• Қоғам
  • 15 Қыркүйек, 2022

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР БАС ҚОСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов Алматы қаласының жас кәсіпкерлерімен кездесіп, кездесу барысында жастардың кәсіпкерлігін дамыту мәселелері қарастырылды.

Жас кәсіпкерлердің кездесуі Нархоз университетінде еркін түрде өтті. Қатып қалған қағида емес, әр кәсіпкер өзін толғандырып жүрген сауалды ашық айтуға, жан-жақты көрсетіп, сала-сала бойынша өзекті мәселелерді қамтуға, жеткізуге тырысты. WIS Eurasia компаниясының негізін қалаушы
Уәли Парпиев, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Ақмарал Нұрболатқызы, «Зымран kz»ЖШС директоры Ермұхамед Тынысбекұлы, Ukschool жетекшісі Әсел Қазбекова, ландшафттық дизайн жөнінде Бекжан Сұлтанбеков және т.б. сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Қазақстандық брендтерді құру және дамыту, стартап-жобаларды дамыту, маркетингті ұйымдастыру және бизнесті ілгерілету, сондай-ақ медицина саласында, ландшафтық дизайнда және басқа да бағыттарда бизнесті қалыптастыру тетіктері сөз болды.

Жиынға қатысушылардың арасынан «Зымран kz» ЖШС директоры Ермұхамед Тынысбекұлының сөзі бізді елең еткізді. Іле-шала оны  сөзге тарттық.

«Бізде жас кәсіпкерлерге, жас мамандарға арналған жақсы бағдарламалар бар. Соңғы бір жарым жыл ішінде зерттеу жүргізіп, көзім жеткені, осы бағдарламаларға
Ресей азаматтары қатысып, гранттар мен 2-4 пайыздық ыңғайлы несиелерді алып жатыр. Әрине, менің қолымда ешқандай дерек жоқ, ешқандай құжатпен дәлелдей алмаймын. Бірақ өз көзіммен көрдім. Вице-министр А.Данилов бұл мәселені шешетінін айтып, ертең, бүрсігүні хабарласыңыз, – деді. Бірақ мұндай ашық сауалды күтпесе керек», – деді Е.Тынысбекұлы.  

Осылайша,  кездесуге қатысушылар өз идеяларымен бөлісуге, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алды. Өз кезегінде вице-министр А.Данилов әр сауалға жеке-жеке тоқталып, жауап беріп, қажетті жұмыс жүргізілетінін, мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Алматы қаласының жас кәсіпкерлерімен кездесуінің алдында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов «Тәуелсіздік ұрпақтары» грант алушылармен де бас қосып, жиын өткізгенін айта кету керек. Ол жиында «Қазақстанның оқу орындарына түсу емтихандарына дайындалу үшін «BilimBer» оқыту платформасын жетілдіру», «Білім беру емтихандарын өткізудің онлайн-мониторингі бойынша «Aero» бағдарламалық қамтамасыздандыруды енгізу», «Тотыққан кобальт-никельді кеннен кобальт пен никельді кешенді алу технологиясын әзірлеу», «қолға арналған биомеханикалық протез жасау» және т.б. әңгімеге өзек болды.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы