• Руханият
  • 15 Қыркүйек, 2022

ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ АЛҚАЛЫ ЖИЫН

Бұл Рим Папасы Францискінің пандемиядан кейінгі шетелге шыққан алғашқы сапары екенін айта кеткеніміз жөн. Демек, Рим папасының індеттен кейінгі іргелі сапары Елордадан басталды деуге толық негіз бар. Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен бастау алды.
«Қазіргі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өркениетаралық диалогтың бірегей және айтулы алаңына айналды. Бұл форум – Қазақстанның әлемдегі түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуға, келісім мен бейбітшілікті дәріптеуге қосқан нақты үлесі. Жетінші съезд «Адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани және әлеуметтік дамуындағы дін лидерлерінің рөлі» тақырыбына арналып отыр. Форумға аса көрнекті рухани көшбасшылар қатысып жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы съезге әлемнің 50 елінен 100-ге жуық делегация қатысып жатыр. Қатарында Рим Папасы Франциск, ­Әл-Азхардың Жоғарғы ­имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, будддизм, индуизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің құрметті өкілдері қатысуда. Қонақтардың қатарында халықаралық ұйым өкілдері, дипломаттар, саяси және қоғам қайраткерлері, ғалымдар да бар.

ПРЕЗИДЕНТ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

Съезді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып берді. Мемлекет басшысы әлемдегі ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру еліміз үшін зор мәртебе  екенін атап өтті. Президент Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке, Орыс православ шіркеуінің өкілдеріне, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лауға, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифке және форумның барлық қатысушысына өзінің ілтипатын білдірді.

– Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды.

Бұл форумды өткізуге Қазақстанның баста­машылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың ара­сындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды.

– Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды.  Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында, – деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавирустың таралуы экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына қатты ықпалын тигізді деп санайды. Карантиндік шаралар тауар тасымалдау жолдары мен  қызмет көрсету, туризм, көлік және басқа да салаларға кері әсерін тигізді. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік шығындардың артуы экономиканың құлдырауын тежеді, бірақ жаһандық инфляцияның өсуіне ықпал етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түсті.

– Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе  санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа жүйенің қауіпсіздігі адам өмірінің абсолютті құндылығы, бір-бірінің мүдделерін құрметтеу, өзара көмек, ашықтық, теңдік және әділдік сияқты қағи­даттардан құрылады деп санайды. Бұл мәселеде адамгершілік бедел мен рухани көшбасшылардың сөзі өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд қатысушыла­рына арнаған сөзінде Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Ал еліміздің ішкі мәселесінде бірлік, ынтымақ және тиімді диалог негізгі басымдық саналады. Бүгінде еліміз ауқымды реформалар бағдарламасын жүзеге асырып, Әділетті Қазақстанды құруға кірісті.

– Біздің жаңа экономикалық саясатымыз жалпыұлттық табысты әділ бөлуге және барлық азаматтың әл-ауқатын теңдей арттыруға бағытталған. Біз халықаралық сауда мен инвестициялық серіктестікті тереңдетуді қолдаймыз. Энергетика және өндіруші салаларда экологиялық талаптарды дәйекті түрде күшейтіп, балама қуат көздерін пайдалану ісін кеңейтіп келеміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістегі дін мен рухани көш­бас­шылардың рөлін қайта зерделеуге бағытталған бірқатар тезисті талқылауға ұсынды.

– Біз мәдениетке, экономика мен қоғамға қатысты теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістерді түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Өркениеттің шынайы болмысы мен мәнін сақтау үшін қоғамның барлық саласына ауқымды реформалар қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмыл­дыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі теке-тірестерден шығу жолын көрсетеді.

– Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік
бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Оның айтуынша, жаңа
технологиялар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Пандемия бұл үдерісті жылдамдатып, күшейте түсті. Цифрлық коммуникациялар, интернет пен әлеуметтік желілер бүкіл жер шарындағы адамдар арасындағы шекараны бұзып, маңызды рөл атқарады.

– Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу, – деді Қазақстан Президенті.

 

РИМ ПАПАСЫ  АБАЙДЫҢ МҰРАСЫ ТУРАЛЫ

Мемлекет басшысынан кейін сөз алған Ватикан басшысы, Рим папасы Франциск сөзін қазақтың ұлы ақыны Абайдың мұрасы мен қазіргі қоғамдағы рөлі туралы айтудан бастады.

«Кеше мен домбыраны қабылдадым. Музыкалық аспаппен өзімнің дауысымды ұштастырғым келеді. Қазақстандағы көрнекті әдебиет өкілі, ақыны Абай туралы айтқым келеді. Ол 1845–1904 жылдары өмір сүрген ақын. Ол өзінің діни ұғымдарының арқасында халқының рухына діни құндылықтарды жеткізді. Барлық жан-тәнімен лайықты адам болу даналығын ұсынды», – деді Рим Папасы.

Сонымен қатар Рим папасы әртүрлі тәжірибелермен сусындауға дайын екенін айта келе, Абайдың ой-толғаныстарына тоқталды.

«Абай әдеміліктің, тіршілік етудің мәні не деді? Ол өзі де осы далада өмір сүре отырып, жолы қайда бара жатқанын өзіне сұрақ етіп қойды. Бұл дінге деген қажеттілікке алып келетін сұрақ. Біз жер бетіндегі өзіндік сұраныстарымызды, экономикалық сипаттағы қажеттіліктерімізді қанағаттандыру үшін ғана өмір сүрмейміз. Біз өмір бойы өзіміздің аспан астындағы көзқарасымызды кеңейтеміз. Бізге көптеген сұрақтарға жауап іздеу керек. Рухани әлемді дамыту қажет. Абай айтқандай, бізге жанды рухпен ұштастыру қажет», – деді
Ватикан басшысы.

Понтифик әлем тұрғындарын бейбітшілікке шақырды.

«Жүрегімізге күмән тудыратын, тарихи кітаптарды жоққа шығарып, дінге деген сенімсіздік ұялататын әңгімелерден бас тартатын уақыт келді. Мәселе дінде емес, қоғамдағы жарасымды өмір сүруге ықпал ететін дүниелерде. Бізге бейбітшілікке деген шөлді қандыру үшін дін керек», деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Рим Папасы көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Ал Әл-Азһар ислам университетінің Жоғар­ғы имамы Ахмед ат-Тайеб адамзатты жаһан­дағы апаттардың себебі туралы ойлануға шақырды.

«Әлемде коронавирустың келтірген зардаптарын қалпына келтіруге уақыт болмады. Өйткені басқа пандемиялар мен апаттар көбейіп кетті. Бұл табиғи, саяси және экономикалық апаттарды адам өзімшілдігінің кесірінен өз қолымен жасап алды. Ол апаттар адамдардың еңсесін түсірді», – деді Ахмед әл-Тайеб.

Дін көшбасшысы бұл сөзіне мысал да келтірді.

«Жаһандық жылыну, орман өрттері, қалаларды су басу және сел жүру қаупі, кейбір өзендердің тартылуы, көптеген тірі тіршілік иелерінің қырылуы сияқты табиғат пен климат­тың күтпеген өзгерістерінен адамзатты қор­қы­ныш пен үрей билегенін көзіміз көріп отыр. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайды қарауы­нан туындатқанын ұмытпауымыз керек», – деді имам.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында БҰҰ Бас хат­шы­сы Гутерриш Антониу бейнебайланыс ар­қылы баяндама жасады. Бас хатшы қазір әлемге бұрынғыдан да мықты рух қажет екенін айтты.

«Діни қайраткерлері ар-ождан дауысы мен рухани беделін өзара құрмет, жанашырлық пен бірлікті күшейту үшін пайдаланады деп сенеміз. Келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу үшін, әртүрлілікті байлық ретінде қарастыру үшін бір-бірімен және болашақ ұрпақпен ниеттес болу үшін осы қиын-қыстау кезеңдерде бізге бұрынғыдан да мықты рух қажет», – деді ол.

Сонымен қатар Гутерриш Антониу әлем соғыс пен қақтығыстарға, төтенше гуманитарлық жағдайларға және экологиялық дағдарыстарға  аштық пен кедейлікке толы екенін атап өтті. Діни айырмашылықтарға негізделген жеккөрушілік сөздер мен кемсітушілік таралып жатқанын алға тартты. Сол себепті діни лидерлерден өз қауымдастығындағы зорлық-зомбылықты қолдамауды және ксенофобияны, нәсілшілдікті және толеранттылықты бұзудың барлық түрін қабылдамауды сұрады.

«Біз өз заманымыздың сынақтарына төтеп бере аламыз және бір отбасы ретінде бірігіп, ауыртпалықты бөлісіп, мәселелерді шешіп, мүмкіндіктерді қолдана отырып, барлығына жайлы әлем құра аламыз. Мен сіздердің БҰҰ жұмысы мен ортақ құндылықтарын алға
ілге­рілетуге қосқан үлестеріңіз бен терең көзқарас­тарыңызды бағалаймын», – деді ол.

***

Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін Рим Папасы Франциск ЭКСПО халықаралық көрме орталығында месса өткізді.

Съезд екі күнге созылады. Дін басшылары Бейбітшілік және келісім саябағында ағаш отырғызып, бірнеше секция жұмысына қатысады.  Сонымен қатар съездің қорытынды декларациясын жариялайды.

Айта кетейік, Съез Хатшылығының келесі отырысы 2023 жылдың қыркүйегінде, ал Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің өзі 2025 жылы Қазақстан астанасында өтеді.

Майя МҰРАТБЕК

 

1091 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы