• Қоғам
  • 15 Қыркүйек, 2022

ҚОҒАМҒА ЖАҢА ФОРМАЦИЯДАҒЫ ПЕДАГОГТАР ҚАЖЕТ

Ерлан СЫДЫҚОВ,  «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті»

КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА академигі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында  халықтың көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды. Кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, ұлт саулығы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, еңбекақының нарыққа сәйкес өсіру – олардың бір парасы ғана. 

Жеке білім беру ваучерлерін енгізу бастамасы көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Оның арқасында балалардың білім алуына инвестиция ретінде кәдеге жаратылатын бастапқы мақсатты капитал қалыптасады. Меніңше, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару –  ел болашағын қамдаған игілікті бастама.

Жолдауда орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екені айтылды. Әрбір оқушыға жан-жақты білім алу және дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы айырмашылық қысқартылуы тиіс. Білім ошақтарыннан қанат қаққан түлектер біздің студенттерімізге айналады. Олардың бойынан білімге деген құштарлықты, білікті маман атануға талпынысты көргіміз келеді. 

Бұл ретте педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандарттарын қабылдау және педагогтың құзыреттерінің шеңберін әзірлеу – өте дұрыс шешім дер едім. Қоғамға жаңа формациядағы педагогтар қажет.

Еліміздің экономикасына қажетті жоғары білікті маман даярлау – жоғары оқу орындары үшін жауапты және маңызды міндет.

Технологияның қарыштап дамуы еңбек нарығына өзінің ықпалын тигізетіні белгілі. Кейбір кәсіптер кешегі күннің еншісінде қалып, жаңа мамандықтар пайда болып отыр. Заман үрдістері мен талаптарының тамырын тап басу қажет. Бұл бағытта Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті жүйелі түрде білім беру бағдарламаларын нарықтың сұранысына, жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласына сәйкес жан-жақты сараптаудан өткізеді. Оның ішінде қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру, жұмыс берушілермен бірлесе жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары н енгізу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте бастауыш курстардағы оқыту бағдарламаларының практикалық мазмұнына баса назар аударылады.

Қолға алынған жұмыстардың бір жемісі – биыл Еуразия ұлттық университеті QS World University Rankings әлемдік рейтингісінде үздік жоғары оқу орындары арасында 277 орын иеленді. Соңғы 4 жылда біздің оқу ордамыз аталған рейтингтке 141 сатыға алға жылжыды. Бұл өз кезегінде әлемдік білім нарығындағы ЕҰУ-нің бәсекелестігін нығайтуға жол ашады.

Биыл еліміздегі 4 мыңға жуық мемлекеттік грант иегерлері біздің университетті таңдады. Бұл жалпы еліміздегі ЖОО арасындағы рекордтық көрсеткіш.

Биыл техникалық кәсіптерді таңдаған талапкерлердің қатары артқанын да атап өту қажет. ЕҰУ бірінші курс студенттерінің 70 пайызы университетімізде техникалық мамандықтар бойынша білім алып жүр. Олар 6 факультетте 60 техникалық білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. 

Жолдауда жоғары білімнің қолжетімділігіне назар аударды. Білім алуға жылдық үстемеақы пайызы төмен несиенің берілуі, ҰБТ нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейге бөлу – үлкен қолдау. Талапкерлердің көпшілігі бюджет есебінен жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алады, ал ата-аналар үшін балалардың оқуына байланысты қаржылық жүктеме төмендейді.

Президент атаған келесі маңызды мәселенің бірі – жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін дамытып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету.

Біздің университетте бұл мәселеге көп көңіл бөлінетінін атап өткім келеді. ЕҰУ екі жарым мың студентке арналған жатақхана қалашығын салуды қолға алды. Бүгінде біздің оқу ордамызда 8 студент үйі бар. Биылғы оқу жылында жатақханада тұруға ниет білдірген барлық бірінші курс студенттерін толық қамтамасыз еттік. 2-5 курстарда оқитын әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз студенттер де біздің назарымызда. Білім алушыларды қосымша тұру орындарымен қамтамасыз ету бойынша мүмкіндіктерді қарастырдық. Бұл бағытта басқа жатақханалармен және хостелдармен келіссөздер жүргізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орын­дарының жанынан эндаумент-қор құруға шақырып, әлемнің жетекші университеттерінде мұндай қорлар ғылым мен инновацияны тұрақты қаржыландыру көзі екенін мәлімдеді. Ағымдағы жылдың сәуір айында біздің түлектердің
бастамасымен ENU Endowment Fund құрылды. Бізден қанат қаққан студенттер аталған қордың құрылтайшылары. Олар талантты студенттерді қолдауды, шәкіртақылар тағайындауды, ғылыми жұмыстарды қаржыландыруды мақсат тұтып отыр.

1023 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы