• Мәдениет
  • 15 Қыркүйек, 2022

Екі әйелдің ортасындағы «КҮЗГІ МАРАФОН»

Сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың күндердің күнінде бір-бірінен суыңқырап, әсіресе ері елеңдеп, сырт қарап қалатыны не екен? Не себепті? Бұл өте көп қойылатын әрі жауабы да сан қилы сұрақ. Психологтердің пікірінше, басты себеп: түсініспеушілік пен жауапкершіліктің жоқтығында және жұбайлардың сүйіспеншілік сезімдерін сақтауға ықылассыздығында.  

Бірде белгілі театр сыншысы, өнер және қоғам қайраткері Әшірбек Сығайдың қарашаңы­рағында қаламгердің жары Күләш апамен аз-кем сұқбаттасудың сәті түсті. «Мына жеміс ағаштарын Әшекең екеуміз отырғызып едік. Осындай  гүлмен көмкерілген аулада, мына орындықта отырып, кешке жұмыстан келген соң екеуміз әңгімелесіп, тіпті түннің бір уағы болғанын аңғармай қалатынбыз» деді аяулы жарын еске алған Күләш апа. Жары отырғызған жеміс ағаштарын балаша мәпелеп, жары жақсы көрген гүлдерін жыл сайын егіп, тіпті отырған орындығын аялай сипаған Күләш апайдың – қосағына деген махаббатын әлі күнге сөндірмей келе жатқан қазақтың қарапайым әйелінің жан байлығына сүйсініп едім сол сәтте.

«Жыл өткен сайын сағынышым үдеп, балаларым жолдама алып берген демалыс орындарына, той-томалақтарға  барғым келмейтін, тіпті көшеге шыққым келмейтін болды. Әшекеңнің бар кезі – өмірімнің ең мағыналы кездері екен...» – деп Күләш апай жанарына үйіріле қалған мөлдір шықтарды бізге көрсеткісі келмей әрі қарай бұрыла берді...

Жақсының жары болу – қандай бақыт!

Иә, жақсыға жар болу – әйел біткеннің арманы. Әйгілі кинорежиссер Георгий Данелияның 1979 жылы түсірілген «Күзгі марафон» фильмін­дегі білімді, еңбекқор, мәдениетті, досқа адал кейіпкердің отбасына келгенде екіұдай күй кешетіні көрерменді жақсы адам деген қандай адам деген сұраққа жауап іздеуге мәжбүрлейді. Еріксіз. Фильмнің басты кейіпкері – Андрей Бузыкин – екі жерде, университет пен баспада жұмыс істейтін, ортасына сыйлы, кісі көңілін қалдырмайтын, жүрегі жұмсақ жақсы адам. Алайда оның  әйелі мен көңілдесі ортасында  екіге жарылып, еріксіз өтірік айтып, күн сайын жалғандықтың шырмауына матала беретінін көріп, оны жақсы адам деуге бола ма өзі деп ойланып қаласың.

«Күзгі марафон» – комедиялық мұңды драма. Кеңестік дәуір көрінісін, тұрмыс-салтын, белгілі бір өмір сүру тәртібін көз алдыңа әкелетін фильмнің басталғаннан соңына дейін өзіне жіпсіз байлап қоятын бір сиқыры бар.  Бұл – екіге жарылған еркек, мұңды әйел, сергелдең болған отбасы қасіретін, қилы тағдырларды жеңіл ирониямен өзгеше өрген фильм.

Бузыкин күні бойы біресе жұмысына, біресе өз үйіне, біресе көңілдесі пәтерінің арасында ұзын аяғы сереңдеп жүгіреді де жүреді. Андрейдің бұл безек қаққан өмірі көрерменнің де жанын байыз таптырмайды. Фильм біткенше бір жұмысын аяғына дейін істеуге мұршасы жоқ, бастаған ісін ертеңге қалдыратын Бузыкинмен бірге діңкелейсің. Көңілдесінің көңілін орнықтыра алмай, одан әйеліне айтып келетін «қырық өтірігінің» қиюын қашырып сарсаңға түсіп жүргенде жұмысының да  жүйесін кетіріп, не әйелінің, не көңілдесінің жанында дамылдап отыруға мүмкіндігі де, құлқы да жоқ кейіпкердің бір кезде іс-әрекетіне ашулана бастайсың. Бузыкинге не керек? Әйелінің де көңілін қимай, көңілдесінің де сөзінен аса алмай, институтта бірге оқыған әйелдің өтінішіне жоқ дей алмай, өзін ренжіткен адамның озбырлығына жауап бере алмай дал болған Бузыкиннің бейнесі –  дәрменсіздік пен шарасыздықтың бейнесіндей. Әйелі Нина да, көңілдесі Алла да бақытсыз. «Әйелі менен басқа көңіл қосқан адамы бар» деген күдікпен, Алла ешқашан Бузыкиннің заңды әйелі бола алмаймын деген өкпемен өмір сүреді. Ал Бузыкин болса, екеуімен де қарым-қатынасты үзе алмайды. Екеуін де аяйды. Бір қызығы, екеуін де сүймейді. Себебі фильмде бірде-бір рет Бузыкиннің не әйелімен, не көңілдесімен шынайы сырласқанын, не елжірей сүйгенін көрмейсің. Бузыкин қай әйелдің болсын, жанында жүрек қалауымен қалмайды. Көңілдесін ренжітпеу үшін жанында қала салады. Ал әйелінің жанында «көңілдесі туралы бірдеме біліп қоймаса екен» деп қана ойлайды. Ынтық күй, жүрек елжіретерлік сезімнен ада, өзгені де, өзін де алдаған Бузыкин жақсы адам ба? Бұл сұраққа жауап таба алмай отырып, әрі қарай адасамыз. Екі әйелдің жанында да сезімсіз сергелдең болған Бузыкинді аяймыз ба әлде әйелін бе? Әлде көңілдесін аяу керек пе? Мүмкін бәріне Андрей Бузыкин кінәлі ме?

Талантты аудармашы, мықты әдебиетші, тәжірибелі ұстаз, шығармашылық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да биік адам Бузыкинді бәріне кінәлі дей салу әділетсіздік сияқты емес пе?! Қаптаған сауалдың астында қаламыз.

Әйгілі актер  Олег Басилашвили сомдайтын Андрей Бузыкин бейнесі –  өзінен-өзі адасып жүрген адамның образы тәрізді. Жүрегінде тыныштық жоқ адам байыз тауып отыра алмайды. Үнемі бір жаққа жүгіріп бара жатқан Бузыкиннің жанталасы жүрегіндегі бос қуыстың орнын толтыруға деген бейсаналы әрекеті деп түсінуге болатындай. Режиссер метро эскалаторындағы, Ленинград жағалауындағы, ауладағы, дәліздегі, баспалдақтағы жүгірістерін, түнгі тып-тыныш қалада су шашып жүрген машинаға, таксиге жүгірген сәттерін көрсету арқылы кейіпкерінің өз тағдырынан қашып жүргенін асқан шеберлікпен ұқтырған. Тіпті студенттеріне «жүгіру» сөзінің синонимдерін табыңдар дегенде, олар жамырай дереу «қашу», « асығу», «өкпесі өшу» деген етіс­тіктерді айтып жатады. Бұл тура Бузыкиннің жағ­дайын суреттеп жатқандай еді. Аянышты тағдыр.

Ал актриса Наталья Гундарева сомдаған Бузыкиннің әйелі Нина өте салмақты, эмоциясын көрсете қоймайтын тәкаппар әйел болғанымен, күйеуінің өтіріктерінен мезі болғаны сонша, бір күні оның  «Ешкімге керек болмаған қандай қорқынышты!» дейтін сәті бар. Сыртқа сыр ашпайтын, күлмейтін, салқынқанды әйелдің ішінде қорғансыз, қамқорлыққа зәру, нәзік әйелдің барын осы кезде аңғарып, Бузыкинмен бірге селт етесің. Алайда Бузыкин бұл жолы да әйелімен ашылып сөйлеспей, әдеттегі өтірігін бастағанда, Нина оған түңіле, жиіркене қарайды. Шаңырағы ортасына түсу алдында тұрған отбасындағы жағдай. Бірақ бұған дейін Нинаның өзін ұстауына, әдемі, жып-жинақы, жайлы  пәтерлеріне қарап, бір кезде бұл ұяда махаббат та, бақыт та, шаттық та болғанын бағамдайсың. Әттең, ол қазір жоқ. Жаны күйзелген, күйеуіне ашуланған, ренжіген сәттерінде Нинаны аяйсың. Кінәліні іздейсің.

Нинаны аяп отырып, оның күйеуіне таскенеше жабысып жүрген көңілдесі Алланы да аяуға мәжбүр боласың. Себебі Бузыкин Аллаға келіп тұрып, үнемі кетуге асығады. Жан жарастығы, жылулық дегенді таппайсың. Бузыкин Алланың жанында не істеп жүргені түсініксіз. Алашапқын жүгірісті, Бузыкиннің көңілінің мүлде басқа жақта екенін Алла да сезеді.  Бузыкиннің осы әрекеттерін Алла түгел әйелінен көреді. Әйелі Бузыкиннің талантын бағаламайды, басын қадірлемейді, киіміне дұрыс қарамайды деп қаралаумен болады. Күндестікті көрсететін кішкентай деталь – Бузыкиннің түймесін  әйелі киім түсіне сәйкес келмейтін жіппен тіккен деп Алланың қайта тігіп беретін сәті. Махаббат ­деген киелі сезімді қимайсың мұндайда. Нинаның жағдайы да мүшкіл. Тұлыпқа мөңіреген сиырдай деуге болатын шығар. Бузыкиннің көңілшектігін арсыздықпен пайдаланатын Алланың рөлін актриса Марина Неёлова шебер ойнайтыны сонша, көңілдес деген Алладай әйелдер шығар деген ой қалыптаса бастайды.

Иә, үшеуі де бақытсыз. Кім кінәлі?

Андрей Бузыкиннің тым жұмсақ мінезі ме, әлде ерік-жігерінің әлсіздігі ме, бәріне кінәлі? «Әлде қайырымды болам» деп айналасына өзі де байқамай кесірін тигізіп жүрген біреу ме,
Бузыкин?

Қалай десек те, бас кейіпкерді ақтай алмаймыз. Бірақ ішкі түйсікпен Бузыкиннің бойында жаман қасиеттен гөрі жақсы қасиет басым екенін сезесің.

Фильмде, әрине,  бұл туралы айтылмайды. Режиссер шешім шығаруды көрерменнің өзіне қалдырады. Кейіпкерлер әрекетінен айналамыздағы адамдарды көргендей боламыз. Бузыкинге ашулана отырып кейде күлеміз. Кейде жанымыз ашиды. Көбіне аяймыз. Фильм соңында өз әйелі де, көңілдесі де Андреймен ажырасуға шешім қабылдайды. Бузыкиннің бұл жаңалыққа қабырғасы қайысып қайғырмайтыны керісінше жаңа өмір бастауға ықыласты екені байқалады. Бәлкім, осы дұрыс болған шығар, екі әйелдің де бағын байламай деген ойға келесің.

Бірақ сол күні әйелі үйіне қайта оралады. Бузы­киннің «бәрін қоямын» деген сөзіне сенгісі кеп, үміттене қарап тұрғанында көңілдесі қоңы­рау шалады. Екеуі де бәрін ұмытып, кешіріп, Бузы­кинге оралмақ. Бузыкин болса, сасқалақтай бая­ғыша екеуіне де жақсы сөз айтып, өтірік құрастырып әлекке түседі. Нина да, Алла да мұны  түсіне қояды...

Өз өтірігіне өзі шырмалған қайран Бузыкин...

Барлық әйел жақсыға жар болғысы келеді.

Ешкім екі әйелдің бірі болғысы келмейді.

Қазір күз.

Қалада сапырылысқан, әлдеқайда асыққан, жүгірген халық. Нені қуып, неден қашып келе жатқан жандар екен деп ойлайсың бір сәт... Бузыкиндер де бар-ау арасында...

 Георгий Данелияның «Күзгі марафон» фильмі 1979 жылы Сан-Себастьян кинофестивалінде –  «Алтын қауашақ» (исп. Concha de Oro) бас жүлдесі мен FIPRESCI сыйлығын иеленген.

Сол жылы Венеция кинофестивалінде Италия журналистерінің үздік ер адам рөлі үшін сыйлығы Евгений Леоновке табысталып, FIPRESCI сыйлығын жеңіп алды.

1980 жылы Душанбедегі Бүкілодақтық кинофестивальде және Шамрус халықаралық комедия кинофес­тивалінде  бас жүлде ұтып алған.

1980 жылы Берлин кинофестивалінде халықаралық евангелиялық қазылар алқасының жүлдесін иеленген.

                 Айнұр МҰРАТОВА

 

1034 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Үкілай

15 Қыркүйек, 2022

Иә, шынайы сезім мен өзара сыйластық екі адам бір-бірін дұрыс бағалай алғанда ғана сақталатын сияқты. Менің ата-енемде шынымен әдемі үйлесім болатын. Атам енемді - Күләна деп еркелетіп айтса, ол кісі де жарасымды "Әшко" деп жағдай жасап отыратын жаймашуақ күндері көз алдымда... Осындай сәттерін көріп жүріп, атам аяқастынан кетіп қалғанда, бірінші ойлағаным "енді мама қалай өмір сүреді" деген сұрақ болды. Себебі екеуі керемет жұп болып, әрдайым бірге жүретін, жаздыгүні түнге дейін бақшада сырласып отыратын... Аллаға шүкір, сол сезімнің арқасы болар, мамамыз өзіне үлкен жауапкершілік алып, атамның еңбегін ұлықтайтын іс-шараларды қолға алды. Ерінің есімін ел есінде қалдыру үшін ескерткіш тақта орнату, көшелерге есімін бергізу, кітаптарын жарыққа шығару жұмыстарын тынбай жүргізді. Осылай өзінің адал махаббаты мен азаматының атын әспеттеу арқылы оның мұрасын танытуға жауапкершілік алып, ұрпағына баскөз болып отыр. Айнұр, көз көрген барлық жәйттан ғибрат алып жүретін жансыз ғой, қаламыңыз мұқалмасын. Өмірді әдемі қылатын осындай көзқарас пен барды бағамдау. Жазбаларыңыз арқылы жұртты ойландырып, таңғы шықтай мөлдір дүниелерді көзге көрсете беріңіз!

Жанар Арғынқызы

15 Қыркүйек, 2022

Қысқа ғана ойымды жаза кетейін: ер адамда жауапкершілік пен намыс болған кезде, өгізді де өлтірмей, қайықты да сындырмай өмір сүруге болар еді. Көзге шөп салудың - зина(ауыр күнә) екенін бiлгенде, құдайдан қорқатын адам бұндай қиянатқа бармайды деп ойлаймын.

Анар

15 Қыркүйек, 2022

Көпке үлгі болатын - адал жұптар көбейсiн!

Анар К. А.

16 Қыркүйек, 2022

Айнур әпкемнiң әр мақаласы керемет! Ойландыратын, ой қалдыратын, нәзік түрде, объективті жазылған екен! Жарайсыз!!!

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы