• Cұхбаттар
  • 15 Қыркүйек, 2022

«ҚАРАГӨЗДІ» ӘУЕЗОВ ЖАЗҒАН ҚАЛПЫНДА КӨРЕРМЕНГЕ ЖЕТКІЗСЕК ДЕЙМІЗ

Еркін ЖУАСБЕК,

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының

директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 

– М.Әуезовтің 125 жылдық ­мерейтойына қатысты Үкімет деңгейінде көптеген шаралар қолға алынғанын білеміз. Ал жазушының атын алған сіздердің 
театрда қандай істер атқарылмақшы?

– Ұлы тұлғаның есімін иеленіп отырған театр үшін бұл мерейтойдың орны бөлек.  Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай  мамыр айында Ұлттық театр Семей қаласына  гастролдік сапармен барып, алты спектакль қойған болатын. Халықтың рухани өнерге деген құрметін  көріп, риза болдық.

 Театр репертуарында жазушының бірнеше классикалық спектакльдері бұрыннан қойылып келеді. Олар – «Абай», «Қара қыпшақ Қобыланды» т.б. Жалпы Әуезовтің отыздан астам драмалық шығармалары бар болса, соның ішінде ешқашан сахналанбаған «Ақан – Зайра» ­деген  дүниесін сахналауды қолға алдық. Бұл тақырыпқа кезінде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов та барған. Сондықтан бұл жан-жақты дайындықты қажет ететін шығарма. Сол үшін біз үш, төрт дра­матургтің басын қосып, бұл шығарманы қазіргі заманмен үндестіріп, өңдедік. ­Ар­тис­теріміз дайындық жұмыстарын жүргізді. Бірақ көркемдік кеңес әлі де болса, дайын­­дық жүргізу керек деген шешімге келді. Сонымен қатар
97-театр маусымының ашылуына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Театр шымылдығы «Қарагөз» спектаклімен ашылады. Қарашаның 1-7 аралығында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында Орталық Азия елдерінің халықаралық театр  фестивалін өткізбекпіз.

– «Театрдың 97-маусымы «Қарагөз» спектаклімен ашылады» дедіңіз. Жалпы бұл қойылым театрдың сахнасында көптеген режиссерлердің сахналауымен бұрыннан қойылып келе жатқанын білеміз. Театр тарихында «Қарагөзді» қанша режиссер қойды, олардың ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.

– Бұл – жазушының өте ыждағат­тылықпен, шығармашылық әлеуетімен жазылған туындысы. Алғашқы нұсқасы 1921 жылы жазылды деген мәлімет бар. «Сол кезде қазақ театрын ашу керек» деген ұсыныс айтылған. «Алдымен қазақ драматургиясын өмірге келтіруіміз керек» деп, сол кездегі өкімет драмалық шығармаларға бәйге жариялаған. Сол бәйгеде Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі» бірінші, Жүсіпбек Аймауытовтың «Рәбиға» шығармасы екінші орын алған. Жазушы бұл шығармасын қоғамның өзгеруіне ­байланысты 4 рет жаңалап жазған. Сөйтіп, өзінің көп томдығында ең соңғы нұсқасын қалдырып кеткен. Міне, осы шығармасы біздің ­театрда алғаш Құрманбек Жандарбековтің режиссерлығымен қойылды. Әйгілі ­режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің өзі бұл шығарманы екі рет қойған. Біз Болат Атабаевтың сахналаған «Қарагөзін» де көрдік. Одан бөлек облыстардағы театр­лар да «Қарагөзді» қойды. Басқа тілдегі театрлар да «Қарагөзге» батыл барғанын білеміз. Сондықтан «Қарагөз»
театр өнерінің ортақ классикалық туындысы деген бағаны әділ алып тұрғаны анық. Бұл қай театр үшін де, оның ішінде режиссура, актерлік өнер үшін де үлкен бір сынақ сияқты. Актерлік өнердің өсуі, режиссуралық өнердің дамуы классика арқылы көрінеді деген қағидаға сүйенетін болсақ, соның бірден-бір тірегі осы – «Қарагөз» драмасы. Оны қазіргі таңда жас режиссерлер де сахналап жатыр. Мәселен, жақында Қарағанды театрының мәскеулік режиссері Гүлназ Балпейісова модерн бағытында сахнаға шығарғанын көрдік. Ал біз «Қарагөзді» сол Әуезов жазған қалпында, бұзбай көрерменге жеткізсек деген мақсат қойып отырмыз.

– Жоғарыда қараша айында халық­аралық театр фестивалі өтеді дедіңіз, фести­вальдің мақсаты не? Онда келген театрлар Әуезов шығармаларынан спектакль қоя ма?

– Фестивальдің мақсаты – Орталық Азия мен түркітілдес мемлекеттердің театр өнері саласындағы ынтымақтастығы мен достық байланыстарын нығайту, бүгінгі таңдағы сахна өнерінің озық үлгілерін көру, тәжірибе алмасу және көрерменге ұсыну. Қазіргі таңда спектакльдер таңдал­ды,  олар Әуезов шығармаларынан емес. Театр өнеріндегі болмысы, келбеті басқа қойы­лымдар. Әрине, фестивальдің ашылуында біз жаңадан дайындап жатқан «Қарагөзді» көрсетеміз. Бұрындары Әуезов­тің 100 жыл­­дығында тек сол кісінің шы­ғар­ма­шы­лығына арнап  фестиваль өткенін білеміз. Ал бұл жолғы фестивальдің мақ­саты – сахна жаңалығын көру. Фестиваль бағдар­ламасы аясында тек мемлекеттік театр­лар ғана емес, жекеменшік театр­лар­дың да қойылымдарын көрсеткелі отырмыз.

– Жоғарыда жас режиссерлердің жаңаша бағытта спектакль қоя бастағанын айтып қалдыңыз...

– Осыдан 5-6 жыл бұрын  Әуезов театрында драматургия бөлімін құрған болатынмын. Оларға талап қоя отырып, іріктеп алдық. Солар бүгінде жас драматургтердің қатарын толықтырды. Атап айтқанда, Мәдина Омарова, Бағдат Әннас. Жақында драматург Мұратбек Жақсылықтың алғашқы спектаклінің тұсауын кестік. Ол жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Қытайдан келген сәлемдеме» деген әңгімесін сахнаға лайықтап жасады. Ал Мәдина Омарова Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын режиссер Әридаш Оспанбаевамен сахналады.

– Сіздердің театр жылына жолсапарға шығып, қойылымдар көрсететін болар...

– Біз мемлекеттік театр болған соң мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. Сол бойынша жылына екі-үш рет облыстық театрларға барып, спектакль көрсетуге тиіспіз. Театрдың 100 жылдығы қарсаңында театр ғимаратын күрделі жөндеуден өткізейік деген ойымызды министріміз қолдап, республикалық  турне жасауды жоспарлап отырмыз.

– Қазіргі таңда бір спектакльді сахналауға қанша қаржы бөлінеді және қанша уақытта дайындалып болады?

– Мемлекет қаржыландырып отырған ұжым болғандықтан, әрбір жаңа қойылым үшін  қаржыны министрлік бөледі. Жаңа қойылымның шығындарына қарай 10-20 млн  теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Оның ішінде драматургтің қаламақысынан бастап, сахна бұйымдары, артистердің еңбекақысы, бәрі қамтылады. Ал бір толық­қанды қойылымды көрерменге ұсыну үшін үш айдан бес айға дейін уақыт қажет.

 – Театр сахнасында жасы 80-90-ға келген, зейнеткер артистердің ойнап жүргенін білеміз. Осы қаншалықты дұрыс?

– Жақында Мәскеуде Вахтангов театрының 100 жылдығында Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» спектаклін көрдім. Бұл бес сағатқа созылатын қойылым. Сахнада орыс театрының небір саңлақтары жүр. Солардың арасында Людмила Максакова деген 85-ке келген актриса бар. Сол кісі қарт баронессаның рөлін ойнайды. «Максакованың сомдаған рөлін басқа біреу жасай алмайды-ау» деген ойға келдім. Егер сахнада өзіндік қолтаңбасы мен өнер өрнегі қалыптасқан актер болатын болса, одан басқа ешкім дәл солай жеткізіп ойнай алмайды. Ондай актер  өмір бойы сахнада жүрсе де болады ғой. Мысалы, Алматыдағы ­Лермонтов атындағы орыс драма театрында Юрий ­Померанцев деген актер жүзге толар шағында қайтыс болды. Ол отыз бес жасында «Біздің сүйікті дәрігер» спектаклін ойнаған.  Сол рөлін өмір бойы өзі ойнап кетті. Оның өз көрермені бар еді. Театр директорлары «Померанцев ойнайтын күні көрермен келмей қала ма деп уайымдамаймыз» дегенді айтады.

Сонымен қатар жақында Қарағанды қаласына Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына Нүкетай Мышпаеваны алып бардық. Ол кісі сексен сегізге келді. Ол кісімен бірге «Қазақстанның еңбек сіңірген артистері: Салиқа Қожақова, Рашида ­Хаджиева, Ғайникамал Байқошқарова бар» деп жарнама жасадық, залға көрермен сыймай қалды. Ондай артистерді қалай сахнадан ысырып қоямыз? Оларға өз рөлін ойнауға мүмкіндік жасау керек. Олар бірді-екілі рөлдерін ойнап тұрады. Соған сәйкес еңбекақыларын алады. Жастардың ойынын көреді, оларға ақыл, пікірін айтады. Театрымыздағы аға буын отыз пайыз болса, орта буын қырық пайыз, жас буын отыз пайыздық деңгейде ұстап отыруға тырысамыз.

 – Неміс театрында директор болдыңыз, қазақ артистері мен режиссерлерінің өзгелерден артықшылығына тоқталсаңыз.

– Ол жаңа дүниелер көрсек деп жалындап барған кезіміз ғой. Неміс театрындағы  артистер мен режиссерларда нақтылық, уақытымен жүріп-тұру деген қасиет бар. Ал біздің менталитетте осы жағы кемшін.

– Өз шығармашылығыңызға ауыссақ... Басшылық жұмыста жүріп шығармашы­лы­ғыңыз тоқтап қалған жоқ па, соңғы жылдары авторлық пьесаларыңыз көрінбейді...

– Жалпы шығармашылық болсын, қызмет болсын, шалалықты жек көретін адаммын. Бірдемені сүйкей салып, жұмыс арасында кіріп-шығып жүріп істегенге қарсымын. Не істесек те, соны шегіне жеткізіп, барыңды сарқып берген дұрыс. Бұл шығармашылықпен айналысуға уақыт жоқ деген мәселе емес. Оған да уақыт табуға болады. Мәселе шабытта ғой. Менің шабытым шығармашылыққа емес, қызметке ауысып кеткен сияқты. Ең бастысы, қазір театр ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, мерейтойға дайын тұрсақ. Қырық бес жыл бұрын салынған ғимарат қой. Көп жері тозған, көп тетіктері жұмыс істемейді. Соның бәрін жөндеу оңай емес. Мен қазір күні-түні осы жұмыстарды ойлаймын, соған бар көңілімді бөліп, ыждағаттылықпен жұмыс істеп жатырмын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

4257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы