• Мәдениет
  • 15 Қыркүйек, 2022

ЖЕҢІМПАЗДАРЫ КӨП МЕКТЕП

Бүгінгі біздің әңгіме арнасы көптеген таланттарды үлкен спортқа қанат қақтырып, ұшырып жатқан Алматы қаласы маңындағы «Шаңырақ» ықшамауданындағы Олим­пиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне арналмақ. Бұл спорт мектебінің іргетасы 2007 жылы қаланғалы бері әлем, Азия жарыстарында жүлде орындардан көрініп жүрген көптеген спортшылардың қатары толыға түсуде. Мысалы, жүзуден рекорд жаңартқан Азия ойындары мен Әлем чемпионатының алғашқы жеңімпазы Эльмира Айғалиева мен бокстан әлем чемпионаттарының жеңімпаздары есімдерге елге танылған Жәнібек Әлімханұлы мен Назым Қызайбайлар айтулы мектептің түлектері екенін мақтанышпен айта аламыз.

 

Бүгінгі таңда спорттың 14 түрінен 440 оқушы білім мен спортты қосақтап шыңдалуда. Қазіргі кезде айтулы спорт мектебінде тәлім алып жатқан таланттардың жарқын жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, Ақтау каласында ағымдағы жылдың 11-17 шілде аралығында қыздар боксынан жастар және жасөспірім арасында Қазақстан чемпио­наты болып өткен еді. Сол сында мектептің атынан 15 қыз қатысып, 4 алтын, 7 күміс, 4 қола медальмен оралған. Ал, чемпионаттың ең үздік боксшысы Сейдіш Бақыт атанса, Бурабай Меруерт ҚР спорт шебері атағын орындап мектептің мерейін өсірген. Алтын жүлдені – Бурабай Меруерт, Қабдолда Әйгерім, Жаңабаева Аружан, Сейдіш Бақыт жеңіп алса, Тайыржанова Шахназ, Балғабек Аруза, Балғабек Аруза, Таубай Ұлдана, Түркістанова Ақжан, Рысбек Шұғыла, Әбілқайыр Үміт, Сейітханкызы Панардың күміс жүлдені еншіледі. Ал жүлделі үшінші орынды Сәлімбай Анар, Манатқызы Мадина, Абдуллаева Лия мен Сүйеналы Нұрсұлу сынды гүрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлері ие болды. Былайша айтқанда, қыздар арасында өткен ел біріншілігіне тігілген жүлденің басым бөлігін айтулы бір ғана спорт мектебінің былғары қолғап киген талантты қыздары жиып алып қайтса керек.

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 2-10 аралығында Бахрейн мемлекетінің Манама қаласында еркін күрестен жалауын көтерген U-20 жастар арасындағы Азия чемпионатында 125 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуанымыз Тәжі Бекзат қола жүлдегер атанса, тамыздың 16 жұлдызында Болгарияның астанасы София қаласында еркін күрестен жастар арасында (U20) өткен кезекті әлем чемпионатының екінші күні ел қоржынына Мерей Базарбаев 57 келі салмақта ақтық сынға түсіп күміс медалін жеңіп алып берген. Мерейдің күміс медалі осы әлем чемпионатындағы еркін күрес шеберлері иеленген жалғыз жүлде болғанын баса айтамыз. Ал сол жүлде осы мектептің ұжымы, директоры Медет Торғайұлы, еркін күрес жаттықтырушылары мен бас бапкері Роллан Кешубаевтың жұмыла жұмыс жасап, төккен терлерінің жемісі екенін айтпасқа болмас. Кез келген толайым табыс, кемел нәтиже тынбай жасаған жаттығулар мен табанды еңбектің арқасында келеді. Сонымен қатар қамқорлық пен жағдайы жақсы жасалған жерде табыс та көп күттірмейді. Ендеше, дарынды жастарды лек-легімен шығарып жатқан чемпиондар ұстаханасы атанған мектеп ұжымы мен ел намысы үшін табысты өнерлерімен мектеп мақтаныштарына айналған спортшыларға алдағы уақытта да биіктен көрінулеріне тілекшіміз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

 

1269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы