• Тарих
  • 08 Қыркүйек, 2022

ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨСКЕМЕН

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Аймақты дамыту, көркейту, гүлдендіру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. Бұған атқамінерлер қаншалықты назар аударып, жұмысты рет-ретімен нәтижелі атқарып жатыр? 
Күні кеше Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар атқарылып жатқан жұмыстарды елдің назарына ұсынды, бір сөзбен айтқанда, есеп берді. Оның айтуынша, 17 облыс орталығының ішінде 6 айдың қорытындысы бойынша қала өнеркәсіптік өндіріс көлемінде 1-орынға, бөлшек сауда тауар айналымында 3-орынға, ауыл шаруашылығының өнімі және құрылыс жұмыстарынан 4-орынға, инвестициялар көлемі мен жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жағынан 5-орынға шыққан. Бұл жай ғана статистика емес, азаматтардың әл-ауқатының негізі, тұрақты жұмыс және болашаққа деген сенімінің көрсеткіші екенін алға тартып, әкімдік жұмысының негізгі басымдықтары қалалық ортаны одан әрі жақсартуға бағытталғанын, өткен жылдың қараша айында қаланың жаңа бас жоспары бекітілгенін, онда облыс орталығын дамытудың негізгі бағыттары белгіленгенін сөз етті.

Биыл көптен бері қаржы бөлін­бей, биліктің назарынан тыс қалған қаланың шет аймақтарындағы қор­даланып қалған, жұртты алаң­датқан мәселелерді шешу қолға алынды. Бұған белсенділер мен депу­таттардың ұсыныс-тілектері түрткі болып, халықпен ашық кездесу ұйым­дастырылып, нәтижесінде тұрғындар үшін өзекті мәселелер алға шықты.

Демалыс аймақтарын қалпына келтіру және жақсарту жұмыстары нәтижесін бере бастады. Металлург саябағы, Қабанбай батыр көшесінен Ертіс көпіріне және амфитеатрға дейінгі жағалау, Фасадная көшесіндегі Соградағы гүлзар абаттандырылып, 19-шағынауданда Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы демалыс саябағы салынды.

«Халық қатысатын бюджет» ­жобасы аясында өз ауласын жақсарту, балалар мен спорт алаңдарын ашу, жарықтандыру және т.б. мәселелерді іске асыруға тұрғындар белсенді кірісті. Жоба бойынша 15 аула ­ау­мағын абаттандыру жоспарланса, 12 шағын архитектуралық формалар мен балалар алаңын орнату аяқталып, бес спорттық футбол, төрт балалар алаңын жасауға қаражат бөлінген.

Су – тіршілік көзі. Халықты ­ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында істеліп жатқан жұмыстарға тоқталған қала әкімі Жақсылық Омар: «Халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл Красин кентінің сумен жабдықтау желілерін қайта құру аяқталады, 4740 адам (1505 абонент) сумен қамтамасыз етіледі. Айналма Магистраль (Алматы трассасы) ауданындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау желілерінің құрылысы ­басталды. Прудхоз ауылындағы ­сумен жабдықтау желілерін қайта құру аяқталды. Келешекте Рабочая көшесі (сумен 117 адам, 39 үй қамтамасыз етіледі) және Комсомольский кенті (сумен 591 адам, 197 үй қамтамасыз етіледі) бойындағы шалғайдағы шағын аудандардың сумен жабдықтау желілерін жаңғырту ойда бар. Бау-бақша серіктестіктерін электрмен жабдықтау мәселесін шешуге кірістік. Осы жылы бюджеттен Меновное ауылындағы «Рауан-Восход» бау-бақша серіктестігінде (электрмен 493 адам, 151 үй қамтамасыз етіледі), Жаңа-Ахмердегі «Звездный» серіктестігінде құрылысын бастауға (электрмен 468 адам, 90 үй қамтамасыз етіледі) және Жаңа-Ахмердегі «Светоч» серік­тестігінде (электрмен 432 адам, 70 үй қамтамасыз етіледі) ­электрмен жабдықтау желілерін салуға қаражат бөлінді. Ахмер ­ауы­лында ұзындығы 61,8 км электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы басталды (электрмен 635 үй, 1905 адам қамтамасыз етіледі), «Ауыл ­Ел-бесігі» бағдарламасы бойынша ­Меновное және Ахмер ауылдарындағы жарықтандыру желілері жөнделіп жатыр», – деді.

Бүгінгі күні балабақша кезегінде алты жасқа дейінгі 4267 бала тұр. Бұл электрондық базадағы көрсеткіш. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етудің басым міндетін шешу үшін 462 орынға жоспарланған бес балабақшаның екеуі ашылған, тоқсан орындық «Асыл бала» жекеменшік балабақшасы бүлдір­шіндерді жақында қуантады. ­Әлеу­меттік инфрақұрылымды ­дамыту ­балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, арнайы мемлекеттік қызметтермен қамтуды кеңейтуге, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік ­бе­ретінін ескерсек, бұл іс жалғасын табатыны айқын.

Тағы бір жағымды жаңалық, «Нұрлы жол» шағын ауданында (драма театры ауданы) 600 орындық мектеп салынып жатыр. Бұрынғы «Асқартау» мейрамханасының ғима­ратын мәдени-демалыс орталығына қайтару да маңызды шешімнің бірі болды. Онда шығармашылық ұжым­дар орналастырылды, театр үйірмесі, шахмат клубы ашылды, қазақ, ағылшын тілдерін оқытады, фитнес залы тренажерлермен жабдықталған.

Денсаулық саласы да күрмеуі көп мәселенің бірі. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау мекемелерінің желісі кеңейтіліп жатқаны, лифт шахтасын күрделі жөндеу және №4 қалалық аурухана ғимаратының лифт жабдықтарын ауыстыру жоспарланғаны айтылды. Күрделі жөндеуден өткен және жабдықталған Шәкәрім көшесі, 149 мекенжайында орналасқан ғимаратта перзентхана ашу жоспарланған. Гематология орталығының құрылысы жалғасып жатыр, онда жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалана отырып, жаңа бірегей жабдықты орнату көзделген.

– «Үлбі» орталығын жөндеу жұмысы аяқталып келеді. «Қам­қорлық» қорымен бірлесіп, біз мұнда аутистік спектрдің бұзылуы және басқа да ментальді бұзылулары бар ерекше балаларды дамытудың ең заманауи жабдығы мен әдістемелері бар орталық ашамыз. ­Протозанов көшесі бойынша 37, 37 а, 140 орындық және Челюскин көшесі бойынша 17/1, 140 орындық бала­бақшаларды орналастыруға екі ғимарат қайтарылды. МЖӘ жобасы бойынша Аблакеткадағы балабақша ғимаратына жөндеу жүргізіліп жатыр, Космическая көшесі, 6/3 бойынша 280 орындық балабақша ғимаратын қайтаруды қолға алдық. Жыл соңына дейін технологиялық және құрылыс колледждерінің студенттеріне арналған екі жатақ­хананың құрылысы аяқталады, – деді қала әкімі Ж.Омар.

Тұрғын үй мәселесіне келсек, биыл 118 пәтер бөлінді, оның ішінде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 46, көп балалы отбасыларға – 25, халықтың әлеуметтік осал топтарына – 19. Тұрғын үймен қамтамасыз етуді арттыру үшін жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша 1022 пәтерлік 15 үй, 747 пәтерлік 14 коммерциялық үй және 800-ге жуық жеке тұрғын үй (76 мың шаршы метр) пайдалануға беріледі. 28 шағын ауданда 43 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын, оларға биыл жаңа иелері келеді.

Соңғы кездері қоғамдық көліктің жұмысына көңілі толмайтын жолаушылар ара-тұра өз пікірлерін айтып, наразылық білдіріп жатады. Қала әкімінің назарынан бұл мәселе де шет қалмапты. «Қалалық автобус маршруттарына қызмет көрсету үшін күн сайын желіде 260 бірлік жылжымалы құрам жұмыс істейді. Жылжымалы құрамды жаңартудың үш жылдық бағдарламасы аясында тасымалдаушылар 52 автобус бірлігін жаңартты. Жыл соңына дейін қосымша 38 жаңа автобус жеткізу жоспарланған. Биыл 2 шілдеден бастап сараланған тариф енгізілді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша төлем үлесі – 78%, оның жартысы көлік карталарымен – 38%, қалғаны Каспий және Билайн QR кодтары арқылы төлеу мүмкіндігі бар. Тұрғындардың ұсыныстары бойынша 253 маршруттың қозғалыс схемасына өзгеріс енгізілді, 26 маршрутты жаңартуды қолға алдық. Бюджет қаражаты есебінен 28 стандартты аялдама кешені және 3 жылы аялдама кешені орнатылады (Сәтпаев даңғылы бойынша жеңіл атлетика кешені ауданында, «Электр тауарлары» дүкені ауданында және ШҚМУ аялдамасы). Біз алғаш рет трамвай жолдарын қайта құру және жаңғырту бойынша үлкен жобаны бастадық (ұзындығы 4 км жол бөлігін, 6 км байланыс желісін, 133 бірлік тіректерді қалпына келтіруді, 266 бірлік СИД шамдарын орнатуды көздейтін). 2022 жылға арналған жұмыстарға Қабанбай батыр көшесінен Мызы көшесіне дейінгі Қазақстан көшесінің учаскесі кіреді (1,8 км трамвай жолдарын, 1,8 км байланыс сымын, 26 байланыс желісінің тіректерін ауыстыру). Жыл соңына қарай салонды кондиционерлеу және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған 4 жаңа төмен еденді трамвай жеткізіледі» деді ол.

Қалада спортпен және белсенді демалыспен айналысу мүмкіндіктері кеңеюде. Үстел теннисінің бірегей орталығы ашылды. Екі үлкен ойын залы, тренажер залы, спортшыларға арналған оңалту бөлімі, ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. ­Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік және ЕҚДБ желісі бойынша жеке инвестициялардың әлеу­меттік ­жобаларын іске асырып жатырмыз. «Көше жарығын жаңғырту» жобасы бойынша 12842 көше шамы, 328 көшеге жоспарланған 1790 саябақ шамынан мыңнан астамы ауыстырылған. Көшені жарық­тандыру жүйелерін басқару бойынша бірыңғай диспетчерлік пункт пай­далануға беріліп, іске қосу-реттеу жұ­мыстары және объектілерді пай­далануға қабылдау жүзеге асырылды.

Басты мәселенің бірі, жол инфра­құрылымын жақсартуға қалалық бюджеттен өткен жылға қарағанда екі есе көп қаржы бөлінген. Сондай-ақ көлік ағынын жеңілдетуге мүм­кіндік беретін қосымша 15 оң жақты бұрылыс жасалу жоспарда бар. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердегі жолдарды жөндеу де назардан тыс қалмады.

Айта берсе, тізе берсе, атқарылып жатқан шаруа жоқ емес, бар. Алда атқаратын іс те, жоспар да көп. Лайым, осы атқарылып жатқан тірліктің берекесін беріп, елдің еңсесі көтерілсе деген бізде бір ғана тілек бар.

1904 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы