• Тұлға
  • 15 Қыркүйек, 2022

КӨНЕКӨЗ

Өмірде қақ-соқпен ісі жоқ, бар ойы мен мақсаты адамдарға адал болсам, соларға жақсылық жасасам, көмектесіп, қол ұшын берсем деп тұратын жүрегі жылы жандар болады. Туған жерінен табан аудармай еңбек етіп, бүкіл тіршілік тынысы атамекені Сыр өңірі болып кеткен Шәкең, Шәкірат Дәрмағамбетов міне, осындай адам. Ғұмырында пендешіліктен ада, жасанды мінезі жоқ, есесіне табиғи таным мен халықтық қасиетке молынан ие ақсақалды қазіргі замандағы қариялықтың каноны деуге болады. 94 жылдық ғұмырының 65 жылын аудандық, облыстық, республикалық баспасөзге ойлы да орнықты материалдар жазуға арнаған ақсақал әлі тың, бақуатты. Арал қаласында аман-есен тұрып жатыр. 
Осы жылдың жазында Барсакел­меске барған сапарымда сол Шәкеңнің, Шәкірат қарттың шаңырағына арнайы соқтым. Мақсатым: «Үлкен кісі ғой. Осында жүргенімді естісе, ұят болар. Сәлем берейін», – деген ой. Қария келгеніме қатты қуанды. «Иә, – деді амандық-саулық сұрасқан соң. – Естіп жатырмын. Қызылордада Асқар ақынның ұрпақтарына барып жолығыпсың. Шиеліде диқанбаба Ыбекеңнің үрім-бұтағымен әңгімелесіпсің. Дұрыс қарағым. Мұның бәрі иманды, 
сауапты іс. Айтарым, көзің көріп, аяғың жүріп тұрғанда ештеңеден қалма. Шаршап-шалдыққаныңа қарамай, елді арала. Өйткені сен, сенің кәсібің сондай ғой. 
Содан әңгіме басталды дейсіз. Байқағаным, ғұмыр кешкеніне ғасырға жуықтап қалған жанның әлі де ақылы айық, ойы орнықты, санасы сергек қалпында екендігі еді. «Көргендерімнің бәрі көз алдымда», – дегендей ештеңені ұмытпаған. Ештеңеден жаңылмаған. Бәрін де жадуалдай жатқа соғып отыр. Ол айтқандарының ішінде не жоқ дейсіз. Бәрі бар. Десек те, бұлардағы бізді ерекше тебірентіп, толғантқаны бұл кісінің тылдағы соғыс ызғары қарып өткен балалық шағы мен педагогтік қызметіндегі ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктер және өзі жарты ғасырдан астам уақыт кәсіп еткен газет жұмысының түрлі оқиғаларға толы тақырыптары еді. Алдымен, 1941–1945 жылдардағы қиын күндердің үсігі ұрған жыртық көңіл, жүдеу жүз жеткіншектің басынан кешкен бір-екі үзік өмір суретін сөз етелік. 

– 1942 жылы, – деп бастады жоғарыдағы жәйтке байланысты әңгімесін ол кісі, – әкем Дәрмағамбет еңбек армиясы қатарына алынып, Қарағанды шахтасына жіберілді. Бұл соғыс басталғалы бергі біздің өңірден әскерге аттанған үшінші лек еді. Сөйтіп, ауылымызда өңшең шал-шауқан, бала-шаға, жесір әйелдер қалды. Бірақ өкімет бұл бейшаралардың дәрменсіз жағдайына қарай ма? Ауданнан келген өкіл: «Жұмыс істеңдер. Берілген норманы орындаңдар», – дейді дікілдеп. Мына сөзден соң кеудесінде жаны бар-ау дегеннің бәрі сүйретіліп айлаққа бет алды. Олардың арасында әкемнің қу қайығына ие боп қалған 13 жастағы мен де бармын. Содан мұз түсіп, теңіз үсті ашылған мамырдан бастап, су бетін тұман жапқан қарашаға дейін үй, мектеп бетін көрмедік. Тірлігіміз аулаған балығымызды айлаққа әкеліп өткізу. Кір-қоңымызды жуып, ес жию. Осыдан кейін бригадирдің: «Мынау сенің еңбекақың», – деп берген бес-алты балық пен «үрлен» деп аталатын азық-түлік талонын жағалаудағы апа, қарындастарымыздың қолына ұстату. Содан соң теңізге қайта бет алу.

Өстіп жүргенде бір күні колхоз бастығы Байұзақ жиналыс ашып, төмендегі жайды айтты. Аудандағы трест директоры Қожакеев Мәскеуге хат жазған. Онда ол мемлекеттік жоспарды орындау үшін ел аяғы көп жете бермейтін Николаев аралы маңайынан балық аулауды сұраған. Жоғарғы жақ, атап айтқанда, Қорғаныс комитеті бұл ұсынысты құптаған. Сөйтіп,  балықшыларға онда екі ай болуға рұқсат берген. Осы хабардан кейін іле-шала Қаратереңнен теңіз төріндегі аталмыш аралға қарай тарттық дейсіз. Басшымыз – Бұғыбай Қожанов ақсақал. Ол кісі өзі мінген кеме артына тоғыз қайықты тіркеп алып: «Ауа райы бұзылмаса, дауыл тұрмаса екен», – деген тілекті қайта-қайта айтып келеді. Расында, егер ондай жағдай болса... Айта көрмеңіз... Онда теңіз төсіндегі үстерінде ешқандай жүгі жоқ мына кеме, қайықтар қаңбақтай ойнары анық. Ақыры не керек, Николаев аралының шетіне де жеттік-ау. Бірақ, басшымыздың айтуынша, жағалауға жақындауға болмайды. Бұл өкіметтің құпия жеріне жататындықтан, су бетіндегі анау қалтқысы тізіліп тұрған ұзын белдеу – бояқтан аспау керек.

Бұғыбай ақсақалдың айтуымен биік жартас түбіндегі мар-мар шалан жиналған мүйіске зәкір тасталды. «Теңіз шөбі»  деп аталатын оның көп жылғы қураған қалдықтарының қалыңдығы сондай, біздер мұның үстінде еркін жүріп-тұра бастадық. Балық керемет мол. Шемая деген атауға ие ол аңқау ма, жоқ әлде бұрын бұларды ешкім үркітіп-шошытып көрмеген бе, әйтеуір ауға топырлап түседі де жатады. Оны қайыққа қотарамыз. Сөйтеміз де кемеге әкеліп, трюмдегі тұздаушы апа-жеңгелерімізге тапсырамыз. Арада апта, әлде ай өтті-ау деймін, шалан үстінде ойланып отырған Бұғыбай ақсақал әкесі мен сияқты әскерге кеткен Бүркітәлі деген бала екеумізді өзіне шақырды. Жанына барғанымызда: «Мына жартастағы қарабайырдың ұяларын көрдіңдер ме?» – деді. «Иә». «Олай болса ондағы жықпыл-жықпылмен өрмелеп, сондағы жұмыртқаларды жинап алып қайтыңдар. Сөйтіп, шемая сорпасынан мезі болған балықшы ағаларыңды тосын тағаммен қарсы алайық. Бірақ, жартас үстіне шықпаңдар. Бергі жақтан қайтыңдар. Жарай ма?»

Ақсақалдың тапсырмасы бойынша қолымызға қос-қос дорба ұстаған Бүркітәлі екеуміз етектен жоғарыға өрлей бастадық. Қарабайырдың жұмыртқасын бірінші көруіміз. Қаздыкіне ұқсас болады екен. Жартастың ортан беліне жеткенімізде, бізге берілген төрт дорбаның екеуі толды. Оны сол жердегі тепсеңге қалдырып, алға ұмтылған біз біраздан соң жартас басына қалай жеткенімізді тіптен байқамай да қалыппыз. Етбеттен жатып қараймыз, қыраттың арғы жағы сай-салаға толы кең алқап. Онда сандарына мөртаңба басылған жылқылар жайылып жүр. Сол мезетте алыстан гүрс еткен мылтық даусының естілгені. Зәре құтымыз қалмады. Буыны бекімеген ботадай тапырақтап, төменге түсуге әрекет жасай бастадық.

– Айтпап па едім сендерге, – деп ренжи қарсы алды Бұғыбай қарт біз жанына келгенде. – Қыр басына шықпаңдар деп. Өкіметтің құзырындағы құпия жер ғой бұл. Мылтық атқан адам күзетші-ау шамасы.

...Содан бір ай бойы жоғарыдағы оқиға мұндағы үлкен-кішінің аузынан түспейтін әңгіме тақырыбына айналды дейсіз. Бұл гу-гу сөз тек күз келіп, балықшылар кеме трюмі мен оған тіркелген тоғыз қайыққа шемаяны лық толтырып ауылға бет алғанда ғана тоқтағаны бар. Десе де ол бала Шәкіраттың ойынан көпке дейін бәрібір кетпей қойған. Теңіз төріндегі Николаев аралы... Ондағы қыраттың теріскейінде жайылып жүрген иесіз жылқы үйірі... Және... Жартасты жаңғырықтырып атылған оқ... Құпия әрі жұмбақ бұл жәйттер оған тек 1948 жылы белгілі болады. Бұл «Бархан» деген шартты атауға ие әскери биохимиялық полигон орналасқан Возрождение аралы еді.

* * *

Соғыс жылдарының балалары. Біздер тылдағы олар бастан кешкен қиын­дықтарды көргеніміз жоқ, әрине. Бірақ 1941–1945 жылдардағы сұрқай өмір сурет­терін жастық шақтары сол кезеңмен тұспа-тұс келген жазушы ағаларымыздың шығармаларынан жақсы білеміз. Оған Шерхан Мұртазаның «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «41-ші жылғы келіншек», «Интернат наны» хикая­ттары мен Сайын Мұратбековтің «Күзгі бұралаң жол», «Жабайы алма», «Жусан исі» туындыларын айтсақ та жеткілікті. Солардағы: сөмкесіндегі «қара қағазды»: «Әкемнен хабар бар ма?» – деп алдынан жүгіріп шыққан балаға қалай көрсетерін білмей дағдарған пошташы қыздың аянышты хәлі; бұла шағын болашақтың бодауына берген жесір келіншектердің жоқтауынан жүректеріне ерте жүк түскен жетімектердің өксікке толы өмірі; балдәурен балалығын колхоздың көктемгі, күзгі науқандық жұмыстары тонаған мектеп оқушыларының дүбәра тірлігі; аңыздан сұраусыз масақ тергені үшін арқаларын қатыгез бригадирдің қамшысы тілген жеткіншектердің ішкі жан күйзелісі...

Мұны сөз етіп отырғанымыз, осының бәрі сол кездегі тылдағы соғыс баласы Шәкірат ағаға да қатысы бар екендігі. Иә, біздің кейіпкеріміз де жоғарыдағыдай жәйттің бәрін көрген, бойынан өткеріп, басынан кешкен. Сөйтіп өсіп, ержеткен. Ержеткен дейтініміз... Мектептегі оқуына маза бермеген колхоз жұмысының ара-арасында бір үзіп, бір жалғастырып жүріп, жетінші сыныпты бітіреді. Бұл соғыстан кейінгі ауылда мұғалім жетіспей жатқан кез еді. Сондықтан оған бастауыш сыныпқа сабақ беруге тура келеді. Одан етінің тірілігі арқасында Қазалыдағы педкурсқа бет алу... Ондағы оқуды орталай бергенде, қайткенде кадр тапшылығын жоямыз деген жанталасқа толы әрекетпен жақсы оқу үлгеріміне ие бұл сияқты бозбалаларды Қызылорда пединститутына жіберу... Ондағы тарих-география факультетін аяқтар кезде, Қазақ КСР Оқу министрлігінің жолдамасымен Гурев облысына аттану...

Бұл 1950 жыл еді. Еңбек жолын аталған өңірдің Маңғыстау ауданында мұғалім болып бастаған ол, жұмысқа қызу кіріседі. Кірісіп жүріп артта қалудың көптеген көңілсіз көріністеріне куә болады. Солардың кейбіреулерін сөз етсек, олар: бірінші сыныпта оқуға тиіс жеті-сегіз жасар жеткіншектермен қатар онда 12-13 жастағы ересек балалардың да қоса отыруы, педагогтердің жоқтығынан математика пәнін арифметиканың төрт амалынан хабары бар деген «Живсырье» мекемесі бухгалтерінің сабақ беруі, бесінші, алтыншы сыныптағы оқу басталғанда, ондағы артқы партаға келіп сол ауылдағы бастауыш біліммен ғана жүрген кассир, зоотехник, милиционер және бригадир ағайлардың сауатын ашуы секілді жәйттер еді. Осының бәрін көріп, білген Шәкең жұмысқа жан аямай кіріспегенде қайтеді. Соның нәтижесінде бұл кісіні алдымен мектеп оқушылары жақсы көре бастайды. Олардың ішінде кейін белгілі шығармашылық иесі атанатын жазушы Маршал Әбдіхалықов бар еді. Содан кейін жалынды жас педагогке аудан басшыларының назары ауады. Оларға ұнағаны оның оқу мәселесі жөніндегі тың ой-пікірлері еді. Жұмыстың өз мәнінде жүруі үшін аупартком жаңашыл бұл ұсыныстарды қолдайды. Қалт жібермей қадағалап, көмектеседі. Осының арқасында Шәкірат ағаның бас­тамасымен кешкі мектеп ашылады. Оған ұйымдастырушылық қабілеті мол, бірақ кезінде оқи алмай қалғандықтан, сауаты аз жергілікті басшылар тартылады да, уақыт өте келе орта білімдерін айғақтайтын аттестаттарына қол жеткізеді. Ал өзі директорлыққа көтеріліп, облыстық білім басқармасының Маңғыстау ауданы
бойынша штаттан тыс инспекторы қызметін қоса атқарады. Өстіп жүргенде Гурьевтен шақырту келеді. Онда оның облыс орталығындағы хәлі мүшкіл жалғыз қазақ мектебін көтеру үшін соған ауысуының қажеттігі айтылған еді. Сонда келіп тағы да от боп күйіп-жанып жұмыс істеп жүрмей ме? Міне, сол кезде мұғалімдер бөлмесіндегі еденге ес-түссіз құлап түсіп, қимылсыз қалады. Шақырған дәрігерлер ауруханаға апарып қарағанымен, не сырқат екенін білмей дағдарады. Ақыры үш айдан соң: «Жүйкесі мен жүрегіне шамадан тыс салмақ түскен. Күш-қуатына келуі үшін демалыс, күтім және тыныштық керек», – деген анықтамамен еліне қайтарады.

Жас емес пе, туған жеріне келген соң анасы Набаттың күтімімен тез оңалады. Ол кісінің құрт, қатық қосқан көжесі, сондай-ақ қорадағы жалғыз інгеннің шұбаты арқасында аяғынан тік тұрған оны аудандық оқу бөлімі қайта-қайта іздеп, мазалай бастайды. Сондай бір кезекті шақырту барысында кейіпкеріміз осы өңірдегі Шөмішкөл елді мекеніндегі мектепке директорлыққа жіберіледі. Одан кейін Шәкірат ағаны Шижа, Қаратерең ауылдарындағы білім ұяларын басқару күтіп тұрады. Бұл жерлерде жүргенде де мазасыз жүрек иесі тың ой, батыл пікір, өміршең бастамаларын айтып, жүзеге асырудан танбайды. Бұған жас педагогтің маман кадрларға деген қамқорлығын қосыңыз. Әңгімеміз құрғақ болмас үшін жоғарыдағы сөздерімізге төмендегідей екі нақты мысал келтірелік.

Шәкірат аға Қаратерең орта мектебінде директор болып жүргенінде қырдағы малшы балалары жағдайының онша мәз емес екенін көреді. Күзгі оқу жылы басталғанда жататын жер таппай қиналады екен олар. Сондықтан бұлардың әке-шешелері жалынып-жалпайып таныстарының үйлеріне орналастыруға мәжбүр. Ал біреуге кіріптар болып, соның есігінде жаутаңдап күн кешкен ұл-қыздар жағдайының қалай болатыны бесенеден белгілі. Осыны байқап, бағамдаған Шәкең: «Не істесем екен?» – деп ойланып жүреді де, тәуекелге салып, республика Министрлер Кеңесіне хат жолдайды. Сол бойынша Алматыдан келген өкілдер жағдайды көздерімен көріп, мәселемен терең танысады. Содан кейін мектеп директорының ұсынысын дұрыс деп тауып, осы ауылдағы миллионер балық колхозының есебінен Қаратереңде құмдағы малшы және көрші елді мекеннен қатынап оқитын балалар үшін интернат ашқызады.

 Ал екінші мысал – сол кездегі кадр тапшылығына байланысты жәйт. Бұл жөнінде кейіпкеріміздің жергілікті журналист Жаңабай Кемалға айтқан әңгімесіне жүгінсек, ол оқиға былай. Аудандық оқу бөліміне барған бір сапарында Шәкірат аға ондағы қабылдау бөлмесінде хатшы боп отырған нәзік денелі, әдепті қызды көреді. Кезек күтіп отырып сөйлескендегі әңгіме арасында аңғарғаны, Литвадан жолдамамен келген орыс тілінің маманы екен. Мұны білген кейіпкерімізде тағат қалмайды. Оған өзінің мектеп директоры екенін, жетекшілік етіп отырған білім ұясында мұғалімдер жетіспейтінін айтады. «Бізге келсең орыс тілі мен әдебиеті сабақтарының сағаттары тұтастай өзіңе беріледі әрі жататын жерің тегін болады», – деп үгіттеп, Қаратереңге баруға көндіреді. Сөйтіп, литвалық бойжеткен Алла Иорданайте бейтаныс қазақ ауылына бет алып, аз уақыттан соң-ақ жағалау жұртының өз қызына айналып кетеді. Оған себеп болған оның сол кездегі шалғай түкпір жеткіншектерін дүниенің кілті болып тұрған орыс тілін ұялмайтындай сөйлеуге үйретіп шығаруында ғана емес, би мен іс тігудің шебері де екендігі еді. Оның осы өнерінің арқасында талай механизатор, шофер жігіттер колхоз клубында өздері сөз айтып жүрген бойжеткендермен вальс ырғағында тербелсе, мектептегі қыздар Алла мұғалиманың жөн-жоба көрсетуімен қолдарына ине, қайшы алып, киім пішу үйірмесіне қатысуды сабақ оқудан кейінгі екінші парызы деп түсінеді. Нәтижесі: 1 мамыр мейрамында олардың сүйікті ұстазы және өздерінің еңбектенуімен өмірге келген 15 одақтас ел ою-өрнегіне толы көйлектерді киіп шығуы еді. Оны көргенде шеруді тамашалап тұрған ата-аналар өз қыздарын өздері танымай таңғалады. Сөздің тоқетері, мектеп директоры Шәкірат ағаның Аралдан ауылға алып келген Алла қарындасы 50-жылдарғы Қаратереңде өркениеттің бір ұшқыны мәдениет шуағын шашқан өнегелі жан еді. Кейін уәделесіп жүрген теңізші жігіті іздеп келіп, Балтық бойына аттанғанда, екеуін бүкіл ауыл болып қимай шығарып салады.

 

* * *

– Қарап отырсақ ағасы, – дедім мен осы араға келгенде Шәкеңе, – сіздің алған жоғары біліміңіз, оны айғақтайтын диплом арқылы басталған алғашқы еңбек жолыңыз педагогика саласы екен. Оның ішінде тарих-география пәнінің мұғалімі деп көрсетіліпті 1950 жылғы Қызылорда мемлекеттік институты берген құжатта. Ал сонда журналистикаға қалай келіп жүрсіз? Бұл мамандықты игеруге не себеп болды деп ойлайсыз?

– Ол былай қарағым, – деп жауап берді қария жоғарыдағы сауалға еш ойланбастан. – Атырауда жүріп ауырып, елге келгенімді айттым ғой жоғарыда. Сонда ондағы және мұндағы дәрігерлер сырқатымның не екенін анықтай алмаған. Өйткені соғыстан кейінгі қиын кез ғой. Ауруханаларда кадр аз, медициналық аппарат түрлері тапшы. Дәрі-дәрмектің де көзден ұшпай тұрған уақыты. Жас кезім. Сырқатым ара-тұра сыр берсе де, оны елең қылмай жүре бердім. Бірақ 1955 жылдан кейін қатты ауыра бастадым. Дәрігерлер бұл жолы маған шындап назар аудара бастады. Оған себеп, сол кезде бұлардың жағдайы жақсарып, жергілікті медицина орындарына рентгеннің келе бастауы еді. Олар мені міне, сол аппаратқа салды. Сонда барып белгілі болды, өкпе ауруына шалдыққан екенмін. «Абыржымаңыз. Бұл емдеуге көнетін сырқат. Жазыласыз. Тек уақыт керек», – деді олар. Сөйтті де 1941–1945 жылдарғы соғыста тек жарақаты ауыр жауынгерлерге қолдануға рұқсат етілген, кейінгі бейбіт уақытта елдегі кеселі асқынған адамдардың белгілі бір бөлігіне ғана беріле бастаған пеницилин дәрісімен емдеуге көшті. Үш ай бойы оны суға езіп те ішкізіп, укол етіп те салудың арқасында қос өкпемнің қабынуы тоқтады. Ауруханадан шығарда дәрігерлер: «Мұндай сырқатқа шалдыққандарға көп адамдық еңбек коллективтерінде жұмыс істеуге болмайды. Оны өзіңіз, басшыларыңыз жағдайға қарап шешер», – деген сөзді айтып шығарып салды. Мен түсіндім. Ондай мекеменің бірі өзім жұмыс істейтін мектеп қой. Осыны ойлап жүргенімде: «Аудандық оқу бөліміне шақыртып жатыр», – деген хабардың келмесі бар ма?.. Барсам: «Емханадан кейін ес жиып, демала тұрыңыз. Біз сізге жеңілдеу басқа жұмыс іздестіріп жатырмыз. Табылған кезде өзіміз хабарлап айтамыз», – деген сөз естідім олардан.

Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, білмеймін. Жағдай күрт өзгеріп, басқаша сипат алды. Олай дейтінім, жоғарыдағы хәліме байланысты мені өңірлік оқу бөлімі емес, аудандық партия комитетінің өзі іздеуі еді. Сөйтсем, «Партийная жизнь Казахстана» журналына Орталық Комитеттегі насихат бөлімінің методикалық нұсқаулығы шығыпты. Онда: «Қазір республикадағы аудандар ғана емес, ауылдардағы әр үйге радио нүктелері орнатылып, жұмыс істей бастады. Бұл техника жетістігін біз үгіт құралы ретінде тиімді пайдалана білуіміз керек. Ол үшін колхоз-совхоз орталықтарының байланыс бөлімшелеріндегі торапта радиогазет ашуға қол жеткізілсін. Оның міндеті – еңбекшілерді, олардың отбасыларын жергілікті жердегі жаңалықтармен эфир арқылы аптасына бір рет хабардар етіп отыру», – делінген екен. «Қара­терең ауылындағы өмірге келуге тиіс осы жұмысты саған жүктегелі отырмыз, бауырым, – деді жоғарыдағы жәйтті қысқаша сөз еткен аупартком хатшысы. – Мектептердегі басшылық жұмыстарда ел алдына шығып сөйлеуге, мерекелерде баяндама жасауға төселіп қалдың ғой. Сондықтан радиогазетті дайындап, диктор боп оқу қолыңнан келуге тиіс. Ойлап көрші, тыныш та қызық жұмыс емес пе?! Таза ауа. Айлақ, қырман, қызыл отау арасындағы қимыл-қозғалыс. Бұл денсаулығыңның қалпына келуіне көмек болар деп ойлаймыз».

Мына сөзді естігенде өмірден шетқақпай қалып қоймағаныма қуанып: «Шүкір!» – дедім. Сөйттім де аупартком хатшысына келісімімді бердім. Іле-шала: «Басқа түссе баспақшыл», – деп өзім мүлде білмеген жұмысқа бас-көз жоқ кірістім де кеттім. Байқаймын, қызық тірлік сияқты. Олай дейтінім, нұсқаулықтағы талап бойынша алдымен колхоздағы ресми хабарлардың ұстынын құрайтын ақпараттарды жазып шықпаймын ба? Олар: бір айлық көрсеткішін мерзімінен бұрын орындаған озат балықшы, социалистік жарыс барысында
ауыспалы қызыл туды жеңіп алған екпінді бригада мүшелерінің жетістігі сияқты дүниелер-тін. Осыдан кейін мәдениет жаңалықтарына қатысты мысалдарды іздеп, ауыл көшелерін шарлайын.­ Бұған керек нәрсені жол шетіндегі төбеде жиналып отырып, өрістен қайтқан малдарын тосқан қарттардан таптым. Ондағы бір қария замандастары алдында домбыра тартып отыр. Орындаушылық шеберлігі керемет. Ол кісінің өнер көрсетуі қошеметпен аяқталғаннан соң, келесі бір ақсақал мына теңіз қолтығындағы ертеңгі, бірсігүнгі, одан кейінгі ауа райының қалай болатынын болжауға көшті. Бұл әңгіме біте бергенде шет жақта отырған аласа бойлы арық қара кісі қорадағы жалғыз түйесінің өрістен қайтпағанына екі апта болғанын ауылдастарының есіне салып, алаңдаушылық білдірді.

«Міне, радиогазетке беретін дүниелер!» – дедім мен ішімнен сол арада бірден шешім қабылдап. Сөйттім де сәрсенбінің сәтті күні: «Қаратереңнен сөйлеп тұрмыз. Кеш жарық, құрметті радиотыңдаушы жерлестер!» – деп эфирге шықтым. Қасымда үш шалым бар. Ресми хабарларды оқып болғаннан кейін шағын таныстырумен домбырашы қартты микрофонға жақындатып, күй тартқыздым. Одан соң келесі ақсақал сөйледі ауылдағы ауа ­райын болжап. Ең соңында малы жоғалған қарт: «Көрсеңдер, білсеңдер, бір хабар берерсіңдер, айналайындар. Сүйіншісі дайын!» – деп жар салды елге.

Ертесінде алғашқы ұйымдастырған бұл радиохабарыма бүкіл ауыл қол соқты дейсіз риза болып. Келесі аптада радиотораптағы менің бөлмеме өлең жазатын мектеп оқушылары мен ән айтатын өнерлі жастар: «Эфирге шығайықшы!» – деп өздері келе бастады. Сондай-ақ: «Үйлену тойыма шақырамын. Қой сатамын», – деген хабарландырулар да көбейді. Осылайша басында қорқасоқтап бастаған жұмысымның дүрілдеп жүріп кеп бергені! Келе-келе Арал ауданындағы «Толқын» газеті радиодан оқуға дайындаған қысқа да нұсқа хабарларыма қызығып, оларды редакцияға өздері сұратып алатын болды. Одан Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті де қалыспады. Теңіздегі мұз үстінде қалған балықшылар, құмдағы дауылда адасып, аман қалған малшылар туралы материалдарымды кеңейтіп жазуға тапсырма беріп, өздеріне авторлыққа тарта бастады. Сонымен, інішек, бұл тақырыптағы әңгімемнің тоқетері, менің журналистикадағы жолым міне, осылай басталған болатын».

* * *

Хо-о-ш! Енді... Әлмисақтан келе жатқан бір сөз бар. Ол адамның «жұлдызды сәті» деген ұғым. Бұл әңгіме біздің журналистикада ерекше мәнге ие. Олай дейтініміз, егер мына өмірде мақсаткерлікпен тірлік кешкен адам болса, онда оған түрлі жақсылықтардың әйтеуір бір өз ретімен келіп жататындығы бар. Біле білгенге бұл үлкен қуаныш. Жетістік. Жеңіс. Бірақ мұны жұлдызды сәтпен шатастыруға болмайды. Осы тұрғыдан келгенде, кейіпкеріміз Шәкірат аға соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде талай жақсылықтарға қолы жеткен жан. Олар: сол уақытта көп жастарға арман болған институтқа оқуға түсу, оны бітірген соң қатардағы мұғалімдіктен мектеп директорына дейін көтерілу. Облыс орталығынан шалғайдағы колхозда радиогазет ұйымдастыру арқылы көзге түсіп, аудандық газеттегі бастамашылдығы арқасында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтеріне қол жеткізу сияқты есімі елге танылған еңселі жылдар. Бірақ Шәкеңнің сол кезеңдегі өз өңірі бойынша бағындырған биіктіктерінің ішіндегі ең ғажап шығармашылық самғауы 60-жылдары болды. Бұл Алматыдағы «Социалистік Қазақстаннан» атақты журналист Ұзақ Бағаевтың Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне редакторлыққа келген кезі еді. Жаңа басшының редакцияда өткізген алғашқы жиналысына осы басылымның Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі боп жүрген жерінен келіп қатысқан кейіпкеріміз одан көп нәрсе ұғып қайтады. Ұзекеңнің сондағы сөздерінен есінде қалғаны: «Сөйлемдердегі сықастыра тізілген цифрлар сыңғыры мақала бола алмайды». «Редакция тапсырмасымен жүргенде өмірінен очерк шықпайтын адамдар да кездеседі. Оларды жазамын деп әуреленбеңіздер». «Тағдырлы тұлғаларды табуға тырысыңыздар. Нанымды оқиға, үлгі етіп айтар сөз, еш қоспасы жоқ табиғи өмір көріністері міне, сондай жандардың бойында», – деген озық ойлар-тын. Бір сүйсінерлігі, бұларды ол кісі тек айтып қана қойған жоқ. Іле-шала сондай тың да соны тақырыптарды өзі редакциядағыларға жазып көрсете де білді. Бұлар: 1941–1945 жылдарғы соғыста елге екі аяғынан айырылып келсе де, протезбен трактор жүргізген, сол ерен еңбегінің арқасында кейін кеудесіне «Алтын Жұлдыз» таққан Қасымтай Ізтілеуов, тоғыз жасында түйеден құлап мертігіп, мүгедек боп қалған, соған қарамай өз білімін өзі көтеріп, 38 жасқа келгенше 1200 кітапты және Үлкен Кеңес Энциклопедиясы екінші басылымының 50 томын оқып үлгеріп, өз атынан бес өлеңдер жинағын шығарған талантты ақын Зейнолла Шүкіров туралы очерктер еді. Сонда: «Бұл өңірді онша көп көріп, білмеген Ұзекең Алматыдан келген аз уақыт аралығында мынадай тақырыптарды тауып жазғанда, өмір бойы осында жүрген біздің жайбасарлығымызға жол болсын... Қой, қимылдайық», – деген жергілікті журналистердің бірі Шәкірат аға еді. Өзін-өзі осылай қамшылаудың арқасында кейіпкеріміздің қаламынан талай таңданарлық туындылар өмірге келді дейсіз. Сөзіміз құрғақ болмас үшін енді солардың екі-үшеуін мысалға келтірелік.

Көнекөздердің есінде шығар, 60-жылдары еліміздің далалы аймақтарын оқтын-оқтын қалың қар басып, табиғаттың бұл қатал мінезі республикамыздың оңтүстік өңірлеріндегі мал шаруашылығын қиын жағдайға қалдырып отырды. Соның бір күрделі көрінісі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романында суреттеліп, артынша сол шығарма негізінде түсірілген «Шыңдағы шынар» фильмінде бар жағдай шынайы бейнеленген. Шамасы қайталап соққан сондай бір қыс болуы керек. Редакциядан Шәкірат ағаға қырдағы Шоқым атты шопан өмірін жазу, жазғанда да оны бұрынғы қалыпқа салмай, бұл қойшының табиғи тірлігін тәлімді тәжірибесімен астастыра отырып баяндау міндеті жүктеледі. Отағасы көп сөйлемейтін момын кісі екен. Бірақ шаруасы тап-тұйнақтай, істеген ісі тиянақты жан болып шығады. Отарында өлім-жітім жоқ. Қойлары да қоңды. «Мұның сыры неде?» деп қора төңірегін барлай қарамай ма тілші. Сонда көзі малға шөп шашатын ашық алаңды адамның бойындай етіп қоршай тұрғызылған ықтасынға түседі. Қабырғалары қураған қурайға толы өсімдік қалдықтары екен. Малшылардың тілінде мұны қашақ дейді. Кезінде қойларының ірі деп менсінбей аузынан қалған сол шөп қурайларды шопан Шоқым далаға тастамаған. Жылдар бойы алаңды айналдырып жинай берген. Жем-шөп жетпеген мына қытымыр қыста соның қызығын мұндағы аша тұяқтылар енді көріп жатқан сияқты. Оны ықтасын қабырғаларындағы қурай қашақты алаңдағы қойлардың қытырлата жеп жатқаны айқын аңғартқандай. «Бәрекелді!» – деп риза болады журналист мына көрініске. Осылайша ол қора төңірегінен ұзап, қар басқан жазыққа қараса, бөрене ағашты қос түйеге көлденеңінен тартқыза қар бұзған қойшыны көреді. Сөйтсе Шоқым шопан кәдімгі егіс алқабына түрен түсіретін әдіспен отарына өріс ашып жүр екен. Басқаның малы қарға малтығып жатқанда, мұның қойлары ашық жерде бауырын жаза жайылып, қоңын жоғалтпаған. Кейін «Қойшының құпиясы» атты мақала жазылып, газетте жарық көреді. Сонда редакциядағы әріптестері: «Бұл табиғи тірлік пе? Табиғи тірлік. Тәлім алар тәжірибе ме? Иә, тәжірибе», – деп жақсы баға бергені бар.

...Енді Шәкірат ағаның сол 60-жыл­дардың ортасында жазған тағы бір мақаласына назар аударайық. «Мұза – паром» деген аталатын ол материал­да Қуаңдария жағалауында ау салып жүрген балықшылардың өздері тірлік етіп жатқан телімдегі мұз сөгіліп кеткен кездегі қиын жағдайда қалғаны айтылады. Бірақ ыққан сеңмен теңіз айдынына бет алған олар Қайыпназар Байбосынов атты қарттың ақылды іс-әрекеті арқылы аман қалады. «Қалай? Қайтіп?» – дейсіздер ғой. Ақсақал жанындағы жігіттерге өздері үстінде келе жатқан үлкен мұздың шетінен екі үйдің орнындай кіші мұз бөліп алуды бұйырады. Және оның қос бүйірінен екі ойық жасауды тапсырады. Берілген бұйрық орындалғанда, қарт балықшы шана үстінде жатқан екі ұзын сырықты қолына алып, теңіз суының тереңдігін байқайды. Үш метрден аспайды екен. Осыдан соң барып ол кісі жігіттер бөлген манағы кішкене мұзға көмекшісі ­Рышымбет екеуі әупірімдеп мінеді. Мінген бойда беліндегі арқан бумаларын тарқатып, оның бір ұшын өздері тескен екі ойықтан өткізеді де, екінші жағын үстінде адамдар мен шана және ау құралға толы үлкен мұздағы адамдарға беріп, олар қаққан темір сүймендерге байлаттырады. Бәрі әзір болғанда біреуіне Қайыпназар қарт, екіншісіне көмекшісі Рышымбет ие екі ойыққа манағы қос сырық ескек орнына салынады да кіші мұзды алға қозғалтады. Осылайша үлкен мұзды кіші мұз «буксирге» алып, айлаққа қарай ақырындап жылжиды. Оған дейін өзіміз сөз етіп отырған мұз сеңі ашық теңізге жарты шақырымдай шығып кеткен еді. Енді сәл кешіккенде... Оларды жел айдап... Қуанышқа қарай, Қайыпназар қарттың уақыт оздырмай, шалт қимыл, шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде 22 адам бүкіл ау, шаналарымен «мұз – паром» арқылы жылжып, жағалауға аман-есен жетеді. «Байқап қараған жанға бұл да – тапқыр тәсіл, ұтымды тәжірибе. Бұл біздің балықшылардан басқа ешкімнің қолынан келмейтінін айтады қарсы беттегі қарақалпақ ау салушылары», – деп аяқтайды автор өзінің мақаласын.

...Егер жалықпасаңыздар, құрметті оқырман, сіздерге біз аға әріптесіміздің сол 60-жылдардың аяғында жазған келесі бір мақаласын айтып, бұл бағыттағы әңгімемізді сонымен аяқтайық. «Сеңге қонған самолет» атты ол материалдың оқиғасы өте қызық. Бірде журналистік жолсапар барысында Шәкең ел арасынан мынадай әңгіме естиді. Ертеректе осы Аралдың Көкарал маңайындағы бөлінген үлкен мұзбен екі балықшы ашық теңізге ығып кетеді. Ауылдан жеткен суыт хабардан аудан дүрлігеді. Төрт күн бойы алашапқын әрекет басталады. Бірақ еш нәтиже болмайды. Ал бесінші күні... Алматыдан шақыртылған самолет ұшқышы жоғалған жандарды әуеден көріп табады. Оларды құтқару үшін алақандай мұз үстіне қос қанатты «Кукурузникті» жанкештілікпен қондырып, балық­шыларды құрдымнан аман алып шығады. Бұл туралы 1948 жылғы 2 наурызда «Правда» газеті шағын хабар берген екен. 20 жылдан соң, сол ақпаратты іздеп тапқан Шәкірат аға одан ұшқыштың Хамит Қалиев деген қандасымыз екенін біледі. Кезінде ақ финдер мен герман соғысына қатысқан ардагерді Қызылордадан тауып, сөйлеседі.

«...Мен ол кезде санитарлық жедел жәрдем тапсырмасымен Аралға келген едім, – деп бастапты әңгімесін ержүрек ұшқыш. – Әуежайға қонғанымда, аупарткомның бірінші хатшысы ­Ешкенов шақырып жатыр деген хабар алдым. Барсам ол кісі республика азаматтық әуе басқармасының бастығы Лазуконың радиограммасын ұсынды. Онда ол маған теңізге ыққан екі балықшыны іздеуді айтыпты. Сол тапсырма бойынша Көкаралға ұшып келдім. «Мұзбен ыққандардың қазір қай маңда болуы мүмкін?» – деп сұрадым жағадағы балықшылардан. «Бүгін бесінші күн, ә?.. – десті олар өзара ойласып. – Егер аман болса, Барсакелмес аралына жетіп қалған шығар». «Жел оған жақындатуға ыңғай бермесе ше?» – деді екіншісі». «Онда үміттің үзілгені». Мына сөзден соң әуеге қайта көтеріліп, Барсакелместі бетке алдым. Кештетіп қалған кез еді. Арал көз ұшынан көрінгенде, оның оң жақ қапталындағы қалқыған мұз үстінен екі адамның сұлбасын байқадым. Төмендей ұшып азық-түлік тастадым да, мұздың аумағын шамаладым. Ұзындығы 150 метрден артық емес. «Байқау керек. Ұқыпты болмасаң қиын», – дедім өзіме-өзім ішімнен. Бірақ тәуекелге бара алмадым. Күн кешкіріп кеткендіктен кері қайтып, Ұзынқайыр аралығындағы метеостанцияға келіп қондым. Түнімен ұйқым келмеді. Көз алдымда мұз үстіндегі тоңып, дірдектеген екі балықшы... Таң ата көкке қайта көтерілдім. Кешегі іздеп тапқан қос бейбағым Барсакелместен едәуір ұзап кетіпті. Аралды айналып өтіп ұшы-қиыры жоқ ашық теңізге шыққан екен. Осы жерде бір шындықты
айтайын. Құдай кесірінен сақтасын, біздерге, тәжірибелі ұшқыштарға қону оңай. Ал көтерілу қиынның қиыны. Осыны ойлай отырып, теңіз үстіндегі мұзды екі айналдым. Сөйттім де, әупірімдеп кеп қондым. Қараймын, маған қарай еңбектеген екеуде өң-түс жоқ. Әбден әлдері кеткен. Кемсеңдеп жылай береді. Оларды «Кукурузникке» арқалап әкелдім. Сөйттім де, әрең мінгіздім. Ал енді қалай көтерілемін? Ең қиыны осы болды. Самайымнан сорғалаған терді сүрте отырып, ақ финдермен соғыстағы тәсілге ­бастым. Ол бойынша самолеттің артындағы комсо, яғни, жалғыз дөңгелек бақайын қарлы мұзға қатты батыруым керек. Сонда «Кукурузниктің» алды белгілі бір деңгейге дейін жоғары көтеріледі. Міне, сол уақытта «жаны қысылып», бар күшін салған мотор самолетті жерден жұлып алады да кеңістікке көтеріп әкетеді. Мұндайда тек тепе-теңдікті сақтауға тырысып, дұрыс бағдар алуға ұмтылсаң болды. Жә, көп сөйлеп қайтейін, мына жағдайда соғыстағы сол әдіске бастым. Сөйттім де, әуеге шайқалақтай көтеріліп, жағаға жол тарттым ғой, әйтеуір».

* * *

Ақсақалмен арадағы әңгіменің бір үзілісі аралығында мен стол үстіндегі газет тігіндісіне қол создым. Бұл кейіпкеріміздің әр жылдардағы баспасөз бетіне шыққан мақалалары екен. Асықпай қарай ­бастадым. Құдай-ау, нендей дүниелер жоқ дейсіз мұнда?! Тақырыптары адамды өзіне еріксіз тартатын қызықты оқиғаларға толы материалдар... Бірінен бірі өтеді! «Протез адам» деп қойыпты бір мақаласының атын кейіпкеріміз. Онда сонау жылдарғы соғыстан жалғыз көз, жалғыз қол және жалғыз аяқпен қайтса да, елге келген соң бес шағын артельді біріктіріп, одан миллионер шаруашылық жасаған колхоз төрағасы Ырыс Тұрмағамбетовтің өнегелі өмірі сөз болады. Ал «Ажал аузында» атты мақала ше? Оның кейіпкері атауынан адам шошырлық әйгілі «штрафбат» әскери бөлімінде мың өліп, мың тіріліп жүріп ауылына аман оралған Жылқайдар Досниязов екен. Енді Шәкеңнің ­«Фельдмаршал Паулюстің етігі» материалына үңіліп көрелік. Бұған 1943 жылғы қызылордалық еңбек озаттарынан жасақталған топтың Сталинград майданына барған сапарындағы оқиға негіз болыпты. Сонда вагон-вагон сәлем-сауқатқа ризашылық білдірген Орталық майдан қолбасшысының штаб бастығы Михаил Малинин деген кісі делегация жетекшісі, Қазалы аудандық партия комитетінің салалық хатшысы Мүбарак Сыдықовқа қонышы тізеден асатын, ішінде бір елі түгі бар су жаңа етік сыйлайды. Бұл делегация келердің алдында сол қалада тұтқынға түскен неміс қолбасшысының интендантынан тәргіленіп алынған трофей екен. Штаб бастығы қызылордалық қонаққа осыны айтады да оған сөз етілген етікті сыйлайды.

Жә, айта берсек Шәкірат ағаның баспасөз беттеріне шыққан мұндай дүниелері өте көп! Осыларды парақтап отырып: «Қанша адам өмірі... Қаншама тағдыр... Олардың өнегелі, үлгілі істері... Елге таныстырып, насихаттап жазғаны үшін сол кейіпкерлердің аруағы қаламгер ағамызға риза шығар», – деген ой келді маған. Содан туындаған сезіммен: «Олардың туыс-туған, жақын-жұрағаттарынан алған алғысыңыз көп шығар», – дедім әңгіме иесіне. «Иә, – деді Шәкең бұл сауалға. – Адамдардан алған алғысым жетерлік. Олардың біреуін ана жылы «Бір пұт ұн» деген атпен жазғанмын да. Бірақ, осы ғұмырымда қарағым, мен алғыспен бірге тырнақша ішіндегі сөз деп айтарлық «реніш», «қыр көрсету» сияқты қоқан-лоққыларды да көрген жанмын». «Қалай?» «1989 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан Қазалы ауданындағы бір шаруашылықтың
сау­ын­­­­­­шысы әр сиырдан 3000 литр сүт саууға қол жеткізді деген хабар келді. «Мүмкін емес, – дестік редакциядағы біздер. – Қызылора облысының жағдайында бұл болмайтын шаруа». Содан артынша: «Тексерілсін», – деген пәрмен келді обкомнан. Оған мен баратын болдым.

Қазалыға келіп тиісті орындарға кірмеймін бе? Бәрі үнсіз. Тура жауап беруден тайсақтайды. Шаруашылықта да сол жағдай қайталанды. Совхоз директоры: «Құмдағы қойшыларға кеттім», – деген сылтаумен қара көрсетпеді. Шындықты қарапайым адамдар айтты. «Ол келіншек ондай сүтті сауған жоқ, – деді фермадағы жиналыста сөз алған бір салиқалы жеңгей. – Бастықтардың қолдауына сүйен­ген сылқым күндік нормасын біздің көрсеткішіміз есебінен толтырып жүр. Өйткені сауынға кейде келіп, кейде келмейді. Сіздердің қолдарыңыз­дағы мәлімет оны депутаттыққа өткізу үшін қолдан жасалған әрекет». «Осы айт­қандарыңыз рас па? Шын болса, қағазға түсіріп, қолдарыңызды қойып беріңіздер», – дедім мен оларға. Әділетсіздікке күйініп жүрген фермадағылар дәл солай істеді де. Сол және одан басқа фактілердің негізінде облыстық «Ленин жолы» газетіне «Жалған көтермелеу кімге қажет?» деген сын мақала жаздым. Осыдан кейін «рекордтық» көрсеткіштің күлі көкке ұшты. Бастықтардың қамқорлығындағы сылқым келіншек депутаттыққа өтпей қалды.

Бұл 1989 жылы болған жағдай. Содан кейін мен зейнетке шықтым. 1993 жыл еді. Қазалыда ардагерлердің аймақтық жиналысы өтті. Соған қатысып, ауылға қайтайын деп автобус аялдамасында тұрғанмын. Жаныма былқ-сылқ етіп ырғала басқан жастау әйел келді. Сөйтті де, маған ұзақ қарады. Бір мезетте ай-шай жоқ: «Сен әлі тірі ме едің?» – дегені. Қатты ыңғайсыздандым. Көз тоқтатып қарасам, баяғы сүт сауудан «рекорд» жасаған келіншек. Содан ол жөнінде қайта мақала жазуыма тура келді. Материалымның тақырыбына оның өзі айтқан «Сен әлі тірі ме едің?» – деген сөйлемді қойдым. Ол кейіпкерім қазір балалы-шағалы бәйбіше шығар деп ойлаймын. Әже атанып, немерелерін бағып отыруы да мүмкін. Сондықтан атын айтуды жөн көрмей отырмын. Егер шынымен білгісі келетіндер болса, онда 1989 және 1993 жылдарғы облыстық газетке шыққан жоғарыдағы екі мақаламды тауып оқуларына болады. Міне, қарағым, журналистік өмір жолымда менің басымнан осындай да жағдай өткен».

...Әңгіме аяқталды. Мен қайтуға жиналдым. Сол кезде Шәкірат аға: «Сен мені іздеп келіп қатты қуанттың, айналайын! – деді риза кейіппен. – Мұхаммед пайғамбардан қалған: «О, Алла! Біреуді қуантуды сыйла маған!» – деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, жасы үлкендерге жылы көзқараспен қарап, құрмет көрсеткенге не жетсін... Сол үшін рахмет!», – деді. Сөйтті де: «Мен секілді  94 жасқа жет!» – деп батасын берді. «Айтқаныңыз келсін!» – дедім ішімнен.

...Жүріп келемін. Ойымды көп нәрсе мазалауда. Соның бірі Қызылордадағы Қорқыт  Ата университеті. Ондағы журналистика факультеті. Астана, Алматыдағыны айтпай-ақ қояйық. «Міне, облыс орталығындағы сол оқу орнынан Аралға бір маман келіп, ақсақалға жолықты ма екен? – деймін өзіме-өзім күбірлеп. – Өңірлік баспасөздің білгірі мына шежіре қарт аталмыш факультеттің зерттеу тақырыбы ғой. Мәселен, олар бір студентке біздің кейіпкеріміздің өмірі, қызметі, шығармашылығы туралы, екіншісіне оның әр жылдары тауып жазған тағдыры таңға­жайып кейіпкерлері жөнінде диплом жұмысын беріп қорғатса, қандай қаншама дерек қағазға түсіп қалар еді. Немесе сол журналистика факультетіндегі телерадио кафедрасы оқытушылары қариядан тың тақырыптың қалай табылатындығы жөнінде айтып беруді сұрап аудиожазба жасаса, ол студенттердің практикалық сабақтарын да жанды тәжірибе ретінде экраннан көрсетілсе, шәкірттерге көп көмек болмас па еді?!.. Әй, бірақ оны қолға алатын кім бар? Қазір әркім өзімен-өзі болып кеткен заман ғой.

Осындай ойлардың жетегімен қаладағы Балықшылар музейіне қарай беттеп келемін. Мақсатым – ондағы экспонаттарды көріп, олардың арасынан жаңа нәрселер табылып қала ма деген үміт. «Жүргенге жөргем ілігеді», – деген. Кім біледі, белгісіз бір нәрсе кездесіп қалуы да, одан қызық мақала тууы да әбден мүмкін-ау... Солай болғай!

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері

АРАЛ  

1167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы