қайта оралар құстар да
Арып-ашып ұзақ сонар жолды асып.

Шырмауықтай уақыт матап тастаған,
Төрт мезгілде көктем ерек басқадан.
Жаңа өмірдің бастау көзі – көктемді
Сол себепті пір тұтады барша адам. 

Уақыт-сынап өмір көшін тоспаған 
Жаға сынды аққан өзен қоспаған.
Мына өмірге өзі қонақ екенін
Біле бермес әлі қыршын жаста адам.

Зерделесең, назар салып өткенге,
Тіршіліктің бастау көзі – көктемде,
Екеніне көзің жетпек, ал ғұмыр
Мәресіне жетеді дем біткенде.

Өте шығар бір жарқ еткен жасындай –
Өмір заңы бұлжымайтын осындай.
Жүрісінен жаңылуы тірліктің
Бұл жалғанда кездеспейтін тосын жай.

***
Өмір қиын қан қақсатқан баршаны,
Байырқалап, бітпес әуре-сарсаңы.
Қуып шығам қырсықты, – деп, – 
үйді әжем 
Аластайтын бұрын жағып аршаны. 

Білмесем де ішкі сырын, мән-жайын,
Ырымдарға сенуші едім шын дәйім.
Бір нәрсеге сенген ғажап екенін
Сол әжемнен көріп өскем жыл сайын.

Бертін ұқтым сырын ұлттық ырымның,
Тылсымына бойлағанда ғылымның.
Жаны ізгіге ырым-сенім болғанда,
Суық қару екен қолда зұлымның. 

Бұрынғылар бәрін балап жақсыға,
Тастамаған жерге керек тасты да.
Құлай сенген дабыл қағып билеген
Дұғасының әр сөзіне бақсының. 

Сенім жоқта сезім толы шүбәға, 
Көңіл күй де әрі-сәрі, дүбәра.
Сенім барда үміт оты жанады,
Тағдыр тартқан ол пендеге сыбаға. 

Осыны ұқтым ырымынан қазақтың,
Қазынасы сынды түрлі ғажаптың.
Сол ырымнан тауып жұмақ бақшасын,
Ұмытады адам отын тозақтың.

Сол себепті ұнатамын ырымды,
Түсіндірем оны ұлыма тұлымды.
Сенбегендер қазақ емес ырымға,
Есті азамат қате демес мұнымды,
... Артық кетсем кешір, Тәңір, құлыңды!..        

2140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы