• Руханият
  • 15 Қыркүйек, 2022

ҰЛТ ҰСТАЗЫ АРДАҚТАЛДЫ

Ұлт ұстазының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде де Ахмет Байтұрсынұлының есімі ардақталып, өнегелі ғұмыры мен шығармаларын ел есінен шығармау үшін түрлі іс-шаралар өткізілді.

Осыған орай Ахмет Байтұрсын­ұлының туған күнінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ғалымның музей-үйінің аумағында орналасқан А.Байтұрсынұлының бюстіне (Байтұрсынұлы көшесі, 60) гүл шоғын қою рәсімі өтті. Рәсімнен кейін қазақтың белгілі ақын-жазушылары, қалам ұстаған ғалымдары сөз алды.

Сондай-ақ осы күні Алматы қаласы музейлер бірлестігі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасымен бірлесе отырып «Ұлт ұстазы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелді Жазушылар Одағы басқар­масының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жүргізді.

Алғашқы сөз Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа берілді. Қала әкімінің орынбасары Ахмет Байтұрсынұлының ұлтқа сіңірген еңбегіне тоқтала келіп, «2021 жылы мерейтой қарсаңында ғалымның мұрасы сақталған музейдің тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету және оны білім, ғылым мен тәрбие орталығы ретінде дамыту мақсатында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жекеменшіктен қаланың коммуналдық меншігіне қабылданғаны үлкен игілікті іс болғанын айтты. Және ағымдағы жылы музейдің ғимаратына ғылыми-реставрациялық жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Реставра­ция­лық жұмыстар аясында музейдің экспозициясы да жаңартылатын болады. Сондай-ақ қараша айында Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнату және халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда» – деп ұлт ұстазының музей-үйінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстары мен алда атқарылар іс-шараларға тоқталып өтті.

ҚР ҰҒА академигі, «Қазақстан тарихшылар қауымдастығының» президенті Мәмбет Қойгелді, тілші-ғалым, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнес сынды елге белгілі тұлғалар баяндама жасады.

Дәл осы күні тұлғаның туған өлкесі Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының музейінде ахметтанушы ғалым Р.С.Имаханбет бастаған делегация Алаш арыстарының рухына тағзым етті.

Қостанай облысы Жан­гелдин ауданының әкімі Шота  Оспанов пен ауданның мәслихат хатшысы Серік Нұрғазин келген қонақтарға алғыс айтып, саналы ғұмырын Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын насихаттауға арнаған Райхан Сахыбекқызына «Жангелдин ауданының құрметті азаматы» атағы куәлігін табыстады. 

Алматылық делегация атынан сөз алған Райхан Сахыбекқызы Қостанай өңірінде орын алған апатты жағдайдың елге ауыр тигенін, десе де, небір нәубетті басынан өткізген қазақ ұлтының «мың өліп, мың тірілгенін», бұл ахуалға да мойымай, қазақ көші тоқтамай алға жылжитынына сенетінін, осы апатты жағдайға байланысты «Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Торғай өңірінде атап өту кейінге шегерілгені» жұрттың ұнжырғасын түсіре алмайтынын айтты. Оған жан-жақтан жиналған қауымның ұлт ұстазына арналып салынған кесене мен Торғайдың Сарытүбегіндегі балалық шағы өткен тұлға туған үйдің мұражайына үлкен құрметпен тағзым етулері куә» деді.

Айбек ЕРЕЖЕПОВ,

Ахмет Байтұрсынұлы

музей-үйінің

ғылыми қызметкері

1592 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы