• Тарих
  • 08 Қыркүйек, 2022

«ТҮГЕЛ ТҮРКІ ЖИНАЛЫП, ТОМСЕНГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙСАҚ...»

Газетіміздің биылғы №31,33, 35 сандарында, екі ғасырдай уақыт құпия ­болып келген ­Орхон-Енисей жазуларының құпиясын ашқан, сөйтіп түркілердің жазу-сызуы бар іргелі ел болғанын дәлелдеген даниялық ғалым ­Вильгельм Томсенге, түгел түркі ­жиналып немесе тіпті қазақ елінде зәулім ескерткіш қою мәселесін көтерген едік. Ұсыныс зиялы қауым тарапынан қызу қолдау тапты. Томсен тақырыбын әр қырынан толғағысы келетіндер толастар емес. Солардың бір парасын ұсына отырып, барлық ұсыныс-пікірлерді ресми орындар да ескеріп, жауап берер деген үміттеміз.  

Сергей ОЛЬДЕНБУРГ:

Томсеннің тәсілі мен еңбегі – өзінен кейінгі ғалымдарға керемет мектеп. Анықтық, ойларының орнықтылығы, аса ауқымды деректерді игерудегі сақтығы, алдына қойған мақсатына жету жолындағы өзіндік, ешкімге ұқсамайтын мәнері Томсенді ғылымдағы тамаша ұстазға айналдырды.

В.В.БАРТОЛЬД:

Түрколог маман болмаса да Томсеннің жаңалығы таңғаларлық. Оның данышпандығы ғана емес, ғылымдағы қатал ұстанымы, өзінен кейін Орхон жазуларымен айналысқан барлық ғалымнан артықшылығын көрсетті. Томсен өзінің жаңалығына дейін түрік тілімен де, Орта Азия тарихымен де айналыспаған. Сөйте тұра, оның ­аудармасы да, тарихи ойламы да шындықтан алшақ кетпеген.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ:

Қазіргі дәуірде Томсен ашқан жаңалықты тек Орхон жазуларына ғана кілт деп қарамай, сонымен қатар бүтін Орта Азия мен Қазақстан тарихында кездесетін көне жазу-сызулардың сырына үңілуге мүмкіндік берген қымбат кілт деп бағалау орынды.

Байбота  ҚОШЫМ-НОҒАЙ:ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  АТАУЛЫ КҮНДЕРДІҢ ҚАТАРЫНА ЕНГІЗСЕК..

Әрине өте дұрыс бастама көтеріліп отыр. Томсеннің атын ардақтау ісін біз сонау тоқсаныншы жылдары да айтқан едік. «Ана тілі» газетінің 1995 жылғы маусымның 1-і күнгі №18 санында «Бағы жанбаған бір күн... Славян жазуы мен мәдениетінің Қазақстандағы күндері соны тағы да еске түсіреді» деген мақала жариялап, осы мәселе жөнінде пікір білдірген едім. Сол ойларымды қайта бір жаңғыртып еске салып қойғанды орынды көрдім.

Ұзақ уақыт бойы Батыс ғылымының тоңтерiс еуроцентристiк ағымы, көшпелiлер отырықшы жұрт жасаған дайын асқа тiк қасықтықпен ешқандай да материалдық һәм рухани игiлiк тудырған жоқ деген қатыгез көзқарасын, адамзаттың сан ғасырлық ұлы керуен-көшiнде өшпес iз қалдырған түркi халықтарына да нақақтан-нақақ таңып келдi. Тынық мұхиттан Днепр­ге дейiнгi ұлан-ғайыр аймақта құдiреттi қағанаттар құрып, бiтiгтастарда бiлiмi мен бiлiгiнiң белгiсi – төл жазу-сызуын таңбалаған тағдыр-талайы Тәңiрiнiң жазуына байланысты аумалы-төкпелi даланың жоталы жолбарыстарына бұл көпе-көрiнеу таңылған қиянат болатын. Тiптi Копенгаген университетiнiң салыстырмалы тiл бiлiмi кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен 1893 жылы Моңғолиядан табылған «жұмбақ» жазудың кiлтiн тауып, түркi халықтары мәдениеттiң асқаралы шыңы – төл әлiпбиiмен жазбаша дүние жаратқан салуалы жұрт екенiн ғаламға мәшһүр етсе де, есеңгiреген еуроцентристер ештеңе естiп-көрмегендей өз жарапазанын қайталай беруден жазған жоқ. Ресей отаршылығы мен Кеңес өкiметi жүргiзген ұлыорыстық шовинистiк саясат та сол ағымның сойылын соғып, көшпелiлер тек отырықшы қауым жасаған мәдениеттi қиратушы варварлар деп тантыған тәкаппарлардың қолтығына су бүркiп келдi. Нәтижесiнде «ата-бабаларымыз жабайы едi, өзiмiз надан болдық» дегендi мәжбүрлiкпен мойындадық. Шын мәнінде, Вильгельм Томсеннің ғылымдағы бұл жаңалығы француз мысыртанушысы Жан-Франсуа Шампольонның 1822 жылғы қыркүйектің 14-і күні Мысыр иероглифтерін оқудың жолын тапқан ұлы жаңалығымен иықтас еді.

Тарихымызда тегiн тексерiп, түркi халықтарының тамырластығын, тағдырластығын танып-сезген зиялылар «пантүрiкшiл» деген жалаға қалып, тiлдерi тiзгiнделдi, айдалды, асылды, тiптi ату жазасына бұйырылды. Мұның қалтарысында Еуразия кеңiстiгiн мекендеген түркi халықтарының бiрлiгiнен қатер күткен жымысқы пиғыл жатыр едi. Қызыл империя ыдыраған соң ғана қолымызға тиген тәуелсiздiк түркi халықтары арасындағы көзге көрiнбес қорғанның көбесiн сетiнетiп, емеуiрiнмен ғана еске алатын бiраз жайтты ашық айтуға мүмкiндiк бердi.

Көне түркi руна жазуы VII ғасырдан бастап IХ ғасырға дейiн кең көлемде қанат жайып өзiнiң гүлдену дәуiрiн бастан өткiздi. Ғалымдар бұл жазуды Енисей аңғары мен Алтай өңiрiнде, Орта Азияның солтүстiк шығысында Х-ХI ғасырларда да қолданыста болғандығын дәлелдеп отыр. Өркениеттi әлемге ұзақ уақыт беймағлұм болып келген ­Орхон-Енисей ескерткiштерiндегi «құпия» жазудың ­сырын ашып, оның қай халықтың мұрасы екенiн ажырату Данияның ұлы ғалымы Вильгельм Томсеннiң еншiсiне тиген-дi. 1993 жылғы желтоқсанның 15-i күнi оның Дания корольдiгi Ғылым академиясының мәслихатында түркi руна жазуының оқылу сырын жер-жиһанға жария еткенiне тұп-тура бiр ғасыр толған болатын. Адамзат болып атап өтуге тұрарлық осы бiр айтулы күн сол кездері де «Ана тiлi» апталығынан басқа ешкiмнiң аузына iлiнбедi. Ал аты әлемге мәшһүр ақын-жазушылар Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтiң алдын ала баспасөз беттерiнде айтқан iзгi ойлары, өзгенiң қаңсығы таңсық көрiнетiн керенау ағайынның салғырттығынан аяқасты ­болып қала бердi.

Ғылымда түркi руна жазуы арамей жазуының негiзiнде пайда болған деп әбден орныққан жаңсақ пiкiрдi бұл күндерi археологиялық мұрағаттар терiске шығарып отыр. Есiк қорғанынан табылған алтын киiмдi адам ғалымдардың анықтауы бойынша б. д. д. V ғасырда жерленген. Алтын киiмдi адам тұтынған күмiс тостағандағы жазудың түркiше оқылуы «керiсiнше арамей жазуы сақ-түркi әлiпбиiнен тараған деген пiкiрдiң тууына жол ашады» («Ана тiлi» газетi, №49, желтоқсанның 9-ы, 1993). Демек, түркi халықтарының төл мәдениетi болмаған деп ежiктей беретiн еуроцентристiк өктем көзқарастың күлiн көкке ұшырған ол күндi адамзат әулетi ­назарында ұстауы тиіс.

Бұдан бұрын айтылғандай, келесі жылы Вильгельм Томсеннiң Дания корольдiгi Ғылым академиясының мәслихатында, түркi руна жазуының оқылу сырын жер-жиһанға жария еткенiне 130 жыл толады. Ескерткіш қоюдың сыртында, бұл күнді халықаралық атаулы күндердің қатарына енгізіп, жыл сайын атап өтер болсақ, бүкіл түркі дүниесі үшін үлкен абырой болар еді!..

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, 
Мадрид және әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ профессоры

АЙРЫҚША АТАП  ӨТЕР ЕУРОПАЛЫҚ  ЕКІ ҒАЛЫМ

 ХІХ ғасырдың екінші жартысында Еуропа мемлекеттерінде ғылым мен білім көптеген жетістіктерге жетті. Соның бір шеті түркі халықтары мәдениеті мен тарихына көп жаңалық әкелді. Сол ғалымдардың ішінде ерекше атап айтатынымыз А.Тьерри мен В.Томсен. 

ХІХ ғасырдың ортасында әйгілі француз ғалымы Амедей Тьерри (1797–1873) Аттилатану саласында төңкеріс жасады. Өзіне дейінгі екі ғасыр бойы зерттеушілердің Аттила туралы бір жақты жазғандарын жоққа шығарып, христиан діндарларының әсерімен жазылған шығармаларға мықтап соққы берді. Хун королі Аттила туралы сыңаржақ жазылған зерттеулерді қатты сынап «Аттила адамзат тарихындағы ұлы адамдар Александр Македонский мен Юлий Цезарь қатарынан орын алады» деп түйіндеген еді.

Қазіргі тарих ғылымының көзқарасымен қарайтын болсақ, Аттиланың көп ерліктерінің бірі – Еуропа елдерін біріктіргені. Аттиладан бұрын да соңғы заманда да ешкім қарудың күшімен (Ұлы Карл да, Наполеон да, Гитлер де) біріктіріп бір орталыққа бағындыра алмады.

Орхон-Енисей жеріндегі бабаларымыздың тастағы жазуларын алғаш көріп Еуропаға паш еткендердің бірі Н.М.Ядринцев (1842–1894) еді. Ол қазақ ғалымы Шоқанның жақын досы және оның талантына шын мәнінде бас иген ғалым болатын. Ол өзін қазақ ғалымының шәкірті деп есептейтін. 1865 жылы көктемде Шоқан қайтыс болғанда ол Омбы түрмесінде отырған еді. Сол абақтыда отырған ауыр күндерде Шоқан қазасын естіп: «Қазақ ғалымының ғылыми мұраларын жоғалып кетуден яғни қолды болып кетуден сақтау керек...» деп алғаш мәселе көтеріп, ­Петербургке хат жазған еді. Әттең, Шоқанның ғұмыры қысқа болып, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің үлкен жаңалығын көре алмай кетті! Егер ол тірі болғанда, сөз жоқ жұмбақ жазулардың кілтін табуға тікелей қатысатын еді.

В.Томсеннің артықшылығы, оның көп тіл білгендігі. Әйтпесе, қаншама ғалымдар оқи алмаған мәтіндерді тарқатуға қолы жетпеген болар еді. Шоқанның Томсен сияқты басқа ғұламалардан айырмашылығы – түркі тілдерінің бәрін жақсы білетіндігі болатын. Шоқанның осындай жаңалықты көре алмағаны және оны зерттеуге қатыса алмағаны өкінішті.

Томсен тіл білімі ғылымында өз атын алтын әріппен жазып кеткен майталман ғалым. Соңғы жылдары Қазақтың ғылыми жұртшылығы оның есімін ардақтауға көп көңіл бөліп жатыр. Бұл аса игілікті құптарлық іс. Оның себебі қазақ елінен Томсеннің көптеген ізбасарлары шықты. Олардың кейбіреулерін атап айтсақ: Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлы, А.Мектептегі және Басқа түркі халықтарына қарағанда, Қазақстанда ғылымның осы саласына, яғни Томсен бастаған түркітанудың үлкен бөлігіне арналған мектеп қалыптасты. Осының бәрін ескеріп, ұлы ғалым В.Томсен еңбегін ерекше бағалап, ескерткіш орнату мәселесін көтерген газет ұжымын біз шын жүректен қуанып, құптайтынымызды айтамыз...

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,

тарих ғылымының докторы, профессор:

ТОМСЕН ОҚЫЛЫМДАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Байырғы түрік графикасының кілтін 1893 жылы 25 қараша күні В.Томсен ­тауып, таңбалардың мәнін орнына қойғаннан бергі 130 жыл уақыт бойы әлем түріктанушылары оны әрі қарай тереңдете зерттеуде. Бұл орайда оның ғалым ретіндегі нақты білгірлігін дәлелдейтін де мысалдар қажет деп ойлаймын. Яғни оның көне жазуды оқудағы ұстанымдары күні бүгін маңызды. 

Байырғы түрік жазуын «руна» (құпия) деп атап келді. Бүгінгі жағдайда оның құпиялығы қалмады. Ғалымдар аталмыш жазуды алфавиттік жазу екенін бір ауыздан мойындады. Бұл жазулардың тілі дыбыс үндестігіне құрылған, жетілген классикалық алфавит екенін анықтады. Сондықтан біз бұл жазу үлгісін ертеорта ғасыр түріктері өздері «бітіг/бітік» деп атаған атауын қайтаруды жөн көріп, барлық ғылыми әдебиеттерде «бітік» жазуы деп атап жүрміз.

Байырғы түріктердің әлем өрке­ниетіне қосқан біртуар классикалық әліпбиінде түркі этносының дүние­танымы, ділі (менталитеті), тілі, тарихы, салт-дәстүрі сақталған. Сонысымен бүгінгі біздерге қымбат, асыл мұрамыз болып есептелінеді.

Бітік әліпбиінде байырғы түріктердің 26 фонемі түрік тілінің ерекшелігіне сай шартты түрде жеке дыбыстық 30 таңбамен белгіленеді. Оған дауыссыз бен дауыссыз үнемі қосылып дыбысталатын буындық M; v;f таңбалар, дауысты мен дауыссыз қосылып айтылатын буындық q; Q; x; c жеті таңба косылғанда, барлығы 37 графика болады.

Байырғы түріктердің дыбыстық алфавит жасағанға дейін буын мәнін беретін жазу қолданып келгенін жоғарыдағы жеті таңба айғақтайды. Бұл жеті таңба ежелгі дәуірде түріктер қолданған буын жазуынан қалған үлгілер. Байырғы түрiк жазба ескерткiштері тiлiнiң таңбалар мәнi бүгiнге дейiн түрiктану ғылымында қалыптасқан фонетикалық транскрипциямен берiліп жүр. Транскрипцияның сол көне тiлдiң дыбысталу ерекшелiгiн толық бере алмайтынын ескерген жөн. Өйткенi қандай бiр көне тiлде болсын, бүгiнгi тiлдерде болсын, жазба таңбалар сол тiлдiң дыбысталу ерекшелiктерiн толық бере қоймайды.

В.Томсеннің байырғы түрік «бітік» әліпбиін оқуда басқалардан өзгеше ойлайтын, өресі биік ғалым екендігін төмендегі мысалдар дәлелдейді:

А). Орхон ескерткiштерiнiң мәтiнiндегi i кескiндi В.Томсен a, e фонемі деп оқыса, В.В.Радлов a, ä (ә) фонемі деп оқыған. Сөйте тұра, В.В.Радлов i кескiндi у (ы), i (і), e деп оқыған. Бұл арада В.В.Радлов байырғы түрiк жазба тiлiнiң айтылым диалектiсiнiң дыбысталу ерекшелiгiн бермекшi болғаны байқалады. Әліпби тілі көне тіл екенін ескермеген.

Бiз В.В.Радловтың ұсынысын сараптау үшін соғды мәтіндерде Моңғолия, Шығыс Түркістан өлкесінен табылған жазба мұралар, манихей, ұйғыр (Моңғолия және Шығыс Түркістан) моңғол, манчжур мәтіндерінде а, е, э дыбыстарды таңбалаған дәстүрлік сабақтастықты салыстыра қарадық. Осы графикада байырғы түрік тілінің дауысты дыбысы ä(ә) фонемін арнайы бөлек таңбалаған бірде-бір дерек бізге кездеспеді. Ал, керісінше, В.В.Радловтың гипотезасын байырғы мәтіндерді кейін транскрипциялаған А.фон Гавен ғана қолдады. Түркі этносы араб-парсы әліпбиін қолданғанға дейін (ХІ ғ.) оларда ә (ä) дыбысы болмағанын Мәскеулік белгілі түрколог К.Мусаев дәлелдеп берді. (Түркология. 2004. №1. С.47-54).

В. Томсен әдiстемесiн ұстанушылар – Х.Оркун, С.Е.Малов, Т.Текин, Ғ.Айдаров, С.Г.Кляшторный, В.А.Лившиц, А.Н.Кононов, В.Д.Кормушин, Г.Клосон, В.Атлай.

В.В.Радлов әдiстемесiн ұстанушылар – А.фон Гавен, ­­А.М.Щербак, А.Аманжолов. Бiз осының барлығын сараптай келе В. Томсеннiң ұсынысына жүгiнiп A кескiндi «a» және «e» деп транскрипциялауды жөн көрдiк.

Б). Орхон ескерткiштерiндегi y графиканы В.Томсен, әуелде « деп оқыса, В.В.Радлов (Туй-ұқұқ мәтінінен бастап), П.М.Мелиоранский (1899) С.Е.Малов «ň «/нu/ деп оқыған едi. Жоғарыдағы кестеге көз жүгiртсек, Х.Оркуннан басқа бiрде-бір зерттеушi «j»(ŭ) деп оқуды қолдамаған. Ту ­баста В.Томсен y таңбасын «j» деп оқығанымен, күмәнданған. В.Томсен былай дейді: «Жуан айтылатын j және y таңбалары өзара еш уақытта біріне-бірі ауыспайды. Бұл екі таңбаның бізге белгісіз айырмашылығы ­болуы мүмкін» (В.Томсен. 1896.б. 27; Мелиоранский.1899.б.33). Осы пікірді Е.Н.Клеменц іліп алып y таңбасын «ни» деп оқуды ұсынған. Бұл ұсынысты В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский қолдап, y таңбасын «ни» деп оқуды ұсынды (Мелиоранский. 1899.б.33).

Біз бұл ғалымдардың ұсынысына күмәнмен қарап, В.Томсеннің алғашқы оқуын қалпында қалдыруды жөн көрдік.

Себебі:

1. Түрік тілінің қыпшақ тобының фонетикасында үнді «н» дыбыстан соң үнді «й» дыбысы келмейді. Өйтсе, –нй- формасымен айтылатын дыбыс жүйесі жоқ.

2. В.Томсеннің айтып отырған j және y таңбаларының бізге белгісіз айырымы біреу ғана. Ол – j буындық алфавиттің «aj» мәнді таңбасы. Сондықтан да j және y өзара бір-біріне ауыспайды (не чередуются).

3. Бiз КТ, БК, Тұй, О, МШУ, Тэс, Теркин iспеттi 7 үлкен ескерткiштердiң мәтiндерiндегi y кескiнiмен таңбалаған сөздердi терiп шықтық. Осы жетi ескерткiште y белгiсi ytix; yuq; yj; AyxN; gy; ygiC; qqyut деген жетi-ақ сөзде қолданылыпты. Барлығы да жуан дауыстылармен дыбысталатын сөздер. Бұл сөздердi манихей, араб, ұйғыр графикасымен жазылған дәл осы сөздермен салыстырып қарағанымызда, олардың В.Томсен ұсынған «j» мәнiмен таңбалағаны анықталды.

А.Фон Лекохтың Шығыс ­Түркі­с­тандағы Тұяқ деген жерден 1903 жылы тапқан бір парақ қағаздағы y таңбасының мәнін манихей әріпімен «ŭ (j)» деп белгілеуі де (218. 1047–1061) (VIІІ-ІХ ғғ. дерегі) біздің жоғарыдағы айтқанымызды дәлелдей түседі.

Сөйтiп, В.Томсеннiң ұсынысы дәлелденгендiктен, y кескiнiн «j» деп оқуды ұсынып отырмыз. Олай болса qqyot сөзін «tuj-uquq» деп оқуға тура келеді.

Б). Бұған дейінгі зерттеушілер байырғы түрік мәтіндеріндегі буындық q таңбасының «uq/qu, oq/qo» мәндерін мәтін оқылымына В.Томсеннен басқалары қойып бере алмаған. yoq - qooj (қой), Aoq - quul (құл), p oq - qoop (қобу, көтерілу), x - yq/qy (ық, қы), zix - qyyz (қыз), y†ix- qyytaj (Қытай) деп оқыған. Осылармен қатар:

В). Зерттеушілер байырғы түрік мәтіндеріндегі буындық X; Q таңбасының мәнін «ük/kü, ök/kö» деп берген. Қ (q), к (к) дыбыстарының жекелеген k; K графикасы бола тұра неге былайша берген? деген сұрақ туындайды. Ол заманда түріктер «леп», «сұрау» іспетті тыныс белгілерді пайдалана қоймаған. Сондықтан эмоционалды-экспрессивтік логиканы тыңдарманына жеткізіп беретін белгілер болмаған. Осы кемшілікті толтыру үшін созылыңқы әріп кескіндерімен берген. Нәтижесінде коммуникативтік-эмоционалдық түрленім жасаған. Күлтегін қайтыс болғанда елжірей еміреніп «Күүлтегінім» десе, сонау күн шығыстағы деген тіркесті «күүн тоқсықтағы» деп «Қасиетті көк түрік» деген мақтанышын «Көөк түркім» деп кеудесін ұра ұлықтаған.

Міне, осының барлығы В.Томсеннің өз заманында заңғар биік ғұлама ғалым болғанын дәлелдейді.

В.Томсенге дейін еуропалықтар да, азиялық қытайлар мен жапондар да түркі этносын көшпелі жабайылар ретінде қарастырып келсе, Күлтегін, Білге қаған мәтіндерінің құпиясы ашылғаннан кейін түріктер әлем өркениетіне үлкен үлес қосқан халықтардың бірі әрі бірегейі екенін мойындай бастады.

Қазақ топырағына байырғы түрік әліпбиінің мәтіндерінің ұрығын сеуіп, ұлт сезіміне қонақтандырып, байырғы түрік «бітік» тілінің академиялық грамматикасын әлемде бірінші болып жазып шыққан ғалым, филология ғылымының докторы Ғұбайдолда Айдаров атамыз еді. Осы ғалымды ұлықтау ісі кемшін болып келеді. Орыс­тар ­Ресейге сіңген неміс ғалымын Ресей түркологиясының атасы атандырып, оның даңқын В.Томсеннен де асырып жіберді. Өзімізде жоқ болса бір сәрі. Бізде де осындай ұлы ғалым болғанын ұрпақ білуі керек. Томсенмен бірге Ғұбайдолла Айдаровтай ғұламаны да ұмытпайық. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңіледі» дейді қазақ атамыз. Әрине Томсеннің еңбегі ерен. Сонымен қатар өзімізді де бағалап үйренейік демекпін.

3513 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Риза

11 Қыркүйек, 2022

Дұрыс. Томсендi мақтап, өзі түркітанушы ретінде атақ қуып жүргендер бар. Ал еңбек, ғылым Томсендiкi еді ғой. Енді кеш болса да, "Игiлiктiң ерте-кешi жоқ", қолдау керек.

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы