• Қоғам
  • 15 Қыркүйек, 2022

ҚАЛАЛАРДЫҢ ТАРИХИ АТАУЛАРЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРЫЛДЫ?

Бүгінде халық арасында «Нұр-Сұлтан қаласына қайтадан бұрынғы Астана атауын қайтару керек» деген петицияға қол жиналып жатыр. Ол туралы қоғамда түрлі пікір бар. Олардың басты талабы – қаланың атын өзгерту! Жалпы қала атауының өзгеруі жиі орын алатын процесс, оған қайғырудың қажеті жоқ. Елордаға Астана атын қайтару туралы талқылау жүруде. Оны «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қарауға енгізіп отыр.

Қалаларға ат берерде аса сақ болған абзал. Біз бұрын-соңғы қала аттарының өзгертілуіне ­байланысты өз танымымыз ­бойынша бір шолу жасап көрдік.

Кеңестік қалаларға тарихи атауларды қайтару науқаны (ресми түрде «тарихи түпнұсқа атауларды жаңғырту процесі») екі кезеңде жүргізілді.

Деколонизация үдерісі кезінде көп­теген мемлекеттердің атымен қоса, заты да өзгерістерге түскен оқиғалар көп болды. 1989 жылы Бирма елінің атауы Миянма болып өзгертілді. 2018 жылы Свази­ландт елі Эсватини деп өзгеріске ұшырады. Осыған сай, қала аттары да өзге­рістерге тап болды. Мәселен, 1990 жылдары Бомбей қаласы Мумбай деп өзгертілді.

Елдегі биліктің ауысуымен жаңа режим ескі режимнің атауымен алмас­тырылған талай тәжірибелер де болған. 1930 жылдарға дейін Персия атауымен танымал ежелгі мемлекет Иран деп жаңа атауға ие болды. Жаңа мемлекеттің іргетасын қалаған Шах Пехлеви өз елінің бұрынғы Қажар билігінің әулеті қолдан­ған Персия деп аталуын қаламады. 1979 жылы Аятолла Хоменей елге жаңаша өң беріп – Иран Ислам Республикасы деп атады. Сондай-ақ Ресейде билік басына келген большевиктер Петербург қаласының атауын, алдымен, Петроград, кейін Ленинград деп өзгертті. КСРО-ның таратылуымен қала Санк-Петербург деп қайта аталды.

Кеңестік кезең (1988–1991), негізінен, өз аумағындағы қалалардың жаңартуын қамтыды. Қалалар кеңестік партия қайраткерлері мен сол дәуірдің басқа да тұлғаларының есімдерімен аталды. РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қалаларға бұрынғы, тарихи атаулары қайтарылды. Қалаларға бұрынғы атауларын қайтару науқаны қоғамның сұрауы бойынша жүргізілді. Кейбір қалаларға тарихи атауларын қайтару үшін бұрынғы Жарлықтардың күшін жою туралы бір ғана қаулы жеткілікті болды.

Петербург Ленинге не берді, ал күн көсем Петербургке не берді? Кеңестік насихат матрицасы В.И. Ленинге оның алдында К.Маркс мен Ф.Энгельс сияқты олардың есімдерін кеңестік қалаларға, даңғылдарға беру арқылы олардың даңқын асыруды мақсат етті. Пролетариат көсемі қайтыс болғаннан кейін, Крупскаяның қарсылығына қарамастан, оның атын өзгертудің культтік үлгісі қолданылды. Бірақ тірі көсемдер оның қарғысынан қорықты. Ал халықтар көсемі қайтыс болысымен, оған ызалы топтар оның атының өміршең ­болуына қарсылық білдіріп, өре түрегелді. Алып Кеңестер Одағы тұсында халықтар көсемінің аты аталмаған бірде-бір елдімекен жоқ болатын. Науқан аясында Сталиннің есімі мына қалаларға берілді: ­Юзовка – ­Сталино (1924), Царицын – Сталинград (1925), Душанбе – ­Сталинабад (1929), Новокузнецк – Сталин (1932), ­Бобрики – Сталиногорск (1933), Цхинвали – Сталинари (1934) деп аталды. Колхоздар мен ұсақ шаруашылықтарды есептемегенде, халықтар көсемінің атымен тұтас ауылдар мен елді мекендер аталды. Сталиндік кезеңде оған шынайы адал берілген жақын адамдардың атына «сый» ретінде қала атаулары беріліп, олардың есімдері КСРО картасынан орын алып жатты. Саяси жағдайға байланысты картадағы атаулардың пайда болуынан жойылуы тез болды. Қала атауларындағы «сталиндік» тәжірибе 1945 жылдан кейін жаңа сипат алды. Кеңес әскерлерінің контингенттері Шығыс Еуропа елдеріне орналастырылғаннан кейін, ­КСРО-дан тыс жерлерде де Сталиннің есімін қамтитын географиялық атаулар жаппай пайда бола бастады. Болгарияның Варна, Румынияның ­Брашов, ­Катовица қалалары Сталин қаласы болып өзгертілді. Польшада Сталиногруд, ­Венгрияда ­Сталинварош, Шығыс ­Германияда ­Сталинштадт, ­Албанияда Сталин деген үлкен қалалар пайда болды.Қазір олардың бірде-біреуі жоқ.

Сталиннің «таңдаулыларын» мәңгі есте қалдыру мақсатында олардың аттарын қалаларға беру сәнге айналды. Қарсылық білдірілген жағдайлар да болмай қалған жоқ.

1932 жылы 7 қазанда кеңес жазушысы Максим Горькийдің шығармашылық қызметіне 40 жыл толуы құрметіне Нижний- Новгород қаласы Горький қаласы деп өзгертілді. Жазушының өзі Нижний-Новгородты өзінің атымен атауға қарсылық білдірді. Жазушы Жаңа бағытты алға тартып, Сталин бастаған қайраткерлердің атымен тарихи қалалардың атын өзгерту туралы науқанмен келіспейтінін ашық білдірді. Жазушы өмірден өткен соң, партия билігінің бастамасымен Мәскеуден бес жас үлкендігі бар ескі шаһарға ­Горький аты берілді.

Қалалардың тарихи атауларын кеңестік жасанды «әулиелердің» есім­дерімен ауыстыру тәжірибесін шектеу мақсатында 1957 жылы Н.С. Хрущевтің бастамасымен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы шықты. Осыдан кейін тірі адамдардың құрметіне қалаларға ат беруге тыйым салынды.

1988 жылы зерттеуші-ғалым ­­Е.М. Мурзаев, кеңестік жер-су атаулары­ның соңғы жарты ғасырда жиі өзгеріп, шаруа­шылық механизміне кері әсерін тигізуінен үлкен зиянға ұшырағанын дәлелдеп берді.

Сол кезеңнен бері халықтың қалалардың, елді мекендердің атауларына үлкен мән беретіні байқалды. Тарихи даму кезеңі – мемлекеттілік пен мәдениеттің тығыз байланыста екеніне көз жеткізіліп, көне қалалардың ескі атауларын қайтару туралы дауыстар жиілеп, жер-жерлерден қаттырақ естіліп жатты. Бүгін Қазақстан жағдайында осы мәселе қайталанып отыр.

Партия жетекшілерінің құрметіне қалалардың атын өзгерту 1980 жылдардың ортасына дейін жалғасып келді. Қала атауларын өзгертудің жағдайы М.С. Горбачевтің КОКП Орталық Коми­тетінің Бас хатшысы лауазымына кіріскен кезеңнен бастап өршіп кетті. Ол ­1985 жылы Красноярск өлкесіндегі Шарыпово қаласы бұрынғы Бас хатшы ­К.У. Черненконың құрметіне Черненко деп өзгертілуімен басталды. Сол тұста ірі облыс орталығы Пенза қаласын Черненко атымен атау ұйғарылды. Бас хатшы қайтыс болғаннан кейін олардың бастапқы тарихи атаулары қайта қалпына келтірілді.

Халық, билік орындарына «егер Черненкоға қала атауы аса қажет болса, оны тарихи қалаға емес, жаңадан пайда болған қалаға беріңіздер», – деген өз талабын қойды. Шарыпово қаласының атын өзгертуге болар, бірақ тарихи Ижевск қаласының атауын қалай өзгертуге болады? Оның үстіне, маршал Устиновке қала атын беруге удмурттар еш уақытта келіспес еді. Қала атауына есімінің берілуіне Бас хатшының өзі де қарсы болмаған іспетті. Құдай сақтап қалған, әйтпесе, Ставрополь қаласы – Горбачев қаласы атануы тиіс болатын... Өткен ғасырда қалаларға атау берудегі партия көсемдерінің спектаклінің заманы осылай өткен.

Горький қаласының атын өзгерту туралы мәселе 1950 жылдардың ортасында тағы бір мәрте көтеріліп, қайта басылды. 1980 жылдары Горбачевтің жылымығынан кейін бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланды. 1990 жылы қалаға өзінің тарихи атауы – Нижний Новгород қайта оралды.

1989 жылы сәуірде Мәскеуде Кеңестік Мәдениет қоры мен КСРО Ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Тарихи атаулар – ежелгі мәдениет ескерткіштері» атты Бірінші Бүкілодақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. КСРО-ның 87 қаласынан және барлық ұлттық республикалардан келген тіл мамандары, тарихшылар, географтар, өлкетанушылар, жұртшылық өкілдері қалалардың, елді мекендердің, көшелердің тарихи атауларын қалпына келтіру, қорғау және зерттеудің өзекті мәселелерін талқылады. Конференцияға академик Н.И. Толстой бастаған көрнекті ғалымдар қатысты. КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі В.Л. Янин, Украина Ғылым Академиясының академигі А.П. Непокупный сөз сөйлеп, «Бастапқы атауларын қайтаруға жататын қалалардың тарихи атауларының тізімін» жариялады.

Сталиннің саяси бәсекелестерін жою аясында елдімекендердің атауы бірнеше мәрте қайта өзгеріске түскені анықталды. Олардың кейбіреулері кеңес үкіметінің жауларының есімдерімен де аталған болатын. Мәселен, Троцк қаласы – Красногвардейский деп өзгертіліп, кейін 1944 жылы Гатчина болып қайтадан өзгертілді. Сондай-ақ Сталин облысы қайтадан ­Донецк облысы болып қайта аталды. Энакиев – Орджонокидзе, Павловск – Слуцк қаласы болып бастапқы атауларына ие болды.

Сталин қайтыс болғаннан кейін Хрущевтің «Тұлғаға табыну және оның зардаптары туралы» атышулы баяндамасынан кейін сталинсіздендіру науқаны жүргізіліп, Сталиннің және оның дәуірінде қызмет атқарған тұлғалардың есімімен аталған елдімекендердің бәрінің аты бастапқы атауларына өзгертілді.Мәселен, Осипенко қаласы – Бердянск, Сталинабад – Душанбе, Ворошиловград – Луганск қаласы, Сталинск – Новокузнецк қаласына, Чкалов қаласы – Орынбор қаласына, Молотов – Пермь қаласы, Щерваков қаласы – Рыбинск қаласы, Ворошилов қаласы – Уссурийск қаласы, Сталинари қаласы – Цхинвали қаласы, Демьян Бедный облысы – Одесса облысы болып қайта өзгертілді.

Қайта құру кезеңінде елдімекендердің атын өзгерту туралы ұсыныстарды Кеңестік Мәдениет қорының Топонимикалық кеңесі дайындады. Сондай-ақ 1991 жылы Шевченко қаласы – Ақтау қаласы, Фрунзе қаласы – Бішкек қаласы, Орджаникидзе қаласы – Владикавказ қаласы, Свердловск қаласы – Екатеринбург қаласы болып, Кировабад қаласы – Гянджа қаласы, Панфилов – Жаркент қаласы, Жданов қаласы – Мариуполь қаласы, Гегечкори қаласы – Мартвили қаласы, Брежнев қаласы – Набережный қаласы, Махарадзе қаласы – Озургети қаласы болып, Андропов қаласы – Рыбинск қаласы болып, Куйбышев қаласы – Самара қаласы, Ленинград қаласы – Санкт-Петербург қаласы, Загорск қаласы – Сергиев Посад қаласы, Калинин қаласы – Тверь қаласы бастапқы атауына өзгертілді. Жоғарыдағы қалалардың бастапқы атауларының өзгеруіне бұрынғы партия қайраткерлері де, олардың отбасылары да қарсылық білдірмеді.

Кеңестік билік кезінде Гурьев қаласының аты – Атырау, Шевченконың аты – Ақтау, Ермактың аты – Ақсу қалалары болып өзгертілді. Сол тұста халық тарапынан ешбір қарсылық білдірілмеді. Қалалардың атын өзгерту туралы референдум да, насихат та жүргізілмеуі тиіс. Ол – жергілікті атқарушы билікке берілуі тиіс. Қала, елді мекендер мен жер-су аттарын өзгерту қалыпты жағдай болып саналады.

2022 жылы елімізде жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ашылды. Бұл ең оңтайлы атаулар болды. Осыған байланысты Павлодар, Петропавл, Қызылорда қалаларының аттарын да өзгерту керек еді. Бұл қалалардың халыққа жағымды аттарымен Кереку, Қызылжар деп атау керек. Уақыт өте келе оның өзгертілетіні де анық. Ал кезінде Перовский, Ақмешіт атанған Қызылорданы Тұран қаласы деуге болады. Одан әлдебір саяси астар іздеп, бүліншілік орын алады деген ой болмауы тиіс. Кезінде Әзербайжанның Елизаветполь қаласының ежелгі аты  «Гянже» деп өзгертілгенде, сол жердегі халықтың басым көпшілігі армян ұлтының өкілдері болатын. Бірақ олар оған қарсылық білдірген жоқ. Олардың арасындағы соғыс қала атауының өзгертілуінде  емес,  қасиетті  жер үшін болатын. Демек, жоғарыдағы өзгерістерді айта келіп, Нұр-Сұлтан қаласын Астана қаласы етіп, қайта атау да өте қисынды болар еді.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

 

803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы