• Қоғам
  • 15 Қыркүйек, 2022

АДАМ БОЛАТЫН БАЛА АЛЫСҚА ҚАРАЙДЫ!

Қазақстан Республикасы Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «патриотизм - мемлекет пен мемлекеттік институттарды құрметтеуді қамтиды. Біздің ортақ міндетіміз – мемлекетіміздің құндылықтарына қатыс болу. Біздің басты байлығымыз – игілік пен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, бейбітшілік пен келісім. Көпшілік, әсіресе жастар, егер мемлекет болмаса, онда ұлт болмайды деп түсінуі керек. Бүгінгі ұрпақ еліміздің тұтастығын сақтауға атсалысуға тиіс» деп атап көрсеткені белгілі.

Әскери-патриоттық тәрбиенің мақсаты – қазақ көгіне күн болып ұмтылатын, арыстандай айбатты, Отан тарихына аса құрметпен, мақтанышпен қарайтын, тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығы болып табылатын патриот ұрпақ тәрбиелеу. Ал бүгінгі күні өзім басшылық ететін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы құрылған күннен бастап, осынау абыройлы міндетті арқалап, осы қызмет жолында жеткен азды-көпті жеңіске қарап, мақсатымыз айшықтала түспесе, талабымыз тежелген емес.Жалпы әскери-патриоттық тәрбиенің мақсаты мен міндеті қандай? Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы неде?

Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры. Қазіргі қоғамдағы тәрбие берудің алтын діңгегі мектеп екені сөзсіз. Ал, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде педагогиканың алатын орны орасан зор. Осы орайда мектеп қабырғасында әскери өмірдің алғышартымен ­таныстыратын – алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің мәртебесі мен біліктілігін арттыру үшін күш салуды дұрыс деп есептеймін. Халықаралық дәрежеде, ел ішінде тәжірбие алмасатын, өзара ой бөлісіп, жастар тәрбиесіндегі әдістермен бөлісуге жағдай жасаған абзал. Қазіргі ақпараттық теңденция ағымы секунд сайын түрленетін заманда, ой көкжиегін кеңейтудің мәні зор. Тек теориялық білім аясында ғана бағыт алып қана қоймай, білім мен білектің, ой-өрістің аясын кеңейтуге мүмкіндік жасау – патриоттық сезімді дәйекті де табанды тәрбиеленуге негіз бола алады.

Әрі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін тәрбие және идеология ісі жөнінде орынбасары қызметіне тағайындаса да артық емес десек, түзу жолдан тайғандық болмас. Бұл жүйе әскери-патриоттық тәрбие де іске асып жатса, марапат үшін емес, парасат үшін қызмет ететін білім саласы мамандары көбейетініне сенім білдіремін. Әскери-патриоттық тәрбие беру ісі – бұл тек мектеп пен арнайы жауапкершілік алған орталықтардың ғана емес, елдің еншісінде орны бар, жергілікті атқарушы органдардың да құзырында екеніне көңіл бөлу керек деп есептеймін.

Әрдайым ортақ мақсат жолында атқарылатын іс-шаралар легіне аса жауапты қызығушылық пен энту­зиазммен ат салысса, бірлігі жарасса, талай биіктерді бағындыратын жас ұрпақты тәрбиелеуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаһандық сын-тегеуріндер мен ішкі ­саяси үрдістерді ескере отырып, әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды жүктеген белгілі.

Сол міндеттерді іске асыру аясында жуырда ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында келелі кеңес өтті. Оған Қазақстан ­Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Аида ­Балаева, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева және бір топ мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты. Бір қарағанда, бұл алаңда әртүрлі бағыттағы өкілдер алғаш рет кездесіп отырған сияқты. Алайда оларды біріктіретін үлкен ортақ құндылық бар. Бұл руханият пен патриоттық идеологияның бір дәуірдің басты мәселесі кеңістігінде сөзсіз ұғынуы сынды.

Кеңес барысында Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Мемлекет бас­шысының «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында қойған міндеттерін ескере отырып, армия жеке тұл­ғаны қалып­тастыруға, жастарды тәрбиелеуге, әскери-патриоттық клуб­­тар құруға және оларды одан әрі да­мытуға, үйірме жұмыстарын ашуға, шығарма­шылық іс-шараларға белсене қатыса отырып, патриоттық сезімді қалыптастыруға ат салысуы тиіс деп баса назарды дамуға қою керек екенін нақтылады. Патриоттық тәрбие белгілі бір ұйымдардың ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның да басты бағытына айналғанда ғана нәтиже болатынын жеткізді. Себебі жастар дүниетанымы қалыптасқан тұлға ретінде ғана өзін қалыптастырғанда ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктер болады.

Осынау қоғамдық міндетті абыроймен арқалап жүрген, бүгінгі күні жастардың патриоттық тәрбиесі ісінде маңызды рөл атқарып келе жатқан РҚБ «Жас Сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» 2018 жылы жастардың әскери-партиоттық тәрбиесін дамыту мақсатында еліміздің барлық аймағында құрылған бүгінгі күні тәй-тәй басып, тәрбие беру ісінде тұсауын кескен қозғалыстың да осынау жүгі ауыр, жауапкершілігі мол ортақ мақсат жолында қосып келе жатқан үлесі зор. Жас сарбаздар бүгінгі күні ел бірлігі мен татулықты нығайтуға, ортақ құндылықтарды дәріптеуге, білім мен білектің күшін қатар дамытып, ел мүддесін арттыруға күш салып, сапалы іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Бұл да әскери-патриоттық тәрбиенің шаңырағына негіз болған керегесі сынды, кемелдену үстіндегі ортақ мүдделестердің ел игілігіне қосып жатқан еңбегі. Мысалы, сөзімнің айғағы кеше ғана ел ішінде өтіп жатқан, «Тартыл Fest» спорттық додасының жүлделі орнын осы жас сарбаздардың иеленуі. Қозғалыс қатарынан ел атына кір келтірмейтін, өз Отанын сүйетін, саналы ұрпақ шығады деп ойлаймын.

Патриоттық тәрбие тек бұй­рықпен немесе темірдей тәртіппен қалыптаспайтыны анық. Себебі қаншама адам, қаншама таным-түсінік бар. Сондықтан патриоттық тәрбиені өнер арқылы жеткізуді жөн деп білемін.

Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын әрі ел қорғау ісіне ғұмырын арнаған офицердің ұлы, мәдениетті жақсы білетін жан ретінде бұл ойды дұрыс деп санаймын. Жоғарыда аталған кеңесте осы мәселе де көтерілді. Конференцияға қатысушылар осы бастаманы қолдап, оларды жүзеге асыруға барынша жәрдемдесуге дайын екендіктерін жеткізді. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың материалдық және шығармашылық базасы негіз болмақшы. Құрамына  Орталық әскери оркестр және Орталық әскери ансамбль, Мемлекеттік әскери-тарихи музей, республикалық «Жас сарбаз» қозғалысы кіретін Ұлттық әскери-патриоттық орталық 2015 жылдан бері ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Бұл – істі орталық толықтай алып шыға алатынына үлкен сенім ұялатады.

Тәуелсіз мемлекетін шексіз сүйетін, жүрегі елім деп соғатын, сапалы сарбаз, бәсекеге қабілетті елім деген сезімі бар жас ұрпақ әзірлеу жолында біз, бәріміз әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға күш салуымыз керек. Өзімізге артылған жүктің салмағын кемітпей, миссиямызды орындау үшін шыңға құлаш сермейтін қыран сынды қанатымызды кеңге салып, тәуелсіз Қазақстанымыз берген әр мүмкіндікті қалт жібермей, парасат майданында темірқазық сынды жарқырайтын жастарымыз үшін, ортақ мүддеміз үшін еңбектенуіміз қажет. Бүгінгі бейнесі бітімге келген, өркендеп жатқан біздің құндылығымыздың құны кемімеуі – қоғамның, сіз бен біздің борышымыз. Отан һәм жүрек түкпіріміздегі Отан үшін деген сезім өзімізден басталатынын ұмытпаған абзал!

Арман АСЕНОВ,

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

1132 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы