• Руханият
  • 22 Қыркүйек, 2022

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»

Қазақ халқы үшін жылқының орны бөлек. «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ атамыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Қазақ даласында ежелгі Ботай қонысында жылқының қолға үйретілгені археологиялық қазбалар арқылы дәлелденген. Бүгінде дүние жүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Осы ретте сол көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай дамыту мақсатында жаңа жоба қолға алынды.

Осыған орай «AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі басталды. Бәйгеге қазірдің өзінде 100-ге жуық шабандоз қатысып жатыр.

Нақты айтар болсақ, 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Бәйгеге қатысушыларға Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ пен түркі руханиятының бесігі, Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туады. Түркістан шаһарына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 миллион теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады.

Ұйымдастырушылардың айт­қанына сенсек,  әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон ат спорты мен шабандоз мәдениетін Қазақстанның бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады.

Партия төрағасы Ерлан Қошанов салтанатты рәсімде «Біз Әділетті Қазақстанға бастайтын жолдың ­бастауында тұрмыз. Бүгінгі жорықтың осындай тарихи кезеңмен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор» деп атап көрсетті.

Сондай-ақ марафонның ашылу салтанатында Мәжіліс спикері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың марафон-бәйге қатысушыларына жіберген құттықтау хатын оқып берді. Президент доданың елімізге рухани серпіліс беріп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба екенін атап өтті.

– Сіздерді «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басталуымен құттықтаймын! Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты – осы», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Ұлы дала жорығы» жай ғана марафон емес, бұл – намыстың додасы, төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түсетін аламан екенін айтты.

«Бүгін баршамыз Ұлы даламызды дүбірге бөлейтін айтулы аламанның куәсі болайын деп тұрмыз. 1200 шақырымға төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ деген пікірлер де айтылды. Бірақ батыр бабаларымыз Алтайдан Анадолыға дейінгі аралықты ат үстінде жүріп жаулады. Осынау ауқымды іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, ал қатысушыларға мықты денсаулық тілейміз! Азаматтардың айбары, қазанаттардың қайраты қайтпасын. Арғымақтар алқынбай, шын мықтылар жеңіс тұғырынан көрінсін», – деді министр Дәурен Абаев.

Аталған марафонда 100-ге жуық шабандоз Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды басып өтеді. Олар күн сайын 100 шақырымды жүріп өтуге тиіс. Әр команданың уақыты есептеліп, соның нәтижесінде жеңімпаздар анықталады. Ереже бойынша құрамадағы бес адамның кемінде үшеуі мәрені кесіп өтуге тиіс. Әр елу шақырым сайын марафон қатысушылары бой жазып, тамақтану үшін арнайы киіз үйлер мен шатырлар тігіледі.

Марафон-бәйгенің ұйым­дастырушысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, «жорықтың мақсат­тарының бірі – біздің туристік әлеуе­тімізді, біздің ұлттық-мәдени брендімізді қалыптастыру, әлемге паш ету. Қазірдің өзінде көп­теген шетелдер, жақын елдер, Қырғызстан, Өзбекстан, ­Түр­кменстан, Ресей, Кавказ елдері қатысуға ынталы болып отыр.

Айта кетсек, марафонға қатысу­шы­лар күн сайын 100 шақырымнан асып, 12 күнде 1200 шақырым жол жүреді.

Марафонға еліміздің әр өңірінен бір команда қатысады. Жеңімпаз 30 млн теңге, 2 орын – 20 млн теңге, 3 орын – 15 млн теңгеге ие  болады.

823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы