• Тұлға
  • 15 Қыркүйек, 2022

ЕРМЕКОВТЕЙ ЕР ЕЛ ЕСІНЕН ШЫҚПАСА...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Қазақ тарихында ерен еңбегі бар Алаш қайраткерлерін біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Ұлт азаматтары ұлықталғанда ғана олардың әруағы риза болар. Өткен тарих, келер ұрпақ үшін жасалатын бұл қадам уақытша шара күйінде қалмауы тиіс. «Алаш туы астында, Куә болсын арымыз. Көркейтуге алашты, Құрбандық – біздің жанымыз!» деп жырлаған Сұлтанмахмұт  Торайғыров қайраткерлермен бірге ұлт үшін бекер ұран салған жоқ.
Алаш қайраткерлері қазақ үшін жанын құрбан етті. Біз тәуелсіздіктің бастауында тұрған  Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев,  Жақып Ақбаев, тағы да басқа ұлт ұлыларын әркез есте сақтап отыруымыз керек. 

«Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деп, қазақтың өз алдына ел болып, шекарасы белгіленген күн де ұмытылмақ емес. 1920 жылдың 17 тамызында 29 жастағы Әлімхан Ермеков Мәскеуде Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде қазақ елінің шекарасы туралы баяндама жасады. Қиян-кескі тартыстың нәтижесінде 1920 жылдың 26 тамыз күні Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөніндегі Ленин қол қойған декрет дүниеге келді. Бұл шын мәнінде қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып, аталып өтетін, ұлықталатын  күн болып қалуы тиіс. Бірақ біз Ермековтей ерді ұмытпай, елдің есіне жиі салып жүрміз бе? Алаш қайраткерлерімен бірге қазақтың территориялық шекарасын шегендеген азамат қай уақытта болсын, ардақталуы тиіс.

Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың математикадан алғашқы профессоры, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика» курсы оқулығының авторы Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың кешегі 1970 жылға дейін өмір сүргенін бүгінгі ұрпақ біле ме екен? Кеңес үкіметінің зор-зобалаңы мен қысымын, қуғынын көрген Әлімхан Ермеков Әлихан, Ахметтермен бірге қазақтың жерін,  шекарасын шегендегені үшін тарихта қалды.

(Басы 1-бетте)

Ә.Ермеков Батыс Қазақстан өңірінің, Каспийдің солтүстік жағалауы мен Семей, Ақмола облысының жерлерінің, кейіннен Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуына зор үлес қосты. Еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерістерге басшылық жасап, Қарқаралыда халық ағарту ісімен айналысқан. Ол 1917 жылы Алаш автономиясы құрылғанда, 26 жасында жаңа үкіметтің жаңа премьер-министрінің орынбасары, әрі ел шаруашылығын жоспарлау комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Сол жылы II Бүкілқазақтық съезіне Семей облысынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке өтеді.1921–1924 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық жоспарлау басқармасының, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағаларының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі қызметін атқарды. Қазақ АКСР-інің 6-7 шақырылған Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. 
Әлiмхан Ермеков 1937 жылдың күзiнен 1938 жылдың наурызына дейiн тұтқынға алынғанша Мәскеуде Куйбышев жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушiсi қызметiн атқарды. Осы жылы 10 жылға сотталып, кесiлген мерзiм 6 жылға азайтылғанымен, Ұлы Отан соғысына байланысты лагерьде 1947 жылға дейiн отырды. 1948 жылы қайтадан тұтқынға алынып, 10 жылға үкiм шығады. Абақты-ғұмырдан 1955 жылы босап шыққан Ә.Ермековке Қарағанды жерiнде тұру туралы шешiм шығарылып, Қарағанды политехникалық университетiнде зейнет демалысына дейін қызмет етеді. Әлімхан Ермеков 1970 жылы қайтыс болды.
Осы жерде айта кететін бір жайт, Қазақстанның құрметті кітапханашысы Рақия Нұралықызы Уалханова Әлімхан Ермеков туралы жазған мақаласында қызықты бір дерек келтіреді. «Әлімхан Ермековтың ұлы Мағауияның баласы Олег Ермековтың естеліктерінен:  Атам алғаш рет 1930 жылы тұтқындалғанда, оның отбасы қамауға алынғанынан бейхабар еді. Тұтқындарға арналған арнайы вагон жабдықталмағандықтан, кәдімгі вагонның ішінде тұтқындалғандарды күзететін қызметкерлер үнемі атамды күзеткен, дәл сол кезде көрші вагонда 4 студент болған. Ыңғайлы мезетті пайдаланған атам, күзетшілердің назары басқа жаққа ауғанда, көрші вагондағы бір студенттің қолына 
мекен-жайы жазылған бір жапырық қағазды ұстатып үлгереді де, өзінің қамауға алынғанын жеткізуді өтінеді.
Сол кезден бері біраз уақыт өтеді. Өткен ғасырдың 50-жылдары Әлімхан Ермековтың немере інісі – академик Төлеухан Ермеков (оның әкесі – академик, Алматы зооветеринарлық институттың ректоры болған) тау-кен жұмыстарымен шұғылдана жүріп, Д.Қонаевтың алдына барып, атасына пәтер беруді сұрайды. Осыдан кейін Панфилов көшесінің бойынан элиталы үйден үлкен сәулетті жақсы пәтер беріледі. Атасы өзін Қонаевтың қабылдауына шақырылғанын, бірінші басшының жақсы қабылдағанын айтады: «Әлеке, есіңізде болар, Сіз тұтқынға алынғанда, 
пойызда көрші вагондағы 4 студенттің бірінің қолына бір жапырақ қағазды ұстатқаныңыз есіңізде ме? Сіздің жұбайыңызға хатты апарып берген сол студент мен едім, – деген екен Димаш Ахметұлы Қонаев. 
Міне, ұлт жолында жұмыс істеген ұлыларды тағдыр осылай жолықтырды. Қос тұлға уақыт өте келе  қайтадан осылай табысты.  Жиырма тоғыз жасында В.И.Ленин басқарған үлкен кеңесте баяндама жасап, қазақ елінің шекарасын дәлелдеп,  оны бекітуге орасан зор еңбек сіңірген қайраткерді елі ешқашан  ұмытпас. Осыдан бірнеше күн бұрын Алаш қайраткері 
Әлімхан Ермековты ұлықтауға  қатысты Қарағанды қаласында келелі кеңес өтті. Кеңесте Әлімхан Ермековтің  Қарағанды қаласының «Үй құрылысы комбинаты» ауданындағы ескі орыс зиратындағы қабірін абаттандыруға қатысты жоба талқыланды. Жоба авторлары отырысқа қатысушыларды Ә.Ермековтің қабірін абаттандыру жұмыстарының жобасымен таныстырды. Алқалы жиынға қатысушылар игі бастаманы қолдап, облыс пен қала әкіміне, қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелеріне, жобаның демеушісі «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС басшыларына алғысын білдіріп, ұсыныстарын айтты. Ұсыныстардың ішінде Ә.Ермековке қатысты  энциклопедия шығару, тұрған пәтерін музейге айналдыру, гүлзар салу, тәртіп пен тазалықты бақылау үшін бейнекамералар орнату мәселелері бар. Ал қоғам белсендісі, қазақтың белгілі айтыскер ақыны Қуаныш Мақсұтов өзінің әлеуметтік парақшасында ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан жерлестеріне алғысын айтып, өз ұсынысын да ортаға салды.  Атап айтқанда:
1. Абаттандыру жұмыстары аяқталған соң Ә.Ермековтің қабірі мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштердің тізіміне енгізіліп, заңмен қорғалуы қажет;
2. Ә.Ермеков  Алаш қайраткері болғандықтан, абаттандыру жұмыстарынан Алаштың рухы мен қазақтың ұлттық болмысы айқын сезіліп тұруы керек;
3. Әртүрлі кезеңдерде үй құрылысы комбинаты (ДСК) ауданындағы ескі орыс зиратында көптеген қазақ халқының мақтаныштары жерленгендіктен, олардың тізімі анықталып, зиратқа кіре берісте арнайы тізім мен жол көрсеткіш бар тақта орнатылуы қажет;
4. Абаттандыру кезінде Ә.Ермеков пен зайыбының қабірінің бұрынғы тарихи келбетін толық сақтау қажет (консервация);
... Біздің айтарымыз, тарихымызға түбегейлі оралып жатқан тұста Ермековтей ер ел есінен шықпаса дейміз.

1151 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы