• Тұлға
  • 15 Қыркүйек, 2022

МЫҢЖЫЛДЫҚТАРМЕН СӨЙЛЕСЕТІН МЫҚТЫ

Біз көрген КазГУ, біз оқыған КазГУ қандай еді!? Айтары жоқ, жетпісінші жылдарды еске алсақ, алғашқылардың бірі ­болып, осы қасиетті қара шаңырақ ойға оралады. ­Заманымыз қанша орыстілді болды десек те, ұлт рухының бұлақ көзі осы жерде бұлқынып, буырқанып жататын. Оның себебі ұстаздарымыз ұлық еді. Ректор болса, ­Жолдасбековтей болуы керек дейтін қағида санамызда қалып қойған,  әлі де бұлжымас күйде мық шегедей. Ол кезеңнен Жолдасбековтың жолы, Өмекеңнің өнегесі деген аталы сөз қалды. Осы бір ел үшін ерен еңбектің, намыстың үздік үлгісі болған ғазиз жан кешегі Желтоқсанда жаралы жолбарыстың хәлін кешкенін қалай ұмытарсың?! Бұл жағдай «Ана тілінде» де жазылды. Міне, сол қай­таланбас қайсар тұлғаның мектебінен өткен Рахман Алшанов та тегін болсын ба?
Ол үшінші курста жүріп-ақ, Жолдасбековтің тікелей ұсынысымен КазГУ-дің комсомол комитетіне басшылық жасады. Философия, экономика факультетін бітірген соң, сан-салалы қоғамдық жұмыстармен қатар, ғылымнан да қол үзбей, Өмекеңнің үмітін ақтау жолында жанкешті жұмыс істеген шәкірттерінің бірі ғана емес, бірегейі болды.Сол кездің өзінде жұрт жұмысына жегіліп, ұлт ұлыларын ұлықтауға ден қойған алғашқы қайраткерлік қадамы да осы шаңырақтан бастау алды. Балалық шақтан-ақ ойы озық ортаның тәрбиесін көріп өскен ол, бүгінде ел танитын тұлғаға айналды.

Рахаңның кіндік қаны тамған жері атақты Жазылбек Қуанышбаев шыққан, Шәмшіге «Мойынқұмда ауылымды», Оралханға «Құм мінезін» жаздырған мүлгіген, маңғаз Мойынқұм. Осындай киелі өңірден шыққан азаматтың да бойында өзіндік ерекше қасиеттер мен артықшылықтардың ерте қалыптасуы табиғи заңдылық. Рахаң – өз мамандығы экономист болғанымен, жан-жақты білім жиған тұлға. Студент кездің өзінде үш мың кітабы болған ол, әдебиетке жақын болды. Бала күнінен әдеби кітаптар оқуға құмар болып өсті. Қайран жастықтың тегеуріні ғой, қазіргі кітап оқымайтындарды ойласа, тіпті «Абай жолын» бірнеше күнде оқып тастағанын да есіне алады кейде.Әдетте  көп ғалымдар өз саласымен ғана шектеліп, бір шеңберден шықпай жүретіні де жасырын емес. Бұл кісінің бір артықшылығы ұлт әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінен де хабары мол. Міне, осы әдебиетке алабөтен құштарлығы оның алдынан сан тарау жол ашып, ғылымға деген бөлекше ынтаны арттыра түсті. Жалпы ғылымға әдебиет арқылы келген кісіден көп жаңалық күтуге болады. Өйткені кей жағдайда тарихи шындықтан гөрі көркем шындық ел көкейіне тез қонып жатады. Бұл әдебиеттің ғылымдағы кейбір беймәлім жәйттердің ашылуына да өзіндік ықпалы бар деген сөз.Рахаң – осы тосын принципті де ұстанған адам. Ғылымға әдебиет арқылы барған адамнан толыққанды ғалым шығады.

Қысқасы, бұл ойымыздан мынадай тұжырым жасауға болатын шығар. Көркем әдебиетті сіңіріп оқып өскендіктен Рахаң соңғы жылдары сөздің түп-төркініне үңіліп, қопара зерттеп жүр.Еуропа тарихшыларының еңбектерін зерделегенде бір байқағаны, «Баварияның  түбі – түркі елі» деген дерекке кезіккені бар. Демек, түбі түркіден  тарататын сөздер, түркі этимологиясын індетіп зерттеген адамның көп жайға қанығары сөзсіз. Бірде Ресейден алдырған экономика тарихына байланысты кітаптарды ақтарып отырып, қазақтың кәдімгі «шашу» деген сөзін ұшырастырды. Экономикада «факторинг» деген операция бар. Дүниені таратып беріп, ақшасын жинап алу, демек, бүгінгі несие сияқты мағына береді. Ежелгі Ассирияда «шашуды» қолданған. Сол Ассирияда шумерлерден бұрын «Игигай» деген құдай болыпты. Қазақта осы аттас ән де бар ғой. Рахаң бұл ретте «қарап отырсаң тілдің өзі экономикалық құбылыстардың, қатынастардың дамуын көрсетеді» деп айқын тұжырым жасайды. Расында тілдің, сөздің түп-төркініне үңілу, соны зерделеу арқылы ақиқатқа көз жеткізуге болады. Олжас неге әлі күнге «Мың бір сөзді» жазып жатыр? Біздің Рахаң да сол мың бір сөздің түбіне үңіліп, тек мыңжылдықтармен сөйлесетін мықтыға айналды. Бұл құмарлық қай кезден бастау алды? «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты терең қатпарлы кітап жазған ол бұл жөнінде былай дейді:

– Осыдан 2-3 мың жыл бұрын ерекше авестийлік хат түрінде жазылған бұл эпостық шығарма 5-6 және одан да көп мыңжылдықтардағы оқиғаларды қамтиды. «Авестада» тау қыраттары, өзендер мен көлдер, елдер (каршварлар), тұрғындар, алғашқы астрономдық білімдер, жұлдыздар, Күннің шығуы (оның арғы беті)  туралы, Ай (өз жолымен жүретіні), Жер, метеориттердің құлауы, Тиштриидің (Сириус пен Сүмбіле) айрықша рөлі жөнінде, катаклизмдер, су тасқындары, құрғақшылықтар; жер сілкіністері туралы географиялық мәліметтер беріледі. Мен бұл тақырыпты осылайша кеңірек зерттейін, сосын кітап етіп шығарайын деп мүлдем ойламаған едім. Аздап қызығушылығым болып, қолым тигенде, мүмкіндік туған кезде ғана қарап оқып, кейбір тосын, тың деректерді өзім үшін қағазға түртіп қойып жүргенімде, қалай зерттеп кеткенімді білмей де қалдым.

Біздіңше, оны бұл тақырыпқа әркімге де тән жай қызығушылық, құмарлық емес, намыс алып келді. Рас, бұған дейін тарихымыздың соңғы 500 жылдан астам тарихы жөнінде айтулы еңбектер жазылды. Ал, енді мыңжылдықтарға бойлау өте сирек жағдай еді. Осы бағытқа түрен салып, жүйелі жұмыс істеп жүргендер сирек. Соның бірі – Рахаң. Шынында да, талай ғалымдардың көз құртына айналған «Авестада» баяндалатын салт-дәстүрлер 5-6 мың жыл ішінде күні бүгінге дейін біздің халқымыздың өмірінде сақталып келеді. Сол дәстүрлер  жергілікті тұрғындардың бұл жерде мыңжылдықтар бойы тұрғанына айқын айғақ бола алады.

Шын ғалым кім? Шын зиялы кім? Оған Алшанов бойынан теріп алып жаза беретін мысал жеткілікті. Бірде ғұлама ғалым, ұстазымыз Әбсаттар Дербісәлі: «Рахаң экономист қой. Сонда бұл кісі мына тақырыпқа қалай келген?» деген сөздер айтылып қалуы мүмкін. Осы орайда ғылым мен білімде ешқандай шекара жоқ екенін айтқым келеді. Жүрегің қалаған тақырыппен айналыса беруіңе болады. Ал жаныңмен істеген істе әрқашан нәтиже болады» деген еді. Осынау аса күрделі еңбектің де мән-мағынасын, мазмұнын ашу үшін жаныңмен істеу, еңбекқорлықпен қоса, оған талант та тән екенін Рақаң дәлелдеді.

Бірде Алматыдағы Ұлттық кітапха­на­ның директоры Бақытжамал Оспанова бізге мынадай тосын деректі жайып салған еді. Кітапханада танымал экономист-ғалым туралы 500-ден астам дерек бар екен. Соның 300-і өзінің еңбектері, қалғаны сол кісі жайлы дүниелер. Ал, енді кітапханадағы дерекқорды зерттегенде, мыңжылдықтар тарихына арналған қазақ тіліндегі еңбектер жоқтың қасы көрінеді.

Бұған не алып, не қосуға болады? Бар білім-білігін, қабілет-қарымын инемен құдық қазуға арнаған өмір, жанкешті жұмыс істеген жылдар және оның жемісін көруді ғана қоссақ жеткілікті.

«Біздің тарих – ол-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы...» деп Қадыр ақын айтқандай, бардың бағасын біліп, халқының жоғын іздеп, тарихын түгендеп, қалыңдатып жүрген ғалымның, оның ішінде мыңжылдықтармен сөйлесетін ғалым еңбегінің де мың жасайтынына шүбә жоқ!

Қали СӘРСЕНБАЙ

КӨҢІЛ КҮНДЕЛІГІНЕН

Рахман АЛШАНОВ, Тұран университетінің ректоры, профессор:

ӨМІРІМ  ДАҢҒЫЛ ЖОЛ ЕМЕС КЕРЗІ ЕТІК, ЖАМАУ ШАЛБАР

Бала кездегі көрген-білген естен кетпейді. Әкемнің қасынан қалмауға тырысатынмын. Ат арбаға мініп, (қазіргі Жамбыл облысындағы) Тасөткел мен Шуға, Көктерекке дейін барушы едік. Сол кездегі адамдар, жер бедері бүгін ойласам, мүлдем басқа сияқты. Бәлкім, балалық бейкүнә көңілмен қабылдағаннан шығар, әйтеуір ыстық көрінеді.

Дегенмен әкеміздің тепсе темір үзер шағында өмірден ерте кеткені, өмірімізді өзгертіп жіберді. Көкпар десе, ішкен асын жерге қоятын. Ондайда делебесі қозбайтын қазақ болмаушы еді ғой. Сондай бір аламан сайыста мәреге жете бергенде, алдынан көлденең бір тана шығып қалып, астындағы атпен бірге құлап, зақым алды. Жеңіл-желпі жарақат, тез жазылып кетермін деп ойлаған болуы керек. Ауыл өмірінде ондай жағдайлар бола береді ғой. Қаралмай жүре берген. Ауру басылмағаннан кейін дәрігерге барса, ­3 қабырғасы сынып, бауыры жарақаттанған екен. Алматыдағы әскери госпитальға барып қаралыпты. Олар «осы уақытқа дейін қайда болдың, дер кезінде келсең, емдеуге болатын еді, ал, енді ештеңе істей алмаймыз, ауру асқынып кеткен» деп ауылға қайтарыпты. Көп ұзамай 1960 жылы желтоқсанның 30-ы күні 47 жасында өмірден озды. Анам Бибіқадиша, әпкем Жібек, қарындасым Жұмакүл, інім Рахманқұл бесеуіміз, жесір әйел, шиеттей бала-шаға улап-шулап, бір күнде асыраушысыз қалдық. Зейнетақы бар болғаны 25 рубль, жалғыз сиыр, шағын бақша бар. Әкемізге тірі кезінде аталған көп малдың біреуі де жоқ. Анамыз сұрап барса, «қасқыр жеп қойды», қайсы біреуі «ұрланды» деп, тағы басқа себептермен ешкім бермепті. Не керек, көп қиындық көрдік. Жастайымнан еңбекке араласып, томар сындырдым, кәрістердің пиязын жинадым, масақ тердім, жоңышқа ордым, мал кезегіне барып жүрдік. Жібек әпкем орта мектепті бітіргеннен кейін, пионер жетекшісі болды, мен де сегізінші сыныптан бастап жұмыс істедім.

Қазір ойласақ, мүмкін емес секілді. Төрт баланы оқу бітіргенше бір сиырмен қалай асырап жеткізгенін апамыз бізге айтпай кетті. Мектепті керзі етік, шолақ көбенте, жамау шалбармен жүріп бітірдік.

 

ЭЛИТАЛЫҚ ӘСКЕРДІҢ САПЫНДА

Қатарластары секілді әкем де соғысқа қатысқан. Соңғы жылдары ол кісінің соғыстағы жолдарын айғақтайтын құжаттарды іздестірумен айналыстым. Аудандағы әскери комиссариат мекемесі қайта-қайта көшкен кезде құжаттарын су басып, жарамсыз болыпты. Әкеміз 1941 жылдан 1944 жылдың 14 қаңтарына дейін соғыста болған. «Подольск қаласындағы Отан соғысы кезіндегі құжаттар сақталды ма?» деп сұрау салып көріп едім, олар еш мәлімет тауып бере алмады. Бала күнімде үлкендердің әңгімесінен есімде қалғаны, әкем Омбы қаласындағы госпитальда жатқаны. Олардың мұрағаттары Санкт-Петербург қаласында сақталған екен. Тауып жіберген мәліметтері бойынша, әкеміз 1944 жылы 14 қаңтарда оқ тиіп медсанбатқа, содан кейін госпитальға түскен. Соғыста 7-штурмдық инженер-саперлер бригадасының 34-батальонында сапер болған. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Кеңес Одағы армиясындағы ең бір күрделі, элиталық әскер болып есептеледі екен. Олардың қатарына ең мықты жауынгерлерді алған. Кеңес армиясы шабуылға шығардың алдында сол элиталық топтар, өзендерге түрлі өткел салып, жауып тұрған оқтың астында, миналардан танктерге жол ашып берген көрінеді. Ол енді жанын шүберекке түйген нағыз ерлікті қажет ететін шаруа. 

 

«ТӨРТ ҚОЙДЫҢ» ДЕП ДАУЛАСЫП...

Арманымыз жоғары оқу орнына түсу болды. Мектеп бітіргенде, алдымен, Политехникалық институттың автоматика телемеханика факультетіне құжат тапсырдым. Алғашқы емтиханда математика пәнінен есептерді небәрі 15 минутта шығарып, «тағы қара, асықпа» деген емтиханды қабылдаушы апайдың ескертуіне қарамай шығып кетіп, ертеңіне 4 қойдың деп дауласып, қалған 4 сабақтан да төрт алғаныма жастық қызбалықпен риза болмай, армия қатарына сұрандым. Мәскеу маңындағы Нарофоминск қаласындағы зеңбірек – ракета полкінде әскери борышымды өтедім.

Енді политехті койып, ҚазҰУ-дың ­саяси экономия мамандығын таңдадым. Бұған себепші болған Секер, Сейткерім ағам. Өзі ҚазҰУ-дың мехматын бітірген, бірақ қоғамдық пәндерге көп көңіл бөліп, ауылға демалысқа келген сайын философиялық маңызды әңгімелерге тартатын. Сол әңгімелер аталған мамандықты таңдауыма ықпал етті. Бірінші күннен бастап, «оқуды мүмкін болса үш, әрі кетсе, төрт жылда бітірем» деген мақсатпен сабақтарға алдын ала дайындалуға тырыстым. Соның арқасында емтихандарды кілең беске тапсырып, үшінші курста ең жоғары деңгейдегі – Карл Маркс атындағы арнайы стипендияға ие болдым. «Оқу, оқу, тек қана оқу» деп жүргенімде, деканымыз Ораз Аманғалиұлы Сегізбаев мені қоғамдық жұмысқа тартты. Факультеттің ­комсомол ­бюросына сайлауға ұсынып, жиында бірауыздан қолдап жіберді. Менің оған онша зауқым жоқ еді. Қанша айтсам да көнбеді, болмаса, бір жыл істей тұр деп қоймады.

 

РЕКТОР ЖОЛДАСБЕКОВТІ ОРНЫНА ҚОЮ ТӘСІЛІ

Үшінші курста университеттің парткомының комсомол комитетінің жұмысына арналған отырысына бәрімізді шақырды. Талқылау барысын байқасақ, негізінен, комсомол комитетінің хатшысы Қайыр Шакеевке қарсы бағытталды. Талқылау біртіндеп үлкен пікірталасқа айналды. Ректор Өмірбек Жолдасбеков бір жақта, парткомның хатшысы Евгений Кузнецов басқарған бір топ парткомның мүшелері қарсы жақта. Біраз уақыт өтті, ортақ шешім жоқ. Кейін ойласақ, мәселе Қайыр Шакеевте емес, мәселе кімнің пікірінің жеңуінде екен. Жаңа ректор келіп, жаңаша көзқараспен университет жұмысына жан-жақтан келген жас мамандарды тарту, енді басталып келе жатқан кезең. Ал партком ол кезде Мәскеудің, Кеңес Одағының коммунистік партиясының Орталық Комитетіне тікелей қарайтын. Сондағы мәскеулік озбыр саясаткерлер, «Жолдасбеков қазақ университетін тез дамытып бара жатыр, ұжымда басым қолдауға ие болып кететін түрі бар», деп парткомның отырысындағы дау «ректор орнын білсін» деген оймен ұйымдастырылған сабақ екен. Жолдасбеков мұндай саясатқа көнетін түрі жоқ. Отырыс ашық шайқасқа айналған сияқты, дауыс екіге бөлінді. Бәрі үнсіз, ешкім бата алмай отырып қалды. Пікірталас қауіпті деңгейге көтерілді. Ректорды қолдамай көр, ал парткомға қарсы шығу ол уақытта тіптен мүмкін емес еді ғой. Осы кезде білмеймін не түрткенін, мен қол көтеріп, сөз сұрап, пікір айттым.

Сол жылдары университетке жан-жақтан атақты адамдар қаптап келетін. Лавров, ­Ульянов, Френкель сияқты өнер қайраткерлері. Бәріне кем дегенде қолдарына гүл беруіміз керек. Комсомол қайта-қайта ақша табуға мүмкіншілігі шектеулі, профком бастығы Алтай Мәмбетов бізден ат-тонын ала қашады. Амалсыздан біз кұрылыс отрядтарын қинаймыз. Арнайы келісіп қор жинадық, бәрін өз еркімізбен жасадық. Негізгі мақсат – парткомның тапсырмасын қалайда орындау. Ал Қайыр ректордың тапсырмасымен жүреді. Жатақханада да жұмыс көп. Жиналған қордан көк тиын алмайды. «Біз кемшілік жіберген шығармыз, бірақ ешқандай қылмыстық іске жол берген жоқпыз. Сондықтан бүгінгі отырыста комсомол комитетінің жұмысын қараудын өзі үлкен мектеп, сөзсіз қажетті қорытынды жасалады. Тіпті болмаса ауызша сөгіс жария етсеңіздер, ол да аз емес, ал жұмыстан босату, қатаң сөгіс жариялау артық, бәрімізге үлкен салмақ болады» дедім. Дауысқа салып еді, менің ұсынысым өтті де кетті. Мұндай ымыраға келу бәріне жағымды болған сияқты.

Ол кезде бұл ұсыныстың немен аяқта­латынын білген жоқпын. Сол кезде комсомол комитетінің хатшысы Сансызбай ­Райымбаев заң факультетін бітіргелі жүрген. Ол бір себебін тауып, «комсомол жұмысынан кетемін» деп әрекеттеніп, денсаулығын сылтау қылды. «Енді оның орнына кім жұмыс істейді?» дегенде, ректор Жолдасбеков мені ұсыныпты. Мен үшінші курсты аяқтамаған студентпін. Қазақстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы Жібек Әмірханқызы қарсы. Ереже бойынша штатқа студентті алуға болмайды. Не керек, біраз уақыт бюрократиялық кедергімен арпалысып, Өмекең жеңіп шықты, сөйтіп, мені қоғамдық жұмысқа тартты. Сонымен бір жыл емес, 13 жыл Өмекеңнін жанында болдым. Көп нәрсені үйрендік, шыңдалдық. Мені ғана емес, жан-жақтан келген ауылдың балаларын өсірді, талай сыннан өткізді. Мен үшін өмірімдегі ең үлкен өмірлік мектеп болды.

 

«ТҰРАН» ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Еліміз ғасырлар бойы аңсаған егемендігін алды. «Жаңа қоғам кұрамыз» деп бел буып, жаңа Ата Заң қабылданды. Экономика нарық жолымен жүретін болды. Көп нәрсе белгісіз, тәжірибе жоқтың қасы, кадр тапшы. Осы кезде халық жан-жаққа ұмтылып, күнкөрістің жолын іздеп базарларға шығып кетті. Мен де ойландым, қолымыздан келетіні – дәріс беру. Жаңа Конституцияда жекеменшіктегі оқу орындарын ашуға жол ашылды, рұқсат берілді. Университетте жұмыс істеп жүргенімізде талай адамдар балаларын оқуға түсіре алмай қиналғанын көрдік. Бір амалын тауып, оқудың шығындарын өтеуге де дайын. Осыны ескере отырып, әріптестеріме «жеке оқу орнын ашайық» деген ұсыныс айттым, дәлел келтірдім. «Бастайық, әрі қарай көре жатармыз. Алдымен бір топ, 20-25 бала қабылдап көрейік. Оқытуды білеміз, білікті мамандарды шақырайық. Басты ұстаным – сапа, ешқандай ағайындық болмасын, жұмысқа таза адамдарды тартайық. Ел осыны көрсе, өздері келуге тиіс, халық бізді біледі, естиді, сенеді деп ойлаймын. Атын – Тұран деп қояйық» дедім. Ел егемендік алып жатыр, бұл ғасырлық арманның орындалуы, біз бұған құр қол келген жоқпыз, артымызда мол тарих жатыр, біздің де дәуірлеп, биіктерде болғанымыз бар, соның ішінде ұмытылуға жақын қалған – ежелгі Тұран. Университеттің атын осылай қойсақ, онда біз бел буып, аруақтар қолдасын деп, мол тарихымызға сүйеніп, болашаққа, жастарға жол ашамыз» дедім.

Не керек, әне-міне дегенше 30 жыл өтіпті. Отыз мыңдай бала оқып шықты, абыроймен жұмыс істеп жүр, алдың­ғылары министр, облыс, қала, аудан әкімдері, генерал болды, көпшілігі түрлі салада қызмет атқарып келеді. Негізгі ұстаным – тазалық, әділдік, ең озық білімге жол ашу, жастардың мүмкіндігін арттыру, дамыту. Осыны отыз жылдай бұлжытпай орындауға тырысып келе жатырмыз. Талай рейтингтерде, жұмыс берушілердің пікірлері бойынша университет шәкірттері биіктен көрінуде. Қазірдің өзінде «Тұран» білім корпорациясына кіретін екі университет, екі колледж, лицей, барлығы он мыңдай бала оқиды, бір мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік, елдің алдында азаматтық парыз екенін еш уақытта ұмытпаймыз.

 

«ҰЛ ТАПСАҢ, ӨЗІМ АСЫРАП АЛАМЫН...»

Комсомолда жүргенде жұмыс таңертең жеті-сегізде басталып, кешкі сағат он, он бірге дейін созылады, кешке түнделетіп жатақханаға бару міндет. Жан-жаққа қарайтын мұрша жоқ. Сол кезде орынбасарым Бақыт Ғалиев маған: «Неғып әрекетсіз жүрсің, үйленетін жасың келді, анау қызға қарашы, нәзік, сұлу, өте жауапты, тапсырманы тез, сапалы орындайды», – деді. Ол қыз – Алида Әшімбаева еді, біздің факультеттің екінші курс студенті. Таныстыру үшін Бақыт театрға екі билет алып қойыпты. Не керек, сонымен таныстығымыз үйлену тойымен аяқталды. 1974 жылғы 15 қаңтар. Сонда Алида екінші курста, мен бесінші курстамын. Қырық жыл бірге өмір сүрдік. Үш бала өмірге келді. Үлкені Данияр, одан кейін Айдар мен Жаннат. Қайын атамда екі қыз, ұлы жоқ. Қазақ емеспіз пе, Даниярдың фамилиясы Әшімбаев болсын деп келістік. Ол бүгінде белгілі саясаткер, журналист атанды. «Құрмет» орденінің иегері.

Екі ұл тапқаннан кейін Алида бір күні құрбысы, бүгінде жұртқа танымал Гүлжан Қарағұсоваға: «Маған қыз керек, сен жұлдыздардың жолына қарап анда-санда жоритыныңды білемін. Маған сызып бер, қалай мен қыз табатынымды айт», – депті. Гүлжанды өз арамызда Жанна деп атаймыз, бір кафедрада жұмыс істейді. Ол: «Болмадың ғой, жасайын, бірақ ұл тапсаң, өзім асырап аламын», – депті. Күткеніміздей өмірге қыз келді, атын Гүлжанның кұрметіне Жанна деп қойдық. Бүгінде Жанна Лондонда киномектебін бітіріп, біршама кинофестивальдарда жүлделерге ие болды.

Алайда 2014 жылы тағдырдың жазуы­мен қайтыс болды. Ресей дәрігерлеріне қаралды, Швецияда, Қытайда, Германияда күрделі операция жасатып едік, нәтиже болмады. Ауруы белгілі болғанда нейрохирург мамандардың: «Берік бол, 15-20 жылдай ғұмырың бар» дегендері болды. Бірақ ­ауруына қарамастан қайсарлықпен еңбек етті. Докторлық диссертация қорғады, бес монография жазды. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. ­Республика бойынша «Ең үздік ұстаз» атанды. Өмірден өтерінде «Сен көп жетістікке жеттің, ең ­бастысы, тамаша үш баламызды өсірдің. Таңертеңнен кешке дейін балалардың қамымен жүрдің, тамағы тоқ, киімі бүтін, оқулары оң болсын дедің. Дер кезінде ­демалыстарын ойластырып, ең маңыздысы – кітапқа құмарлықтарын дамыттың» дедім. Бұл менің сүйген жарыма деген рақметім, жүрекжарды сөзім!..   

Жазып алған

Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ

 

1207 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы